Каточусши: Кавабата Ясунаридан Ое Кензабуроға дейін

c716b891ba12eebaca701d2c4c677fad.jpg (1440×907)


Тынық мұхиттағы соғыс толастағаннан кейінгі жарты ғасырға жуық уақытта, батыс Еуропалықтар аударма арқылы Жапон əдебиетімен танысып, біртіндеп бізді де бағалай бастады. Мұнда олар негізінен біздегі «жапондарға ғана тəн» дүниелерді шыр айналып, аздап батыс еуропаның шалығына ұшыраған қалам иелерін таңсық көрді, стиль жақтан да, мазмұн жақтан да өздерінің сол тұстағы қаламгерлеріне мүлде ұқсамайтын ерекшелігі бар тұлғаларға жан тартты. Бір ауыз сөзбен айтқанда, олар біздің «өзгешелігімізге» құмартты. 1968 жылы, Кавабата Ясунариге Нобель əдебиет сыйлығын беруін əне осындай түсініктің символы деп қарауға болады. Айтып-айтпай Кавабата Ясунаридің шығармасы жапондар ортасында үлкен сұранысқа ие екені белгілі, оның үстіне бұл шығармалар түйсік жақтан да «көрікті Жапонияға» ең жақын келеді — біздегі парфор ыдыстың сыртына сызылған əйелдердің үлбіреген тəні сияқты, одан да өзгеше леп есіп тұрады. Дегенмен, Вьетнам соғысы мен студенттер дүрбелеңі өршіп тұрған сол дəуірде, Жапон зиялы қауымын тек осылар ғана ойландырмағанына сенімім кəміл.

Содан бері тағы да ширек ғасырға жуық уақыт өте шықты, Батыс Еуропада біздің əдебиетті шұқшия зерттейтіндер көбейді. Аударылған шығармаларымыздың саны да арта түсті. Бүгінде АҚШ пен Еуропада бізге қатысты əлгіндей «жат жұрт» деген, таңсық көзбен қарайтын танымның ізі өшпей жатып-ақ, Жапон əдебиетін енді жаңаша, тың көзқараспен бағалау ауаны көтеріліп отыр. Мұнда олар бұрынғыдай «жапондар бізден қаншалық алыс?» деп емес, қайта «олар бізге қаншалық жақын?» деген мəселемен бас қатыратын болған. Бүгінде олар бізге кешегісіндей «сендерде мынадай өзгешеліктер бар екен?» демейді, қайта «бүгінгі Жапон əдебиеті біз бет келіп отырған мына мəселеге қалай қарайды?» - деп сұрайды. Тарих пен өркениет кеңістігінде арамызда үлкен алшақтықтар болса да, бүгін олар кедергісін жойған сияқты.

Айталық, Нью-Йорк пен Палермоның (Италияның қаласы) арасы қаншалық алыс болса, Жапония мен Мексиканың арасы да соншалық қашық. Албания тауларындағы жақпар тастардың шертер сыры біздің аралдардағы таулы мекендердің құлақ күйіне де ұқсай бермейді. Десе де Сымайлы Кателер мен Ое Кензабуро оған қараған жоқ, екеуі де өз тауларының айтарын осы заманның тілімен айшықтап айтып берді. Егер осы екі жазушының шығармасын осылай қатар қойып, бірге оқысақ бізбен олардың ара парқынан көрі айтқан ойлары көбірек тəнті етеді. Бүгінде АҚШ пен Еуропада біраз адамдардың ортасында осы таным біртіндеп үстем орын алып келе жатқандай. 1994 жылы Ое Кензабуроға Нобель сыйлығының берілуі де əне соның символы.

Ое Кензабуро деген Жапонның осы жазушысы несімен көзге түсті дейсіз ғой? Бұл жазушы проза жанрының күш-құдіретімен соғыстан кейінгі Жапония бет келген қоғамдық мəселелердің кез келгеніне дерлік жауап іздеген. Ое Кензабуро прозасы аға буыны Кавабата Ясунаридің шығармашылығына жүйесі жағынан да, түпкі жетпек мақсаты жағынан да мүлде ұқсамайды. Ое Кензабуро прозасы уақыттың көп қатпарлығына табан тірейді; көбінде қиял мен өмір аражіксіз қиысып жатады; кейіпкерлердің жан тынысына мəн беріледі (бұл жағынан Еуропаның XIX ғасырдағы прозасынан өзіндік өзгешелігі бар), т .б. Бұл ерекшелік бүгінгі Еуропаның айтулы жазушыларының бойынан да табылады (И.Калвино мен  Г.Грасты атауымызға болады). Жұртқа белгілі, жазушының шығармашылықтағы ізденіс формасы оның дүние мен адамзатқа ұстанған көзқарасымен үндесіп жатады. Бұл тұрғыдан алғанда Ое Кензабуроның «дүниеге көзқарасы» жапондардың ғана емес, күллі адамзаттың көзқарасына айналып отыр.


e56d11e2fd5b7d5a420bdad379876ea6.jpg (403×540)


Дегенмен, Ое Кензабуроның басқаны емес, соғыстан кейінгі Жапонияның бастан кешкен жағдайын жазғанын əсте есімізден шығармауға тиіспіз. Оның шығармашылығына біздің топырақтан қаулап шыққан ұлттық түйсігіміздің нəрі қою сіңген, сондай-ақ онда жазушының жеке басы мен отбасындағы жағайлардың да өзіндік үлесі бар. Соғыстан қалған «жеке адамның түйсінуінен» бастаған. Бұл шығармашылық кейін келе Хиросима мен Нагасакидегі жарылыстарға ұласты, одан Жапонияның таулы-қыстақтарындағы аңыз-ертегілермен үндесті, оған біртіндеп жазушының отбасындағы кемтар баланың тағдыр-талқысымен астасып кетті. Міне осылайша жазушының қаламынан туған жаңа əлем жалпылық пен даралықтың басын бір араға қосып, оқырманына өзгеше өріс ашып берді.

Хиросимадан қалған өзгеше жара біздің көкірегімізде «дүниеде бірден бір ядролық соққының зардабын шеккен ел» деген атпен сыздап тұр. Ал, ядролық соғыс бүгін де күллі адамзаттың басына қатер болып төніп тұрғаны тағы белгілі...

Соғыстан кейінгі жапон əдебиетінде Кавабата Ясунари өзіне тəн түйсікпен «сұлулық» дегенге саятын бітеу кеңістік қалыптастырған еді. Ое Кензабуро осы кеңістіктің шеңберін кеңітіп қана қоймай, оны көкжиекке дейін ұлғайтты. Кавабата Ясунари «көрікті жапон» деп əлемге жар салған болса, Ое Кензабуро Жапонияның басындағы хəлді күллі адамзаттың басындағы ортақ хəлмен ұштастырып жіберді.

Деседе, бізде бұндай өреге көтерілген жалғыз Ое Кензабуро ғана емес. Ока Суоиехи, Нома Хирочи... Аталған жазушылар өз шығармашылықтарымен осы ойымызды дəлелдеп отыр. Олар соғыстан кейінгі Жапония қоғамына белсене араласа отырып, үнемі билікке сын айтуға табанды тұрып келді. Олар көптеген мəселеде «лəпбай!» деп биліктің жетегінде кеткен жоқ, қайта өз тұрғыларын сақтай білді. Мұның өзі біздегі демократияның тамыр тарта алғанының бір көрінісі деуге болады. Қарсы пікір жоқ жерде, демократиялық қоғамның орнамайтыны белгілі. Оның үстіне сын айтпайтын зиялы қауым деген атымен болмайды. Содан да Жапониядағы демократияның туын жықпауға, сауатты қоғам құруға осы адамдар бір кісідей ат салысты деп біз мақтанышпен айта аламыз.

Ое Кензабуроның шығармашылығына тоқталғанда, жоғарыда ауызға алған ерекшеліктер тіптен айқын көрініс береді. Ое Кензабуро жапон əдебиетінің көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, біздегі зиялы қауымның билікке ұстаған көзқарасының да жарқын үлгісіне айналды.   


Аударған – Гүлнар Ақан. 

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты