Michale Wood: Проза немесе сынның жүгі (I)

2db49c558959aa3c37a041ae133ed3ff.jpg (383×450)


I

 Дегенмен, М.Пруст прозаны осылардан аулақ болуға шақырған: сынның атын жамылып алып аузына келгенді айта беретін, ойының тұрлауы жоқ, ұғым жақта күңгірттікке бейім сөз алыс кім кімді болса да мезі етері хақ. Романтизмнің эстетиктерінің көбі (оның ішінде М.Пруст, Ж.Уинтерсон да бар) осылайша сөздің мағыналығын екінші қатарға сырыған, бұл олардың əлсіздігі. Э.Уилсон өзі оқыған, бірақ, жұрт оқымаған кітаптар турасында айтқанды ұнататын. Сын дегеніміздің түсінік жасау немесе басқа да сол сияқты міндеті бармыс, бүгінде бұл көзқарас  кітап саудагерлері мен профессорлардың басын айналдырып бітті. Дегенмен менің ойымнан Х.Жамстың сын турасында айтқан анықтамасы шықпайды: сын деген өз зейін зердесінің қалауымен белгісіздіктен жаңа бет ашқысы келген, құштарлықтан тұратын ұмтылыс, ондайда сенің миыңда кітап немесе сол сияқты дүние тұрмайды немесе сен оларға əсте түсіндіру жазумен ғана тынбайсың. Енді бір сөзбен айтқанда түсіндіру мен анықтама қашанда өзге бір дүниеге байлаулы болады. Сын бізге шығарманың ойын немесе оны қалай түсінуге болатынын айтпайды, қайта, шығарманың қалайдан қалай шығарма болып тұрғанын, сондай-ақ, шығарманың бізе қалайша əсер ететінінен сөз ашады. Мұндайда еріксізден шығарма оқудың сапасына мəн бере бастайсың, Флобердің бір хатында:«мен өзім кітаптың өзгесін былай қоя тұрып, оның оқырманның оқуына қандай мүмкіндік қалтырғанын, немесе жазылу мəнеріне, тəсіліне қараймын. Əне соның өзі жазушының шынайы жазушы немесе агроном екенін анықтап береді»–деген. Бұл сөздер жазушылықта əдіс-тəсілдерге көбірек мəн беріп кеткендей көрінеді, десе де, ол ой қорытуда өзіндік форманың алғы шарт есебінде ең алдымен көрініс беретінін де көрнектілендіреді.

Сынның бұдан басқа атқарар шаруасы бар ма? Немесе сын проза, эссе дегендей дүниелердің жүгін көтере ала ма? Мұны айтуда ең əуелі кəсібилік пен көлденең көк аттылықты өзара қарсы қоюдан аулақ болуымыз керек. Сынның жүретін екі-ақ жолы бар: ол шығарманы оқып көрмеген адамдарға немесе оқыса да дұрыстап түсіне алмаған оқырмандарға бағышталады, одан қалса шығарманы оқыған оның үстіне сын да жаза алатын адамдарға қаратылады. Меніңше сын тілдесуге есік ашады... Содан да Паул Де Манн сынды «оқудың астары» деген болатын. Ақын Стевен Мериме кезінде: «өзін өз дəуірінде сезіне алған адам жалғыздық тартпай қалмайды», –деген болатын. Мерименің басындай ойлайтын бас үшін, бұл сөз ауыр сезіле қоймас, десе де, оны толық түсініп кету оңай шаруа емес. Дегенмен ақлиялық түс алған, оның үстіне айтқанынан айтпағаны көп осы бір ауыз сөздің арқасында біздер «дəуір» дегеннің жабық бет-пердесінің тасасына үңіле алдық.

Менің «осы заманғы проза» деп отырғаным, көз алда жарық көріп жатқан немесе бүгінде модернисттік деп жүрген романдардан кейін келетін романдармен шектелмейді. Менің айтайын дегенім: бұлар біздің мəселемізді көтерген романдар. Мұнда мен нақты бір уақытқа байланып қалғым келмейді, десе де, осында айтылғалы отырған жазушылардың өмір сүрген уақыты көп нəрселерді аңғартады. Айталық, он төрт жазушының бүгінде тоғызының көзі тірі, олардың алды 1906 жылы (С.Беккет), соңғысы 1959 (Ж.Уинтерсон) жылы дүниеге келген. Менің өзім 1936 жылдыкімін, жоғарыдағы топтың бел ортасындамын деген сөз. Бұл жазушылар мен үшін əлгі Бенжамин айтқан «дəл бүгіннің» əңгімесін шерткен қаламгерлер...

Əрине, бізбен шындап бір дəуірде жасаған əлгі жазушылардың өзі емес, қайа олардың шығармалары десек дұрыс болады. Сөз етер  кітаптармен алғаш ұшырасқан кезіміз, олар біздің өмірімізге ықпал етіп, біздің бір бөлегімізге айналған сол күн, сол шақ бізге тəн уақыт көрсеткішінен өшпестей орын алды. Уақыт біздің кітаптарды оқыған сəтімізді, сондағы ойымыз бен көңіл-күйімізді, əдетіміз бен əуестігімізді, бəрі-бəрін қаттап жатыр. Менің өзімдік кітап оқу тарихым бар. Кезінде Ж.Р.Толкиен жазған «Сиқырлы жүзік» романының ақырын көрсем деп тағатым таусылған; М.Практың «Геруинпак» атты көп бөлімді романына да бір кісідей қызыққанмын; Л.Дуррелдің кітаптарын да көп оқыдым, десе де, кейін олардың бетін ашпайтын болып кеттім; Англияның біраз жазушыларын ұнатып оқығаным бар (У.Голдин, 1983 жылғы Нобель сыйлығының иегері, И.Мордок, А.Рауелл), одан қалса У.Фолкнердің «Сарторис» романын бас алмай оқыған кезім болды, арада бір жеті өткенде, мен өзімді бұрын оқымайтын кітаптарды оқып, бекер уақыт өткізіп жүргенімді білдім. Х.Л.Борхеспен 1960 жылдардың басында таныстым, кейін ол менің үнемі алдымда жататын кітаптардың тізімдігіне енді; Борхестің ықпалында мен көптеген Латын Америкасы жазушылырының еңбектерімен таныстым.

Борхеспен айналысып жүрген сол күндерде менің тосын бір жағдайда Р.Чуенардың «Жер асты темір жолындағы иін тірес» деген керемет шығармасымен танысып қалдым. Оның ақыры осы кітапқа арнап «Күңгіріт от» деген мақала жазуыма тура келді. Бұл тақырыптың В.Набковппен қатысы бар, əйткенменен, сөз ойынын жұрттың бəрі бірдей ұнатады жəне ұнатуы керек деп айта алмаймын. Солай да сөз ойынымен прозаның кіндігі айрылған емес. Проза сол бағытпен ғана өзіне тəн сүрдекке түсе алады, бостандық пен сенімнің есігін де ашады. Осылайша менің сыншылық өмірім басталды.

Менің бұл кітапта «жалпылай қортынды» шығарайын немесе «бəріне тəн ортақтық» табайын деген ойым жоқ. Мен тек проза жанрындағы кейбір жиі кездесетін əдеттерге назар сала отырып, солардың жетегімен бүгінгі прозаның ізіне түссем деймін. Бұндай жолмен кезінде Р.Бартес пен Калвино жүріп өткен болатын. Енді бір сөзбен айтқанда Калвино Р.Бартестің қиялында көргісі келген жазушысы болды, кейде менде де сондай ой туып қалады. Меніңше, Р.Бартестің өзі де прозик: оның шығармаларындағы назарияға саятын, сын түсін алған пайымдаулардың Калвино шығармаларында реалдыққа айналып, өріс тауып жатқанын қалай ескермеуге болады. Бұл үндестік прозаны сынмен əрледі де, прозаның келешек тағдырын да өзгертіп жіберді. Мен де басқалар сияқты уақыттың уысында өмір сүрдім. Өзім зерттеген жазушылардың қаламынан туған дүние мені де өздерінің бір бөлшегіне айналдырып əкетті. Бұл тұрғыдан айтқанда мен ертеректе өткен қаламгерлерге аздап ұқсамаймын (айталық М.Прустпен). Мұнда кеңістік пен қоғамдық ерекшеліктер емес, қайта, уақыт рөл атқарып тұрғандай. Мен М.Прустты танитын адаммен кездескенмін, алайда, М.Пруст маған ана дəуірдің адамы сияқты сезіле береді. Қиял құдіретіне бой ұру жолымен болмаса, мен Р.Анернас, Т.Морисон, Э.Саидтарды басқа жолмен түсіне алатын емеспін. Менің бұл жазушыларды бөле-жара атаудағы себебім, олардың қаузаған тақырыптары менімен үндестігі барлығынан емес, қайта, біздің бəріміз бір дəуірде — саясида да, əдебиетте де бір аспанның астында өмір сүргенімізден. Тұспалдап қана айтар болсақ, біз ғаламдық экономика ауыр дағдарысты бастан өткізген, екінші дүниежүзілік соғыс пен еврейлер қырғынынан кейінгі дүниеде жасадық. Біздің дəуір Вьетнам соғысы, Куба төңкерісі, нəсілдік теңдікті талап ету қозғалысы, Кенедидің өлімі дегендерге жүкті болды. Біз көптеген отар елдердің тəуелсіздік алғанына куə болдық. Біз құрамшылдық, соңғы құрамшылдық, əйелдер теңдігі қозғалысы, сұрыпталған психоанализ жəне тарихшылдық дегендей ұғымдармен өмір сүрдік, біздің кезеңде марксизмнің мұрыны тасқа тиді. Біздің бұл дəуірдің «модернизм дəуірі» деп аталуының өзі тегін емес, дегенмен біз де тұрақтап тұрып қалғамыз жоқ, қайта, жаңадан төбе көрсеткен “постмодернизм” дегенге орын босата бастадық.

Менің бұл еңбегім тек проза туралы ғана айтады. Дегенмен, саясат пен тарихқа соқпаймын деудің өзі ақылға қонбас еді. Өйткені оларсыз өмір жоқ. Мен жоғарыдағы екеу əдебиетті шеңгелінен шығармайды немесе оларсыз əдебиет болады дегендерге қосылмаймын. Саясимен қатыссыз проза болмайды, саясаттан өзін аулақ алып қашқан прозаның өзі оның саясилығы болмақ. Кейде проза саясидан өзін аулақ ұстау үшін де саясиға араласып кетеді.

Тарихқа келсек, Р.Бартес айтқан: «тарихқа қарсы келуіңе болады, бірақ, тарихтан қашып құтылуға болмайды». Мен осындағы «тарихтан қашып құтылу» деген сөздің мəнісін түсіне алмай отырмын, тарихтан жалтарып кетуге бола ма? Құраушылдыққа қатысты түсінбестік дəл осы мəселеде көрініс табады.

Мен əдебиет пен тарихты қарсы қою да мəселені шешпейді деп ойлаймын. Əдебиет пен тарихтың (жазба тарих) арасы өте жақын, оларды бөліп-жарып бір-біріне қарсы қою тіпті мүмкін емес. Көп жағдайда əдебиет пен тарихтың айрылғысыз бір нəрсе есебінде қаралатыны бар, олар тек аталуымен ғана бөлектеніп тұрған. Əдебеит өзіне тəн кеңістігін, еркіндігі мен ерекшелігін сақтағандықтан ғана дара қалған. Біз бұны Э.Саидтың назарясынан (соңғы отарлану назарясы - ауд) немесе Ж.Бархемстың «музыканың ішіндегі музыка» -деген сөзінің мəнісіне үңілгенде түсіне аламыз. Біздің көп нəрсені тереңімізге сақтайтынымыз сияқты, əдебиет те тарихты жүрегінде сақтайды, ол өзіне тəн еркімен тарихтың артына қайырылып, одан лайықты қортынды шығаруына ықпал етеді.


II

С.Беккет үшін айтқанда, ақылдық комедия дегенің ақыл айтудан бас тартқан комедия. Бұл ойдың екі астары бар: бірінде, біздер өзіміз білуге мүмкіндігіміз шамалы дүниені білуге ұмтыламыз — енді бір сөзбен айтқанда білмейміз, бірақ, білгіміз келіп тұрады. Екіншіден, əлгіндей білуге деген құмарлықтан кейін, өзіміз білмейтін дүниенің ұшан теңіз екенін шын мəнінен сезіне бастаймыз. С.Беккет осы арқылы біздің білеріміз қаншама аз еді дейді. Ол бізге осылай деп кесетіп отыр. Біз бұған дейін де біздің «білеріміз шамалы» деп көп айттық, десе де өзіміз өтпелі дүние болғанымыздан тек асыра сілтеушілігімізбен ғана болмасты болдырғымыз келді. С.Беккеттің қаламынан туған дүние əу бастан-ақ кем-кетікке толы дүние болып келеді, уақыттың өтісімен оның өзі арқауынан сөгіле бастайды, бірақ, оның өзін мүлде жоғалтқан кезі болған емес. Үнсіздіктің өзінде де бір үн өмір сүреді — ешкім сөйлемеген жағдайда да, біреу саған «мұнда адам жоқ!» деп сыбырлайды —  бейне адам жоқ деген қараңғылықтың өзінде де адамның келбеті жəне əлде бір сəуле бардай сезіледі. С.Беккеттің шығармалары өзіне тəн ерекше бір қасиетімен сахналануға бейім тұрады. Айталық, «Мен емеспін» (1972 жыл) де сахнаның көлемі сахнада тартылған бұлдағы адам аузының көлемімен айқындалып тұрады. Осы пьесаның телеэкрандағы нұсқасында сахнадағы ауыз ерекше зораяды да, бүкіл экранның бетін жауып кетеді. «Кино» (1969 жыл) пьесасында, түсірушінің тұрғысы айтылар ойдың қыры мен сырын саралайды. Ал, радио пьесасы «Аяқ дыбысында» шынымен аяқтың дауысы естіледі, бірақ, шығармадағы үнсіздіктің ішкі ырғақ екені, жазушының жетпек болған түп мақсаты да сол екені аңғарылып тұрады. Шығармашылықтағы осы үлгілерден біз ақылдық сараптаудан бас тартуға деген ерекше адалдықты байқаймыз, кейде оның бəрін шешетін құдіретті күштей сезіліп кететіні де бар, оны шырылдаған шындық десек те болатындай, мəселе, тек біздің сол шындыққа шынымен дəл сондай жақындап бара алатын-бара алмайтынымызда. Біз бұнда С.Беккеттің соңғы шығармаларын төңіректей сөз етіп отырмыз, себебі, осы шығармаларда ақылдан бас тартудың алуан түрі көрініс тапқан. Мұнда айта кетуге тиісті түйін С.Беккеттің шығармалары қай тұрғыдан қарасаңда, бəрі бірдей дүниенің арқауынан ажырауға қарай бет алғанынан дерек береді, мұндағы парық тек ол қадамның үлкен-кішілігінде ғана жатыр. Мұндағы дүниенің өзі аңғартып тұрғандай адамның ішкі жан дүниесі екені анық, дегенмен онда да заттық дүниенің болмысы бар (заттық дүниенің күші бұл арада мардымсыз болғанына қарамастан) — ол бейне XIX ғасырдың романдарындағы əлсіздік сияқты əлсіз... Біздің əдебиеттегі бұл өлкеге прозадан айрылған проза деп ат қоюымызға болады.

С.Беккеттің өзі ұнатқан көрінісі «Клаперттің ақырғы таспасында» айтылатын «келешектегі бір күннің түні». Келешек — бара қоюға болатын жер емес, оны уақытқа да жатқыза алмайсың, ол тек қана жорамал, бір түрлі мүмкіндік немесе селт еткізер сезік. Біз оны миымызда десеке те болады, С.Беккеттің кейіпкерлері соған келісетіндей:қиялға берілген бір «баста»; «солай, біздер бір қиялдың ішіндеміз»; «бұл ми деген жындыхана, одан басқа емес»; «мүмкін біз бір бастың ішінде шығармыз, бұл ара құрт кеміріп өтуден бұрынғы ми сияқты қараңғы, піл тісіндей берік екен» – дейді С.Беккеттің кейіпкерлері. Дегенмен мұнда айтылған дүниеде бір дүние емес, қайта, ол бүркемелілік, зерденің шалғайында жасырынған кеңістік. Біздің мұнда осы қарапайым стлистиканың қақпанына түсіп қалмауымыз өте маңызды. Кезінде «Аты өшкен адам» (1953 жыл) романындағы кейіпкер өзі жеткізе алмайтын дүниені жеткізуге тиіс болғанда «осының бəрі қарапайым нəрсе» –дей салған болатын.  Бұл жоқ жердің немесе тозақтың аты да емес, қайта тозақтың маңайы, онда «жаратушыға да, жауларына да сенбейтін адамдар» тұрады. Бұнда С.Беккет Дантенің сөздерін мысалға ала отырып өз ойын түсіндіре кеткен. С.Беккеттің дүниесі міне осындай тозақтың маңайына жататын дүние, дегенмен ол қиялдан өрілгенімен ерекшеленеді. Содан да ол болашақтың мəлім бір күніндегі тіршіліктің ақырғы шегін, сондағы адамдардың өзінің барлық мүмкіндігінен айрылып қалған кейуана кейпінен ой түртеді. «Іріп-шіріген жым-жырт дүниеде жатып, мен өзімнің өтіп кеткен күндерімдегі шымшытырық шақтардың елесіне баттым, менің өмір дегенім сол екен... Іріп-шірудің өзі өмір екен, мен соны білдім, сездім, мені енді азаптай берме» – дейді Моллой.

Десе де, С.Беккеттің шығармаларынан да өмірден алудың ізін табамыз. Ол қабырғасын қалаған дүние тұтастай қиялдан өрілсін немесе елестен тұрсын, дүниенің өзі қиқым сияқты паршаланған, керексіз, қарапайым, түсініксіз əрі қатігез болып сыпатталсын, бəрібір өмірдің қағазға түскен бейнесі. Жазушы қаламынан туған дүние жиі өзгеріске ұшырап тұрады, солай да онда үлкен бет бұрыс болмайды, қайта өзгеше бір еркіндік орын тепкен. «Жəй нəрсе, қарапайым нəрсе - дей салуға болады, алайда, шындығына келсек бұдан өткен күрделі нəрсе жоқ» – дейді «Моллой» (1951 жыл) романындағы Моран. С.Беккеттің дүниесі оның өмірдегі қиялынан туған, содан да ол шығармалардағы дүние қашанда бақылау мен баяндаудың астында тұрғандай сезіледі. «Мүмкін, оны мен жаратқан шығармын» –дейтіні бар Моллойды Моранның, – «айтайын дегенім мен оны миымның бір қуысынан таптым да тани қойдым».

Қалай құбылсын, бəрібір біз жасап жатқан дүние С.Беккет шығармаларында жиі-жиі төбе көрсетеді. Ол жазушының  ақылдық санасының ұсақталуынан тұрған дүние. С.Беккеттің соңғы кездегі шығармаларында бұл дүние тіптен күңгірттеніп, адам мен оқиғаға орын  қалмады. «Қасірет қуаныштан күштірек келеді» (1934 жыл) да кейіпкер Белка Берлинде тұрады, ол жүрген көше де, шарапхана да, тіпті Малахайдені қастамақ болған адам да анық көз алдыңа елестейді. «Морпида» (1938 жыл) бас кейіпкер айна қатесіз Уест Бромртон қонақ сарайының шарапханасында отырады. Ал, «Уат» (1953 жыл) «Моллой», «Мореннің өлімі» қатарлы шығармаларда кездесетін орта күңгірттесіп мүлде танылмай кеткен, бірақ, оның біздің дүниемізбен қым-қиғаш байланыста екені аңдалып тұрады, тіпті одан бір секірсең болды, біздің дүниеге топ ете түсетін сияқтанып тұрасың. Ондағы бір кейіпкер Лондонды ауызға алса, енді біреуі Х.Гелинді (Германия фашистерінің көсемдерінің бірі, А.Гитлердің үзеңгілес серігі) атайды.  

Маңыздысы жоғарыдағылардың бəрі кейіпкерлер, олар оқиғаның ішінде өмір сүреді, сол оқиғаны жеткізуге ынталы болып тұрады. Олар (бұл қатарда С.Беккет те бар) оқиғаны формадан, мəннен, тіпті əлде бір тұрлаусыз үміттен ары асырмайды. Ұқсамастық міне осыдан тебітіп шығады.  «Оқиғаның қажеті жоқ» –деп жазған С.Беккет «Ештеме жазылмаған тексте» (1955 жыл), - «оқиға сөзсіз қажет емес, ол тіршіліктің бір кезеңі». С.Беккеттің соңғы шығармаларында — «Құдіретінен айрылған қиял» (1965 жыл), «Піңк» (1966 жыл), «Тіпті де аз» (1969 жыл), «Жоғалып кетуші» (1971 жыл), «Бір реткі ақырласу үшін» (1975 жыл), «Серіктес» (1980 жыл), «Қате көріп, қате айту» (1981), «Көз алдыда» (1983 жыл), «Ой түйнекте» (1988 жыл) — кейіпкер  кездеспейді, тек көз алдыңда көлбеңдеген тіршілік тынысы бар заттар жүреді; оқиға жоқ, есесіне елес бар. Бұл шығармалар дүниеден сыр шертеді, бірақ, онда бары «тіршіліктің бір кезеңінен де»» əлде қайда аз; айтары да қоңылтақсыған қиялдың есеңгіреген көрінісі сияқты:

«Ол арада тіршіліктен із қалмаған, сен айтшы, түйт, бұнда еш қиындық жоқ, қиял әлі құмда қиырлаған жоқ, солай, өлді, жарайды, құдіретінен айрылған қиял. Арал, сулы алап, жасыл дүние, көкорай, жылт етіп жоғалған дүние, түгеп бермейді, жоқ болып кетті.”

                                       - С.Беккеттен

Өмір аяқтайды, одан кейінгі кезек қиялға, қиялдағы көгілдір дүниеге, сулы алапқа, жас өскін қиялға келеді. Бірақ, тіпті осы шеке жеткеннің өзінде де мəлім дүние тағы да орнында қалады, ол дегенің қиял күшінің сəулесі жəне қалам иесінің талқылайтын рухы. С.Беккет осының бəрін назарға алған, содан да оның сөздері əлде несі түсіп қалған, жартыкеш болып келеді, оның көрген дүниесін толық сыпаттап беруден бас тарта беретіні де сондықтан. «Құдіретінен айрылған қиял» да, қалықтап жүрген елес ақ түсті алып домалақ бітеу дүниені көреді əрі оны суреттеп береді («кірер аузы жоқ, кір де, өлшеп шық»), онда екі адам сұлбалы дене бар, бірі еркек, енді бірі ұрғашы, олар арқаларын тиістіріп бүктетіліп жатады, қозғалмайды, ұйықтап жатқан да жоқ, өліп те қалмаған. Домалақ бітеу дүниенің темпратурасы бірде жоғарлайды, бірде төмендейді, жарық та бір өшіп, бір жанады. Осыдан кейін елестің «өткір жанары», «өте əлсіз күйдегі дегбірсіздік» таниды:

«Оларды жан шыдамастай ыстық әрі суық орынға қалтырған, бұдан басқа кез келген жер бұған қарағанда жақсырақ болар еді. Жоқ, өмір аяқтаған, енді бір жағынан өмір аяқтаған да жоқ, бұдан басқа жерде ештеме де жоқ, енді ақ түсті домалақ мекеннен көрінген әлгі ақ дақты таба да алмайсың, олардың боранды, қалықтаған ақ қар басқан дүниеде екенін де анық айыра алмайсың, немесе олар ақ қардың құшағында,  болмаса қара түнекте, олар сұлап жатпаса, енді қалай тұр»                                     

С.Беккет

С.Беккеттің кейінгі прозалық шығармалары «өлім туралы қиялға» қайрылып соға береді:

«Осылайша ақырласу үшін (шығарманың аты да осы сөйлемге ұқсап кетеді)адам басын тұйықталған әрі тастай қараңғы жердегі тақтайдың үстіне қояды да әлде нені күтеді. Ұзақ бір мезгілден кейін, әлгі ортада өз мәнін жоғалтады, соңынан бас қойылған тақтай да ғайып болды».


                                          (С.Беккет)

  Əуелгі айтылған жер ғайып болады да, оның орнынан өзге бір сұрғылт дүние пайда болады. Кішкентай адам порымдас біреу тозаңға ұқсаған сұрғылт құмға балтырына дейін батып, тозған дүниеде өзінің баспанасы деген тұрағында мүлгіп отырады. Зəмбіл көтерген, ағарған екі ергежейлі оған жақындайды. Олар жетпей жатып əлгі адам тұрған орнында сұлап қалады. Екі ергежейлі де аяздан жаурап немесе өліп қалғандай мелшиеді, олардың ортасында зəмбіл тұрады.

«Бұл сонда зәмбіл мен ергежейліден тұратын кішкентай денесі сұрғылт тартқан кең алапты мөлшерсіз құм ораған тозақтың күрсінгеніндей леп есетін ақырғы сәт пе екен.»

                                         (С.Беккет)

Дегенмен, бұл əлгі тақтайға қойылған бастың соңғы сəті немесе ақырғы түйсігі емес. Қатігез парасат та қашанда мөлшерлегенімізден əлде қайда көп дүние қамтылып жатады, қиялдың келер көкжиегі дегеніміз Гамлеттің өлгеннен кейінгі ұйқысы сияқты, оны түстің желпіп өткен қанаты мəңгілік мазалай береді.   

Аударған – Гүлнар Ақан

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты