Т.С.Элиот: Ақын У.Йейтс

d4c1360ae757bc958595f8d21063f2c3.jpg (914×1034)

XX ғасырдағы Батыс поэзиясы тарихындағы үлкен оқиғаның бірі — модернизмнің келуі десек, ағылшын тіліндегі өлеңді модернистік биік деңгейге көтерген екі ақын бар. Оның бірі — 1923 жылғы Нобель сыйлығының иегері, Ирландия ақыны У.Йейтс (1865ж — 1939ж.), енді бірі — 1948 жылғы Нобель сыйлығының иегері, ағылшын-американ ақыны және сыншысы Т.С.Элиот (1888ж. — 1965ж.). Бір қызығы, батыс поэзиясында модернизмді алдымен француз ақындары әкелді.  Бодлер, Ромб бастап, Маллерме Уалерилер ары жалғап, бір биікке шыққан модернисттік поэзияның бір кездерде одан ары өріс ашуы мүмкін емес сияқты көрінген. Дәл осы кезеңде ағылшын тілінде жазатын жоғарыдағы екі ақын поэзияға құйрық тістесіп қатар келді де, ағылшын-американ жырын француздардан мүлде басқа арнамен жаңа биікке шығарды. Тіпті, осы екі ақынның бірегей еңбегінің арқасында бүгінгі әлемдік әдебиеттің тарихында кемеліне келген нағыз модернистік поэзияның хас туындысы ағылшын тілінде жазылды деп қаралады. Жас тұрғысынан олар екі дәуірдің адамы еді, бірақ, бір кезеңде жасады, бір-бірне ықпал етті, сондай-ақ, өз алдарына сүбелі туынды жасады, француз ақындарының алдын орап, ілгерінді-кейінді Нобель сыйлығын еншіледі. Әдебиетте дәуір бөлгіш жаңалықтар жүріп жатқан кезеңде жасаған, үлкен жүкті қатар көтерген ақындардың бірін-бірі жақсы бағалағаны белгілі.  Төменде біз Т.С.Элиоттың аға буын туралы жазған көлемді мақаласын назарларыңызға ықшамдап ұсынып отырмыз.           

Аударушыдан


Біздің дәуірімізде поэзия жиырма жылда бір рет жаңарады. Мен ақындар жырын жиырма жылдың ішінде жазып болады демекші емеспін. Менің айтайын дегенім, поэзияның аспаны жиырма жылда бір рет өзгереді екен. Бір сөзбен айтқанда, жетпіске келген ақын өзінің соңынан келе жатқан елу жастағы ақынның өзінен басқаша жазатынына, ал одан ары отыз жастағы ақынның тіпті басқаша сілтейтініне қиналмай-ақ көз жеткізе алады. Міне, бұл бүгін біз бастан кешіп жатқан жағдай. Жаратушы жар болып, енді жиырма жыл ғұмыр кешсем, мен бүгінгіден мүлде басқа ақындардың өмірге келгенін көретін боламын деп ойлаймын. Дейтұрғанмен, У.Йейтс бұл жосынға көне қоймайтын ақын. АҚШ-та енді өлең жазып жүрген студент шағымда У.Йейтс әлдеқашан даңқы жер жарған ақын ретінде белгілі болатын. Оның сол тұстағы өлеңдегі қолтаңбасы жұртқа белгілі. Ол өлеңдер мені өзіне баурай алған жоқ. Бұған шығармашылығыңа тіке әсер етпесе, онша мойын бұра бермейтін жастық, тереңін түсінбеген, көп дүниені көрмеген тәжірибесіздігім себеп болды деп ойлаймын. Ол кез жан-жағыңа жалтақтап, қолайлы ұстаз іздеген, көкірегіңде тығылып, қыстығып тұрған  дүниенің тетігін ағытатын поэзияның тілін аңсаған кез болатын. Жаңа дүниеге қомағайлана қарайсың, бірақ бәрін бірдей сараптап кете алмайсың. Бастысы, өзіңнің қолайыңа жаққан дүниеге ғана басымдық бересің. Жас кезімде мен де солай едім. Ол кезде ағылшын әдебиетінде мен іздеген дүние болған жоқ, мен оны кейін француз поэзиясынан таптым. Содан да У.Йейтстің соңғы өлеңдеріне қарағанда, мен алғашқы өлеңдеріне онша құрметпен қарай қойған жоқпын. Сол тұс — 1919 жылдың алды-артын айтамын, менің шығармашылықта алғаш нық басқан кезеңіме тура келеді. Мен сонда У.Йейтсті аға буын ақын санағаным жоқ, қайта, соңғы өлеңдері арқылы қатарласым, үндесім деп білдім. 

Меніңше, ағылшын-американның бізден, жас буын ақындары үшін, У.Йейтстің ықпалының артықтығы жоқ деп ойлаймын. Оның поэзиясында өзіне ғана тән ерекшелік бар, ешкімді еліктеуші етіп шығармайды,  поэзия туралы түсінігі тұрғысынан да жастарды қарабайыр менмендікке ұрындырмайды.  Қайта, көзі тірі ұлы ақынмен жақыннан тілдесе алу, көп тәлім-тәрбие беретіні анық. Жастар оның өлең стиліне көзсіз беріледі деп ойлаймын. У.Йейтстің түсінігі мен бүгінгі жастардың ойы бір жерден шыға қоймайды. Жастардың жазған дүниелерінен азды-көпті оның әсерін байқауға болады, дегенмен, У.Йейтс ақын ретінде, соңғы өлеңдерімен жастардың жадында қалатынында дау жоқ. Менің бұл ойым кейбір жастардың ақын туралы ағынан жарылған марапат сөзіне қайшы келгендей көрінуі де мүмкін. Менің айтайын дегенім, У.Йейтс ұлы ақын болмағанда, осындай сан-саққа кеткен ой тумас еді. Оның ақындық салауаты мен өнер көкжиегіне тынбай ұмтылған ерік-жігері жұртты өзіне баурады. Осы қасиеті оны өзгеше құрметке ие етті. Оны тәкаппар жан дейтіндер де бар. Бірақ, ол әр кезек Лондонға келген сайын қасына бір шоғыр жастарды жиып алатыны бар. Өз басым У.Йейтстің менменсіп, төбеден қараған тәкаппарлығын көрген емеспін. Ол жастармен тілдескенде қашанда тұрғыласымен сөйлесіп тұрғандай, тіпті, әлдебір тылсым дүниеге бірге бойлағандай ерекше берілетіні бар. Мен мұны оның поэзияға бөлекше құрметі барынан және өзінің ақындық бейнесіне де қылау түспеуін ойлайтынынан деп түсінемін.  Онымен тілдесіп тұрғанда сен қас өнердің өнер иесінен әлдеқайда ұлық екенін аңғарып тұрасың.  Жастардың оның қасынан үйіріліп шықпайтынының сыры да осында болса керек. 

Мен оның даңқы жер жарған ақындардың санатына кірсе де, өзгелер сияқты жұрттан алшақтап, тыс қалмауының бір сыры осы қарапайымдылығында деп қараймын. Оның ендігі бір өзгеше қасиеті, әлгінде тілге тиек еткендей үздіксіз өріс ашып, өнер көкжиегіне қарай тынбай самғай алуында жатыр. Бұл қазір жұрттың бәрінің аузында жүрген тақырып. Бірақ, ондағы ішкі сыр мен сипатты ашып бергендер жоқтың қасы. Меніңше, У.Йейтстің бар шындығы — оның қолға алған ісіне барынша берілетіні мен еңбекқорлығында болса керек. Қалғаны оның өнер адамына тән табиғаты, айталық, өзіне қандай талап қоя білетініне байланысты, кезіндегі Диккеніс сияқты орта жасқа ауысқан кезеңде жастық шақта шабытпен жазған дүниелерінен бірде кем емес, айталық, «Тылсым жамбыл» тақылетті туындылар бере алуына барып саяды. Уақыттың тізгінімен жағаласқан шығармашылық туралы көп дүние айтуға болады. Менің танымымда орта жасқа аяқ басқанда өнер адамының алдынан үш жол шығады. Біріншісі, жастық шақтағыдай тәсілмен жаза алмағаннан кейін жазуды доғару керек, екіншісі, бұрынғы жазған дүниелеріңді қайталап жаза бер, ал үшіншісі, өзіңе жаңа жұмыс тәсілін қарастыр, орта жастағы шығармашылыққа бейімдел.  Неге жұрт қазір Ж.Боренин мен А.Свенборгтің соңғы жазған поэмаларын оқығысы келмейді? Себебі, ол шығармаларды оқысаң, бірден ақынның жас кезіндегі шығармаларын қайталағысы келгенін аңғара қоясың.  Оқырман таныс автордың жаңа шығармасын оқығанда алдымен бұрынғыдан басқаша бірдеңені іздейді. Адам баласы жасының ұлғаюымен ақыл-парасаты толыса түсуі мүмкін, бірақ, сезім тұрғысынан сол баяғы қалпынан онша өзгере қоймайды, қайта, әлсіреуі бек мүмкін. Ал ақынның жасы ұлғайса, оның ақыл-парасаты кемелденумен қатар, соған сай сезімінің иірімі тереңдеп, жастық шағындағыдан да керемет дүниелер беруі мүмкін.  

Шығармашылықта сәтті қадам деп бағаланатын бір жол бар. Ол — У.Шекспир салып кеткен соқпақ. У.Шекспир аз кездесетін талантты ақындардың санатына жатады. Оқырман тұрғысынан білерім оның толысқан шағында жазған дүниелері жастық шағында жазған шығармаларынан еш қалыспайды. Бірақ, У.Йейтс У.Шекспирден басқаша. Осы ұқсамастықтың өзі оны тіптен бөлекше көрсетеді.  У.Шекспирдің толысқан шағында жазған дүниелерінен жастық шақтағы қолтаңбасын байқау қиын емес. Оның шығармашылығында баяу болса да өсу мен өзгерістің ізі сайрап жатады. Жақсы оқырман болсаң, мәлім бір шығармасын алып, «мынау тұс әлгі бір шығармамен жымдасып жатыр екен, сол тұстан жаңа кеңістік ашыпты-ау» деп айта алатыныңа дау жоқ. Өнер адамы жастық шағында керемет дүниелер жазып, орта жасқа келгенде сол биігінен түспесе, немесе, жаңа биіктерге құлаш ұрса, қалай таңданбауға болады? Бірақ, У.Шекспирмен салыстырғанда У.Йейтстің жағдайы басқашарақ. Маған оның жастық шағында жазған дүниелері мен соңғы жазған дүниелері бір адамның қолынан шыққан дүние емес сияқты сезіледі. Оның алғашқы шығармаларында біздің әдебиет тархымыздағы ең таңдаулы өлеңдердің қатарына ұялмай қосуға болатын жақсы дүниелер жетерлік, бірақ, соңғы шығармаларымен салыстырғанда, олардың қай-қайсысында да өзіндік шектемелік бар. Оларды мықтағанда «жинаққа лайықты өлеңдер» деуге ғана болады. 

Мен бұл арада «жинаққа лайық» деген терминді әдеілеп алып отырмын. Жинаққа таңдап алған өлеңдердің көбінде бір ортақтық болады, сол ортақтық оқырман ретінде саған әсер етеді, баурайды, сен ақыннан саған сыйлаған сол әсерден басқа көп дүние талап ете қоймайсың. Кәнігі тәжірибесі бар оқырман ғана осындай үнес шығармаларды оқып отырып, автордың бір аумақты ғана шиырлағанын, мұнда жеткізген дүниені екінші бір жерде де дәл осындай қысқа өлеңдер арқылы тағы бір қырынан айтуы мүмкін екенін аңғара алады. У.Йейтстің алғашқы туындылары дәл осындай бір түйінге, бір аумаққа әр тұстан бағыт алған өлеңдер. Мен ол өлеңдерді оқығанда оқта-текте кездесетін жолдардан ғана өзгеше лепті, өзінше қолтаңбасы бар ақынға тән даралықты кезіктіріп қалғандай боламын. Жалпы, У.Йейтс өзін тереңнен қазбалап ашып көрсете бермейтін ақын. Оның алғашқы өлеңдерінде сезім буырқанысы күшті сияқты сезіледі, бірақ, шын мәнінде ақынның тасадағы жандүниесін шынайы тереңнен ашқан оның соңғы жазған туындылары деуге болады.  

Ертеректе жазған бір мақаламда мен өнердің табиғатындағы объектив туралы айтқан едім. Қазіргі сөзім сонда айтқан «ақын өлеңге субъектив болмысын тықпаламауы керек» деген ойыма қайшы келіп тұрғандай. Өткенде айтқан сөзімді қайталамай-ақ қояйын. Меніңше, өнерде екі түрлі объективке орын бар. Біреуі, өлең жазуға төселген ақындарда болады. Енді біреуі, үздіксіз толысып отырған ақынның бойында көрініс береді. Алдыңғы ақындардың жазғаны, негізінен, әлгінде айтқан «жинаққа лайық» өлеңдердің табиғатындағы объективке шоғырланған. Соңғы түрдегі ақындар өзінің субъектив болмысын өнердің құдіретімен даралап, жалпылық сипатқа ие, терең мәні бар символдық деңгейге көтеріп, объективтендіріп жібереді. Таңқалатының,  У.Йейтс жұртты мойындатқан сөз зергері болумен қатар, соңғыларға тән ерекшелігімен де өзінің ұлы ақын екенін дәлелдеді.  Біз мұнда екі ақынды көріп тұрғанымыз жоқ, қайта, жастық шақтың буырқанған шабытын сұлу поэзияға айналдырған ақынның орта жастан кейін қайта түлеп, мүлде басқа арнада поэзияның жаңа бір биігін бағындырғанын көреміз. Енді бір тұрғыдан айтқанда жастық шағындағы сезім буырқанысының шыңдауынан өтпегенде, ақын соңғы жетістігіне жете алуы неғайбыл ма еді деген ой да келеді. Жоғарыдағыдай өзгеше қасиеті болғандықтан да біздің алдымызда қайталанбайтын ұлы ақын қасқая көрініс беріп тұр. 

У.Йейтстің жинақтардың бәріне кірген «Сен қартайған шақта»,  немесе «Өлім туралы түс»  өлеңін алайық. Бұлар төгіліп тұрған әдемі өлеңдер. Өлең жазуға төселген ақынның шабытты жыры. Бірақ, оларда жалпылыққа айналған ақиқатқа апаратын дара ерекшелік жетіспейді. 1904 жылы жазған «Адам атаның қарғысы» сияқты біраз өлеңдерінен жұрт ақынның өзгере бастағанын байқайды. Ақын кезіккен кедергілерден өте отырып, өлеңге өзіне тән мінезін сіңірумен қатар адамзаттың атынан да сөйлей бастайды. Бұл түйін 1910 жылы жарық көрген «Бейбітшілік» өлеңінде анық көрініс береді. Дегенмен, 1914 жылы ақынның хат үлгісінде жазылған өлең жинағы — «Жауапкершілік» жарық көрді. Сол жинақта ақын керемет екі жол сөйлеммен өзі туралы былай дейді:

Кешір оны, тайғақтаған махаббатқа маңдайы тесілгенше бас ұрғанын

Бүгін мен қырық тоғызға келіппін...                       

Ақын өзінің нақты жасы туралы айтады, өлеңнің кереметі де осында. Ақын жарты ғасыр уақыт жұмсап барып, өлең деген сиқырдың құзырында тұрып та осылай ағынан жарыла алатын деңгейге жетіп отыр. Мұны керемет жетістік деп бағалауға болады. 

У.Йейтстің шығармашылықтағы түлеуі туралы мен екі түйінді айта кеткім келеді. Біріншісі, ақынның орта жас пен қарттық шағында бағындырған биігін өнер иесінің керемет болмысы ретінде қабылдап, одан үлгі-өнеге алу жастар үшін пайдалы деп ойлаймын. Бұл моральдық және парасат тұрғысынан құнды мұра деуге тұрарлық қасиет.  Екіншіден, мен алғашқы жырлары туралы көзқарасымды жинақтай келе, У.Йейтс орта жасқа тән ерекшелігімен әдебиет тарихында қалатын ақын деп білемін. Бұл У.Йейтс орта жастағы оқырмандар ғана оқитын шығармашылық адаммы деген сөз емес. Бүкіл әлемде ағылшын тілінде өлең жазатын жас ақындардың бәрі дерлік оның поэзиясына қызығушылық танытатынының өзі сөзімізге дәлел болса керек. Теория тұрғысынан айтқанда, ақын орта жасқа немесе қарттыққа аяқ басқанда шығармашылық қуаты суалады деген түсінік жоқ. Ұқсамаған жаста адам ұқсамаған жағдайда өмір сүретіндіктен, оның дүниені қабылдауы мен оған қайтарған жауабы да ұқсамайды. Бұл адамның дүниеге көзқарасы мен танымы уақыт ағысында жаңарып, кемелденіп отырады дегенді білдіреді. Бірақ, өнер айдынында, әсіресе, поэзия майданында мұндай өзгерістің үдесінен шыққан ақындар өте аз. Бойында өзгеше дарын мен туабітті қасиет бар адамдар ғана өзгерістің талабынан шығып отыратын болса керек. Содан да жұрттың дені жас шамасында өзгеріс болғанына қарамай, жастық шақтағы шығармаларының қалпына тістей қатып жабысып алып, соны қайталай берумен ғана шығармашылық өмірін өткізеді. Енді біреулер болса, өлеңді мән-мағынасыз ұйқастыра беру деп түсініп, қалыппаздыққа салынады. Тіпті, біреулер жасы келіп, жырғатып жаңа дүние жаза алмай қалса да, ақындық деген атты пайдаланып, өзіне қоғамдық абырой мен бедел жинаудың қамында жүреді. У.Йейтс бұл мінездерден таза ақын. У.Йейтсті жастардың жақсы қабылдайтыны, ал олармен салыстырғанда жасы үлкендеу ақындардың онша ұната бермейтінін  байқаймыз. Мұның себебі, У.Йейтс шығармашылығында жастыққа тән жалынымен жастарды өзіне қатты баурайды, тіпті, оның поэзиясы қарттыққа аяқ басқан сайын жасара түсті деуге болады. Жастар оның поэзиясындағы осы ерекшелікке құштар. Жасамыс ақындар болса, У.Йейтстің өлеңдерінен өздерін көре алады, сонымен бірге өздерінде жоқ әлдебір жалын мен жаңалықты көргенде, абыржып, жасып қалады. Содан да олар жастармен салыстырғанда У.Йейтсті онша қабылдай бермейді...  

Біреу туралы мақтау сөз айту үшін, онымен көзқарасың сөзсіз ортақ болуы міндетті емес. Мен мынаны жасырып қалғым келмейді: У.Йейтстің ойы мен түсінігінің кей тұсына мен келісе бермеймін. Шығармашылық туралы менің одан өзгешерек, өз тұжырымым бар. Сенім тұрғысынан бізде қақтығысатын, қайшы келетін, тіпті, мүлде кереғар дүние жетерлік. Бұл түйін маңызды. Мен  У.Йейтсті мүмкіндігінше ақын һәм дараматург ретінде объективті тұрғыдан сараптауға күш салдым. Күндердің бірінде біз У.Йейтстің барлық шығармасын толық қамти отырып, бағасын беруге мүмкіндік туады деп ойлаймын. Жырымен оқырманға өзгеше өмір тәжирибесін және шаттық сыйлайтын ақындар бар. Ондай шығармашылық иесі қашанда қастер тұтуға лайық. Енді бір ақындар бар, олар да оқырманға өзгеше өмір тәжірибесі мен шаттық сыйлайды, сонымен бірге, онда үлкен тарихи мән де жатады. У.Йейтс соңғы топқа жататын ақын. Ондай ақындар көп емес, алайда, олардың шығармасы жасаған дәуірінің рухани бейнесі, тарихтың бір бөлшегі тәрізді. Олар болмағанда, сол кезеңді толық түсіне алдық деп айта алмас едік. Бұл У.Йейтстің ерен биіктен орын алғанын көрсетеді. Менің қадап айтқым келетіні: ол енді тұғырынан түспейді.       

Аударған – Ардақ Нұрғазы

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты