Helen Vendler: А.Гинзбергтің өлеңдегі қырық жылы
Аллан Гинзберг «1947—1995: жырдан таңдамалылар» кітабының беташарында өзінің барып тұрған «қарсы тұрушы» екенін былай түсіндіреді: «Жұртты қалғытуға ғана жұмыс істейтін ақпарат құралдары баса билеген жүйеге, үкіметтің барлаушы-сақшылары мен армиясына ақшаны төгіп-шашып, жұрттың санасын мағынасыз далбасалықпен ғана алдамалайтын тірлігіне орай осындай бір қарсы шабу жолын таңдадым», –дейді.
1956 жылы, 30 жастағы А.Гинзберг осындай «атойшылдығымен» «Тамағын жырта көкке ұлу және басқа жырлар» жинағымен жарқ етіп көзге түсті. Кітаптың беташар бетінде АҚШ қоғамының жастарды сұмдыққа итеру жағынан, дінге жат секталардың балаларды аздырып, теріс жолға түсіруімен салыстырғанда еш кем соғып тұрған жері жоқ деп суреттейді. Сол тұста Гинзбергтің шешесі — Ресейден қоныс аударған бір ұрпақ — жүйкесі жұқару науқасымен сауықтыру орнында ем қабылдап жатқан еді, ақынның өзі де ағасының артынан Колумбия университетін бітірген, арада достары жасаған қылмысқа шатылып, түрмеге отырудың орнына бір мезгіл емханада жатуды талдап алған болатын. Бұл тығырықтан шыққан соң Гинзберг Сан Францискодан мүлдемге кетті. Ол ағылшын тілінің мұғалімі болған әкесінің әсерінен бала жасынан өлеңге құмар болды. Оның әкесі де тәп тәуір өлең жазатын еді. Ұқсамайтыны әкесінің жыры дауысы ашық, бояуы қанық дәстүрлі өлеңдерге жататын, ал ұлыныкі дәл оның керісінше, айғай-шуға, қасіретке, кейде тіпті аласұра жынданған адамның әуеніне ұқсап кететін еді. Сан Францескодағы кезінде Гинзберг бір үйір дос тапты. Бұл жігіттер кейін «Құлдыраған бір ұрпақтың» белді өкілдері болып шықты. Олардың мінездері мен істеген істері сол тұста қоғамда үлкен толқын тудырған-ды. АҚШ-тың Кеден бақылау мекемесі «Тамақты жырта ұлу» жинағын тиым салынған кітаптар тізімдігіне енгізеді де, Нью-Йорк сақшы мекемесі екі қызметкерін жіберіп кітаптың баспагерін тұтқынға алады. Кейін соттағы айтыс-тартыста бұл кітап өзінің ақ екенін дәлелдеп шыққан. Бұл іс жыр жинағы мен автордың ат-атағын бір мезгіл шарықтатып жіберді.
«Тамақты жырта ұлудан» кейін де Гинзберг көптеген тамаша өлеңдер жазды. Солардың ішіндегі ең бір айтулысы «Мінәжат және басқа жырлар» жинағы. Бұл кітаптың тақырыбы Гинзбергтің шешесіне жазған ұзақ жоқтауының тақырыбы негізінде қойылған. Қоныс аударушылардың басындағы тауқыметтен бастап түскен бұл өлең, АҚШ-тың соған дейінгі лирикалық жырларының тақырып аясын кеңітті деуімізге әбден негіз бар. Гинзбергтің одан кейінгі екі жыр жинағының тақырыбы «Жұлдыздардан хабар-ошар» және «АҚШ-тың азғындауы». Алдыңғы жинақ туралы У.К.Улиямс: «бұл кітаптан хабар-ошарды жолықтыра алмайсың» деген болатын. Бірақ Гинзберг ештемеден тайсалмастан жырына сондай дүниелерді арқау етті. Оның өлеңдерінен мемлекеттік қауіпсіздік мекемесінің қитұрқы тірлігі, Орталық барлау мекемесінің тірліктері, Вьетнам соғысы, қызтекелер өмірінің қай-қайсысы да табылады. Гинзберг жұрт санасында тынбай саясатқа араласып, қақпай көрген жазушыларға үнемі қолдау көрсетіп, көп алдында өлең оқып (бұндайда үнемі музыка сүйемел жасап тұратын еді), жаһан кезіп, билікке қарсы шерулер ұйымдастырып, түрлі-түсті (табиғаттың бүлінуіне, саяси алдамшылыққа, сутегі бомбасына т.т.) ақылиялар шығаруымен қалды. Ол сонысымен өз дәуірінің айнақатесіз, толыққанды қаламгері болып танылды. Жұрт оның жырларынан гөрі көбінде оның басындағы оқиғаларды көбірек сөз етеді. Бірақ, оны солай етіп тұлғалап шыққан түбін қуып келсең сол жырларының құдіреті.
Атағы шығып, жұмыс басты болып, жасы да ұлғайғанына қарамастан, Гинзберг әлі де тынбастан жыр жазып кітап шығарумен келеді. Оның әр бір жаңа кітабынан қашанда есте қаларлықтай жаңа туындыны кездестіріп отырасың. Оның табиғатында екі түрлі ерекшелік бар: бірі бұлқынып тұратын асаулық, енді бірі салыны суға кетіп жүдеп-жадау. Бұл екі мінез бірін бірі жебейді, бірін бірі туындатып отырады. Десе де, бұлардың кейде оның шығармашылығын ақсатып қоятын кездері де бар. Оның ең таңдаулы шығармаларында әлгі аласұрған мен мендігі көбінде өзін қазбалап шенеуге, юморге толы мысқылға, парасат пен өмірге деген телегей –теңіз құштарлыққа айналып кетеді. Ондағы сезім тасқыны кері ағысқа айналғанда, ақын бойындағы будда ілімінен нәр алады да, өзгеше қиялға өзек болады. Ақын қарапайым халыққа жақын өлеңдердің жолы болса екен десе, оның алдын өнердің биік өлшемдері кес кестейтін сияқты; десе де, оның сапарға шыққанда автобуота жаратқан «өздігінен туындады» деген өлеңдері түрлі-түсті қағида жосындардың шылауында қалғаны көрініп тұрады (кейде бұл өлеңдердің өз табиғатындағы тепе-теңдігінен айрылып қалғанда, ақыл айту мен өзін ғана жөн санап сөзшеңдікке салынып кету болып көрінетіні де сондықтан болар). Жиып келгенде Гинзберг 40 жылдан бергі АҚШ қоғамын түрлі жақтардан қағазға түсіріп келген ақын.
Гинзбергтнің қоғам сырқатын қазбалайтын түңілушілік сарындағы көзқарасы, қиялға өріс ашуы жағынан алғанда анасының әлгіндей табиғатынан келген. Гинзберг анасына арнаған «Мінәжат» өлеңінде былай дейді: «мен оның ауру меңдеткен миынан тұңғыш рет елеске толы қиялға ие болдым», — деп жазады. Енді бір жағынан қарағанда ол өмір сүрген дәуірде АҚШ-та мәселеге белшесінен батқан болатын: қызтекелер заңсыз деп танылатын; Корея мен Вьетнам соғыс ашылып жатқан; Латын Америкасы мен дүниенің көптеген жерлеріндегі халықына жау болған қуыршақ үкіметтер, дара билеушілер біздің қанат астымызға тығылған; нәсілдік қақтығыс өршіп, улы зат саудасы қызған; Федерациялық барлау мекемесі заңды-заңсыз түрде азаматтардың бас бостандығына қауіп төндірген мезгіл еді ғой. Гинзберг мұндайға қарап отыратын адам емес-ті. Оның саяси санасы да (шешесінің тәрбиесінен) ерте оянған болатын. Ол кез келген билеуші жүйенің тірлігін жақтырған жоқ. Ол АҚШ-қа ғана жеккөрінішті болып қалмастан, АҚШ-тың жауы саналған социалистік елдерде де жолы болған жоқ. Қоғамды өзгертуге талпынған басқа тұлғаларға бір ұқсамайтын жері Гинзбергтің шығармашылығының қайнар көзі көбінде өзіне-өзі қарсылық сияқты болып келетін, мұндай қайшылықты қарсылық ортаға шыққанда көбінде бірден өзінен басқаның барлығын жау санаушылдық болып көріне кететін еді. Гинзбергі шығармашылығының бастапқы кезеңіндегі долдану мен дағдарысты көңіл-күй түбін қуып келгенде оның өзіне деген жек көрушілдігінің туындысы болатын. Бұл көңіл-күйді енді бір жағынан қоршаған ортаға деген ақынның түсінігі деп қабылдауымызға да болады...
Жиып келгенде, Гинзберг шығармашылығының үш негізі бар, олар: Блак, Шиллер және Уольт Уитмен. Бұған будда дінін қоспай-ақ қояйық. Гинзберг көп жақтан Т.С.Элиотқа ұқсайды: олардың әрекеуі де тереңнен оңай тебіренетін жандар, бұндай тебіреніс қашанда өз салдарын тудырады; олардың әрекеуі де тебіреністен кейінгі жан толқынысының шығар есігін қашанда парасат майданынан аша білген. Элиотқа дәрігер іздеген нәрсесін тауып берген болатын («Берілсе ғой... сүйіспеншілік... демеу» деген бұл жолдар «Шөлде» кездеседі, ақын ол жолдарды неге жазғанын түсіндірмеде айтқан), ал Гинзберг ондай күшті будда ілімінен тапты.
Біздің Гинзберге будда дінінің әсері Элиотқа Англия мемлекет шіркеуінің жасаған әсерінен кем түскен жоқ деп айтуымызға әбден негіз бар: мұндайда жырдың өзіндік табиғаты әлсірейді де, оның орнын ақылгөйлік сарын басады; құрсауда қалып қанатын жаза алмаған ақын, қиялын өлтірмеу үшін тек санасын сарғайтып бір орында тұрып қана жол іздеумен болады (діншіл ақындардың күні осы). Біз өмірде жүйке ауруына соқпай өтетін парасат иесі болады дегенге сенеміз. Десе де, жүйкенің өзін өзі қазбалауынан тұратын сондай бір кеңістікте лирикалық поэзия өзіне қанат бітіретінін еріксіз мойындамай тұра алмаймыз.
Аударған - Ардақ Нұрғызы