Ардақ Нұрғазы (Ardakh Nurgaz): Өлеңдегі саяси идеология

7e9b90fd590e5e7ff9ccba63e23606df.jpg (800×1200)

Қазақ өлеңі қалай саяси идеологияланды деген сұрақ, бүгін көкей кесті мәселеге айналып тұр. Себебі, біз өзіміздің сөзден қалай айрылып қалғанымызды, қалай ұғымдардың құлына өзгеріп кеткенімізді білуде, осы түйіннің алатын орыны ерекше. «Саяси идеология» дегенді жұрттың сөздіктен ақтарып мағынасын түсініп алуына болады. Менің айтарым оның өлеңдегі нақты көрінісі. Сырбай Мәуленнің «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңі бар. Шығарма екінші дүниежүзілік соғысқа байланысты тақырыпқа құрылған. Сол тақылетті Мұқағали Мақатевтың «Қайран жеңгем» атты өлеңі де сол соғысқа қатысы бар. 

«Соғыстан қайтқан солдаттар» 

Жаутаңдап қарап дала тұр, 
Көз жасын сүртіп жаңа бір. 
Хабарсыз ұлын сұрауға 
Жолыңды тосып ана жүр. 
Қанша үйдің ұрлап адамын, 
Қанша үйде сөніп қалды оттар 
Көрдің бе үлын ананың, 
Соғыстан қайтқан солдаттар. 
Кешікпей жарым келер деп, 
Төрінен сайлап орынды. 
Батысқа қарап елеңдеп, 
Ару жүр тосып жолыңды. 
Көтерді бәрін ауырдың 
Азамат болып арды ақтар. 
Көрдің бе жарын арудың, 
Соғыстан қайтқан солдаттар. 
Кетерде солдат жарының 
Ішінде қалған ана жыл. 
Көкемді айтпай танырмын 
Деп бір сәби бала жүр. 
Қайрылмай қалай кетесің 
Хабарсыз қалай ол тоқтар. 
Көрдің бе оның көкесін, 
Соғыстан қайтқан солдаттар. 
Қаралы қағаз жіберіп, 
Қаншама қайғы салды оқтар. 
Барады үнсіз түнеріп, 
Соғыстан қайтқан солдаттар! 

«Қайран жеңгем» 

Су сұраса сүт берген, айран берген, 
Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем! 
Қарғаның валетіндей едірейіп, 
Қасыңа мына біреу қайдан келген? 
Апырай, суық еді сұрқы неден?! 
Адамға қарайды ғой сыртыменен. 
Жол көрсеткіш сақшының таяғындай, 
Қимылынды бағып тұр мұртыменен. 
Жеңеше-ау, есіңде ме біздің ағай? 
Сыйласып отырар ек біз құдадай. 
Қанды балақ соғысты қарғыс атсын, 
Қайран жеңгем, шырқынды бұзды қалай 
Күлкің қайда күмістей сыңғырлаған? 
Жүзің неге ымырттай түнжыраған? 
Бұғалыққа тұрмайтын асау едің, 
Сені әкеліп теліген кім мынаған? 
Өзің болсаң, тым ағат ойланғансың, 
Бақыт емес, басыңа қайғы алғансың, 
Жан едін ғой жанының талғамы бар, 
Қара мұртқа қалайша байланғансың?! 
Ел-жұртың қараушы еді мақтан етіп. 
Киіп ап аяғыңа салтама етік, 
Талайлардан кетуші ең аттап етіп, 
Талайларды жүруші ең таптап етіп... 
Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем! 
Қайғыға мойымаушы ең. 
Қайдан келген?! 
Сағынып жүрсің бе әлде, қадірлім-ай, 
Баяғы жастығыңды майданда өлген?... 

8e205b490e5f1b30fd55126ec8fa50ad.jpg (300×335)

Өлең негізінен тіке түйсіктен туады. Айталық С.Мәуленнің жоғарыдағы өлеңі де тіке түйсіктен туған. Сұрапыл соғысты нақты көзімен көрген адам ретінде ақын өлеңде әкесін жоғалтқан бала образын жаратқан. Кез келген соғыстың саяси идеологиядық сипаты болады. Соғыс тұсында және соғыстан соң да мұндай саясаттық дүниенің арыны көпке дейін бастылмайды. Әсіресе, қоғамы жеке бастың бостандығы мен еркінен гөрі белгілі бір топтың немесе саяси жүйенің еркіне бағындырылған қоғамда тіптен саясат асыра дәріптеледі. Соған қарамастан С.Мәулен соғыстың саясаттық тұрқын емес, басқаны өлеңге тартқан. Бұл жерде ақынның тұрғысы ерекше көзге түседі. Ақын сұрапыл соғыстың саясаттық себеп-салдарын, идеологиялық сипатын емес, соғыстың қасіретін жазбақ, соған орай ол жеке адамның болмысын, саясаттық сипаты жоқ, айталық әкесінен айрылған баланың күйінішін берген. Өлең соғыс көрген жанның соғыста әкесін жоғалтқан жанды көргендегі көңіл-күйі мен жан тынысынан тұрады. Бұл жерде жеке адам баласының қайғы-қасіреті, күйініші тап-таза күйініші тұр. Соғыстың идеологиялық саяси сипаты жоғалып, оның орнын жанның үні басқан. Өлең сонысымен ерекше тартымды, жанға жылы сезіледі. Жанжүрегіңді елжіретеді.

 М.Мақатаевтың өлеңінде де соғыс бар. Ол да соғысқа қатысты образ жаратқан. Ол да тіке түйсікке орын берген. Бірақ, М.Мақатаев соғысты С.Мәулен сияқты таза тіке түйсігімен жалғастырмайды. Ақын салған жерден сөзді жеңгесін жақсы атап тұрып мүсіркеумен бастайды, оның жары соғыстан қайтпай қалған соң екінші тұрмысқа шығуын сөз етеді және оны жағымсыз бағытта суреттейді. Сол барыста жеңгесін мүсіркей отырып жаңа күйеуін толық терістеп шығады. Байқап отырсаң, бұл жерде ақынның тұрғысында үлкен өзгеріс орын алған. С.Мәулен өлеңінде бөлініп-жарылмайды, ақынның табан тірегені таза адамның қасіретті (соғыс көрген) түйсігі, түсінігі, бомысы, жан тынысы. Соғыс өлеңдегі «мен» үшін де, әкесін жоғалтқан бала үшін де бірдей қасіретті дүние. Өлең соғыстың зұлымдығын жар салып айғайламай-ақ жеріне жете жеткізіп тұр. Өлеңде ақын мен бала - екі образдың салмағы бір. Соғыс олар үшін бірдей қасіретті. Таразының енді бір басында соғыс тұр. Өлең осы тараырыға құрылған. Бүкіл өлең соғыстың қасіреті мен адамның күйінішінен тұрған. Бұл таным ауанынан шыққан сөз-түйсік оқырман жанына да солай төгілмей-шашылмай жетеді. Ақын тақырыпқа орай барынша әділ болуға, сол барыста өз «менін» барынша төмендеткен. Ақындық түйсік, сөз оны солай тербеген. Ал М.Мақатаев айқын түрде «мен және ол» деген екі тұрғының бірін таңдайды. Өлеңінде өз тұрғысында тұрып бәріне кесім жасайтын сөз алыс, ауан немесе біз үнемі ауызға алатындай «ақиқатты меншіктеп алау» бар. Бұл жерде соғыс өлеңнен сырт тұрады. Сөздің салмағы соғысқа емес, «жақсы мен жаманды» сараптауға ауған. Ол сараптау және табан тіреп тұра алмайды. Ақын соғысқа таза адам ретінде емес, саяси сипаты бар ұғым аясында қарайды, түсінеді, түйсінеді, бастысы сол негізде кесім жасайды. Соғыс ол үшін С.Мәулен сияқты көз көрген нәрсе емес, қайта ата-айта әбден құлаққа сіңіп жауыр болған бірқатар идеологиялық ұғымнан тұрады. Соның бірі соғыстың адамдарға қасірет әкелуі, біреуді жесір, беруді жетім қалдыруы. Бұл шындық болса да, бірте-бірте қасаңданып саяси идеологиялның бір бұтағына айналып кете берген жаттандылық. Соның салдарынан жеке адам болмысындағы қасіреті әлсіреп, оның орнын жаттанды ұғымдарға айналған сипаты ғана қалған дүние. Қоғам сонымен тыныстауды, соғысты солай деп ойлауды, түсінуді бастаған шақ. Ақындар да соғыстың шын кеспірінен гөрі «соғыс солай» дегенге жақын ұғымдардан тұратын түйсікке орын беріп өлең жаза бастаған кез. Бұл жерде кеңес адамының саясаттанған жандүниесі де тұр. Ол бойынша соғыс қасіретті дүние болумен қатар, ақ пен қараның тартысы, онда жақсы адам болумен қатар жаман адам да болуы тиіс. Сондықтан «су сұраса сүт берген» жеңгенің тағдыры аянышты (әсілінде ақын сол арқылы соғыстың қасіретін жеткізбекші еді), оның анау қасында отырған ері жағымсыз тұлға. Онсыз жеңгенің образынан туындайтын сезім бояуына орын табылмайды. Өлең де өлең болмайды. Егер үңіліп қарасаң, бұл өлеңде көңілге томпақ келетін дүниелер жетерлік. Айталық, соғыста ері өлген жесір әйелдің қайта некеге отыруы неге міндетті түрде жаман аталуы керек? Тіпті мыңдаған адамның ішінде сондай бір дұрыс ерге күйеуге шықпаған соғыстың салдарынан жесір қалған әйел болса да, ол тікелей өлеңнің тақырыбы – соғыстың қасіретін суреттейтін туындыға арқау болуға тиіс емес қой?! Бұл жерде өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан басталған кеңес ақындарының сөзбен жұмыс істеуде жеке адамның шынайы түйсігінен гөрі саяси идеологиялық сипаттағы ұғымдарға иек арта бастаған ойлау дағдысы көзге ұрады. Бұл адамның жеке тұлғалық орнын қоғамдық сипаты басқанының тіке көрінісі. Ақындардың шынайы өз түйсігінен емес, тақырып іздеп өлең жаза бастаған немесе сөзді жандүние тереңінен, таза күйінде сезінуге сәл қарап, сөзі өле бастаған шақтың болмысы деуге болады.

 Жоғарыдағы екі ақын да кеңес қоғамында жасады. Екеуіде соғыс туралы жазды. Бірақ, жоғарыдағыдай ұқсамаған табиғаты бар екі түрлі өлең жазуының өзіндік себебі бар. С.Мәулен кеңес адамы болғанымен ол соғысты тіке көзімен көрді. Соғыс туралы жазғанда ол өз түйсігінің сөздегі нақты көрінісін тапты. Ол өзге дүниеге көп орын берген жоқ. Нақты айтқанда соғыстың шындығы оның сөзбен ойнауына, өлең арқылы соғыс туралы жазып тұрып соғысқа қатыссыз дүниелерді шиырлап кетуіне мүмкіндік бермеді. Бұл жерде сөздің тірілуі тұр. Ақынның жандүниесіндегі шындығы мен сөздің шындығы түйісті. Ақын соғыс тақырыбы арқылы сөздің поэзиялық деңгейіне сәтті көтеріле алды. Ал М.Мақатаев сөзге соғыстың өзінен гөрі, соғыстың салдары (соғыс туралы айтылым десек те болады) көбірек әсер етті. Ол әсердің қатарында саяси идеологиялық ұғым да тұрды. Ол мәннен гөрі формаға көбірек назар аударды. Жесір қалған жеңгені сөз етіп соғыс туралы жазуға болатынын білді, бірақ соғыстың сөздегі шынайы орынын таба алған жоқ. Себебі жоғарыдағы сюжетте жалғандық болды. Содан соғыс туралы сөзді С.Мәулендей сезіне алған жоқ. Өлеңінде соғыстың салмағынан гөрі «меннің» салмағына ауысып кете берді. Ақын соғыстың қасіретінен гөрі өзінің «менінің» тұрғысынан туындаған түсінігін, ойын өлеңге айналдырып тынды. Ал соғыс болса шындап келгенде бір шетте қалды. Содан көріністе төрт аяғынан тік тұрған шығарма туғанымен, шындап үңілгенде қайталанбайтын өлең емес, шебердің қолынан шыққан сәнді дүние деңгейіндегі ғана өлең болды. 

Бүгінгі қазақ поэзиясында жоғарыдағыдай тек ұғымға ғана сүйенген өлеңдерден аяқ алып жүре алмайсың. Тіпті бүгінгі ақындардың біразы әлгіндей ұғымға ғана сүйенген өлеңдер жазудың толық машық жүйесін меңгеріп алған. Көріністе тәп-туір, ойы да, сезім бояуы, формасы да жетіп артылады. Бірақ, поэзиясы жоқ өлең.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты