Ардақ Нұрғазы (Ardakh Nurgaz): Қырауда ашылған гүлдің қауашағы

52cbbf7b8e396665aa93996bd266abe6.jpg (2618×1836)


(Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай құрастырылған қытайдағы қазақ ақындарының таңдамалы өлең жинағы «Күңгіріт от» кітабына жазылған алғысөз)


Қолыңыздағы бұл кітапқа ҚХР құрамында өмір сүріп жатқан бірнеше ұрпақ қазақ ақындарының шығармалары топтастырылған. Ежелден біртұтас қазақ 19-ғасырдағы империялардың геосаясатта жер бөлісуі, 20-ғасырда шекараларды тұрақтандыруымен біржақтылы бірнеше бөлікке бөлініп кетті. Бұл танымындағы «Едіге жыры», «Қобыланды», «Алпамыс», «Қыз Жібек» сынды эпостық кезеңнің ақырласып, жаңа бір ыдырау дәуірінің басталған тұсы еді. Қазақтардың біраз бөлігі патшалық Ресей мен кейінгі Кеңес одағының шекара шеңберінде қалса, бұдан тыс бөлегі Моңғолия, Қытай, Ауғанстан, Иран, т.б. елдердің шекара аумағына тиесілі болды. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін де қазақтар соған дейін осы елдің құрамында болған Қазақстаннан тыс Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан сынды елдердің аумағында өмір сүріп жатыр. Екі ғасырдан артық біртұтастығынан айрылған қазақтар ұлттық тілін, дінін, салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын, дүниетанымын негізінен сақтағанымен, мәдениет жағынан қарасты болған елдің ықпалына ұшырай отырып, соған сай өзіндік ерекшеліктер қалыптастырды. Әсіресе, мәдениет тұрғысынан әр елде жасаған қазақтардың өмір сүру дағдысы мен болмысында өзіндік айырмашылықтар орын алды. 

Адамзаттың болмысында кеңістіктің алар орны ерекше. Мемлекеттігінен айрылып біртұтас географиялық кеңістігін жоғалтып, бөлініп кеткенімен қазақ 19-ғасырда жаңа рухани біртұтастықтың табалдырығынан аттады. Оны іс жүзіне асырған тұлға Абай еді. Ақын, ойшыл Абай Құнанбаев (1845ж. – 1904ж.) шығармашылығымен қазақтың осы заманғы жазба әдебиеті басталумен қатар, осы заманғы мәдениетінің рухани негізі қалыптасты. Абай шығармашылығы дәстүрді жаңа заманға сай сұрыптап, сапалық тұрғыда шыт жаңа дәуір ашты. Абай мұрасы бірнеше мың жылдарға созылған көшпенді далалық мәдениет пен тарихи-діни байланыстарды тұғыр етіп қалыптастырған Орталық Азия өркениетінің және патшалық Ресейдің ықпалымен сіңген Еуропалық көзқарастың уызынан шыққан. Ол дүниені жаңаша атап-түстеп, тыңнан түсіндірді. Бұл түсіндіруде дәстүрлік мифтік ойлаудың салмағы әлсіреп, оның орнына жеке адам мен қоғамның салмағы артты. Бұл қазақ танымында қоғамдық ғылым саласының жіктеліп қалыптасуына берік негіз қалады. Арада ширек ғасыр өткенде Алаш зиялылары Абай салған ізбенен қазақтың осы заманғы руханиятының толық тұғырын жасады. Әлихан Бөкейханов қазақ қоғамында осы заманғы мемлекеттанудың саяси философиялық негізін, Ахмет Байтұрсынов тіл ғылымы мен әдебиеттану ғылымының негізін салды. Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, т. б. педагогика, психология, эстетика, т.б. салаларынан еңбектер жазды. Алаш зиялылары осы үрдіспен қазақ қоғамында ғылымның барлық саласын қамтыған осы заманғы жүйе қалыптастырды.  

Саяси гоеграфиялық өзгерістердің салдарынан өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастап Қытайдағы қазақтар, айталық үш өзен - Ертіс, Еміл және Іленің басында отырған, бүгінде Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтары аталатын, одан ары Еренқабырға таулары мен Гималай тауларына дейін созылған кең аумақта қоныстанған қазақтар өз алдарына Қытайдың қоғамдық саяси ықпалының иіріміне кірді. 

Дәл осы тұста, Қытайдағы қазақ жазба поэзиясына ақын Таңжарық Жолдыұлы (1904ж. – 1948ж.) келді. Жас кезінде шекара асып Кеңес еліне, Жетісу өлкесіне келіп бірнеше жыл тұрақтаған ақын жұртына қайтып барған соң шабытты шығармашылықпен айналысқан. Т.Жолдыұлы қаламынан «Нәзигүл», «Анар – Сәуле», «Садық пен Сәлиқа» қатарлы дастан, поэмалар мен жүздеген өлең туды. Біз қолыңыздағы кітапқа ақынның «Бөрі мен бөрібасар» дастанын беріп отырмыз. Оның да өзіндік себебі бар. Алдыңғы аталған шығармалар көлемді болғанымен негізінен мемлекеттілігінен айрылып, біртұтастығын жоғалтқан, өмір салты мен тіршілігі бөлшектеніп қалған елдің тарихи болмысына құрылған. Айталық, шығармалардағы қоғамдық қайшылық пен адам өмірінің қиын-қыстау кезеңі негізінен шығыстық сарындағы шығармаларды елестете отырып, ауыл үйдің айналасындағы билеушілер, дін қайраткерлерімен қатынаста шешіледі де, шекті кеңестіктің аясынан шығып кетпейді. Әдеби образ деңгейіне көтерілген кейіпкерлердің болмысы мен өмірінен біз біртұтас қазақтың ежелгі саяси, мәдениет, экономикалық, т.б. жақтардағы тарихи әулетін көре алмаймыз. Бұған салыстырғанда, шағын болғанымен шымыр әрі мазмұны тұрғысынан ақынның дүниетанымы мен рухани болмысын анықтайтын «Бөрі мен бөрібасар» шығармасының алар орны өзгеше. Аталған шығарма тарихи ізімен емес, рухани болмысының қуатымен өз құнын әйгілейді. Тарихи жағдайлар «Бөрі мен бөрібасарда» аталған анау шығармалармен салыстырғанда әлдеқайда биік әдеби өреге көтерілген. Алдыңғы шығармаларды біз тарихи жағдайдың әдебиеттегі көрінісі деп қабылдасақ, соңғы шығарманы тарихи негізден гөрі таза әдеби мәтін – тарихи саф рухани болмыстың көрінісі деп бағалаймыз. Ақынның дүниетанымы мен заманның ақын пайымындағы көрінісі де осы шығармада толық көзге түседі.  

«Бөрі мен бөрібасар» ауыз әдебиетінің мысал жанрын үлгі етіп жазылған туынды. Шығарманың сюжеті иесіне адал болған бөрібасар атты иттің қораға шапқан қасқырмен арадағы диалогын негіз етеді. Бөрібасар иесіне адалдық танытып оның малын қасқырдан қорғайды. Бұған қасқыр «сен біреудің малын баққан есігіндегі құлсың, еш құның жоқ, одан да бостандығыңды тапсаңшы» деп кемсітеді. Соған қарамастан, бөрібасар иесіне адалдығында тұрып арлан қасқырды өлтіріп, иесінің балын аман алып қалады. Алайда, мал иесі бөрібасардың бұл еңбегін бағалай қоймайды. «Қасқырдың терісін жыртып тастапсың!» деп бөрібасарды басқа ұрады. Таяқ жеген бөрібасар байдан кетіп екінші бір кедейді паналайды. Соның малын қориды. Ақын бөрібасардың ақырғы тұрағын оның бақытты жағдайымен аяқтайды. Шығарма жазылған өткен ғасырдың отызыншы жылдарын тарихи артқы көрініс етіп алсақ, сол кезеңнің рухани болмысын көрсеткен шығарма бізге бірталай дүниенің бетін ашады. Біз одан империялық саясаттың салдарынан мемлекеттігі жойылып, тағдыры талқан болған, үркін-қорқын, аштық, саяси қудалау көрген, тағдыры өз қолында емес, күштілердің ыңғайына жығылған, солардың есігін паналап қалған халықтың рухани тұрғыда азып-тозған болмысын көреміз. Т.Жолдыұлы Іле өзенінің басы басталған Күнесте туып, жоғарыдағыдай үркін-қорқынды бастан өткерген халықтың ортасынан шыққанын, өзі де сол тағдырмен өткенін ескерсек, шығарманың мән-мағынасы тіпті де айқындала түседі. Шығарма ауыз әдебиетінің дәстүрлі үлгісі қара өлеңмен жазылған. Қазақтың жазба әдебиетінде қара өлең Абай өлеңдерімен ірге қалап, кейін өз алдына дәстүрге айналған. Бұл дәстүр шарықтау шегіне жеткенде қара өлеңнің ауыз әдебиетінің табиғатына тән, соның болмысынан шыққан ерекшелігін ұмытып, оны толықтай жазба әдебиетке меншіктеу етек алғаны бар. Бірақ, бұл - арада жарты ғасыр өткен соң орын алған жағдай.  

Т.Жолдыұлы кезінде осы заманғы жазба әдебиетінде қалыптасып жатқандықтан, ақын өзінен бұрын өткен таутұлға Абайды қара тартатыны, одан тәлім алмай қалмайтыны белгілі жағдай. Біз мұны Т.Жолдыұлының қаламынан туған дүниелердің танымдық ерекшелігі жағынан «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қобыланды», «Қабанбай, «Бөгенбай», «Кенесары – Наурызбай» сынды дәстүрлі жыр-дастандардың үлгісінен алшақтап, басқаша қалыптасуынан байқаймыз. Бұған салыстырғанда, Т.Жолдыұлымен тұстас өткен Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» дастаны әлдеқайда жоғарыда атап өткен дәстүрдің жалғасы деуге жарайды. Т.Жолдыұлына Абай әдеби стиль жағынан ғана емес, дүниетаным тұрғысынан да ықпал еткен. Ақынның қысқа өлеңдерінде бұл тіптен анық байқалады. «Бөрі мен бөрібасар» да ақын тілінің байлығы мен образдылығы, икемділігі Т.Жолдыұлының асқан шабыт иесі екенін әйгілеп тұрады. Аталған шығарма қытайдағы қазақ поэзиясының қалыптасып дамуына, жанр табиғатын тануға, образ жасауда, тіл қолдануда, жалпы жазба поэзияның қыры мен сырын меңгеруде кейінгі буын ақындарға өлшеусіз ықпал еткенін байқаймыз.    

Т.Жолдыұлының шығармашылығын Абай қалыптастырған дәстүрдің заңды жалғасы деуге болады. Шығармаларында шығыс әдебиетіне тән үлгілерді пайдалануы жағынан «Мәсғұт», «Ескендір» поэмалары мен «Нәзигүл» дастаны бір ізді десек қателесе қоймаймыз. Олардың арасындағы өзгешелік негізінен шығарманың масштабы тұрғысында көрінеді. Абай шығармаларының маштабы үлкен де, Т.Жолдыұлы дастандарының сөз еткен оқиғасы шекті аумақты қамтиды, тартыста сол шекте жүреді. Екі автордың жарты ғасырдан артық уақыт парқында жасағаны шығармаларында көрініс тапқан. Айталық, «Анар –Сәуле» дастанында ғашықтардың бастарынан өткерген қиындықтары Абай заманында жазылған ғашықтық дастандардың жаңа кезеңдегі үлгілері сияқты сезілгенімен, өзіне тән қолтаңбасы айқын. Бұл жағынан, Т.Жолдыұлы алғашқы кеңес ақындары І.Жансүгіров, С.Сейфуллиндермен үндеседі. Біз «Құлагер» поэмасынан да біртұтас қазақтың бөлшектеніп кеткен соң, Арқаның бір пұшпағында өмір сүрген халықтың шынайы басынан өткерген трагедиялық сюжетпен ұшырасамыз. І.Жансүгіров, С.Сейфуллин шығармаларындағы сияқты Т.Жолдыұлы жасаған заманның ақын шығармашылығына жаңа дүниелер қосқаны байқалады. Бастысы қоғамдық әлеуметтік өзгеріс, шыт жаңа саяси экономикалық байланыстардың орын алуы, жаңа қоғамдық қатынастардың пайда болуы ақынның шығармашылық әлемінде тың кеңістік ашып, соған дейінгі (айталық Абайдан кейінгі ақындарды айтсақ) авторлардың шығармаларында қамтылмаған жаңа мазмұндарды қосқан. Бұл шығармашылықтағы реализмнің пайда болуымен ерекшеленеді. Енді бір сөзбен айтқанда, әдебиетте саяси идеологияның анық басымдық алуы еді. 

20-ғасырдың 30-жылдары әлемдік әдебиетке саясатты барынша сіңіргені белгілі. Оған 1918-жылы Ресейде төбе көрсеткен Қазан төңкерісі әлемдік дамудың арнасын шыт жаңа бағытқа бұруы себеп болды. Қазан төңкерісі және Кеңес одағының майданға келуімен сол кезеңде коммунистік идеология мен марксистік бағыттағы әдебиеттің бір мезгіл дәурендегені бар. Поэзияда ол негізінен реализм мен саясаттың біртұлғалануы болып танылды. Әлемдік поэзияның айдынында У.Оден, П.Неруда сынды ақындар осы бағытта жыр жазғандары белгілі. Компартияға жантарту, еңбекшілерді жазу арқылы таптық күресті асыра дәріптеу, бостандықты біржақтылы түсіндіріп батыс дүниесіне қарсы қару етіп ұстау, әдебиетті толық саяси құрал етіп пайдалану осы кезеңде өріс алды. Т.Жолдыұлы шығармашылығы да міне осы кезеңнің туындысы еді.       

Батыс әдебиетін негіз еткен әлемдік әдебиеттің даму тарихында классикалық дәстүрлі әдебиеттен соң әдебиет сахнасына романтизм, символизм, натурализм, реализм, сыншыл реализм сынды әдебиет ағымдарының аралас-құралас келгені белгілі. Бұлардың бәрі сол кезеңдегі қоғамдық әлеуметтік, саяси, экономикалық жағдайлармен тіке байланысып жатты. Бұлардың ішінде реализм мен сыншыл реализмнің көзге түсуі әлемдік саясатта империялардың күшті қақтығысқа барған дәуірімен, соған сай қоғамда түрлі қайшылықтардың асқынуымен тұспа-тұс келеді. Сондықтан да, реализмді тарихи оқиғалардың әдебиетке сіңіуі немесе әдебиеттегі идеялогияның көрініс беруі деуге болады. Бұл үрдіс екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін, Кеңес одағы жарты әлемді бақылауына ұстаған тұста тіптен асқынды. АҚШ бастаған батыс елдері мен Кеңес одағы жетекшілік еткен елдер арасында «қырғиқабақ соғыс» басталған тұста әдебиет саяси идеологиялардың тартыс алаңына айналды. Бұл үрдіс қытайдағы қазақ әдебиетінде де көрініс берді. 

1949-жылы қытайда билікке коммунистер келді. Бес жыл өмір сүрген «Шығыс Түркістан Республикасының» басшыларын Кеңес одағы ұшақ апатымен көздерін жойды да, бассыз қалған Республиканы «заңды» жолмен Қытайға қоса салды. Содан бастап, Шығыс Түркістандағы қытай билігінің бірінші көздегені өздерінің үстемдігін бекемдеу болса, екінші мақсат халықтың санасындағы кешегі «республика» ұғымын өшіру болды. Бұл барыста тарихты қайта жазу, тарихи оқиғаларды жаңаша түсіндіру халықты сонымен тәрбиелеу көзде ұсталды. Мақсатты орындауда әдебиеттің идеологиялығы қажет болды. Бұл жағынан Кеңес одағының құрамында болған Қазақстан әдебиеті мен Қытайдағы қазақ әдебиеті бір арнада жатты деуге болады. Қазақстанда Ленинді көкке көтеріп жырлау қалай өршісе, Қытайда Мау Зыдоңды күн көсем етіп жырлау дәл солай асқақтап тұрды. Өткен ғасырдың 40-50-жылдарында ақын ретінде танылған Асқар Татанай, Құрманәлі Оспан, Рақыметолла Әпше, Серік Қапшықбаев, Мағаз Раздан, Омарғазы Айтан, Әлімжан Қатбаев сынды қаламгерлердің қатарында Мақатан Шәріпқанды да осы буынның үздік өкілі деуге болады. Біз кітапқа ақынның 1972-жылы жарық көрген «Домбыра» поэмасын ұсынып отырмыз.    

«Домбыра» дастаны 1949-жылы Шығыс Түркістан өлкесінің Алтай аймағында болған тарихи оқиғаларға құрылған. Сол жылы Қытай коммунистік партиясы басшылық еткен Халық азаттық армиясы Алтай өлкесіне кіріп, бес жылға жалғасқан Шығыс Түркістан республикасының Оспан тобымен арадағы ішкі соғысына нүкте қойып, Оспанды тірі қолға түсіріп, билікті өз қолдарына алған еді. Ақын осы тарихи оқиғаны жіпке тізгендей етіп жазбаған. Қайта оны биік көркемдік деңгейге көтерген. Сөзді 1969-жылғы Үрімжіде өткен шығармашылық адамдардың кездесуінен бастайды. Жиналыста Алтайдан келген Бақытбек есімді күйші сахнаға шығып домбырадан күй тартады. Залда көрермендер қатарында отырған, кезінде Халық азаттық армиясын Алтайға бастап барған Уаң фамилиялы әскербасы күй тартқан Бақытбекті  «қайдан көрдім?» деп шырамытады. Осыдан кейін, дастан Бақытбектің 20 жыл бұрынғы өмірін жазуға көшеді. Онда Бақытбек Байқажы атты байдың отымен кіріп, суынан шыққан құлы еді. Жас күнінен домбыраға, күй тартуға құмар болса да Байқажы оның домбыраға әуес болуын қаламай, шектеу қояды. Бақытбек деген атын ұмыттырып, «Жарлықұл» деген атпен басына қамшы үйіріп, әңгіртаяқ ойнатады. Бір жолы бай жоқта жасап алған жан домбырасымен сырласып, көңіл күйін ақтарып, қос ішекпен күй толқынын төгіп отырғанда үстінен түскен Байқажы «домбыра сенің не теңің!» деп  домбыраны сындырып, Жарлықұлды басқа ұрады. Осыдан соң теңдік аңсаған Бақытбектің күткені болып, ел шетіне қызыл әскер келеді. Олар тегін келмейді, қарапайым халықты таптық күреске шақыра келеді. «Бай сенің ата жауың, ол барда қашан сен шат күліп едің, біз келдік сол ата жауыңды күресінге лақтыруға, кел біздің қатарымызға қосыл!» деп келеді. Сонымен, Бақытбек қызыл әскерге қосылады да, Байқажы шоминдағды арқа тұтып, Оспанды сағалаған Байқажының көзін жоюға атсалысады. Дастанның соңында қызыл әскердің қоршауына түскен бандылар толық жойылады. Бақытбек те ата жауын өз қолымен өлтіріп жеңіске жетеді. Шығарманың соңы жаңа қоғамда жаңаша өмір сүріп жатқан Бақытбектің «бүгініне»  қайта оралып, коммунисттік партия мен Моу Цзэдунды жырлаумен аяқталады. 

Әдеби және тарихи сипаты бар идеологиялық мәтін тұрғысынан айтқанда, «Домбыра» реалистік бағытта қара өлең ұйқасымен жазылған мінсіз шығарма. Тіл көркемдігі дастанның ішкі құрылымымен біте қайнасып кеткен. Шығарманың ішкі құрылымын бірнеше тарихи уақыт кеңістігі бөліп тұр. Бұл сол кезеңде қазақ поэзиясында үлкен өсу болғанын аңғартады. Ақындар дәстүрлі ауыз әдебиетінің үлгісінен шығып, шығарманың құрылымы тұрғысынан жазба әдебиетке тән тереңдікке ұмтылғаны, көп қырлы уақыт пен кеңістік ұғымын сезініп, сол барыста ой ұстарту мен тіл қолданудың бұрын кездеспеген қисынын таба білген. Бұл өз кезегінде шығарманың шымырлығы мен ширақылығын арттырған. Айталық, «Бөрі мен Бөрібасарда» Т.Жолдыұлы шығарманың жүлгесін, оқиғаның дамуын бір арналы сызық бойынша алып жүреді. Бұл дәстүрлі ойлаудың туындысы. Онымен салыстырғанда, «Домбыра» дастаны көп арналы. Шығарма алдымен бүгінмен басталады, одан жиырма жылдың алдына шегініс жасайды, шегіністің өзі құрылымы жағынан бірнеше бөлекті құрап жатыр, одан барып қайтадан бүгінге ұласып қорытындыланады. Ақын бұларды жымын келтіріп, жігін білдірместей етіп шебер берген. Бас кейіпкерін ортаға шығару үшін екінші кейіпкеріне «сірә бұл жігітті қайдан көрдім?» дегізіп, оқырманды да өзіне бір табан жақындатып алады. Бұл ерекшеліктердің бәрі жазба әдебиеттің, онда да заманына сай күрделенген ақынның шығармашылық ізденісте биік белеске көтерілгенін көрсетеді. Жалпы әдебиеттің дамуының өзі осындай шығарманың ішкі тетіктерінің қарапайымдылықтан күрделілікке өтуімен анықталады. Батыс поэзиясында Т.С.Элиоттың «Шөл дала» поэмасын мысалға алар болсақ, шығарма басталған жерде «Сәуір кереметтей сүркейлі ай....» деген толық бір сөйлем сөзбен басталады. Бұл оқырманға үлкен ой тастайтыны анық. Әрбір оқырман: неге барлық тіршілікке нәр, өміршеңдік күш-қуат сыйлайтын сәуір айын «сүйкімсіз» атайды? - деуі мүмкін. Ақын дәл осы түйінді көрнектілендіріп, оқырманын өзіне жалт қаратып алып ары қарай сөзін жалғайды: «қыс біздің қамқоршымыз, жердің бетін ұмытшақ ақ қар қымтап жатыр...» дейді. Бұл жерде ақын монолог арқылы кейіпкердің кім екенін, оның жан дүниесінің нені қалайтынын, болмысының неден тұратынын айнытпай жеткізеді. Осы арқылы, бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында жандүниесі тоңазып, қатыгез, мейірімсіздікке бой алдырған, бір-біріне деген адами жылу танытудан қалған, тек қана нәпсінің құлына айналған, ақын түсінігі бойынша «шөл далада» жасап жатқан адамдардың жеке және әлеуметтік болмысын жан-жақтылы көрсетуге жол ашады.    

Өткен ғасырдың 60–70-жылдарындағы қоғамдық саяси жағдаймен тығыз астасып жатқан «Домбыра» дастаны идеологиялық әдебиеттің жарқын үлгісіне жатады. Шығарма билік жазған сценарий бойынша тарихи шындықты сұрыптап көрсеткен. Тарихи оқиғалар саясаттың қажеті үшін керектісі алынып, керексізі қысқартылған. Айталық, Алтай халқының 1939ж. – 1949ж. дейінгі ұлт азаттық көтерілістері, 1945 жылдан кейін құрылған Шығыс Түркістан Республикасы туралы ауыз ашпайды. Осы тарихи оқиғалардың бәрін қайырып қойып Қытайдағы қазақтарға «азаттықты» бір күнде Қытай коммунистік партиясы әкелгендей суреттейді. Шығармадағы кейіпкерлердің жандүниесі мен болмысы да саясаттандырылған. Бұл таптық күресті дәріптеу жағында байқалады. Тарихты бір жақтылы – биліктің түсіндірмесіне орайластырып беретін мұндай идеологиялық әдеби мәтін қашанда тарих бәрін шешеді деп қарайды. Жеке адам мен оның болмысы, жандүниесі т.б. ерекшеліктер көбіне ескеріліп жатпайды. Оны негізінен тарихи, қоғамдық оқиғалардың ауанымен түсіндіру орын алады. Тарихтың тегершігін экономикалық қатынастар мен сол қатынастарға сай қалыптасқан қоғамдық түзім, таптық қатынастарды қамтыған саяси күрестер белгілейді, жеке адам соның еркінен шықпайды деген қарадүрсіндік үстемдік алады. Сондықтан да, мұндай шығармалар әдеби мәтінге жатқанымен шынайы мәнінен саясаттық шығармалар түріне жатады. Олардың әдебиет – саф өнер туындысы тұрғысынан шектемелігі де осында. Бұл жағынан «Домбыра» мен «Шөл даланы» салыстыруға келмейді. 

Өткен ғасырдың 80-жылдарында Қытай қоғамы саяси асыра сілтеулерден бас тартып, оның орнына сыртқа есік ашып, экономикалық реформалар жүргізуге көшті. Бұл өз кезегінде қоғамға үлкен бетбұрыстар әкелді. Соның бір мысалы, қытай әдебиет кеңістігінде жаңа өлшемдердің пайда болуы еді. 1979-жылы Би Дау, Маң Кы бастаған жас ақындар еркін ойлы «Today» журналын шығарды. Кейінгі уақыт осы басылымның жарық көруімен қытай поэзиясында түбірлі бет бұрыстың орын алғанын көрсетті. Соған дейінгі қытайда поэзия жанры мың жыл бұрынғы Таң патшалығы тұсындағы ақындар жазған өлеңмен өлшенетін. Қытайдың ел іші ғана емес, Батыстың әдебиет зерттеушілері де дәстүрлі қытай поэзиясын  жоғары бағалайтын еді. Соңғы бір ғасыр бойында қытайдың бірнеше буын ақындары ұлттық поэзияны заман биігінен көрсетуге ат салысса да үлкен жетістікке жете алған жоқ. Оған басты себеп, ел ішінде поэзияны саясаттандыру басымдық алды, одан қалса жанрды дәстүрлік поэзияның түсінігімен өлшеу баса биледі. Ал әлем әдебиетінде Батыс әдебиетінің поэзия туралы модернистік түсінігі тұрды. Қытайдың осы заман поэзиясы екі жақты қыспақтың ортасында өмір сүрді. Оларды бұл тығырықтан шығарған «Today» және сол журналдың төңірегіне топтасқан ақындар болды. Арада отыз жылдай уақыт өткенде, бүгінде қытайдың модернистік поэзиясы әлемдік поэзияның айдынында еркін құлаш жайған, өзіндік айтары бар мықты ұлттық поэзия ретінде бағаланады.

«Today» журналы жарық көріп жатқан сол жылдарда қытайдағы қазақ әдебиетінің майданында да поэзия туралы үлкен әдеби талас-тартыстар өріс алып жатты. «Today» журналы бас болып, кейін өзге де ұлттардың әдебиет кеңістігіне кірген «күңгірт өлең» ұғымы сол тұста даудың басты түйіні еді. «Күңгірт өлең» туралы талас-тартыс он жылға жуық жалғасты. Соңғы нәтижесінде бұл ізденістен қытай, ұйғыр сияқты ұлттардың поэзиясы жаңа тыныспен шықты да, ал қазақ поэзиясы үлкен сабақ ала қойған жоқ. Осы кезеңде Омарғазы Айтанұлы сияқты ақындардың шығармашылығында үлкен бетбұрыс болғанымен, жалпы қазақ поэзиясы өзге ұлттардың поэзиясы сияқты дәстүрді жаңартатындай рухани күшке жете алмады. Бұған себеп – сол тұстағы әдебиет зерттеушілер мен сыншыларда дәстүр мен жаңалықтың қатынасын дұрыс шешетіндей білім мен түсініктің жетіспеуінде деуге болады. Айталық, қытай әдебиетінде көзі ашық, көкірегі ояу, саяси кертартпалығы жоқ демократ сыншы деп қаралатын Әзімқан Тышанның сол жылдарда жазған сын еңбектеріне назар салар болсақ, жоғарыдағы сөзімізге дәлел табылады. «Күңгірт өлең» туралы талас-тартыс өтіп жатқан күндерде Ә.Тышанның «Қазақ поэзиясының қара шаңырағы», «Қара өлеңнің елеңі», «Қара өлеңнің табиғаты» деген тақырыпта мақалалары жарық көрді. Сыншы еңбектерінде қара өлеңді жан-жақтылы түсіндіреді. Соған қарамастан, сөзінің түп мәні қара өлең болса болды, бар мәселені осы өлең үлгісі шешеді, - дегенге саяды. Сыншының қара өлең туралы ойларының деніне қосылуға болады. Өйткені, олардың бәрі қара өлең сияқты басқа да формасы тұрақты өлең түрлеріне қатысты әлдеқашан зерттелген, айтылған, қағазға түскен түсініктер болатын. Ал, сыншының қателескен жері айтылмыс қара өлеңнің Батыс поэзиясынан артық жерін көрсеткен тұсынан басталады. Ә.Тышан былай дейді: «Ал, Шығыс, яғни классикалық қара өлең эстетикасы сыршылдыққа (лирикаға) ден қояды. Ол Батыс эстетикасы секілді өзін жаратылыстық ортадан, обьектив дүниеден бөліп алып, объекті мен субьектив қарама-қарсылыққа қоймайды. Қайта жаратылыстық орта обьектив дүние өзімен бірігіп, обьекті мен субьекті тұтасып кетеді. Сондықтан, қара өлең эстетикасының зәруі еліктеуге түспейді, сырласуға түседі. Қайталай көрсетуге түспейді, білдіріп, жеткізіп, сыр шертуге түседі. Мысалы, Батыс өлеңдерінде алдымен обьектіні жайып, яғни қайталай көрсетіп, онан соң өзін обьектіге тапсырып, обьектіде бар мен өзін еншілестіреді. Қара өлеңде бұлайша қайталай жаюдың, қайталай көрсетудің қажеті шамалы...» осылай дей келіп сыншы сөзіне Абайдың Пушкиннен, Лермонтовтан, Гетеден аударған өлеңдерін, оның түп мәтіннен қара сөзге айналдырылған түсіндірмесін салыстырады. Бұл жерде біз сыншының екі түйінде қателікке жол бергенін байқаймыз. Біріншісі, Батыс поэзиясы әсте сыншы айтқандай «еліктеуге еліктеу» емес. Әсілінде «еліктеуге еліктеу» деген түсінік философиядан, нақтырақ айтқанда Платоннан келген. «Идеал мемлекет» шығармасының оныншы тарауында Платон әдебиетті, бастысы поэзияны идеал мемлекеттің құзырынан қудалайды. Оған әдебиет, негізінен поэзия «шынайы емес», «өтірік, алдамшы дүние» деп қарауы себеп болған. Платон «Адамда алдымен идея пайда болады,  адам соны іс жүзіне асырады. Айталық, ағашшының басына әуелі төсек туралы идея туындайды, ағашшы сол идеяға сай төсек жасайды немесе идеяға еліктейді» дейді. Ал, бұған салыстырғанда поэзия нақтылықтан гөрі қиялдық негізі басым, шынайылығы (үлгісі) әлсіз болады. Сондықтан, поэзия тұрақты идеяға, нақтылыққа құрылған идеал мемлекеттің жүйесіне кереғар келеді. Немесе онымен мүлдем отаса алмайды деп қараған. Әне содан, Платон поэзияны немесе әдебиетті философиялық-саяси дүниетанымның қас жауы санап, жоққа шығарған. Кейін Платонның шәкірті Аристотель ұстазының идеясын кемелдендіру негізінде әдебиетті, оның ішінде драманы «еліктеуге еліктеу» (өмірді көшіріп алып қайта көрсетеді деп) теориясымен түсіндіріп барып, жүйесіне қабыл алды. Бірақ, поэзияны бұлайша түсіндіріп, қабылдамаған. Бұдан байқайтынымыз, Батыс поэзиясы «еліктеуге еліктеу» теориясы өмірге келген сәттен бастап оның шеңберіне сыймаған. Сондықтан, Батыс поэзиясын бұлай түсіндіру аталған тақырып тұрғысынан айтқанда сыншының шындықты бұрмалағанын көрсетеді. Сыншының екінші ағаттығы шет ел ақындары өлеңдерінің аударылу барысында ұлттық тілдегі образдылығы кеміп, тек мағынасы ғана жеткен мәтінін қазақ тілінің, поэзиясының өлшеміне зорлап салып, салыстырып түсіндіруінде жатыр. Сыншы теориялық жақтан батыс поэзиясының табиғатын философияның тезіне салып бұрмалап түсіндіреді де, оған Батыс ақындарының аударылу барысында поэзиялығы ақсап, тек қара сөздегі мағынасы қалған мәтінін мысал ретінде береді. Шындығында, қара өлеңнің басты әлсіздігінің өзі осындағы сыншы көкке көтерген төрт тармақтың алдыңғы екі тармағы мен соңғы екі тармағы арасындағы байланыста жатыр. Қара өлеңде алдыңғы екі тармақ ұқсамаған уақыт пен кеңістікті көрсетеді де, соңғы екі тармақ олардың жаңа сападағы қорытындысын жасайды. Бұл арада үш жақтан тұрған кеңістік бар немесе оны бас-аяғы тұтасқан жүйе деуге болады. Ал толық аяқталған жүйе болған жерде қорытынды жасалады. Сондықтан, қара өлең (айталық рубай) төрт тармақтан тұрған дара күйінде ғана өз табиғатын, ерекшелігін сақтап құдіретін көрсетеді. Бірақ, форма тұрақтанған жерде шектеу мен қалып орын алатыны белгілі. Ал бұлар поэзияның табиғатына мүлдем жат нәрселер. Поэзия бостандық ішінде тынымсыз формаға ұмтылудан тұратын өнер. Сондықтан да, бүгінге дейінгі поэзия екі тармақ, үш тармақтан ондаған, жүздеген тармаққа баратын түрліше формаға ұмтылуымен ерекшеленіп келеді. 

Көріністе дәстүрлік ұлттық поэзияны дәріптегендей әсер беретін, шын мәнінде ұлттық поэзияның жаңаруына бөгет жасап, етегінен тартатын жоғарыдағыдай кесірлі, кертартпа сынның салдары қытайдағы қазақ поэзиясы үшін ауыр болды. Көнені асыра дәріптеп, жаңа дүниеден ат тонын алып қашып жүргенде ештеңе өзгерген жоқ. Өзгергені ұлттық поэзияның дәуір тынысын бейнелеуге қауқары жетпей заманның артында қара үзіп қала беруі ғана болды. Дегенмен, бұл кезеңде де шығармашылығымен жоғарыдағыдай кертартпалықтың шеңберін бұзып, өзіне тән жаңа поэзия тілін тапқан ақындар болды. Айталық, Омарғазы Айтанұлының есімін осы үрдісте ерекше атауға болады. Кейін оның қатарын Жеңіс Шәкенұлы бастаған ақындар толықтырды. Бұл ақындардың жырлары бүгінгі қытай қазақ поэзиясының ары айтқанда әлемдік, бері айтқанда ұлттық өрісі мен биігін жасады.

Омарғазы Айтанұлы (1931ж. – 1996ж.) – әдебиеттің барлық жанрына бірдей қалам тербеген дарын иесі. Бірақ, ақын ретіндегі орны дара тұрады. Өткен ғасырдың 50-жылдарында әдебиетке алдымен өлеңмен келген О.Айтанұлы 1957-жылы жарық көрген «Табиғат философиясы» шығармасымен арғы бет пен бергі беттің жұртын өзіне жалт қаратты. Бұл туынды сол жылдары Кеңес қазақ позиясына қандай әсер бергенін ақын Мұзаффар Әлімбаевтың О.Айтанұлы туралы жазған эссесінен байқай аламыз. Қолыңыздағы кітапқа О.Айтанұлының саяси қудалаудан кейін жазған өлеңдерін беруді жөн санадық. Оның да өзіндік себебі бар. Сол жылдарда О.Айтанұлы да қытайдағы өзге қаламгерлер сияқты 20 жылға жалғасқан саяси қитұрқы саясаттың лаңынан құтылып, шығармашылық еркіндікке шыққан кезеңі болатын. Бұл өлеңдерді ұзақ үзілістен соң, еріксіз жоғалтқан қаламын қайтадан қолға алған ақынның жандүниесінің таза көрінісі деуге болады. Соған қарамастан, ақынның уақыт өте келе шығармашылықта қалай өзгеріп, өзіне тән поэзия тілін тапқанына да осы өлеңдердің нобайынан байқаймыз.  

Кітапқа «Күңгірт өлең» туралы қызғын пікір-талас өтіп жатқанда әдебиет майданына келген Жеңіс Шәкенұлының (1962ж. – 1985ж.) «Қара таудың елдері» атты өлеңі еніп отыр. Бұл шығарма эстетикалық өзгешелігімен дараланады. Ондағы даралық жаттандылықтан таза, саф қиял кеңістігін аша алғандығында. Өлең дәстүрлік танымның көрінісі сияқты. Бірақ, жазба поэзияның табиғатын сіңірген, сол негізінде халықтық сипаты бар дүниетанымның толық картинасын жасаған. Өлең еркін жазылған, нақты форма қумаған. Бұл өз кезегінде ақын қиялының еркін самғауына мүмкіндік ашумен қатар, тілдің түп негізіндегі аңдаусыз санаға бойлар түйсікті оятып, образдың біртұтас жаңа легін (identite de perception) жаратып, рухтың түбіндегі жанның болмысын сәулелендіріп (retour), сөзді шыт жаңа түлетеді (poincon.) «Қара таудың елдері» ақын рухының көрінісі. Өлең оқырман түсінуден бұрын өзін әйгілеп болады. Сөздің көп жағдайда бұлай түлей бермейтіні, адам жандүниесіне бойлай бермейтіні белгілі. Оның себебі, ақылдық сана баса билеген жағдайда тіл тұсалып, сөз өзінің еркін таңдау мүмкіндігін жоғалтады. Көп жағдайда логостың себебінен бағыттамалы жұмыс істей бастайды. Содан барып тіл жанның қалауына емес, тәннің қалауына бойсұнады. Тән қалауының көрінісі көп. Айталық, тән қалауы қоғамдық сипат та алады. Қоғамдық жаттанды дүниелерді жан қалау деп түсіну, идеологиялық танымды болмыс деп қабылдау да соған жатады. Көріністе бұлар да рух болып елестейді. Ақындар билікті мақтап, билеушіні жақтап, ұлттың жауынгерлігін әспеттеп, т.б. өлең жазып жатады. Онысын «менің шынайы жандүниемнен, шабытты сезімімнен төгілген жыр» деп түсіндіреді. Анығында, осылардың түп негізі тәнге, нәпсіге байлауы болады да, таза рухтық сипаты кемшін түседі. Бұған салыстырғанда, жоғарыдағы өлеңнің өн бойынан біз таза рухты көреміз. Шығарма толықтай материалдық дүниені, табиғатпен үндескен халықтық сананы елестеткенімен ақынның жан қалауы басқа. Ол тіл (қазақ тілі) арқылы жанның мәнін көрсеткісі келеді. Бұл жаңадан сыналап кіріп толықтай үстемдік алған қоғамдық сипатты ұғымдардың (саясат, тап, таптық күрес, халық, билік, қоғам, мәдениет, төңкеріс, үгіт-насихат, т.б.) илеуінен санасы сарғайып шаршаған, бір кездегі адам мен табиғат үндескен таныс біртұтастықты аңсаған жандүниенің шарқ ұрып өзіне қонар тұрақ іздеген жоқтау сарыны. Осы сарын арқылы ақын әлдеқашан қыр асып кеткен ұлттық (топтық) сананың символдық келбетін, елесін жаңғыртады. Елесі емей немене: Бір кезде жеті айлық жерді жеті-ақ аттап жететін Тайбурылдың шаңды шабысын көсіле суреттеуге құрылған сана, енді сол сәйгүліктердің кісінеген үніне зар болып қалған. Дүбірлеген жылқы тұяғының орнын көктемір басқан заманда жылқымен оған серік болған халықтың өзі де бірге күні батып бара жатқандай еді. Содан да ақын өлеңнің соңын жылқының кісінеген даусын іздеумен (жоқтаумен деген дұрыс шығар) аяқтайды. Біз өлеңнен бір қарағанда жоғарыдағыдай ойды емес, дәл керісінше бір асқақтықты, жігерді, әлдебір жоғалтып алған шаттықты тапқандай боламыз. Күлген адамның күңіренген бейнесі сияқты. Әлем поэзиясында «қақтығысты» (dissonaza) деген ұғым бар. Айталық, «жоқ» дүниені эстетикалық тұрғыда «бар» деп айту. Поэзияға ғана тән, одан өзге ештеңе түсіндіріп бере алмайтын мұндай психикалық түйін түйілген сәтінде адам жанының (ақынның) тереңдегі «мені» алуан үлгіде көзге түседі. Оны тасадан суырып алатын сарын – жанның буырқанысты күйі. Жоғарыдағы өлең соның бір көрінісі. Ол күй (лирика) тереңнен бұлқынып шыққанда өзіне ғана тән өрнекпен келеді. Соған дейін, қалыптасқан кеңістік, уақыт, материя және рухтың байланысқан тәртібі бұзылады. Немесе, ол ешқандай өлең теориясына, болмаса қалыптасқан өлең формасына сыймайды. Ол өзіне ғана тән форманы жасайды (оны тіпті, ақынның өзі де бұра тартып, ауыздықтай алмаса керек.) Сондай деңгейде ғана өлең ақын рухын жаттанды, жалтақсыз, әрлеп, жалтыратпай-ақ, таза әрі толық, мөлдіреген күйінде көрсетеді. Мұндай қасиет тек саф өнер туындысында ғана кездеседі.

 «Қара таудың елдері» қазақ тілінде жазылған дәуір бөлгіштік шығарма. Оған дейінгі жазылған өлеңдердің бәрі дерлік (Қытайда, Қазақстанда немесе Моңғолия да болсын) материяның (сөздің) бірінші мағынасына құрылған болатын. Немесе олардың бәрі реалистік шығармалар еді. Ақын нені айтқысы келсе, өлең соны ғана жеткізетін. Қазақтың аса талантты ақыны Задақан Мыңбайдың мынадай өлеңі бар:


Ей, отыншы қыршын талды қимашы,

Жұп торғайды үркітпеші, қумашы.

Жасты қисаң қуарып жер құшады,

Жұпты қусаң, екі айрылып ұшады.


Жоғарыдағы өлең тұнып тұрған лирика. Бірді айтып, екіншіні меңзегенімен, ол таза реалистік өлең. Себебі бұл жерде сапалық көгеріс жоқ. Сөз күңгірттемей екінші мағынасын дәл тауып, үстінен түседі. Оқырман сөйлемнің мағынасын қалай түсінсе, оның айтар ойына да дәл солай жетіп жығылады. «Қара таудың елдері» алғашқы болып осы құрсауды бұзды. Ақын өзінің рухани болмысын сөзбен ұштағанда материяның тасадағы болмысына иек артты немесе сөздің бірінші мағынасы емес арыдағы мағынасы беретін дүниеге салмақ салды. Айталық, өлеңдегі әрбір сөз, сөйлемнің беретін бірінші мағынасына үңілсек, ол басқа реалистік өлеңдердей белгілі бір анық түсінік сыйламайды (Бұл түйін өте маңызды.) Ол жерден сен анық қорытынды емес, мінезді, күйді, бұлқынысты, жиып келгенде күңгірттікті сезінесің. Бірақ, ол жаңа мағына туындататын түйсік. Ж.Шәкенұлының осы өлеңінің жарыққа шығуымен, поэзия майданында үлкен бетбұрыс орын алды. Бұл қазақ поэзиясында «Күңгірт өлеңге» қатысты тартыстың ең үлкен жемісі еді. Аталған өлеңнің ықпалы О.Айтанұлының 1990 жылдардан кейін жазған өлеңдерінің сипатын, психологиялық бедерін өзгертті деуге болады. Одан кейінгі жас буынның поэзияда жаңа талғам қалыптастыруына берік негіз қалады. 

Кітапқа қытайдағы бүгінгі қазақ поэзиясынан бірқатар автордың шығармасы еніп отыр. Ынтымақ Сәдуов, Тасқын Төрежанов, Мұрал Сақасынұлы, т.б. ақындар Т.Жолдыұлынан Ж.Шәкенұлына дейін жалғасқан поэзияның ғасыр аттаған тұстағы ең талантты өкілдері деуге болады. Бұл толқын уақыттың өзіне жүктеген жүгін еркін көтеруге бар. М.Айтанұлы поэзиясының тереңдігіне, Ж.Шәкенұлы поэзиясының сарынына мұрагерлік еткен жас буын қытай және әлемдік поэзияның кең ауқымдағы өрісінде желкен жайған. Бұл ұрпақ және посткоммунистік идеологияның қаусай бастаған шағында сенім мен секемнің арасында кісендеулі күйімен би билеген ұрпақ. Жоғарыдағы құнарлы топырақ болмаса «Қорқыттың көрі», «Түнгі сарын», «Күле қарайды жұлдыз» өлеңдері тумас еді. Заманына күйлемей, поэзияны жан тереңдігінен, рух болмысынан іздемесе «Тас арыстан», «Тағы бір жаңа күн келе ме», «Әзірейіл оқ» өз деңгейінде шықпас еді. 

Қытайдағы қазақ поэзиясының өткен бір ғасырға жуық уақыт кеңістігіндегі бет-бейнесін жинақтап көрсету қолыңыздағы кітаптың басты ерекшелігі деуге болды. Мұнан және әдебиет кеңістігіндегі рухани өзгерістің ізін де таба аласыз. Кітапқа кірген ақындардың бәрі дерлік өз кеңістігінде өткенді қорытындылап, қорытып, болашақтан кең өріс ашуға ұмтылған тұлғалар. Олар өмір сүрді, шығарма жазды, өз дәуірінің қайталанбайтын әдебиетін жасады, мәдениет жаратты, рухани құндылық тұлғалады, ұлт жанының шырақшысы болды. Одан да маңыздысы қытайдағы қазақ әдебиетінің деңгейін көрсетті. Бір жарым миллион халықтың рухани болмысынан өнер көкжиегіне көтерілген осынау шағын болса да қуатты топтың келбетін оқырман қауымға толық жеткізе алсақ, біз үшін осы кітапты құрастырғанда алға тартқан мақсат орындалды деуге де болады. Ендігі бағаны оқырман береді деген ойдамыз.  

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты