Ардақ Нұрғазы (Ardakh Nurgaz): Поэзия таразысы

e196435a3d2ed740631bffc7a79f6c12.jpg (450×562)5218758d2a7b61476173665ab9579381.jpg (599×607)

(Ирландия ақындары  У.Б.Йейтс пен Ш.Хини) 

Болмыс дегенің жер басып жүру. Қадамыңның жеңіл немесе ауыр басылғанын көкірегіңмен сезінесің. Теңіздің тұңғиық тереңінен көтерілген ауа-көбік сияқты ол да көкірегіңнің тереңінен оянады.Мен, мен едім, мен едім,

Мен Нарында жүргенде 

Еңіреген ер едім.

Исатайдың барында 

Екі тарлан бөрі едім.

.  .  .  .  .  .  .  .

                                                                                Махамбет Өтемісұлы

.  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .

Тамшыдай ғана, нұрына міне, зарықтым.

Өмір осы екен, сырына міне, қанықтым.

Жаса сен Мәңгі!

Жаса сен Мәңгі!

Жарық күн!

. . . Табытпын, табытпын, табытпын . . .

                                                                                 Мұқағали Мақатаев 

Мұндай ояну да ұлттық рухтың болатыны да сондықтан. Ол тұғырға біреу көтеріліп келе жатса, енді біреу ол тұғырдан түсіп келе жатады. Биікке шығу да, биіктен түсу де қиын. Ал биікте қалып қою тіптен оңай шаруа емес. Оны аңғартатын толқыған сезім мен тасыған көңіл күйде жүрісінен жаңылған жүрегіңнің қағысы; басқан қадамының салмағы. Мұндайда менің дегбірім қашады, әлдене жетпей тұрғандай тынысым тарылады. 

Ұлы Абай «Қайран елім қазағым, қайран жұртым», дейді. Одан «Орысқа айтар сөз де жоқ, біз құлы, күңі қадырлы да жоқпыз», дейді. Одан барып алдыңды орап алып жартас шығады. Абайдың күнде барып айғай салатын жартасы. Ол саған жол бермейді. Бұл тығырықтан тіпті шығар жол жоқ! Әлгі жартас қайда барсаң да алдыңнан кес-кестейді. Сен оның көлеңкесінен қашып құтыла алмайсың. Құтылғың келсе де, бәрі бір біреулер оны созғанның үстіне созып сенің төбеңе әкеліп қояды.  Мұндайда дегбірің қашпай көрсін.

Аспанды бүркеген алақанның көлеңкесінен

Созылған жол,

Құмға сіңген өзен,

Құмырысқаның ізі.

Арғы жаға мен бергі жағаның арасында қалған

Таяқтан тықыр.

                                                                                   Ардақ Нұрғазыұлы

Мен Абайдың «қалың елім қазағым...» деген сөзінің мәнін жақсы түсінемін. «Орысқа айтар сөз де жоқ» деген сөзін түсінуге де бармын. Ал, «жартасқа бардым» деп келетін сөзінің мәнін толық түсіне алатын емеспін. Абай, сірә, нені айтып отыр. Мұны Абайдың халқынан мүлдем түңілуі, оларды «енді қайтып түзелер дей алмаймын»деген кесімді сөзінің кестелі бедері дейтіндер де бар. Мұндай түсініктен, мұндай түсіндіруден кейін қазаққа, қазақ тіліне мұрын шүйірмеудің өзі біреулер үшін оғаш қылық сияқты. Әсіресе, өзіне қазақтан көрі өзгені жақын сезетіндерді айт. Қазақ тіліне жауыға топырақ шашатындар да, қазақты «ұлт емес ұлыс!»  дейтіндер де ең алдымен солар. Өкінішті! Өзінің қара басын ұлтынан да жоғары санайтын мұндай тұлғаларға қашанда бір нәрсе жетпей тұрады. Мұндайда менің ойыма мына шумақтарды келеді.

Ұлы шайқастар да жеңілмей,

Өркениеттердің қирамауы үшін,

Иттер тынған, аттар алыстағы мамағашқа байланған.

Біздің ұлы сарбаз Сезар шатырында, 

Алдына картасын жайып тастаған,

Көзін содан бір сәт тайдырмайды,

Кең маңдайын бір қолымен тіреген.

Су бетінде жүзген ұзын сирақ сона сияқты

Ойы оның тынық түнді кезген.


Ұшар басы көрінбейтін мұнараны өртке орау үшін,

Жұрт оның сұлу жамалына құмар болған.

Айызың қанбаса бұған,

Мимырыт тыныштықта ереуілдеуіңе болады.

Бағып тұрған жан болмаған шақтарда,

Ол ханым немесе бала болып көрінетін.

Аяқтарын 

көшедегі кезбенің сүйрете басқан адымына ұқсатып

Бимен басатын.

Су бетінде жүзген ұзын сирақ сона сияқты 

Ойы оның тынық түнді кезген.


Жүзіне сезімнің алауы жүгірген жас сұлудың

Өзін өртеген жанын алғаш көргеніндей,

Бас шіркеудің дарбазасын да тас қылып жап, 

Сырытта шулаған балалар кіріп кетпесін.

Сүйеуіш ағаш үстінде жатқан Микайланчило,

Саусақтары оның еппенен жылжыйды.

Су бетінде жүзген ұзын сирақ сона сияқты 

Ойы оның тынық түнді кезген.


(THAT civilisation may not sink,

Its great battle lost,

Quiet the dog, tether the pony

To a distant post;

Our master Caesar is in the tent

Where the maps ate spread,

His eyes fixed upon nothing,

A hand under his head.


Like a long-legged fly upon the stream

His mind moves upon silence.


That the topless towers be burnt

And men recall that face,

Move most gently if move you must

In this lonely place.

She thinks, part woman, three parts a child,

That nobody looks; her feet

Practise a tinker shuffle

Picked up on a street.


Like a long-legged fly upon the stream

His mind moves upon silence.


That girls at puberty may find

The first Adam in their thought,

Shut the door of the Pore’s chapel,

Keep those children out.

There on that scaffolding reclines

Michael Angelo.

With no more sound than the mice make

His hand moves to and fro. 


Like a long-legged fly upon the stream

His mind moves upon silence.)


Бұл 1923 жылғы Нобель сыйлығының иегері, Ирландия ақыны У.Б.Йейтстің (William Butler Yeats 1865 — 1939) «Ұзын сирақ сона» деген өлеңі. Ақының өмір бойы қаламын тайдырмай жырлаған тақырыптары — Ирландияның ұлттық тәуелсіздігі үшін арпалысқан саяси күресті, махаббатты және өнер тақырыбын бір басына толық сидырған өлеңдерінің бірі.

1995 жылы Швеция әдебиет академиясы сол жылғы Нобель сыйлығын Ирландия ақыны Ш.Хиниге ( Seamus Justin Heaney 1939 — ) берді. Ш.Хини 10 желтоқсанда Стокгольмде сөйлеген сөзінде аға буыны У.Б.Йейтсті есіне алған. «70 қанша жылдың алдында, ақын В.Б.Йейтс осы мінбеде тұрғанда Ирландия Англияға қарсы тәуелсіздік үшін күрес пен тәуелсіздікке ілесе келген ішкі жаңжалдың батпағынан енді ғана тұрып келе жатқан... У.Б.Йейтс өз сөзінде соғыс турасында бір ауыз айтқан жоқ. Соғыстың мемлекетке, оның мәдениетіне қандай күйреткіш соққылар әкелгенін кім кімнен де артық білгеніне қарамастан, У.Б.Йейтіс ол жөнінде тіс жарған жоқ. Есесіне, Ирландияның театр қозғалысы турасында айтты. Өзі бас болып құрып, өзі басшылық еткен осы қозғалыстың мақсаты, тарихы, оған ат салысқан тұлғалар туралы майын тамыза отырып баяндады» дейді Ш.Хини. Бұл сөздер көп нәрсені білдіреді. Дегенмен, Ш.Хини осы сөздердің тасасында жатқан ойдың бетін ашқысы жоқ. Бүркеулі жатқан бұл ой Ш.Хинидің жасампаздығымен тіке қатысты. Ақынның жұрыт ауызға ала беретін «Поэзия деген тепе-теңдікті сақтау немесе рухтың таразысы» деген ойының бір ұшығы да осы тұстан қылаң беріп қалады. 

Ш.Хини 1939 жылы Солтүстік Ирландияның орталығы Белфастың таяу маңындағы ауылда дүниеге келген. Тұңғыш жыр кітабы «Натуралис біреудің өлімі» (Death of a Naturalist) 1966 жылы Лондонда жарық көрді. 1995 жылы оның он үшінші жыр кітабы «Сперт таразы» (Spirit Things) шықты. Осы жылы ол Нобель сыйлығының иегері атанды. Отыз жылға жалғасқан жасампаздық сапарын ақын Ирландияның ауыл өмірін, ондағы қарапайым шаруа адамының қарапайым тірлігін жазудан бастаған. «Түнекке ашылған есік» (Door into the Dark , 1969ж) жинағында осы ерекшелік бар. Ш.Хинидің атын жұртқа жайған өлеңі «Қазып алыу» да ақын баланың көзімен күрекпен жер қопарып жатқан атасының көрінісін береді де, адам мен жердің, еңбектің қатынасын сөз етеді. Өлеңнің соңын «менің де саусақтарымның арасына, қалам қысылған, мен де солармен қопарамын» деп аяқтайды. Ақын жасампаздығындағы мұндай бейбіт мамыржайлық келесі жинағы «Қысты сырт жерде өткізуден» (Wintering Out, 1972ж) бастап өзгере бастаған. Оған себеп саяси–күнен күнге өршіген Солтүстік Ирландия оқиғасы. 1969 жылы сәуір айында, өздеріне тең азаматтық құқық берілуді талап еткен Солтүстік Ирландияның католик дініндегі халқының (негізінен Ирландиялықтар) бейбіт шеруі күшпен басып жаншылып тасталады. Оған Англияға арқа сүйеген Солтүстік Ирландияның протестант дініндегі бүлікшілер халық ұқығын талап еткен қайраткерлер мен католик дініндегілерге шабуыл жасауы қосылады. Содан барып шерік ғасырға созылған «Солтүстік Ирландия оқиғасы» ресми түрде қан төніске ұласады. Ал бұл зобалаң Ш.Хинидің жасампаздығына із тастамай қалған жоқ. Католик дініне сенгенімен ағылшын тілінде өлең жазатын жас ақынды бұл текетірес екі оттың ортасында қалтырды. Ш.Хини турасында тамаша мақала жазған Хейлон Вендлердің (Hellen Vendler, АҚШ) былай дегені бар: «жас ақын ретінде Ш.Хини өзінің ағылшын тіліндегі ұстаздары (В.Вордстворт, Ж.Гитс. т.б.) мен ирландиялық ұстаздарының (У.Б.Йейтс, т.б.) ара қатынасын оңай шешетін. Соңынан 1969 жыл келді. Белфастағы әйел патша атындағы университеттің 29 жастағы ағылшын тілі мұғалімі сақшы мен тең құқық талап еткен Солтүстік Ирландияның католктері арасындағы дүрбелеңді өз көзімен көрді. Бұл теке тірес 1969 жыдың тамыз айында Англияның Солтүстік Ирландияға әскер кіргізуімен тынды. Сол жолғы атыс-шабыс (кейін өрши түскен қақтығыс, қантөгіс) Ш.Хинидің жырларына өзінің ен таңбасын өшпестей етіп қалтырды» «Қысты сырт жерде өткізу» жыйнағынан біз мұны анық байқаймыз. Ш.Хини осыдан бастап поэзияның дағдарыста да өмір сүре алатын жолын қарастыра бастады. «Жаза» деген өлеңінде ақын саздан қазып алынған мәйіт жөнінде жазады. Екі мың жылдың алдында әйелді тайпаластары «сатқындық істедің!» деп құйға батырып өлтіреді. Екі мың жылдан кейін адамдар оны қазып алып, археологиялық жаңалық ретінде жұрт алдына шығарады. Ақын өткендегі осы зорлықты бүгінгі Солтүстік Ирландияның саяси жағдайын шендестіреді. Бұрынғылар әйелді «өзге тайпаның адамымен көңіл қостың!» деп жазаға тартса, ал бүгінгі қыздар басқыншылардың сарбаздарымен көңілдес болдың деп құрбыларынан таяқ жейді. Ақын жүрегін екі мың жылдың алдында аяусыз жазаға ұшыраған қызға деген жанашырлық кернейді, ол өз таңдауын да жасайды-«Тіпті мен сені сүйіп қалдым, өкініштісі, саған тас атқан сол адамдардың арасында тұрсам, бәлкім мен де үнсіз қалармын, саған деген сезімімді жасырып» дейді ақын. Өлеңнің соңында «Мәдениеттімін деп көрмей қалуға болады, алайда, ұлттың ожданынан тұратын мұндай кек қайтаруды түсінуге де болады» дейді. Соған қарамастан, Ш.Хини Ирландиялық ретінде өзін өз халқының қатарынан көрсете алмағандай сезінеді. «Ашыққа шығып қалу» атты өлеңінде ақын осы көңіл күйін сүреттеген. «Мен неге бұлай болып қалдым, мен үнемі достарымды есіме аламын, миымды лензадан төгілген әсем түстердей сұлулық пен мені жек көретін адамдар жаулап алған, үнсіздікке шомып, өзім мен өзім қалғаным да, жауапкершіліктің уайымы төбемнен басады, кім үшін, әлде бір құлақтардың естуі үшін бе, әлде халқым үшін бе?» дейді ақын. Содан «Жапырақтан тамған тамшының барған сайын зорайған баяғы әлсіз дауысы, үмітсіздік пен қиратудың не екенін жақсы білетіндей. Алайда, онда бар алмастай қиып түсетін дәлдік. Мен қолға түсуші де, сатқында емеспін, жүрегіне мұң ұйялаған, сергелдең болған, шашын ұзын қойған, ойға шома беретін біреумін. Жапырақ пен бұтақты паналап қырғынан аман қалған періште сияқты, мен де тек сәті түсіп аман қалдым» дейді ақын. Бұл тектес өлеңдер Ш.Хинидің «Солтүстік» (North, 1975ж), «Атызда жұмыс істеу» (Field Work, 1979ж) жинақтарында көптеп кездеседі. Байыз таппайтын, екі ұшты бұндай көңіл-күй Ш.Хиниді аға бұыны Йейтспен жақындастырмай қоймайтын еді. Өйткені, В.Б.Йейтс бастан ақыр дәл осындай екі оттың ортасында өмір сүрген, екі жақтың да бірдей мұралдық қысымына ұшыраған және сондай қысым астында да өз орнын тапқан, жырымен биік тұғыр жасаған ақын. Бірауыз сөзбен айтқанда өзгеден де, өзінен де ұялмайтын беті жарық тұлға бола алған. В.Б.Йейтстің бойындағы бұл қасиеттің Ш.Хиниге қажет екені өзінен-өзі түсінікті жағдай. Ендеше, тұғыры биік тұлғаның уақыт көші мен заман өзгерісінде құлдырап, кері кетпей сол баяғы биігінде қалып қоюының сыры неде? Мұның жауабын біздер В.Б.Йейтстің өмірі мен жасампаздығына үңілсек болды, бірден табамыз.

Ирландия 8 ғасырға созылған Англияның отарлауынан кейін XIX ғасырдың аяғында өзінің тәуелсіздік үшін күресінің ақырғы кезеңіне аяқ басты. У.Б.Йейтс (1865–1935) дәл осы тұста өмір сүрді. Жас кезінде сурет салуға әуес болды да соңынан поэзияны өмір бойы серік етті. Ол ирланд тілінде емес, ағылшын тілінде жазды. Соған қарамастан Батыстың модернист ақындарының ішінде өзінің өмірін өлеңге ең көп айландырған аз ақындардың бірі болып қалды. В.Б.Йейтс батсы поэзиясының тарихындағы төрт кезеңді бастан кешірді (соңғы романтизм, көркемшілдік, символизм және модернизм), төрт кезеңде де сүбелі шығармалар жаза алды. Бұған түп себеп оның жастық шақтан қалаған, өмір бойы өзгермеген биік мұратының ақындық рухына таймас тұғыр болғандығында. 1889 жылы 23 жастағы В.Б.Йейтс 19 жастағы Мод Гоннды кездестірді. Көрген жанның көзін сүріндірген хас сұлуға ол көргеннен ғашық болды. Бұл ғашықтық өмір бойы жалғасты. Бұл әйел Ирландияның тәуелсіздік қозғалысындағы ең белсенді саяси күрескер болғанын кейінгі уақыт көрсетті. Махаббат – «жиырма үш жаста басталған мазасыздық» (В.Б.Йейтс) көп ұзамай үлкен кедергіге тап болды. У.Б.Йейтстің алдын «саяси» деген құбыжық кесті. Мод Гонн өзін құлай сүйген Йейтсті емес, саясатты таңдап алды. Алайда У.Б.Йейтс бұл әйелден алыстай алған жоқ. Махаббат пен поэзия егіз екі ұғым болса енді оларға өмірлік атқошшы болып саясат қосылды. 

Әу баста, күнен-күнге өршіген Ирландияның тәуелсіздік қозғалысына У.Б.Йейтс өзіне тән көзқарасымен келді. Ол «ұлттық рухтың оянуы,  ұлттық мәдениеттің қайта түлеуі ғана Ирландияны отарлықтан құтылдырады. Поэзия мен театр ұлтты рухани жақтан азықтандырады, рухын бекітіп, ұлттың саяси оянуына негіз қалайды, ұлттың саяси оянуы ұлттық тәуелсіздікке жол ашады», — деп қарады. Ирландияға, оның отаршылар бұрмалаған тарихы мен мәдениетін қалпына келтіру және оған құрметпен қарау өзімізге құрметпен қараудың басы. Содан да әрбір Ирландиялық Ирландияның тәуелсіздік үшін күресіне өзінің қолынан келгенінше үлесін қосуы керек. Бұл — Ирландиялықтардың қасиетті борышы. Өйткені, Ирландия болмаған жерде біз де болмаймыз, біздер Ирландияға қызмет еткенде ғана өзіміздің бар екенімізді дәлелдей аламыз. Біздер Ирландияның алдында Англиялықтар сияқты қожайын емеспіз, қайта біз Ирландияның көз-құлағы, аяқ-қолы, жанын сақтаған тәніміз. Жиып келгенде оған қызмет етушіміз» деп білді Йейтсті. Осы мақсатпен, У.Б.Йейтсті 1904 жылы Альбер театрын ашып, өзі директор болды. Осы театрға арнап Ирландияның тарихын, мәдениетін тақырып еткен көптеген драмалар жазды. Олардың қойылуына бас-көз болды. Ондаған жылға жалғасқан бұл қозғалыс кейін «Ирландия әдебиет-көркемөнерінің қайта өркендеуі» деп аталып, тәуелсіз Ирландияның тарихына жарқын бет болып жазылды. У.Б.Йейтстің Нобель сыйлығын аларда Ирландияның театр қозғалысының тарихынан сөз қозғауының да сыры осында.

У.Б.Йейтс туралы жұрт мойындаған бір ақиқат–ол өзінің ең таңдаулы жырларын 1915–1939 жылдар аралығында жазды. Мұндағы түпкі себеп те У.Б.Йейтстің елінің саяси жағдайын биік деңгейдегі поэзия тіліне тамаша айландыра алғандығында жатыр. 1916 жылы Ирландияда ұлттық көтеріліс бұрқ етті. Бұл бас көтеруді Англия аяусыз басып жаншыды. Осы көтерілісте У.Б.Йейтс «арақкеш» деп жек көретін – біркезде Мод Гонның жары болған Майкелберт қаза тапты. У.Б.Йейтс тәуелсіздіктің келуі алдындағы осы көтерілісті есте сақтау мақсатында «1916 жыл» деген өлең жазған. Батыс поэзиясындағы ең таңдаулы жырлардың бірі болып қалған осы өлеңде ақын өзі ең бір жек көрген адамын кешіреді, оған құрметпен қарайтынын айтады. Өлеңін «келіп қойды үрейлі сұлулық» деп аяқтайды.

У.Б.Йейтс осы мезгілде жазған «Мұнара», «Леда мен аққу», «Екіншірет қайта оралу», «Балалардың арасында», «Жас әрі қарыт кісі», «Айланба баспалдақ», «Бұрылыс», «Тәбиғаттан өзге», «Наркүман» сияқты өлеңдерінде Ирландияның ұлттық аңыз-мифтері мен Грекия-Рим аңыздарын, Гомердің «Илиада», «Одиссеясындағы» мазмұндарды молынан пайдаланған. Осы өлеңдерімен Йейтс Батыстың XX ғасырдағы поэзиясының ең биік тұғырына көтерілді. Тұғырына көтеріліп қана қоймай сонда нық басып тұрды. Өйткені, оның қолында ақынды шайқалтпайтын таразы болды. Ол таразының бір басында ақының жан дүниесі, енді бір басында поэзия тұрды. Бұл таразы У.Б.Йейтстің өзіне ғана тән өлең эстетикасы.

У.Б.Йейтсте Данте сияқты өзінің тұтастыққа ие символдық дүниесін қалыптастырды. Оның өлеңдеріндегі қисайған мұнара мен айланба баспалдақ (формасы дөңгелек) бір тұтас тұлға ретінде қаралады. Айланба баспалдақ қозғалып өзекте айлану тұсында терістеуді терістеу сынды мән алады да, ғасырлардың алмасуында да өзіндік заңдылықтар, қайталанулар болады дегенге жақындайды. У.Б.Йейтстің байымынша мұндай алмасу құдайлар дәуірінен адамдар заманына тіпті одан да төмен сатыға қарай жалғасуы мүмкін. Әр реткі алмасу қыз бен құстың қосылуынан басталады. Алдыңғы екі ретте Леданы Зевс аққу болып кеп аздырып, одан екі жұмырытқа туылып, ол жұмырытқалардан Элена мен Клитемнестра пайда болды. Элена Троя соғысының туылуына себепкер болса, Клитемнестра аңыздағы Агамемнонның түбіне жететін әйгілі қастандықты ұйымдастырады. Ал соңғы алмасуда жылнамамыздың басындаға Мариямға ақ кептер келген-мыс. У.Б.Йейтстің өлеңдеріндегі тозып қисайған мұнара осы заманғы дүниенің азғындауға бет алғанын меңзейді. Ақынның қарасынша бүгінгі адамзат әлдебір аяқталу мен басталудың сын сағатын бастан кешіріп жатыр, сондықтан да адамзат тарихты тұтас тұлға ретінде қарауға үйреніуі, алды артына бірдей қарайлауы тиіс. 

У.Б.Йейтс эпостық әрі лирикалық түс алатын поэзияның тілін тапқан, өлеңнің жарық сондай-ақ қараңғы тұсын айқындаған ақын. У.Б.Йейтс өлеңдегі сыртқы дүниеден бастау алатын мазмұн мен ішкі жан-дүниенің арпалысынан келетін форманың қатынасын бірін-бірінен бөлуге мүлде келмейтін, бірі-бірінсіз өмір сүре алмайтын би мен бишінің қатынасына балайды. Ол өлеңнің мәселесін мазмұнда, форма да шешпейді, оны шешетін мазмұн мен форманың ара қатынасындағы өлең эстетикасы деп жорыған. Содан да У.Б.Йейтс нені жазса да–саясатты немесе адамзаттық домалақ ақиқаттарды жазсын–ең әуелі көркем поэзия, одан соң барып саясат немесе айқайлаған ақиқат болды. У.Б.Йейтстің саясатты көп жазғанына қарамастан оның өлеңдеріне моральдық-саяси өлшемдердің тісі батпайтынының себебі де осында. Жоғарыдағы «Ұзын сирақ сона» өлеңінен біз У.Б.Йейтстің өлең эстетикасын бір қырынан танимыз.


Ұлы шайқастар да жеңілмей,

Өркениеттердің қирамауы үшін,

Иттер тынған, аттар алыстағы мамағашқа байланған.

Біздің ұлы сарбаз Сезар шатырында, 

Алдына картасын жайып тастаған,

Көзін содан бір сәт тайдырмайды,

Кең маңдайын бір қолымен тіреген.

Су бетінде жүзген ұзын сирақ сона сияқты

Ойы оның тынық түнді кезген.


Ш.Хини 1989 жылдың желтоқсанында, Ангелияның Оксфорт университетінде оқыған «Поэзияның түзетуі» атты мақаласында былай дейді: «қиялдағы дүние мен біздер жасап жатқан мынау арпалысқа толы дүние тоғыса алса, поэзия таразының екі басын теңшеп ұстап тұра алады; біз іздеген ақиқат та бола алады; осы ақиқаттың алдында біздер өзімізді де толықтай тани аламыз». Бұл сөздер жоғарыдағы өлеңге жазылған түсіндіру сияқты, енді бір жағынан ол Ш.Хинидің өз өлеңдерінен де жақсы түсінік береді.


         Баяғы аңыздардың бірінде: 

          Гомороның сопылары

Шіркеуде мінажәт етіп отырғанда,

Бір кеме төбелеріне қалықтап келген.


Кеменің тереңге тартып, сүйретілген зәкірі

Шірекудің мұнарасына оралып,

Кеме қатты шайқалғанда, орнында байланып тұрып қалған.


Теңізшілердің бірі ягорды бойлап төмен түсіп,

Бар күшімен, жіпті шығарып алмақ болғанды.

Дегенмен, пәрмені жетпей жан таласқан.


«Мына пенденің біздің өмірге үйлесе алар түрі жоқ,

Ол тұншығып өледі!»деген дін басы сонда 

–Егер біз оны құтқармасақ!» 


Сопылар иықтарымен бірін-бірі көтеріп,

Байланған зәкірді шешті,

Суға сүңгіген теңізші кемесіне көтеріліп,

Өзінің бір реткі қатерлі сапарын осылай аяқтады.


Швеция әдебиет академиясы мысалға келтірген осы өлеңде де Ш.Хинидің әлгі таразысы терең көміліп, зор рөл атқарып тұрған жоқ па?

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты