Ардақ Нұрғазы (Ardakh Nurgaz): Әдебиет және ақ пен қара

25b5f3864dffc0eb9ac45c52c759a720.jpg (1256×1600)

       (А.Кемелбаева мен А. Кеңшілікұлының мақалаларына көзқарас)


   «Жас қазақ» газетінің 2007 жылы 26 қаңтардағы санында жазушы Айгүл Кемелбаеваның «Нобель сыйлығы қазыналы ма?»  деген шолуы жарық көрді. Мақала А. Кеңшілікұлының «Жас қазақ» газетінің ілгергі сандарында жарық көрген эссесіне орай жазылыпты. Оқыдық. Шынын айту керек, А. Кеңшілікұлының бас-аяғы жоқ, шұбалған эссесінің нені көздеп отырғанын біле алмағанбыз. Біреулер оны «Нобель сыйлығын терістепті» (мұндай кеудем соқтар жетеді ғой) деп қалды, содан «Е» дей салдық, себебі, Нобель сыйлығын кім терістемеген, Нобель сыйлығын терістегендердің А. Кеңшілікұлы алды да емес, арты да емес. Ондайлар жетіп артылады. Таудың ұшар басының алдымен көзге түсетіні сияқты, әдебиетке берілетін ең үлкен марапат, оның үстіне «Альбер Нобельдің өсиетінен» туындаған ұлы мұраты бар сыйлық қашанда көптің алдында. Ал, көптің алдында болу деген сөз — ақ пен қараның қақ ортасында өмір сүру деген сөз. Біреу біліп айтады, енді біреу білмей айтады. Біздікі баяғы «ит үре береді, керуен көше береді» дегендей.

     Өз басым А.Кемелбаеваның мақаласын оқығаннан кейін ғана А. Кеңшілікұлының не дегелі отырғанын түсінгендей болдым. 

     Айгүлдің айтуынша А. Кеңшілікұлы Нобель сыйлығына  екі кінә тағып, бір болжам айтыпты. Ұзын сөздің қысқасы енді соған тоқталайық.

  Айгүл: «Бұл сыйлықтан эпигон, қарадүрсін көшірме тәрізді кітаптар құр қалмайтын сияқты» – дейді. Жазушыны бұл ойға жетектеген А. Кеңшілікұлының 2003 жылы Нобель сыйлығын алған Ж. М. Кутзеаның «Намыс» романынан бастап, соңғы жылдары Нобель сыйлығын алған қаламгерлерді «түсіндіруі» екен. Айгүлдің Кутзеаның жоғарыдағы романын оқымағаны көрініп тұр. Ал, А. Кеңшілікұлының оны оқығаны да күмәнді, себебі, біреулер (мүмкін құдайдай табынып үйреніп қалған Орыс ағайындары шығар) А. Кеңшілікұлының құлағына Кутзеаның бұл романы «В. Набоковтың «Гритасының» көшіремсі!» деп сыбырлай салған. Егер, шынымен оқыған болса, есі дұрыс адам жазылу стильінен тартып, көтерген тақырыбына дейін ұқсамайтын екі романды парықтаған болар еді ғой. В. Набокоптың романы Батыс Еуропаның, онда да АҚШ-тың орта буржуазиясын қарауыл ете отырып жазылған. Ал, Кутзеаның романы Оңтүстік Африкадағы нәсілшілдік-отарлық қоғам ақырласып (1991 жылы), оның орнына ұлттық тәуелсіздік болып келген «жаңа қоғамда» туындаған мәселелер үстіне құрылған. Бұл арада В. Набокоптың жұрт ортасында жаман аты шыққан шығармасын көлденең тартып, өзге бір шығарманы қаралау, жұрт назарын басқаға бұру көрініс беріп тұр. Өз басым біреулерге әдебиет сабағынан дәріс оқығым келмейді, дегенмен, осы орайда айтпай кетуге де болмайды: осыған дейінгі жарық көрген Кутзеаның 8 романы барлық жағынан кемеліне келген, сыншылардың сөзімен айтқанда — модернизмді реализмге сәтімен сіңіре білген; XX ғасырдың соңындағы реалистік әдебиетті алға дамытқан шығармалар. Ал, мұндай нақты жағдайды білмей тұрып, төл шығарманы оқымай тұрып, «жаптым жала, жақтым күйе» дегендей, аузына келгенді айта салу — қалам ұстаған адамға тіпті де жараспайтын қылық.

     А. Кеңшілікұлы бастап, А.Кемелбаева қостап — соңғы жылдары Нобель сыйлығын алған қаламгерлердің шығармалары туралы теріс мәлімет берудің шырқау шегі — 2001 жылы Нобель сыйлығын алған Найпаулға келгенде өз мәресіне жетіпті. «Автор жасаған екінші түйін мынау...» деп Айгүл Кемелбаева А. Кеңшіліктің Найполды ауызға алған сөздерін келтірген. Сондағы жабыла қаламгерге таққан кінәлары «Найпаул — Исламнің жауы» екен де, Нобель сыйлығы осы «жауға» беріліпті. 

    Сөз В.С.Найпаулға тірелген екен, ендеше Найпаул туралы біраз тоқталайық: Тринидада туылып, Англияда оқыған, тегі үнділік Найпол тілші салауатымен дүниенің төрт бұрышын көп кезген қаламгер. Оның шығармалары үш тақырыптың басын қосады: біріншісі, туған жері Триндад туралы шығармалар, екіншісі, өткен ғасырдың 40, 50 жылдарынан кейін Батыс елдерінің отарлауынан құтылған Азиядағы, Африкадағы, Латын Америкасындағы елдердің тәуелсіздіктен кейінгі рухани мүгедектігін — мемлекет басқаруды қолдарына алған ұлттық буржуазияның шіріктескен көр соқырлығын сынауға, жаңа қоғаммен бірге келген қайшылықтардың халық басындағы болмысын ашуға құрылған. Үшіншісі, жазушының эссе үлгісіндегі романдарын құрайды. 

     Рас, Найпаулдың Ислам дүниесіне қатты сын айтқан шығармалары бар. Бірақ, олар А.Кемелбаева мен А. Кеңшілікұлы көлденең тартып отырғандай, біз жау көре қоятындай шығармалар емес. Найпаул мұсылман дүниесін ғана емес, өзінің тарихи отаны Үндіні де (тіпті қазіргі отаны Англияны да) қатты сынаған қаламгер. Ол сынағанда осы елдердің Батыс елдерінің отарлауынан құтылғаннан кейін, оңалудың орнына кері кетіп, қайта бастан Орта ғасырлық өредегі діннің құшағына құлаған, барып тұрған керенау, кертартпа, артта қалған, гуманизмге мүлде қас тірліктерін сынаған. Оның 1971 жылы үшінші кезекті Букер сыйлығын алған «Бостандықтағы бір ел» (In a Free Statt) жинағы  мен «Үмбеттер арасында» (Among the Believers: An Islamic Journey. 1981) кітабы осы жағындағы ерекшелігімен көзге түскен. 


      6db64f2722d9504d0b942b0aaf68ab11.jpg (800×534)


     Дінге сын айту, мұсылман елдеріне көзқарас білдіру — бірден «дінге қарсы, мұсылман дүниесіне қарсы» делінбеуге тиіс. Жазушының міндеті — адамдық ары алдында шын сөзді айту; адамгершілікке жат әрқандай формадағы діни, саяси түс алатын кертартпалықтарға (мейлі ол өз елінде болсын, немесе басқа елде болсын) қашанда туы айқын түрде көзқарас айту ғой. Найпол әне сондай қаламгер.(соңғы жылдары Нобель сыйлығын алған қалмгерлердің бәрі де осындай тұлғалар екенін айта кеткен жөн). 2001 жылы 11 қыркүйекте, террористер әлемді дүр сілкіндіріп, Нью-Йорктағы екі ғимаратты күйреткен айтулы оқиға тудырды. Арада бір ай өткен соң Швеция әдебиет академиясы сол жылғы Нобель сыйлығын Найпаулға беретінін жариялады. Себебі, 30 жыл бұрын Найпаул өз шығармалары арқылы діни асыра сілтеушіліктің бір күн болмаса бір күні осы қадамға баратынын айтқан болатын. Сол тұста оған Букер сыйлығы берілген еді. Енді міне, өкінішті болса да, жазушының айтқаны келіп отыр. Нобель сыйлығы осындай тұлғаға берілмесе, енді кімге берілуге тиіс. 

     Қала берді, мұсылман дүниесіне қарсы деген жалған желеумен Найпаул сияқты қаламгерлердің шығармаларын шетке қағу бізге әсте абырой әкелмейді. Қазақтың мұсылмандық жолды ұстанғаны шындық екен, осы діннің бүгінгі күні бет келіп отырған күрделі жағдайларын біздің де басымыздан өткізетініміз анық нәрсе. Ендеше, сырт көздің орынды пікірін тыңдап, неге өзімізге тәжрибе-сабақ жыинай бермейміз. Біздің қоғамда «Қазақстанды 2030 жылға барғанда Халифат етіп құрып шығамыз» деп жүргендердің бар екенін ешкімде жоққа шығармайды. Өзге діннің бәріне өз лайығында тосқауыл қоя алсақ та, тек жоғарыдағы «Халифатқа» берілгендер түптің түбінде біз бет келетін ең күрделі мәселе болатынын бүгінде көзі қарақты адамның бәрі де түсініп қалды. Бұл жолда біздің алдымызда халықты діни сауаттылыққа баулудай күрделі міндет тұр. Діни сауаттылық деген — халықты діни ұшқары ұрандарға көзсіздікпен еруден сақтап қалу деген сөз. Отарлық құлдықтың қамытынан арылмай жатып, діни соқыр сенімге апаратын жолда тұрған бізге шынын айтқанда Найпаул  сияқты жазушының шығармасы көп нәрсе береді.

   А.Кемелбаева мен А. Кеңшілікұлының тағы бір өкпесі — Нобель сыйлығының  Орыстарға берілмей жатқандығы екен. Олардың айтуынша, Лев Толстойдан басталған Орыс жазушылары әсілі Гуманизмнің «көкесі». Өз басым бұл ойға күмәнмен қараймын. Шындығына келсек, Лев Толстойға Нобель Әдебиет сыйлығын бермеу заңды құбылыс. Себебі, жұртқа белгілі, Лев Толстой діннен безген адам. Оның «мен мұсылманмын!» дегеніне мәз болмай-ақ қоялық. Түбін қуғанда ол азған, сенімнен алжасқан адам. Сенімнен азудың неден дерек беретіні дінсізденген XXI ғасырда жасап жатқан бізге өте түсінікті ғой.  Ал, Лев Толстой мен Орыс әдебиетіне гуманизмды меншіктеп бере салу тіптен сорақылық. Мейлі Орыстар Санкт-Петерборға мың жерден ескерткіш қойсын, бәрібір тарихты қанмен жуған өткенін өшіре алмайды, олар сол  өшпеген дақ күйінде қалады.  Егер Орыс әдебиеті тұнып тұрған гуманизмнің қайнар көзі болса, бүкіл Батыс Еуропа: ағылшындар, францоздар, немістер бәрі бірдей комунизмнан — XX ғасырдағы діндік түс алған саяси алдамшылықтан — бас тартқан тұста, неге, орыстар оны құшақ жая қарсы алды, дүниенің жартысына жуығын орта ғасырлық қараңғы дін заманындағыдай саяси қара түнекте ұстады. Сондағы орыс мәдениетіндегі, әдебиетіндегі гуманизмнің кереметі осы ма?  Шынтуайтына келгенде орыс мәдениеті мен әдебиетінде үлкен тума кемтарлық бар. Рас, орыс әдебиетінде гуманизм бар, бірақ ол А. Кеңшілікұлы мен Айгүл Кемелбаева бас ұрып, бізге жарнамалайтындай керемет емес. Оны былайғы жұрттың бәрі де біліп отыр. Ал, оны түсінбей, орыстың шашбауын көтеріп, «ақ тер, көк тер» болған замандастарымның не ойлағаны барын  мен өзім түсінбедім. 

     Айгүл Кемелбаева мақаласының соңында А. Кеңшілікұлының Нобель сыйлығын бір шетке ысырып тастап, оның орнына «Түркі әлемінің сыйлығын» тағайындау сынды «керемет» ойына тамсана тілек білдіріпті. Өз басым бұл да табанының бүрі жоқ майда пікір деп ойлаймын. Баяғының қолдан келмейтін ұрандар көтеріп, айғайлауды ғана білетін есерсоқтығынан әлі толық арылып кетпегеніміз көрініп-ақ тұр. Бізде мемлекеттік сыйлықтың өзін «пысықтар» алып жатыр деген сөзді кеше ғана Төлен Әбдіков ағамыздың аузынан естідік. Оған енді жоғарыдағылардың дүниенің кеңдігін құдықтың аузымен ғана өлшеген бақаға ұқсаған таяз сана-сезімін қосып қойыңыз. Нобель сыйлығының орнын бастаын сыйлықты сонда біз осы өремізбен жасайтын болдық қой. Бұған енді не дейміз. 

     Нобель әдебиет сыйлығы туралы көп сөз айтудың қажеті жоқ. Біздің қазіргі халіміз Нобель сыйлығына сын айтатын жағдайда емес, қайта, мүмкіндігіміз жеткенше осы сыйлықты алған қаламгерлерге тереңірек үңіліп, өзіміздің өткен бір ғасырда Әлем әдебиетімен толық араласа алмай, кем қалған бостығымызды тез арада толықтырып, кешегі Орыс әдебиетінің шеңберінен шықпаған санамызды заман талабына сай қайта жасақтап, ұлттық әдебиетімізден жаңа кеңістік ашуға ұмтылуымыз керек. Сонда ғана біз қазақ әдебиетін өзгелердің «орыс әдебиетінің көшірмесі» деп қарайтын ырықсыз жағдайдан құтқара аламыз. 

     Ал, Нобель сыйлығы туралы айтылған Орыстардың көзқарасына жармаса беру дегенің енді айта берсең ұят нәрсе. Себебі, біз Орыс емес, Қазақпыз ғой! Әсілінде Нобель сыйлығының мұраты мен империялық орыс рухы бір-біріне мүлде қайшы келетін екі дүние. Мұндайда орыстардың сойылын соғуымыз көлденең көзге «шыдамаған буаз итін жүгіртіпті» дегендей далбаса тірлік болып көрінетінін әсте ұмытпайық.


                                                                                                                     02. 02. 2007  

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты