Мағжан Жұмабаев және қазақ әдебиетінің ағартушы-демократтық бағыты

cc2e5a5f08336f5a91b48a8953636ed6.jpg (1341×1080)

Мағжан Жұмабаев, Cолтүстік Қазақстан облысыда, дәулетті шаңырақта дүниеге келген. 14 жасынан бастап өлең жазса, тырнақалды туындылары қазақ және татар тілінде газет-журналдарға жарияланған. Ол ежелгі түрік, араб, орыс және парсы тілін жеттік меңгерген. 1923-1927 жылдар аралығында Мәскеудегі Горький атындағы әдебиет академиясында оқып, оқуын аяқтағаннан кейін Қазақстанға келеді. Ал 1929 жылы қамауға алынып, 1936 жылы Максим Горький мен оның әйелі Пешкованың көмегімен бостандық алып, солтүстік Қазақстан облысының орталығы болған Петропавл қаласындағы орта мектепте орыс тілі және әдебиетінен сабақ береді. Сонымен қатар, ол орта мектеп оқушыларына арналған оқу материалдары мен оқулықтарын әзірлейді. 1937 жылы Алматыға келіп аудармашылықпен шұғылданады, сол барыста ол: Гете, Гейне, Лермонтов, Фет, Блок, М. Горький, В. Иванов сынды авторларды қазақша сөйлетеді. Өкінішке орай, 1938 жылы атылады. Шығармалары он неше жыл шектемеге ұшырап, 1989 жылдан бастап қайта жарық көреді. Алматы қаласы және өзінің туған жеріндегі жер, көше аттарына Мағжан есімі берілген. Сондай-ақ, Петропавл және Түркияның астанасы Анкарада Мағжан Жұмабаевқа арнап ескерткіш қойылған.

Ұлы талант иесі ретінде Мағжан артына өшпес өлеңімен өзіндік қолтаңбасын қалтырды. Оның өлеңдерінде қазақ халқына, тіліне, тарихына деген терең сүйіспеншілік жатыр. Мағжан Жұмабаев өлеңдері арқылы XX ғасыр басындағы қазақ зиялыларының патриоттық сезімін бейнеледі.

«Орыс әдебиеті тарихындағы қос жұлдыз Пушкин мен Лермонтов сияқты, қазақ әдебиеті тарихында да Абай мен Мағжандай екі алып бар. «Бүгінгі күннің бар жазушыларының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі.» - деп бағалаған екен академик Мұхтар Әуезов. Ал Әлкей Марғұлан: «Ағылшындар үшін Шекспирдің, орыстар үшін Пушкиннің ролі қандай болса, қазақ халқы үшін Мағжанның ролі де сондай» деген екен. Мағжан поэзиясының деңгейін бағалаған ел оны атақты Байронмен, Есенинмен қатар қояды. Лирикалық поэзияны бейнелеу қуаты жағынан оны Есенинмен салыстырады.

Қазақ ұлты үшін ағартушы-демократтық бағыттың нәтижесі - рухани-мәдени қозғалысты тудырып қана қоймай, ұлт азаттық тоңкеріске тікелей себеп болды. Кез-келген ұлт үшін алып айтсақ, заманданудың өзі рухани күш-қуатта жатыр, десе де, ол - нақты бір адамдардың жасаған ерікті таңдауы. Сондықтан да, әр ұлттың өзінің дәуірлік сипаты мен тәжірибесі бар. Қазақ әдебиетінің әлемдік әдебиетке бет бұруы барысында, қазақ және орыс әдебиетін қатар алып жүрген Мағжан есімін ұмыт қалдыруға болмайды. Біздің ойымызша ол орыс әдебиетінің жаңа дәуірдегі ағымына жақын болған сияқты. Ал Мағжан қазақ ұлтының көшпелі мәдениетін, Орта Азия ұлт-азаттық қозғалысының тарихи қажеттіліктерін ескермей қалған жоқ.

XIX ғасырдың соңғы ширегінде, Ресейде Орта Азияға қоныс аудару науқаны дәурендеген кез болды. Бір жағынан, халықтың бостандық алуына мүмкіндік берген крепостникалық реформалардың нәтижесінде, олар жерлерінің едәуір бөлігін тастап босты. Екінші жағынан ол - отарлық үстемдікті нығайту мақсатында ұйымдастырылған болатын. Сонымен бір уақытта дерлік, Ресейде білім алған және орыс мәдениетінің ықпалымен тәрбиеленген интеллектуалдар мен ағартушылар тобы қазақ даласына оралып, бастапқы буржуазиялық ұлтшылдық идеяларын қазақ халқы арасына қайта насихаттады. Соның басы-қасында қазақ ағартушысы және этнолог Шохан Уалиханов пен қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбай бар болатын. Мағжан заманымен тұспа-тұс келетін XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында, осы ұлттың интеллигенция тобы өздерінің ұлттық эмансипациялық идеологиясын насихаттай отырып, қазақ тілінде кітаптар шығара бастады. Сол уақытта, қазақ даласы әлі де патшалық Ресейдің билігінде, ал Мағжанның отаны сол Ресей империясының отарында болған еді.

1. Орта Азиядағы ұлт-азаттық қозғалысының тарихи қажеттіліктері

1905 жылғы Ресей-Жапон соғысында Ресей жеңіліске ұшырайды да, 1917 жылы ақпан төңкерісі мен қазақ төңкерісі іркес-тіркес туылады. XX ғасыр басында, Шығыстағы көрші Қытай мемлекеті де демократиялық қозғалыстарды белсенді жүргізіп жатқан еді. Орта Азиядағы ұлт-азаттық қозғалысы дерлік қызу жүріліп жатты. Барлық этникалық топтардағы адамдарға деген антисоветтік идеология 1890 жылдардан бастап біртіндеп дамып, жұқпалы індеттей тез тарады. 1917 жылы қазақ зиялылары Орынборда съезд өткізіп, «Алаш» партиясының құрылғандығы туралы хабарлады. Партияның саяси бағдарламасының бағыты негізінен қазақ даласындағы көшпелі өмірді тоқтату, қазақ жерін отарлауға жол бермей, сол арқылы автономия құру еді. Алаш партиясының бұл талаптарын большевиктік таптың революциялық талабы жойып жібергенімен, олар кейінгі ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалады. Мағжан болса сол Алаш партиясының негізгі өкілінің бірі болатын. Ол ақын ретінде өзінің шығармалары арқылы ұлт азаттық көтерілісінің түбінде жеңіске жететінін жырлап, қазақ халқын еркіндік үшін күресуге шақырды. Оның шығармашылығындағы ағартушылық ойы - негізінен қазақ ұлт азаттық қозғалысымен тығыз байланысты болды.

2. Ағартушылық-демократтық бағыттың орыс әдебиетіне әсері

Орыс тілін жеттік меңгерген Мағжан Мәскеуден озық білім алу орайына ие болды, әрі ағартушылық идеасын көкейіне терең сіңірді. Осы орайда, ол орыс әдебиетіндегі бай рухани мәдениетті ғана емес, басқа да батыс елдерінің озық идеяларын сіңірді. Алғашқыда ұлт-азаттық қозғалысына адал болған Мағжан ағарту идеасын қуана қабылдады. Осы ойы шығармаларында да айқын көрініс тапты. Мағжан шығармашылығындағы орыс әдебиетінің ықпалы - шындап келгенде әлемдік өркениетке бет бұру еді. Ол орыс әдебиетін мықты меңгеруінің арқасында көптеген орыс жазушыларымен танысып, орыс әдебиетін кеңінен аударуға кіріседі.

Сол себепті де ол орыс жазушыларымен тығыз байланыста болған. Айталық, сол кездегі Совет жазушылар одағының төрағасы М. Горький, Мәскеудегі Горький академиясының деканы Бриусов, сонымен қатар Мандельстам мен Есенин сияқты танымал ақындар да оның қасынан табылып тұрды. Солардың ішінде, М. Горькиймен өте жақын араласқан. Ол Горькийдің шығармашылығына қызығушылық танытып ғана қоймай, 1924 жылы оның жинағын «Сұңқар жыры» деген атпен қазақ тілінде басып шығарады. Горький де Мағжанды бірнеше рет жаладан арашалап қалады.

Мағжан аудармашы ретінде үлкен жазушылардың алғысына бөленеді. Ол орыстың атақты ақындарынан тыс, батыс жазушыларынан да аударма жасады. Ол аудармашылықпен шұғылдану барысында орыс әдебиетінің жауһарынан көптеп үйренеді. Басы Пушкиннен бастап, орыс әдебиетінің күміс ғасыры саналатын (XX ғасырдың басы) ағарту кезеңіндегі әдебиеттің Мағжанға бергені көп болды.

Орыс әдебиеті әлеміндегі Пушкин мен «Демонның» авторы Лермонтовтар қаламын қанжар етіп озбыр билікке қарсы тұрды. Мағжан да солар сияқты террористік қоғамның құрбаны болды. «Демон», «Біздің заманның қаһарманы» шығармасымен аңызға айналған Лермонтов пен сол тұстағы билік ара байланыс өте нәзік болды, ол орта мектеп кезінде-ақ Наполеон соғысына қарсы «Бородиноны» жазды. Қорыта айтқанда, Лермонтовтың қысқа ғана өмірі зұлымдыққа қарсы тұрып, азаттықты жырлаумен өте шықты. Егер бізге сол тұстағы қоғамдық жағдай беймәлім болса, онда біз осы үшеудің шығармашылық жолының өте ауыр болғанын түсінбеген болар едік. Пушкин тұсындағы желтоқсан көтерілісі болсын, Лермонтов кезіндегі Николай 1 дің зұлым билігі болсын, тіпті Мағжан заманындағы қазақ интеллигенциясы ғасырлар тоғысындағы ақындардың рухани миссиясы - ұлттық бостандық жолына арналды. Орыстың Пушкині мен Лермонтовы сияқты, қазақтың Мағжаны да еркіндік пен теңдікті жырлады. Оның поэзиясының ұлттық бояуы қанық, тіпті қазақ әдебиетін әлемдік деңгейде сөйлетті.

3. Ақын Мағжан – қазақ ағартушылық-демократтық әдебиеті

Қазақ ұлты ''еркін'', ''кезбе'' ұлт, әрине Мағжан да орыс әдебиеті мен батыс әдебиетінен демократтық-ағартушылық бағыттағы идеологияны алған да шығар, бірақ оның түптеп келгенде дала өркениетімен сусындап өскені белгілі. Мағжан поэзиясындағы еркіндік пен шындық көзге бірден ұрылады. Ол бостандықты жырлады, адамды құрметтеуге шақырды. Халықты құлдық санадан арылуға үндеді. Оның уәкілдік шығармасының ішінде ең танымалы «Пайғамбар» атты өлеңі. Бұл өлеңде қуғын-сүргінге қарсылық, еркіндікке деген ұмтылыстың жанайқайы басым, өз майданына берік тұлғаның азаматтық позициясы оны тіпті де асқақтатып жібергендей. Қазақтың әйгілі аудармашысы Әуезхан Қодардың тәржімалауымен орыс тілінде жарық көрген «Мен кім» атты өлеңдер жинағын Алексей Давыдов жоғары бағалап: «Бұл өлеңде халықтың отаршылдыққа қарсы жанайқайы жатыр, шындап келгенде, осы тұрғыдан айтар болсақ, орыс әдебиетіндегі бірде-бір ақынды Мағжанмен қатар қоюыма болмас!» деген екен. Мүмкін бұл бағалау әділетсіз де шығар, дегенмен де «Пайғамбар» жыры орыс әдебиетінің алтын ғасырындағы еркіндікті жырлаған туындылардан кем емес еді.

«Пайғамбар» өлеңінде Мережковскийдің «Түн балаларындағы»: «Біз – өзегін өкініш торлаған түн баласымыз. Көзімізді ақшұлан тартқан шығысқа қадаймыз да, пайғамбардың аспаннан түсуін күтеміз.» деген өлең жолдарындағы “Пайғамбарды” дәйеккөз ретінде алып отыр. Мережковскийдің “Біз” деп отырғаны орыс халқы еді, ол орыс ұлтының дәрменсіз қалын “Қара түннің баласына” теңеген, ол құтқарушы пайғамбарын шығыстан күтеді... Басқаша айтар болсақ, орыс елі бұл жерде шығыспен кері байланыста өмір сүріп отырғандығы, сондай-ақ, Мағжанның «Пайғамбар» өлеңінде батыспен төркіндес болып отырғаны әсілгі батыс мемлекеттері емес, осы орыстар еді. Мағжан өз туындысында батыс пен шығысты салыстыра отырып, түркі мифологиясында айтылатын “От” пен “Суды” шығыстың символы ретінде, ал “Ібіліс” пен “Қараңғылықты” батыстың символы ретінде айтып отыр.

«Пайғамбар» өлеңінде, “Күнбатысты қараңғылық қаптаған” деген жолдары бірнеше рет қайталанады, ақын санасындағы орыс аспанын қара бұлт торлаған, себебі, ондағы адамдар құдайға деген сенімін жоғалтқан. Тіпті құдайдың өзі олардың табанының астына тапталғандай. Десе де, қоғамның теріскей тұсын Мережковскийден кейін Мағжан “Түн баласы” деп атады. Ресейдің отарлау саясаты, Кавказ соғысы, Орта Азияны жаулау, мұсылмандардың мұрасын тәркілеу саясаты болсын, мұның бәрі олардың қараңғы тұсы еді. “Түн баласындағы” Iнжiлдi өртеп, құранды табанға салудай ауыр күнәні арқалағаны үшін, батыс қоғамында ағайындылар бір-бірін өлтірді.

Автор өзінің көзі көріп, құлағы естіген ішкі қайшылықтардың “жарылысын”, өтеусіз төгілген қанның, әділетсіз биліктің зардабын «Пайғамбар» өлеңіне сыйдырды. Қан төгісті аңсағандар, сол баяғы өз бауырын өлімге қиғандар еді. Мағжан Інжілдегі кей суреттеулерді пайдалану арқылы, “Түн баласының” қылмысын тіпті де аша түскісі келді. «Тауратқа» негізделсек, Қабыл мен Абыл Адам ата мен Хауа ананың балалалары. Қабыл егін салса, Абыл қой бағады, құдай Абылдың еңбегін ғана ескеріп, оны жарылқағанын көре алмаған Қабыл бауыры Абылды өлтіреді. Осылайша құдай Қабылды қонысынан қуып жібереді. Осы хикая Мағжан поэзиясының метафорасына айналады да «Түн баласы өмiрiнде арзан таңменен, Қабыл ұлы ауызданған қанменен» дейді. 

Егер де Мағжанның «Пайғамбар» жыры – батыс елінің соңғы үмітінің өшіп бара жатқанын бейнелейтін ақын пессимизмінің көрінісі десек, «Мен жастарға сенемін» атты өлеңі – қазақ жастарына деген зор сенімін аңғартады. Екі туындының да айтпағы еркіндік және бостандық. Соңғы өлеңінде ол қазақ жастарын Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күштi қанатты” деу арқылы оларды Алаш жұртының мақтанышы болуға шақырады, құрандай қасиет тұтты. Бұл екі өлеңді салыстырып қарасақ, батыстың Түн балаларынан, шығыстың “Күн балалары жоғары тұрады.

Мейлі қазақ ұлты болсын, мейлі әлемнің қай бұрышындағы қайсы бір этнос өкілі болсын, азаттық үшін күрес әрқашан да бодаусыз болмайды, еркіндікке жету жолына нағыз ерлер мен зиялылардың қаны төселеді. XIX ғасырда Пушкин қайтыс болған соң, Лермонтов әйгілі «Ақын өлімі» туындысында: «Арам қанмен, өңшем залым, Кете алмассың жуып шайып, Қасиетті ақын жанын!» деп ашына жазып еді. Бұл мінеки өлмес рухтың айғағы, қуғын-сүргінге ұшырып, өліммен бетпе-бет келіп тұрса да басын имейтін нағыз таланттылар ғана осындай асқақ өліммен өлсе керек.

Кеңес одағы ыдырағаннан кейін, оның құрамындағы мемлекеттер тәуелсіздік алды. Егемендіктен кейін, әр мемлекеттің зиялы қауымы тарихын қайта қарап, ұлттық болмысын түгендей бастады. Мысалы, Қазақстанды алып айтар болсақ, «Қазақстан – 2050 стратегиясы» атты үндеуінде Тұңғыш Президент Н. Назарбаев, Қазақстанда жаңа патриотизмді қалыптастыру керек деп атап өткен. Өскелең ұрпақты отан сүйгіштікке тәрбиелеудің маңызды және тиімді әдісі - ұлттық ақындардың өлеңдерін дәріптеу. Сондықтан осы тұрғыда Қазақстан Республикасының Президенті бастамасымен «Мәдени мұра» ұлттық жобасы іске қосылған. Кеңес заманында Алаш қозғалысымен ілік-шатысы бар деп қатаң шектемеге ұшыраған Мағжан Жұмабаев есімі тәуелсіздіктен кейін қайта жаңғырып, “Қазақтың ұлы ақыны, осы заман әдебиетінің негізін салушылардың бірі ретінде тарих сахнасына қайта көтерілді. Ал біздің елде де қазақ әдебиетінің аясы – азұлттар әдебиетінің бір бөлігі болудан ұлттық әдебиетке ойысуда. Осыған орай, Мағжанның туындыларын қайта аудару және зерттеу – қазақ ұлтының әдебиеттегі қажеттілігін іздеуінің практикалық нәтижесі ғана емес, сонымен бірге ақын шығармаларын құрметтеу және бағалау деген сөз. Тұңғыш Президент Назарбаев 1994 жылы Еуразиялық одақ құру туралы бастама көтергенде, Мағжанның «Адамның шын мағынасымен "Адам" болуы үшін өзін сүю, жақындарын сүюмен қанағаттанбайды, жалпы адамзатты сүюі шарт» деген қанатты сөзін ескерсе керек, бүкіл адамзаттық ойдың нәтижесі оң өзгерістерге бастауда. Мұндай ел басқару жүйесі Қазақстанның бүгінгі бет-бейнесін айқындап келеді. Озық мәдениеттен үлгі алып, ұлттық мәдениеттің имиджін қалыптастыруда, еуразиялық ынтымақтастыққа ұмтылу жолында ұтпаса ұтылған жоқ.

Ван Сяою

(Wang Xiao Yu)

Қытай Әлеуметтік ғылымдар академиясының

Шетел әдебиеті институтының ғылыми қызметкері.

Қытай тілінен аударған:

Нұрбек КЕҢЕСБАЙҰЛЫ.


Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты