Ardakh Nurgaz. Постмодернистік проза

8a1982aee6bbcabc84f2721fe36ae37e.jpg (1000×667)

Аустралияның теңіз жағалауындағы Алкендер қаласында, Болло Лемон есімді пенсиядағы суретші тұрады. Тегі Франциядан шыққан бұл адамның әуесі XIX ғасырдағы Аустралия кен жұмысшыларына қатысты суреттер топтау, одан қалса күнде тəңертең велосипедке мініп, таңғы сейілге шығу екен. Мұнан басқа оның ермегі де, сырласа қоятын досжараны да жоқ. Міне осы Б.Лемон бір күні күндегі əдетімен велосипедін мініп, бойжазуға шығады. Қарсысынан соққан таң самалына елтіп, құйғытып келіп көшенің бұрылысынан қайрылған шақта, оның алдынан сотанақ-содыр бала айдаған жеңіл машина кездесе кетеді. Бұл соқтығысудан Б.Лемон мұрттай ұшады. Ол есін жиғанда өзінің ауру төсегінде жатқанын, бір аяғын дəрігерлердің кесіп тастағанын бірақ біледі. Сонымен, оның ойламаған жерден мүгедек адамның тірлігіне көшуіне тура келеді. Оның алдынан шыққан бірінші мəселе күнделікті тұрмыста өзіне қолғабыс ететін лайықты адам табу болады. Əубаста оған қызмет етуге мейірбикелер келеді. Бірақ, Б.Лемон олардың бірде-бірімен тіл табыса алмайды. Ол көмектесуге келгендердің өзіне «кемтар» немесе «көмексіз өмір сүре алмайды» деген көзбен қарамауын талап етеді. Арада біраз уақыт өткен соң, Б.Лемонның үй қызметкері болып Мария атты əйел пайда болады. Б.Лемонның жандүниесін осы əйел ғана түсіне бастайды. Б.Лемон да əйелді қабыл алады. Марияның отбасы — күйеуі жəне үш баласымен Хорватиядан қоныс аударған жандар еді. Уақыт ұзара келе Б.Лемон осы отбасына бауыр басып кетеді. Ол Марияның 16 жастағы ұлы Дерикті оқу қаражатының удай қымбаттығына қарамастан, теңіз армия институтына кіргізбекші болады.

Бұның ақыры Б.Лемонның Марияға деген сүйіспеншілігіне ұласады. Сонымен орайы келген бір сəтте, ол өзінің іңкəр сезімін Марияға жеткізеді. Б.Лемонның бұл тосын қадамын Мария бірден қалай қабылдарын білмей қалады. Ол сол күннен кейін Б.Лемонның үйіне келуін қояды. Бір күн өтеді, екі күн өтеді, Марияның қарасы да көрінбейді. Сонымен Б.Лемон Марияға хат жазуға отырады. Дəл осы кезде есік қағылады...

Осы араға келгенде кідіруге тура келеді. Жоғарыда баяндағанымыз  2003 жылғы  Нобель əдебиет сыйлығының иегері, Оңтүстік Африкадан шыққан қаламгер Ж.М.Кутзенің Нобель сыйлығын алғаннан кейін жариялаған алғашқы романы «Жəйбасардың» (Slow Man) басталғандағы оқиға желісі. Кутзе — соңғы жылдары Нобель сыйлығын алған жазушылардың ішіндегі көп түртпекке түспей, бірден мойындалған тұлға. Мұның себебін сыншылар барлық жазушының алдын торуылдаған əлгі «нені жазу керек жəне оны қалай жазу керек?» деген сұраққа Кутзенің лайықты жауап таба алғандығында деп қарайды. Оның бұл ерекшелігі жаңа романында да жақсы көрініс тапқан.

… Сонымен есік қағылады да үйге Ж.М.Кутзенің 2003 жылы жариялаған «Элизабет Костилоның сегіз лекциясы» романының кейіпкері жазушы Э.Костило кіреді. Кітаптың мұнан кейінгі бөлегі Б.Лемонның басындағы жағдайдың жалғасы емес, қайта Б.Лемон мен тосыннан келген қонақ — жазушы Э.Костилоның арасындағы таластан өрбиді. Б.Лемон жазушыға өзбасынан өтіп жатқан жағдайды баяндайды: Марияны қалай ұнатып қалғанын, одан қалайша көз жазғанын сыр қылып айтады. Əйел жазушы Б.Лемонның бұл сөздеріне таңданып кетпейді. Қайта сөздің бір ретінде «мен мұның бəрін білемін, себебі, сені мен жараттым» -дейді. Романда бұл сөйлем «You came to me» тарқатып жазсақ «It came to me that» –деп берілген.

Бұдан біз Б.Лемонның — Ж.М.Кутзенің алдыңғы романындағы кейіпкері — жазушы Э.Костилоның кейіпкері екенін, немесе Б.Лемонның — кейіпкердің кейіпкері екенін түсінеміз. Оның басына орнаған барлық жағдайды «жазушы» Э.Костило əдейі солай орналастырған. Мария тосыннан кетіп қалған соң, əйел жазушы өз кейіпкерінің жандүниесінде пайда болған өзгерістерді реттеу үшін Б.Лемонның отбасына келген. Романның соңы əйел жазушы мен оның кейіпкері ортасындағы тартысты əңгімемен жалғасады. Жазушы кейіпкеріне жаңа ермек тауып беруге тырысады. Кейіпкері «менің өміріме араласпаңыз!» деп сес көрсетеді. Оған жазушы «Сені мен жаратқан тұрсам, қалай араласпаймын, ендігі өміріңді де мен орналастыруым керке қой», деп жауап қайырады...

1987 жылы Ж.М.Кутзе «Постмодернистік заманның прозасы» деген тақырыппен оқыған лекциясында «Бүгінгі романдарды шындық дегенге бүркенген тарих ОТАРЛАП алды, əсілінде, проза деген басқа нəрсе», деген болатын. Жоғарыдағы роман жазушының осы ойымен сабақтасатын сияқты. Бұл бір жағынан біздің құлағымызға «ғаламдану түсін алған постмодернистік қоғамда, жазушы өмірді қалай танып, қалай жазуы керек?», –деген баяғы сұрақты қайталап жаңғыртады.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты