H.G.Gadamer :Жарықшада гүл ашқан роза

606180566c8119522bfa39a55719df32.jpg (940×934)

(немесе П.Целанның поэзиясы)


Соңғы кезеңдегі өлеңдерінде, П.Целан біртіндеп сөздегі үнсіздікке қарай жылыстады, мұндағы үнсіздік тынысыңды тарылтып, жаныңды тітіркендіретін еді, мұндағы сөздер сонысымен бөлекше тасалана түседі. Кезекте мен «Тыныс алу» жинағындағы желілес өлеңдерге жүйелі тоқталмақпын. Бұл өлеңдер 1965 жылы «Крсталды тыныстау» деген тақырыппен шекті данамен жарыққа шықан. Кітапта жинақтың табиғатына сай әрбір өлең өзіне тиісті орнын тапқан, әлдебір дәлдікті аңғартып тұрады, соған қарамастан жинақ жалпылай айтқанда мықтап тұмылдырықталған, шарытты шипырланған деуге де болады.

Сонымен мұндағы өлеңдер нені айтады? Кім тіл қатып тұр?

Дей тұрғанмен, жинақтағы әрбір өлеңнің өзіне тән жүлгесі бар екені анық. Бірақ, ол бірден көзге түсе бермейді. Олар күңгіріт, тұрақсыз тәсілмен өз дегенін жеткізеді. Соған қарап оларды ойша, беталды түсіндіре беруге тағы келмейді. Бұл өлеңдер оқырманнан мәтінді жіліктеп түсінетін белсенділік талап етеді.

Лирикалық өлеңнің оқырмандары бұл өлеңдерге келгенде сәл сабыр етпей болмайды. Олардан көп білуді немесе артық білімі болуды талап етіп жатпаймыз. Себебі, бұл өлеңдерді жанжүрегіңмен тыңдай білсең ғана жетіп жатыр. 

Әлдебір ақынды өзінің жоғарыдағыдай өлеңдерін түсіндіре қояды деу ақылға симас еді (айтуға қарағанда П.Целан өтініш жасаған кейбір достарына өз өлеңдері туралы айтқан деседі). Алайда, бізге оның не айтқанының керегі бар ма? Мәселенің тетігі автор не айтқандығында емес, өлең нені айтқандығында болып тұр. Әрине, өлеңді түсіну үшін автордың аузынан шыққан өлеңнің тақырыбы, «мазмұны» немесе әубасында пайдаланған материалдар, т.б. дегендей дүниелер қажетті, олар тіпті, өлеңді жете түсіну үшін таптырмас дүниелер деуге болады. Олар сенің өлеңде адасып айдалаға лағып кетуіңнің алдын алатыны анық. Алайда, мұндай жіп ұшының да қауіпті жағы бар. Ақын өлең туралы сенімен жеке басына тән сырын бөлісе бастаған шақтан өлеңдегі шарытты тепе-теңдік бұзылады да, оның орнына бірбеткейлік, бір сарындылық үстемдік алады. Бұл өлеңнің табиғатына қайшы нәрсе. Ал тұмылдырықталған, жабық өлеңдерді түсіндіру де оңай шаруа емес. Бірақ, өлеңге «бірдеңе табамын»  деп кіріссең, қателік болғанымен, бірте-бірте оны түзетесің, нысанаңды да түзейсің, соңында тапсам деген дүниеңе де қол жеткізесің. Оқып отырған өлеңнің не айтқанын дөп басып таппағаныңмен, оның не айтып жатқанынан хабардар бола бастайсың. Бұл автордың айтқанына малданып өлең түсінгеннен әлдеқайда дұрыс нәрсе. Мен үшін айтқанда, өзін қымтап ұстаған, түсіндіргісі келмейтін өлеңдер анау айтар ойы мен жетбек мақсатын ашық жариялаған өлеңдерге қарағанда әлде қайда мән-мағыналы да тартымды сезіледі...

Сондықтан, жинақтағы өлеңдердегі «мен», «сен» деген сөздердің мағынасының анық еместігіне қарамастан оқырман автордан «бұлар махаббат өлеңі ме?» немесе «өзіңнің рухыңмен тілдесу ме?» деп сұрай алмайды. Себебі, ақын ол сұрақарға жауап бере алмайды. Меніңше, бұл сұрақтарға оқырман салыстырмалы әдебиеттің түсініктемесі бойынша назар аударса ғана өлеңді форма жағынан толық игеріп кете алады деп ойлаймын. Дегенмен, бұл мынадай шарт орындалғанда ғана ісжүзіне асады: дұрыс тәсіл қолдана алғанда және салыстыруға тұратын деталды таба алғанда ғана сәтті болмақ. Табысты нәтижеге жету үшін оқырман салыстырмалы әдебиеттің түсініктемесімен толық хабардар болуы және оны қалауынша пайдалана алуы тиіс. П.Целанға деген шексіз құрметіме орай мен қазір оның өлеңдеріндегі «мен» және «сен» деген сөздердің мәніне үңілсем деймін. Бір айта кететін жағдай, мен қолда бар теориялардың бірде-біріне иек сүйегім келмейді. Олар ештеңе бере  алмайды. Сондықтан өлеңнің өзі берген алғашқы елес бәрінен маңызды.

Лирикалық өлеңнің оқырмандары белгілі деңгейде өлеңде кездесетін «мен» дегеннің кім екенін түсінеді. Олар бұл арада көбінде ақынға өкілдік ететін кейіпкер емес ақынның өзі сөйлеп тұр деп біледі. Онымен тынбайда, ондай оқырман «мені» тұрақтандырып та тастайды. Алайда, лирикалық «менді» толықтай автор деп түсінуге болмайды. Бұл арадағы «мен» мен оқырмандардың көкейінде орнығып қалған менің арасында алшақтық бар. Кейде, тіпті, ақын сөз әлемінде тербеліп, жалпы ортадан бөлектеніп кеткен шағында, ол өзін даралауын қояды, мұндайда ақынның «менінде» оқырман да қамтылып жатады. Ақын өлеңде ненің не екенін парықтайтын сезімталдығымен ғана өзі мен көпті нәзік айыра біледі. Бұл түйін П.Целанға тіптен сәйкеседі. П.Целанның поэзиясында «мен» мен «сен» толықтай қабысып, көлеңкедей қабаттасып үздіксіз өзгеріп құбылу барысында анықталады. Бұл арада ортаға шығатын «мен» ақынды ғана емес, «оларды», жиып келгенде біздің бәрімізді қамтып жатады...   


Сен өзіңе сенші,

Өзіңе сенетіндей қарсы алшы, мені, қарменен

Әр рет палма ағашымен қолтықтасып,

Жазды ендей өткенде,

Ең балауса жапырақтары оның шыңғыра дауыс шығарады

....

Бұл өлең жинақтың тұп-тура беташары сияқты туынды. Ол қиын тақырыпты бірден бүркеусіз ашық тәсілмен ашады. Өлеңді қарама-қарсы екі күш шендесумен ұстап тұр. Қар бар дүниені ұқсастыққа бөлеп, мұздай құрсап тұр. Алайда, бұл арада қар қабыл алынған дүние ретінде қарастырылған, оның үстіне ол қарсы ала шығушының сыйы ретінде бағаланады. Оның себебі, баяндаушының тасасында тұрған  жаз бүршік жарып, жапырақ жайып, гүл ашуға шексіз қуат сыйлай алмайды. Мұдан аңғаратынымыз баяндаушының татасында шынымен жаз тұрған жоқ, айталық, өлеңде «сен» деген сөзді  «қыс» деп түсінбейтініміз сияқты немесе мұндағы «сен» шынымен де қармен қарсы алмайтының сияқты. Сондықтан, мұнда үлкен мән жатыр, салыстыру, тіршілікке қуат сыйлай алмайтын қысқа мейірім беріп көрнектілендіру орын алған. Өлеңде үздіксіз гүл ашатын палма ағашы мен баяндаушы қолтықтасып жазды кесіп өтеді. Мұнда палма ағашы өміршеңдік қуаттың символы болып тұр. Оның үздіксіз қаулап өсуі, қауашақ жарып қуаттануы өміршеңдіктің, өмірдің айнасы сияқты. Басқа өсімдікке ұқсамайтыны палма ағашы жаздың әр мезгілінде үздіксіз бүршік жарып қаулап өсе беретін қасиетке ие. Меніңше, біз бұл арада әдебиеттің дәстүріндегі танымдық дүниелерді пайдаланбасқа та болады. Біз П.Целанның өте білімді болғанын, оның әсіресе өсімдік әлемінің сырына өте қанық екенін білеміз. Хайдгер кезінде маған П.Целанмен кездескенде оның өсімдік әлемінен білері өзінен әлде қайда терең екенін айтқаны бар. Кімде-кім бұл өлеңдермен алғаш жүздескенде қабылдайтын түсінікпен ұшырасқаны абызал. Бұл қадам ақынның тіл қоданысын түсінуге жол ашады. Себебі, ақын басқалар сияқты сөзді материяның тұрақты анық атауы негізінде қолданып қана қалмайды, сөздің туынды мағынасын және сөз қолдану барысында дыбыстаудан туындаған мағыналарға негізделіп қолдана береді...

Содан да біреулер ақын «ауыз» (немісше палма ағашы сөзінің бастапқы төрт әрпі «ауыз» деген мағананы да білдіреді)  деген сөзді қолдану арқылы ауыздан шыққан мезі қыларлық айғай-шуға өз қарсылығын білдіріп отыр ма? –деп сұрауы да мүмкін. Бұл жерде біз әубаста айтқанымыздай, алғашқы түйсігімізге ерік береміз. Бұл арадағы «палма ағашы» жай өсімдік, сөздің ауанына қарағанда бұл жерде өлең ауызды да, палма ағашын да айтып тұрған жоқ, қайта палма ағашының жаз бойы қаулап өсе беретін өміршеңдігін сөзге тиек еткенін аңғарамыз. Оқырман осы түйінге мықтап бекігенде ғана алға жылжый алады. Сондай-ақ, осы барыста өлеңнің  біртіндеп үнсіздікке қарай беталғанын, қиын тақырыпқа ойысқанын аңғарасың. Мұнда палма ағашы туралы айтқанда ағаштың өзі емес, жапырағы көзге ұсталған. «Ауыз» деген сөздің екі ұшты мағынасы сөз төркінімен ұштаспайды, ал жапырақтың «шыңғыра дауыс шығаруы» мазмұнда әрекеттің болмысымен сәйкеседі. Бұл өлеңнің соңғы тармағында анық көзге түседі. Сондықтан өлеңнің мазмұнын ағаш емес, жапырақтар түлетіп тұр. Кей оқырман осындағы дауыстан да «ауызды» көреді. Өлеңнің тәбиғаты тұрғысынан алғанда  бұл арада «ауыздан шыққан айғай-шу өлеңге ештеңе бермейді» дегенге де апаруы мүмкін. Алайда, ол мына түйінді өзгерте алмайды: мұнда сөз ретінде «ауыз» жеке-дара мағынасымен емес, палма ағашына қатысты әуелгі болмысымен өмір сүріп тұр. 

Ендеше, өлең нені айтқысы келеді? Тұтас мәтін жинақтала, сұрыптала келе нені меңзейді?  Біз мәтіндегі «қолтықтасып» деген сөзге назар аудармай тұра алмаймыз. Палма ағашымен иықтасып бірге жүруді әлбәтта бірге серуен құру деп түсінуге келмейді, қайта оны үнсіз толғаныста үздіксіз өсуі, деп түсіне аламыз. Одан тыс, мәтіндегі «әр рет» деген сөзге назар аудармай болмайды. Бұл жерде қайталауды білдіру арқылы тіршілік иесінің мәңгі тынбайтын өміршеңдігі меңзеледі. Ол жерде қашанда жаңа өскін, жаңа тіршілік, бейне өмірге жаңа келген сәби сияқты жыласа да өміршеңдік танытатын талап-тілек, ештеңеге көнбейтін талпыныс меңзеледі.

Тағы да алға жүрейік, өлеңде кездесетін «сен» кімді меңзейді? Рас, қаулаған күш-құдыретімен жалын атқан жазды ендей өткен жан үшін ендігі ең керегі, әлбатта, басқаша «күтіп алу» екені анық...

Өмірге құштарлықтан туындаған жаңа талпыныстардың (шыңғыра дауыс шығарудың) бәрі «менімен» байланысты екен, ендеше оның қармен де қатысы бар деген сөз.  Бұл арада ұқсастық ұғымы өзін көрнектілендіріп тұрған жоқ. Бұл жерде «қарсы алу» дегеннің «күтіп алу», «қастерлеу» дегенге жақындығында жатыр. Нәпсі мен төзімнің, жаз бен қыстың, өмір мен өлімнің, шыңғыру мен тыныштықтың, сөз бен үнсіздіктің  арасында не тұрғанын кім дәп басып айта алады?  Өлеңнің бұл жолдары келер күнде не бет келсе де, әйтеуір оған мен дайынмын, деп тұрғандай. Сондықтан да, мен бұл өлеңдерді оқуды өлімге бет келуді оқып тұрғанға ұқсатамын, соңғы сәтте, арпалыспен өткен жанның ақырғы жан тынысын көрген сияқтанамын. Өлім тақырыбы П.Цеанның соңғы шығармаларында жиі кезігеді. Жоғарыдағы өлең де сол қатарда. Біз бұл шығарманың жалпы «Кристалды тыныстау» жинағының беташары екенін ұмытпайық. Бұл жинақ тыныстау мен тілдің өз ара қатынасы барын көрсетеді. 

Ендеше, мен тағы да: бұл арада «қар» нені меңзейді? – деп сұрақ қойғым келеді. Ол әлдебір өлең туралы түсінікті әйгілей ме? Әлде өлең жолындағы сөздердің бірі ғана ма? Бұл сөз өз орнына қарай біраз дүниені құшағына алып тұрған қысқа ұқсаған тыныштықты әйгілейді. Ол әлде біздер үшін сапарға шыққан сөздердің шын мәнінен үнсіздікке қарай беталғанын көретін сәт пе? Бұл сұраққа анық жауап табу қиын шаруа. «Мені» мен «сені» айыру, өлең дегі «мен» мен өлең жолында кездесетін «мені» айыра алу ештеңені шешпейді. Бұл өлең ақынға, сондай-ақ бәрімізге былай дегісі бар сияқты: тыныштық дегенің қарсы алу! Ол тыныс алған шағымыздағы аралықтағы тыныштық, қайталанған тыныс алудың тасасындағы тыныштық. Бұл «ауаны алмастыру», кез-келген дүниеден мағынасы терең, бір тыныстаудан екінші тыныстауға дейінгі аралықта өмір сүретін үнсіздіктің болмысын сезінуді меңзейді. Мен П.Целанның тыныс алу барысындағы қозғалыс пен тыныштыққа, сол ілездік сәттегі болмысқа үлкен мән бергенін қадап айтқым келеді. Оның кезінде «өлең: тыныс алып, ауа алмастыру» дегені бар. Біз бұл жинақтағы тыныш жағдайдағы тыныс алуға саятын ерекшеліктің басымдық алатынын ескермей тұра алмаймыз. Бұл өлең жалпы шығарманың әубастағы әуенін белгілейтін, музыкада жалпы туындының ырғағының басы сияқтанған дүние. Шындығына келгенде жинақтағы өлеңдер тыныс алғанымыз сияқты шынайы, жәйбірақат, сөзсіз жалғасын табуды қажетсінетін, үздіксіз жүретін барысты елестетеді. Олар өмірдің өзіндегідей қыстығады, соған қарамастан қайталана беретін өміршеңдігін әйгілейді. Нақтырақ айтқанда артық сенімді емес, өлең тілімен өмір сүрудің  биік жетістігін көрсетеді. Жұрт олардан ақын сезінген қар басқан даланың терең тыныштығын сезіне алады. Кейде крсталдай таза, нәзік, шуақ шашқан тұнықтық болады. Ол деңгейге сөз ғана жете алады...   

      

Солтүстіктің болашаққа жөңкілген өзеніне 

Мен ау жайдым, ол сен едің

Алабұрытқан және де батпандай ауыр еді

Тас жазған 

Көлеңке


Оқырман бұл өлеңді сөзсіз сөзбе сөз ыждағатпен оқуы және сол тәсілде құлақ қоя білуі керек. П.Целанның өлеңдері көбіне шағын тармақты әрі жинақы келеді. Көсіле шапқан өлеңдерде, айталық Лирктың  поэмасы сияқты алғашқы шығармаларында да тәсілге тән  мұндай тармақтар жиі ұшырасады, содан да бұларды П.Целанның өлеңі екенін әйгілеп тұратын қолтаңбасы деуге де болады. Осы ерекшелікке сай жоғарыдағы өлеңнің соңғы тармағы жалғыз – «көлеңке» деген сөзбен аяқтаған. Бұл сөз өзі меңзеп тұрғандай әлдебір ауыр жағдайдың келерін символдайды. Анықтап айтқанда, ол бір қортынды. Өлең өзіне тән тәсілмен осы сөзді қуып келіп түйін ретінде көмескіден көрнеуге шығарған. Тағы бір айта кетерлік жағдай, сөйлемдегі образдың соңынан түссек «shadowsfall» сөзі жайшылықта көлеңке түсуді меңзейді. Қай жерде көлеңке, қараңғылық болады екен, соған сәйкес ол жерде жарық пен шуақ та болады, деген сөз. Осыдан соң өлең түсінікті бола бастайды. Біз бұл өлеңнен тұнық мұз құрсаған судың бетін көз алдымызға елестете аламыз. Күннің шуағы мұздан өтіп судың терең шүңгетіне қарай баяу бойлап барады. Ал оған балық ауы мен тас қосылып бірге шөксе ші?  Өлең бұл деңгейінде өзіне тән тартымдылық пен дәлдікке ие: балықшы айдынға ауш шашады, оған әлде біреу көмектесіп ауын жайысады. Бұл жердегі «мен» кім? Сондай-ақ «сен» деп кімді айтады? Бұл жердегі «мен» ау жайған балықшыны меңзейді. Ау жаю қашанда таза үміткерлікке саятын барыс. Кім ау жайса да, ол келесіде өз жұмысының нәтижесін, ауына бірдеңе ілігіп, табысқа ие болуды үміт етеді. Өлеңде бұл барыстың қашан аяқталатынын анық айтпаған.

...

Аударған – Ардақ Нұрғазы


Ақын туралы сілтеме: https://www.youtube.com/watch?v=Xzy5-tQeC1A

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты