Лои Гринберг: Тұрқы бөлек «К»

  ebfe238a8a9cf4b5b6aaa6704b10739e.jpg (338×267)       

 —Ф. Кафканың «Айыпталу» романы туралы

Батыстың «Таймс», «Нью — Йорк  таймс», «Нью — Йорк кітапқа шолу» т.б. басылымдары күнделікті жарыққа шыққан жаңа кітаптарға үнемі  шолу (рецензия) жариялап отырады. Шағын, жинақылығымен көзге түсетін бұл мақалалар уақыт ұзара келе өзіндік сын мəдениетін қалыптастырған. Бұл өз кезегінде автор, шығарма, оқырман, әдеби орта мен кітап нарғығын (баспа саласын) біртұлғаландырып, әр жақтың басын қосып, әр жақтың ортақ кеңістікте сапалы жұмыс істеуінде айта қалсын рөл атқарған. Өз кезінде оқырманның таңдауына ықпал ететкен төмендегі мақаланы назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Аударушыдан

Бірнеше жылдың алдында өмірден өткен жазушы Ф.Кафканың «Қамал» романы АҚШ –та жарық көрген тұста, былайғы жұрт елең етпеген, десе де, біраз адамдар оны  «керемет шығарма» деп жатып кеп мақтаған болатын. Содан бері бір мезгіл өтті, көптің көңілі күпті: əлгіндей мақтау сөздер «желмен ұшып кетеді» - дескендер қателесіпті, ол сөздердің енді қайта орныға түсетін түрі бар. Мен өзім «Қамалды» оқымағанымды мойындаймын. Алайда «Қамалды» енді оқығым бар. Өйткені, «Айыпталуды» оқыдым. Көптен бері мен адамды бұлайша ширықтыратын, онымен қоймай өз қадір-қасиетін жоймайтын шығарма оқыған емеспін.      

«Айыпталуды» жұрттың бəрі бірдей қабылдай бермейтіні анық. Ол — кітаптан қызық іздейтін оқырмандарды жалықтыратын шығарма. Көптеген романдар жаныңды мұрныңның ұшына келтіретін уақиғасымен өзіне тартса, «Айыпталу» үрей дегеннің не екенін шын сездіреді екен. Оның көз алдыңа көрініс етіп тартатыны əсте сен танитын дүниенің бейтаныс бейнесі емес. Бұл шығарма бір аяғымен жер басып, енді бір аяғымен шексіз кеңестікке қадам тастап тұрған біреу сияқтанады. Десе де, жалғыз аяғымен жер басып тұрғанына қарамастан, ондағы орнықтылықты екі аяғымен тең басып тұрған өзге шығармалардың бірде - біреуінен кезіктіре алмайсың. Роман туралы образдап айтқан бұл сөз көп нəрселерді аңғартса керек. Оның астарында сыры ашылмаған, бүркеулі күйде талай дүние жатыр.  Роман сюжетімен де көзге  түседі. «К» — жас банк қызметкері, бір күні тəңертең ояна салысымен, өзінің тұтқындалғанын біледі. Ол қылмыс жасамаған, солай да, өзіне нендей айып тағылғанын, қылмысының не екенін шығарманың соңғы нүктесі қойылғанға дейін біле алмай кетеді,  ақыры аяғында ол өзін  əжептəуір қылмыскер санай бастайды. Ол еркін, десе де, үзбей сотқа барып тұруы тиіс болады. Сот дегенің сансыз айыпталушылар мен кішігірім шенеуніктер құжынап кіріп- шығып жатқан  ұя тəрізді. Сотта «К» көсіле сөйлеп өзін ақтайды, десе де, онысы Соттың барысына титтейде əсер етпейді.       

Романда соттағы жағдай ғана емес, К-ның банктегі ахуалы, оның үй күтуші əйел жəне ірге бөлмеде тұратын жас қызбен арадағы байланысы кеңінен баяндалады. Осы байланыстың шым - шытырық торында «К» өзін бастан аяқ  айыпталушының суық орындығында отырғандай сезінеді. Кітаптың бойынан аңқып тұратын, түске ұқсайтын үрейлі елес К - ның өзін қоршаған орта турасындағы түйсігімен тіке қатысты.    

Ф.Кафканың қаламынан туған бұл тұманның шек - шегарасын ешкім де дəп басып айтып бере алмайды. Кейіпкер «К» осы соқыр тұманда қалықтап жүреді. Ол ашық ауыз ақымаққа да, тозақта жанталасқан бейшараға да ұқсайды. Бір қызығы, ол қанша бұлқынса, əлгі торға сонша шырмала түседі. Психология ғылымына қатысты, бұл кітаптың берері тіптен мол. Алайда, «Айыпталудың» морал жақта беретін əсері, оның эстетикалық əсерінен үстем сияқты. Бұл тұрғыдан қарағанда Ф.Кафка тұнып тұрған діндар жазушы. Оның көздегені жақсы мен жаманды таразыға тартып, бар болмыстың тегін тектеу сияқтанады. Содан да, Ф.Кафка шығармалары заманнан заманға келе жатқан кəдуелгі мысалдарға көп жақтан ұқсап кетеді: ол мысалдар қарапайым болғанымен қарадүрсін емес, қайта, адамзаттың нақтылы болмысына апаратын шиыр тəрізді. Сол себептен де біздер Ф.Кафканы тəмсіл жазатын жазушы, сықақшы, пcихолог деп жатамыз. Осыдан-ақ жазушының өмірден ерте озуы əдебиет саласындағы үлкен жоғалту екені аңғарылмақ.    

24.10.1937ж. « Нью — Йорк уақыт газеті»

Мақаланы аударып, дайындаған – Ардақ Нұрғазы.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты