Ж.Кели . «Натуралистің өлімі»

a9f46b724d421cfadeb8105a35090306.jpg (293×475)

Ж.Кели — Англияның даңқты әдебиет сыншыларының бірі. 1976 - 2001-жылдары «Жексенбілік Таймс» газетінде әдеби шолушы болып жұмыс істеген. Сол тұста сыншы ағылшын-американ әдебиетіндегі біраз айтулы тұлғалардың кітаптары туралы шағын шолулар жазған. Назарларыңызға ұсынылып отырған екі мақалада сыншы ағылшын поэзиясында әлдеқашан классик атанып үлгерген, Нобель сыйлығының иегерлері — Т.Элиот пен С.Хинидің тұңғыш кітаптары «Фурофилейдтің ғашықтық әні және басқалар» (1919 ж.) мен «Натуралистің өлімі» (1969 ж.) кітаптарына арнайы тоқталған. Кез-келген ұлы дарияның әуелде бір таспа бұлақтан бастау алатынын алға тартқан сыншы ақындардың кейін шыққан биігінің алғаш қалай бүр жарғанын қаузайды.  Мақала шағын болғанымен, тартымды жазылғанымен ерекшеленеді.  

Аударушыдан 

Бұл жинақ — С.Хинидің алғашқы кітабы. Басқалар сияқты ақын балалық шағынан-ақ өлеңге жақын болмапты. Ол ауылда, егінші атасының қолында өскен, әдебиеттің еңселі ордасынан алыста жүрген. «Ол кезде менің түсінігімде модернистік поэзия, Т.Элиоттың поэзиясы, т.б. дегендер мүлде болған жоқ», — деп жазады естелігінде ақын. Ол Фелфаста ұстаздық қызметке кіріскен күндерден бастап қолына қалам алып өлең жаза бастаған, онда да өзінің айналасында, әсіресе, балалық шағындағы өмірді жазуға ден қойған.  Оның өлеңдерінде ауылдың тірлігі, сары майдың исі, бұршақ қазған егіншінің күрегінің даусы, ауыл аралаған арба доңғалағының сықыры естіліп тұрады. Ол осылардан шынайы өмірдің өзгеше көрінісін тапты.

Ауыл тақырыбын қаузаған ақын ретінде оның стилі Англияның романтикалық поэзиясымен үндесіп жатыр. Алайда, оның шығармалары дәстүрді толықтай жаңартқан дүниелер болды деуге әбден негіз бар. Дәстүрлі романтикалық поэзия, айталық, Р.Шелердің ақша бұлты немесе Ж.Гитстің түн бұлбұлы, бәріде өрге тартады, биікке ұмтылады, ал С.Хинидің өрісі мүлде басқада, ол төменге бағытталған. Ол топырақ пен батпақтың тереңіне бойлап, сонда жиналған мәдениеттік құндылықтарды қаузайды.  Содан да оның поэзиясында өмірдің ауыр сәттері, шіріген томар мен борсыған батпақтың табиғатына тән дүниелер жиі кездеседі. Кітаптағы соңғы өлеңнің тақырыбы «Ақынның жыр фонтаны» деп аталады. Балалық шақтың көрінісіне тұнып тұрған өлеңде құдық, балалар шомылған шалшық су, балшықтан жасалған қуыршақтар кездеседі. Ақын осыларды жиып-теріп келіп, өзін үлкен өмірге шығарып салған күндерге қош айтқандай әсер береді. Кеше ғана ештеңеге қарамай қойып кетуге бар батпақты судың бетіне қарап тұрып ойға батады. Ол былай деп жазады: 

«Мен өлеңді 

Өзімді тану үшін жазамын

Қараңғылықты жаңғыртамын». 

Ақынның дәстүрлі романтиктерден өзгешелеу, батпақ пен шалшық суға құштарлығы оны пост-Фрейдизм және пост-Дарунизмнің өкілі етіп шығарды. Фрейдтен бұрын реалист ақындардың бәрі биікке ұмтылатын. Өлген соң да бейішке жол тартып, Жаратушымен қауышып жүретін. Ал Фрейдтің сана анализ теориясы жанның терең түкпіріндегі түрлі жасырын дүниелердің бетін ашып, тасадағы болмыстың мәніне үңілуге мүмкіндік берді. Фрейдтің бұл теориясының астарында адамның қыстыққан аңдаусыз санасы жатқаны белгілі. Ақынның отбасын құрар шағында қалыңдығына арнаған бір өлеңі бар. Онда ақын өзінің қиялында әлі де «сол балалық шақтың елесі» жүргенін айтады. «Батпаққа қойып кеттім» дейді. Өлеңнің отбасын құруға арналғанын ескерсек, бұл жерде ақынның санасында әйел заты мен батпақтың қатысы барын сезіну қиын емес. Бұндай аңдаусыз санаға бойлайтын ұрымтал тұстар ақын шығармашылығында аз емес. 

Топырақтың терең қатпарынан әлденені қопарып шығару дарвнизмге де тән қасиет. Бұл идея бойынша тіршілік дегенің Жаратушының алақанынан пайда болған дүние емес, ол алғаш бір клеткалы тіршілік пайда болған — батпақтың төл туындысы.  Бір сапар осы батпақтан басталып, бізге — ой мен сезімнің иесі, ақыл мен парасаты бар адамға дейін жалғасты. С.Хинидің поэзиясы да осы бағытты бойлап алға жылжиды. Ол да тақырыпты рухани және биологиялық жақтан қарастырады. Ақынның бір көз тартар ерекшелігі — сөзді тұздықтап беру жағынан Ж.Гитсті болмаса, өзгені алдына шығара қоймайды. 

Ақын қоқыс пен шіріген дүниелердің табиғатынан жаралуды да, өлімді де көреді. Ол осы қарама-қарсылықтан шексіз қиял туындатқан. Ақынның соңғы шығармашылығында Дания батпақтары үлкен символдық мағына алып жатыр. Бұл тақырып ақынның тұңғыш кітабынан өріс алған.

Дегенмен, жинақтағы ең керемет шығарма, ол —  «Кезекті демалыс» деген өлең. Өлең өте қарапайым тілмен жазылған, кейіпкеріміз жол көлік апатына ұшырап жазым болған інісінің жаназасына қатысып тұр. Дәлдік пен обьектив тұрғыға баса мән берген, баланың көзімен баяндалған шығармада анасының көзінен жас шықпайды, тек «аһ ұрған үн ғана естіле береді».  Ал «Табыт ағашында қанның ізі жоқ, көліктің темірі оны орнынан тұрмайтын етіп қана соғып өткен сияқты», — деп жазады. Дәл осындай салқынқанды, сезімін тежеп, қандауырдай қиып түсетін дәлдігімен жүрек қылыңды шертер қасиеті С.Хиниді өз дәуірінің ең мықты ақындарының қатарына қосты.    

Аударған – Ардақ Нұрғазы

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты