Ардақ Нұрғазы (Ardakh Nurgaz): Жаза лагерінен келген адам

4aac224af44d1addb6daa5421ff2c8c1.jpeg (820×640)

Ол Венгриялық ағаш саудагерінің ұлы еді. Бала кезінде жүндеуге жуас, көмпіс болғандықтан басқалар оған «ағашбас» деген ат та қойған. Мектептегі кезінде тәртіп-түзімде жақсы болғандығы үшін ғана бір рет сыйланған екен.Ол тоғыз жастағы кезінде түс көреді. Түсінде бір патша оған сыйлық ұсынады, себебі оның жазған шығармасы Нобель сыйлығына лайық болған ғой. Ол бұл түсін басқаларға айтқысы келеді, бірақ, тағы да мазаққа қалармын, деп алаңдайды. Содан түсін ол шешесіне айтады. Шешесі оған: «балам, егер осылай түс көрген болсаң, болашағың жанады екен. Жаратушы орындап шығуға болмайтындай көрінетін істі түсіңде жүрегіңе ұялатса, ол сенің сол арманыңды орындауыңа да көмектеседі, деген ежелгі сөз бар»,- дейді.

Бала өз түсі мен Жаратушының расында мұндай да қатынастың барын білмейтін еді. Ол шешесі айтқан соң, бұған имандай сенеді. Өзін дүниедегі ең бақытты адамға балайды, себебі дүние соншама үлкен болса да, Жаратушы оны ғана таңдап отыр ғой.Ол жаратушының қалауын жықпау үшін өзіне жазушылықты кәсіп етеді.«Егер мен айтқаннан шықсам, Жаратушы маған қол үшін бермей қоймайды»,- деп сенеді ол. Бұл сенім оның шығармаларына да сіңген. Арада үш жыл өтеді, Жаратушы оған қол үшін бере қоймайды, тағы да үш жыл өтеді, Жаратушы келе қоймайды. Сөйтіп ол Жаратушының келуін күтіп жол торып жүргенде, оның еліне тісінен тырнағына дейін қаруланған Гитлердің армиясы келеді. Еврей болғандықтан оның отбасы бірден жаза лагеріне жөнелтіледі, ол да әке-шешесімен бірге кетеді. Бес жылға созылған ойраншылықта миллиондаған бейкүна жандар қырғынға ұшырайды, жаза лагерлерінде адам мәйіті тау болып үйіліп қалады, бірақ ол өзінің «өмір сүру дегенің бейімделе алу»,- деген тәлімі астында сәтін салып аман қалады.Освисн жаза лагерінен ол «мен тағы да өзім қызығатын ісіммен айналыса алатын болдым» деген көңіл күймен шығады. Бірақ, оның алдынан адам бостандығын тұншықтыру жағында фащистерден бір де кем түспейтін Кеңес Одағының «темір жүйесі» шығады. Соғыстан кейінгі жиырма жылда ол үн-түнсіз жазушылықпен айналысады, Батыс ойшылдары мен жазушыларының кітаптарын Венгр тіліне аударады. Оның жазушы ретіндегі алғашқы романы 1965 жылы тәмамдалады, бірақ коммунизмнің қатал саяси жүйесінің құрсауы бұл кітапты он жыл кешіктіреді. Роман 1975 жылы ғана жартылай күзеліп жарияланады. Тағыда талай жылдар өтеді, бұл жаратушының өзіне қол үшін беретін-бермейтінін ойлауды әлдеқашан ұмытқан кезі еді. 2002 жылы Швеция Әдебиет Академиясы  сол жылғы Нобель Әдебиет сыйлығын Венгрия жазушысы К.Р.Имреге (Kertész Imre) берілгендігін жариялайды. Бұл хабарды естігенде ол аң-таң қалады, себебі өзінің аты  К.Р.Имре еді.

Өзіне Нобель сыйлығы берілгендігі туралы не ойлайтынын сұрағанда К.Р.Имре: «менде айта қоятын ештеңе жоқ, мен өзім істегім келген істен ешқашан бас тартып көрген емеспін, себебі барыңды салып тырыссаң ғана, жаратушы саған қол үшын береді»,- дейді.

«Мен қолыма қалам алып жазуға отырсам болды, ойыма бірден Освисн келеді»,- деген К.Р.Имре. Оның шығармаларының дені екінші дүниежүзілік соғыс тұсындағы жаза лагерінен ой өрбітеді. Жазушының 1975 жылы жарық көрген алғашқы романы «Тұрлаусыз тағдырда» он бес жастағы еврей баланың жаза лагеріндегі өмірі баяндалады. Әу баста қалайдан-қалай тұтқындалып жаза лагеріне кіріп қалғанын білмей дал болған бала, уақыт ұзара келе, лагердегі жан төзгісіз сүркейлі тұрмысқа да үйренісе бастайды. Адам айтқысыз қорқынышты өмірден де ол тіршілікке бастайтын үміт көре біледі. «Жаңаша өмір сүруге жол жоқ екен, ендеше осы өмірдің өзін жалғастыра беруге тиіспіз»,- дейді ол өзіне. 

Романда реал орта мен кейіпкердің өмір турасындағы позициясының кереғарлығы кітаптың стильін тұрақтандырған. Бұл романның жаза лагеріндегі қырғыншылық туралы жазылған өзге романдармен ұқсамайтыны да дәл осы жерінде. Бұл трилогияның екінші кітабы 1988 жылы жарық көрген. Екінші бөлімде жаза лагеріндегі қырғыннан аман қалған әлгі бала, талай жыл өткенде өзінің жаза лагердегі өмірі туралы бір шығарма жазады да, оны бір баспаға жолдап жібереді. Ол кітабым жарық көреді-ау деп те ойламайды. Бірақ кітап жарыққа шығады. Жарық көрген кітабын қолына ұстап отырып ол өзінің қуанышқа шома қоймағанын, қайта жүрегінің түкпірінде қалған әлде бір алаңның бас көтере бастағанын, бар құпиясынан айырылған жандай, өзін өзгеше бір уайымның иектей  бастағанын аңғарады...

Трилогияның үшінші кітабы «Әлі өмірге келмеген ұрпаққа айтылған тілек» 1990 жылы жарық көрген. Бұл романда жоғарыдағы кітаптар сияқты автордың өз өмірімен үндесіп жатыр. Кітапта жаза легерінен шыққан жазушы, аудармашыны сан жылдар өтсе де өткен өмірінің көлеңкесі шырмап, мазалайды. Бұл мазасыздық өмірдің тұрақсыздығы мен отбасы берекесінің бұзылуына түрткі болады, болашақ күңгірт тартып тұрады, өмірге ешкімде ұрпақ әкелгісі келмейді...

Екінші дүниежүзлік соғыс тұсындағы жаза лагерлері туралы қалам тартқан ақын, жазушылар баршылық, солардың арасынан Швеция Әдебиет Академиясы неге Нобель сыйлығына К.Р.Имрені таңдап алды деген бір сұрақтың көкейде тұратыны анық. Академия бұл туралы:«оның шығармаларында моралдық айыптау немесе саяси қарсылық көзге түспейді. Дәл осы түйін оның шығармаларының құдіретін танытып тұр»,- деген. 

Швеция Әдебиет Академиясының мұнысы екінші дүниежүзілік соғыстағы қырғыншылыққа байланысты байыпты көзқарас айтып, керіске емес, кеңеске шақыратын осы жазушыны даралап көрсету арқылы, бүгінгі біздің мынау «келсең кел!» деп, жаңжалға білек сыбана кіріскелі отырған дүниемізді аз да болса сабырға шақыру сияқты.   

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты