М.Брадбори:Англия-Америка әдебиетіндегі модернизм және Э.Паунд

9e409950774dfba29d14baa56b09789d.jpg (522×374)

Суретте ортадағы Э.Л.Паунд және Ж.Жойс 


XX ғасырдың 30-шы жылдарында Америка ақыны Э.Л.Паунд өзінің өнер саласындағы замандастарына «жаңалық жаратайық» деген дабыралы үндеу тастаған. Сол тұста ақынның аузынан шыққан «Жаңалық» деген осы сөздің алатын мағынасы, оның замандастарының ойындағыдан әлдеқайда кең де, күрделі еді. Бірнеше жүз жылдан бері жазушылар: жазған дүниеде жаңалық болу керек, көне сүрдекте қалып қоймау тиіс, — дегенді өздеріне таудай міндет етіп арқалап келген-ді.


Мұндағы «жаңалық жарату» дегенің — үздіксіз алға басу, осы замандағы адамның өмір тәжірибесіне тың соқпақ салу дегенді білдіретін. Бұл төбесі көріне бастаған жаңа түсініктер мен көзқарастар негізінде, қиял қанатының қайырылуынан қорықпай, қатып сенген ескі формадан ат кекілін кесу дегендік болатын. Олардың ойынша бәрі де өзгеруге тиісті: өнерге тұғыр болған философия да, ол тұлғалаған таным да, форма мен мазмұн да, өнер мен оқырман да, сондай-ақ жасампаздық қуатқа ие жеке тұлға және оның қоғаммен қатынасы да түбірінен өзгеруге тиіс. Ф. Ницше айтқандай «Осызаманғы (модернизмдік) өнердің бұлай желкен тузеуінде аса қауіпті нысайлардың жатқаны» белгілі болатын. Ф.М.Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романында студент Раскольников өзінің идеясы мен сенімінің, моральының шек-шегарасынан шығып кетуге барынша талпынады. Ол «Менің білуімше (бүгінгі адамдардың) ең үлкен қорқынышы жаңа бір қадам басу, жаңа бір сөзді сөйлеу», —дейді тікесінен. Раскольников сол жаңа қадамды басып, сол өзі айтқандай жаңа сөзді сөйлеп, жаңа заманның қылмысын арқалайды, соған орай жазасын да тартады. Егер біз оның қимылын батыл қадам деп бағаласақ, онда оны Фауста сияқты өзін-өзі құрдымға итеруші деуімізге де болады. Томас Маннің «Венециядағы өлім» повестінде жұрттың құрметіне бөленген жазушысы Гусгап Фон Асмбахо өзіне әдебиет жүктеген ажырғыны лақтырып тастап, Венецияға сапар шегеді. Жазушы ол арада әдейі жаза басқандай-ақ, ажары көз сүріндіретін бала жігітке ынтық болып калады. Бала жігіт шығармада өлімнің, аурудың, сұлулықтың бейнесі ретінде ортаға шығады. Соңында Асмбахо қалада етек жайған оба ауруынан өледі. Өлер алдында ол Платонның неліктен өнерді киялдағы кемелді мемлекеттен сырт қалдырғанын есіне алады. Өнер адамының төнер қауіпке қарамастан білімге жерік болатыны, шабыттың желіктіруімен өз бойында қалыптасқан әдептен аттап, қоғамдық салтқа қайшы келетін істерді істеп салатынын да еске салады. «Біздің қаламымыздан туған дүниелер ақымақтық пен жалғандыққа толған, бізде бар, жұрт бас ұратын атақ-абыройдың өзі қарап тұрсаң, өзімізді өзіміз алдаған, далбасалық, оқырманның біздің сеніміміз туралы түсінігіне тек күлкің келеді», — дейді Асмбахо. Ол және: «Ғылым-білім еш нәрседен тайсалмайды, ол бәрін жаратады, қарсы да шыға алады. Бұл жағынан ол түпсіз шыңырауға ұқсайды, шыңырау бәрін жұтады».


Белгілі мағынадан алғанда Э.Л.Паундтың өзі де модернизмдік сананың ұстарадай орып түсер өткірлігін сезіп жеткен. Оның «жаңалық ашу» турасындағы талпынысы ақыры трагедия мен ақырласты. Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында Э.Л.Паунд Италияда тұрды. Экономика, мәдениет, саясида өзінен жөн сұрап, ақыл алмағаны үшін ол президент Розвелтке ренжулі еді. Кейін Бенито Мусслини жаққа шықты. Ал Мусслини болса өнер тарихында өзіндік дара орыны бар — болашақшылдық (futurism) көзқарасты ұстанатын еді. Соғыстан соң Э.Л.Паунд одақтастар жағынан тұтқын болды да, оны Америкаға апарып «отан сатқыны» деген айыппен сотқа тарту ісі күтіп тұрды. Бұл логикаға да үйлесетін еді. Өйткені Э.Л.Паундтың көзқарасы бойынша — өнердің міндеті дәуірдің жанды жеріне тию, өнердің бостандыққа ұмтылатын қасиетімен жаңа мәдениетке негіз қалау болатын. Э.Л.Паунд өмірінің соңында өзінің «өнер арқылы саясиды өзгертпек болған» ынта-жігерінің аса қауіпті талғам болғанын, тіпті бұның жолында өзінің өнерде қол жеткізген табысы мен «жаңалық жарату» рухын да селге жібере жаздағанын тусінген. Э.Л.Паундта өзге модернис ақын, жазушылар сияқты айналасындағы саяси дүрмектен шыға алмай қалған еді. Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында модернистік рухтың біртіндеп әлсіреп, өшкін тартуының өзі оның осы заманғы саяси қайшылықтарымен шым-шытырық байланысы бар, барынша ұшқары көзқарас болғанын аңғартады.


Э.Л.Паундтың өз басы осыған тамаша мысал бола алады. Оның «жаңалық жарату» талабының өзі осызамандық мемлекеттің мәдениет жағында құлазуы және осызамандық тілдің сүреңсізділігімен сиыса алмау болатын. Э.Л.Паунд та басқалар сияқты осызамандануға түбірінен қарсы болды. Адайда, олар «модернизм» деген осы атауға барынша сенім байлаған. Оны XIX ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап екінші дүниежүзлік соғысқа дейінгі дәуірдің өнер саласында — мазмұн мен форма да, өнер рухын да мәндік жақта туылған түбегейлі өзгерістерді тұрақтандырып беруге қолданды. Бұл мезгілдегі өзгерістер өнерге төңкерістік сипаты бар бетбұрыстар әкелген еді. Оның дүмпуі тұтас Еуропа мен Американы толықтай шарпып, ондағы өнердің бейнелеу тәсілін басқа арнаға бұрып жіберді. Бұны Еуропаның гуманисттік тарихында жүзберген бір реткі дағдарыс — осы заманғы адамның өз болмысының мәніне жету жолындағы талпынысы деуге болады. Оның кейінгі күнге жасаған ықпалының кереметі соншалық: ол ықпалдың кейбірін адамдар сол тұста ойлап жетсе де, көбін ойлап жете алмады. Саясида әсіресе солай болды. Бұл жаңа түйсік адамды дегбірсіздендіретін еді, содан да болар ол керемет шығармаларды өмірге әкелді. Тіпті оның кейбіреуін бүгінгі замандағы — XX ғасырдың соңындағы адамдардың дағдарысты санасы мен дегбірсізденген көңіл-күйінің қасіретті бейнесі деп қарауға да тұрады. Ол батыс дүниесінің романтика дәуірлеген кезеңнен жаңа бір дәуірге — XIX ғасырдан XX ғасырға аяқ басқанын анық аңғартатын. Содан бері бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, сонда туылған істер бізді баяғысындай өзгеше әсерге бөлейді, баяғысындай дегбірсіздендіреді. Ол біздің өнердегі дәстүрімізді тыңнан тұлғалап кетті. Біздің форма мен оны бейнелейтін тілге болған түсінігіміз, құн көзқарасымыз, мәдениет пен тұрмыс тәсіліміз тұтастай соның әсеріне ұшырады. Біз қазір көшеден, ауламыздан, үйімізден солардан қалған ізді жазбай танимыз. Ол қазіргінің ғана емес, тіпті келешекте келетін дәуірге де өзінің бағыт-бағдарын сілтеді.


Бұл түйсік бірінші дүниежүзлік соғыстың алды-артында Англия мен Америкада етек алды да, оған Э.Л.Паунд жетекшілік етті. Э.Л.Паундтың өзі де XX ғасырдың алғашқы ширегіндегі ауызға бірден тола түсетін санаулы ақынның бірі болды (оның поэзиядағы орнына шүбәланатындар бар, адайда, оның талантын ешкім де жоққа шығара алмаған). Сол тұста бір ғана Э.Л.Паундтың ынта-жігерімен ағылшын тіліндегі поэзия астаң-кестең өзгерістерді бастан кешірді. Ол жұрттың басын қосып, жаңа жорыққа бастайтын көсем сияқты еді. Э.Л.Паунд соғыс тұсында Англияда, Америкада бой көрсеткен, Парижге топталған жаңашыл жазушыларды, суретшілерді, музыканттарды өз қасына топтады. Оларға ұстаз, әрі туыстар жетекші рөлін ойнады. Соғыстың алдында ол Лондонда тұрды да, соғыстан соң Парижге келді. Міне осы аралықта айта қалсын жаңалықтар жүз берді. Э.Л.Паунд қайжерге барса, сол арада «алдашабарлардың» тәсілімен жарнама жариялайтын, журнал шығаратын немесе үндес адамдарды өз қасына топтайтын. Онымен 1913 — 1914 жылдарда серіктес болған Вентмон Луистің: «Э.Л.Паунд өнер саласындағы Батсон-Бауер сияқты еді, ол үндес адамдарды қашанда өз қасына жиып алатын да, оларды жаңа сайысқа баптап салатын», — деген. Э.Л.Паунд өзі ұнатқан жазушылар мен өнер иелеріне демеуші тауып беріп отырған, олардың шығармаларының жарыққа шығуына жағдай жасаған. Мұның себебін ол «бұл жазушылардың шығармасын санаулы ғана көзіқарақты, талғамы жоғары оқырмандар түсіне алады, сондықтан олар көмекке зәру», — деп түсіндірген. Бүгінде ағылшын тіліндегі модернизмнің өкілдік туындысы саналатын екі шығырманың жарық көруіне де негізінен бір Э.Л.Паундтың күш сала қолдау көрсетуі түрткі болған. Ол отандасы Т.С.Элиотқа барынша көмек көрсеткен. Сол тұста Т.С.Элиот Лондонда банк қызметкері болып жұмыс істейтін еді. Оның «Шөлді» Э.Л.Паундқа арнайтыны да сондықтан. Э.Л.Паунд Лестердегі мектептердің бірінде мұғалім болып жұмыс атқаратын Ж.Жойыстың «Улисс» романын жарыққа шығаруына да өзінің бір кісілік үлесін қосқан. Бұл шығармалар айтса-айтқандай жаңа дүниелер болатын. Ерекше талғампаз оқырмандар ғана одан ләззат алып, көзайдын бола алды. Алайда Э.Л.Паунд санаулы болғанына қарамастан осы аз адамға шексіз сенім артты. Ол: «өнер адамы өз ұлтының сезгіш түйсігі тәрізді, былайғы қарапайым жұрт оларды толық түсініп кетеді деп айта алмаймын»,—деген. Бұл түсіндіру кейін модернизмнің ауыздан түсірмейтін көзқарасына айналып кетті. Айталық «байсалды әдебиет» ең жаңа нәрселерді жарататын әдебиет, ол дәуірдің алдында жүруге тиіс!- деп қарау міне осы ойдан негіз тапты. Өнердің бойындағы мұндай «алдыда жүру» нысайы кейін әскери істер мен саясида мейлінше өріс алды. Тіпті негізінен солардың меншігі болып кетті десе де болады. Бұл көзқарасты жеңу немесе жеңіліспен ғана өлшейтін, өзге үшінші жолы жоқ, үлкен бәс деп қарауға да болады. Содан да модернисттік шығармалар дәстүрлі талғам мен соның шеңберінен шыға алмаған — қалыптасқан мәдениеттің ықпалындағы былайғы қалың оқырманды бір шетке итеріп қойды да, оның орнына жаңа түйсікке ие, талғампаз адамдардың келетініне зор сенім артты. Бұл бәсте олар айтқандарына жетті де. Аз уақыт өткен соң-ақ оқырмандар осы бір үздік модернисттік шығармалардың маңыздылығы мен тарихи орнын тез-ақ таныды.


Белгілі мағынадан алғанда, модернизм дегенді ту етіп ұстанған осы «алда жүрушілер» өз дәуіріне қасқая қарсы шапқан адамдар еді. Олар осы заманданумен тіл табыса алған жоқ. Өткенмен — дәстүрмен — тіпті де отаса алмады. Олардың қабылдай алмайтыны — капитализмнің алдамшы мәдениеті, ондағы қою сауда түсін алған, адамды мүлікке балайтын көзқарас еді. Сондай-ақ, өнердегі орта буржуазияның «құдайға шүкір, тәубә!» деп қарайтын қалыптасқан көзқарасы да оларға ұнамайтын. Дегенмен, модернизмнің өзі осы заманданудың сипатын анық көрсетіп береді. Олар осы дәуірдің жалпылық мазмұны мен принциптерін бойына сіңірумен қатар, онда жасырынған дағдарыстарды да толық әйгілейді. Жиып айтқанда «жаңалық жарату» — өнер, өнер болғанда дағдарысты өнер. Жалпы Модернистік шығармалардың формасының быт-шыт әрі мысқылдық түс алып келетіні, құрлымы құбылып тұратыны, бойынан күңгірттік пен трагедияның сарыны есетіні осы түйінді дәлелдейді. Ф.Ницше осызаманғы адамды «ұсақталған, көп қырлы, сырқатты, қалыпсыз қоғамның перзенті», —дегенді жай айтпаған. Біз оны XIX ғасырдың соңын ала көзге түскен азғындаушылықты (decadents) өнер деп ұстанған шығармалардың рухынан бастап сезінгенбіз. Э.Л.Паунд алғаш өлең жаза бастаған шақта оның бойында осы сарын аңқып тұратын. Э.Л.Паунд бірінші дүниежүзілік соғыстың алдында Еуропаға келді, десе де өзі іздеп келген мәдениеттің соғыстан қайта тұрмастай күйреп, еш мағынасыз қирандыға айналып қалғанын көрген тұста, оны бұлқынған ашу кернеді, сол тұста-ақ ол жазған шығармаларда алды-арты қабыспайтын бөтен форма пайда бола бастаған-ды. Соған дейін кітаптағы дағдарысты ғана сөз ететін ақындар енді міне дүниенің дағдарысқа киліккенін өз көздерімен көріп, соны сөз ете бастаған. Э.Л.Паундтың соғыс тұсында жазған «Саувен-Момбел» поэмасы 1919 жылы жарық көрді. Өлеңнің үзік-үзік формасынан соғысқа деген ашу-ызаны бірден байқайсың. Бұл шығармасында Э.Л.Паунд бір кезде салтанат құрған өнер мен мәдениетке терең бойлайды. Қазіргі мәдениетіміз сауда мен орайшылдардың батпағына белшесінен батты, сүреңсіз бұл мәдениет «жасы жеткен кәрі қаншыққа ұқсайды», —деп жазды ол. Э.Л.Паунд осы өлеңімен Лондонға қош айтқан тұста, ақын Т.С.Элиот Лондонды өзінің жаңа шығармасы «Шөлдің» артқы көрінісі етті. Ақын қоғамның құр сүлдері ғана тұр, оған рухты қайта тірілтуге шақыратын күш-құдірет қажет деп қарады. Осы тұста Э.Л.Паундта өзге бір шығармасын бастап жазды. Бұл оның бүкіл өмірімен үндескен ұлы шығармасы «Жыр парақтары» еді. Ол да үзік-үзік формадан тұратын, үйлесе де, үйірлесе де алмайтын дәуірді жазған өлең еді. Оны тіпті бірден дәстүрлі өлең деп қарауға да болады. Ол да көптеген аты затына сай келетін модернисттік шығырмаларға ұқсас, құмнан алтын шайқағандай — күйреген дәстүрлік әдебиеттің қирандысы арасынан өздеріне қажетті дүниелер тасқап алып, содан жаңа дүние жасап, жаңа мәдениет пен жаңа тұрақтылық жасауға тырысқан шығарма болды. Оның бойында да айтып-айтпай модернистік өнердің екі жақтылығы — осы заман қоғамы мен оның алған бағыты турасындағы салтанатты аңызға бастан-аяқ күмәнмен қараушылдық және сол қоғамға белсене күш қосқан қайшылықтың айрылмас бірлігі бар.


Модернистер дәстүрлі мәдениеттің қайта тұрмастай күйрегенін танып жетіп, көз алдарындағы өмір мен одан туар түйсіктерден жаңаша өнер туындысын жаратқан. А.Рембо айтқандай олардың : «толық осызамандануы қажет» болды. Көне форманы қиратып-бүлдіру немесе жаңадан қалау қажет еді. Ж.Жойыс Гомердің «Одссясын» әне солай пайдаланды. Жуенсонның қаламынан туған Стокыман доктор: «қазіргі дүниеде жиырма жылдан асып өмір сүретін ағым жоқ!» -деп ағынан жарылады. Автор осы драмасына бірден көзге түсетін осы замандық түс беріп «Халық жауы» деп ат қойған. Т.С.Элиот бір мақаласында: «Дәстүр мен талант басы қосылмайтын айыр жолға түсті, егер де өткендегі жақсы дүниелерді қайта қалпына келтіреміз десек, онда ауыр бодаулар береміз. Бүгін сезім құлазып, мәдениет күйреуге беталып отыр, сөз келсін-келмесін қолданылғандықтан, өзінің мәнін жоғалтты, идея мен сезім іргесін бөліп, символь кереметінен айрылды, поэзияның да мән-мағынасы кете бастады. Мәдениетті көз алдағы ойыраннан қайта түлету керек-ақ, ол үшін Э.Л.Паунд айтқандай осызаманның жазушылары жазушылықты тыңнан үйреніп қана қоймай, жаңа талғаммен кітап оқуды да үйренуі керек», —деген.

Мақаланы аударған – Ардақ Нұрғазы.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты