Ардақ Нұрғазы (Ardakh Nurgaz): Уақыттың арғы бетінде

6a2d2dfd68d179e9d66ad9d9ec3b2b92.jpeg (1040×719)

  (Қытай ақыны Шын Уидың (Shen Wey) поэзиясы туралы) 


Шын Уи — Қытай ақыны, 1965 жылы дүниеге келген. Лу Шүн атындағы Қытай Мемлекеттік сыйлығының лауерияты (1996ж), халқаралық Лу Анли сыйлығының (2009ж), тәуелсіз Ругаң сыйлығының (2011ж) иегері. Онға тарта жыр жинақ, әдеби зарттеу және өнертану бағытындағы кітаптардың авторы. Қытайдың Шынжаң өлкесінде шығатын «Батыс өңірдің жаңа әдебиеті» (айлық басылым) журналының бас редакторы. Шығармалары ағылшын, неміс, француз, швед, жапон және қазаң тіліне аударылған.       


1

Сөзбен байланысқандардың ішінде ақындардың кейбіреуі ерекше рухани болмыспен өмір сүреді. Бұл ізгілікке құштарлық, парасаттылықты қастер тұту, асқақтықты бағалау,  жауапкершілікті сезіну және күңгірт мұң, бірақ, осылардың бірде-бірі емес, аржағы қаңырап тұрған жаттанды мағыналар мен де, қала берді сөзден салтанатты сарай тұрғызатын идеологиямен де көп қатысы жоқ өзгеше рухани күй. Бұл жағынан қарағанда сөз бен ақынның арасындағы ұзаққа созылған керіске толы келісуден кейін пайда болған болмыстың бұл отын мағыналар мән алудан бұрын тұтанған алау деуге болады. Бір өзгешелігі өртене жанған шырақтың дені жылу мен жарығын айналасына шашумен бірге, соңында түнекке жұтылып кетеді. Рухани дүниеде алаулаған шырақ бұдан басқашарақ, ол уақыт өткен сайын толығып, жарығы мен жылуын бұрынғыдан бетер алыстарға жібере түседі. Алаудың жарығы қаншалықты алысқа түссе, оның шарпитын көлемі де, тасада жатқан өркениет пен мәдениеттің мәйегімен тамырластығы да соншалықты арта түспек. Енді бір сөзбен айтқанда бұл өзгеше рухани сапар. 

Қытай ақыны Шын Уидың алғашқы жыр жинағы «Бір сәт кідіруді» қолыма алғанымда, кітаптың тақырыбын бірден түсініп кеткенім жоқ. Осы заман ақындарының дені уақытқа барынша назар аударғанын білеміз. Оның себебі таным аясы өзгеріске ұшырап, ізденістің, өзіңе үңілудің өрісі сыртқы әлемнен ішкі әлемге қарай ойысқан тұста, болмыстың сыры осы уақыт ұғымына барып тірелді. Әсіресе, бұны адамзаттың рухани құндылығын өзіне дейінгі өркениет пен мәдениеттің негізінен іздеген ақындар ерекше сезінді. Айталық, Т.С.Элиот* пен Л.Борхос* бастан-ақыр болмыстың мәніне уақыттың жапсарынан үңілу арқылы жетуге болады дегенге сенді. Байырғы Грекия, Үнді, Парсы, Орта Шығыс, Египет, Қытай, Маялар мен Астактар мәдениеті уақыт ағысында бір кезде өмір сүріп қалмай, белгілі мағынадан айтқанда қазір де өзгеше болмыспен өмір сүріп жатыр. Өркениеттің салтанатты шағының ескерткішіндей болған қалалар, сарайлар мен мунастірлер, прамидалар мен бутханалар, шіркеулер мен мешіттер қирап үйме топыраққа айналса да, аман қалғандары жалғыздықтан тұнжырап тұрса да, бәрібір ол қазір де қасымызда өмір сүріп жатыр. Тек оны сезінуің қажет. Сезініп жетудің кілті уақыттың жапсарынан үңіле алуда.  Уақыт деген не өзі? 

Жырларына Грекиядан Үндіге дейінгі өркениеттің өзегінен желі тартқан Т.С.Элиот былай деп жазады: 

Қазіргі уақыт пен кешегі уақыт

Мүмкін, екеуі келе жатқан уақытта,

Ал болашақ уақыт өткенің өзегінде жатыр...


“Төрт қайталанбалы симфония”


Өзі өмір сүрген тұстан гөрі бір кезде қирап қалған қалалар мен сарайлардың көшелері мен дәліздерінде көбірек жүретін Л.Борхос былай дейді: 

Мынау бұғаудан,

Бізді тіпті Зевстің өзі де босата алмас, 

Гранит тастардан тұрған қоршау жолдар 

Тордай тұтасқан.

Беймезгіл шақта тас қабырғаларды қуалап 

мәңгілік таусылмайтын сапарға шығасың,

Тағдыр деген шұбалған жол.


Оқтай түзу сарайлар иіліп, 

Пішінін өзгертсе,

Түбінде аяңдаған күндердің анау басы 

Сырлы шеңберге айналып тынады...


— «Жұмбақ сарай»,   


Екі ақын да уақыттың түзу сызық бойында ғана қозғалатынын терістей отырып, қайта оралу сынды ойды сабақтайды. Бұл көзқарастың тасасында байырғы Грек философы Анағарыстың  уақыт туралы тұжырымы тұр. Грек фиолсофының уақыт қайталанып тұрады деп қарағаны белгілі. Уақыттың бұндай қайта оралып отыратын қасиетін сезіне алмауымыздың сыры уақыт ағысында өмір сүретін біздер жайшылықта өз аямызды ғана өлшем  ететіндігімізден, уақыттың өзге қырын сезініп, оған үңіле бермейміз. Уақыттың жапсарынан үңілу ерекше рухани болмысты сезінген жағдайда ғана жүзеге аспақ. Айталық, өткеннің өтіп кетпегенін, оның дәл қазір де өмір сүріп жатқанын шынайы сезінген сәтте уақыттың формасы өзгереді.          

«Орталық Азияда күн. Қауашағын жарған роза. Лаулаған от... түсіңде керуенге еріп сапарға шықтың: бұл жұмбағын ішіне бүккен ғажайып өлке»  деп жазды Шын Уи бірде. Орталық Азия ежелден шығыс пен батыстың түйіскен тұсы болып келеді. Бір кезде сақ, ғұн, түркілер өлкесі деп аталған дала уақыт ағысында сан тасып, сан солса да, бір ерекшелігін жоғалытқан жоқ. Ол шығысқа да, батысқа да тең есік ашып, өзінің болмысы мен тағдырын осы ерекшелігімен әйгіледі деуге болады. Бұны тіпті ұлы жаулаушылардың қылышы да, сан ғасырлық империялардың мемлекет шекарасы да тоқтата алған жоқ. Осы өлкеде адамзаттың байырғы төрт діні түйісті, бір кезде мұхиттағы аралдай болып өз алдарына өмір сүрген өркениеттер табысты, мәдениеттер араласты. Орталық Азия бірнеше өркениет қатар өмір сүрген бірден-бір мекенге айналды. Енді бір сөзбен айтқанда, оның топырағының бедері мен дәмі өзгерді. Оның құрамы «біздер... уақыт жұлмалаған мүсіндерге қарап тұрып өзімізді ұмыттық» деген Г.Сеферистің* Грекиясынан да, «топырағын ұстасам, өлімге саусағым тигендей сезінем» деген қытай ақыны Иаң Лианнің* сары үстіртінің топырағынан да күрделі деуге болады. Бұл күрделілік шығыс пен батыстың дін, философия, түрлі измдері мен жаттанды түсініктеріне, қала берді ақындардың қалыптасқан жазу шеберлігіне де сия бермесі анық. 

Әсілінде, жоғарыдағы екі ақын да өздері басып тұрған топырақтағы ежелгі өркениетінің салмағын сезінді. Олар да уақытпен үндесуге тырысты. Алайда, олар өркениеттің өзегінде тұрды. Бір кездегі салтанат келмеске кеткен. Уақыт әкелген осы өзгеріс олар үшін өте анық еді. Сондықтан да жоғарыдағы ақындардың жырында «қазір» ерекше көзге ұрады. Г.Сеферистің: «Біздер жалғыздықтан жалыққан тастарды басып тұрып, бір кереметтің болуын күтудеміз...»  деп жазса, Иаң Лиан: «Поэзияда уақыт жоғалуға тиіс» деп жазды. Олардың жырынан қашанда жоғалытқан дүниені аңсаған сарын мен империяның кешегі асқақтығы менмұндалап тұрады. Бұған салыстырғанда өркениеттің өзегінен көрі, өркениеттердің тоғысқан ерекшелігі басымдық алған, иппериялық биліктің ықпалынан көрі мәдениеттің сіңісуі көбірек рөл ойнайтын алыс өлке —  Орталық Азия да поэзия басқаша сипатта өмір үреді. Дыбыс толқындары қабаттасқан жағдайда, олардың бұрынғысынан күшейетін немесе әлсірейтін қасиеті бар. Бұл ерекшелік өркениеттер ара байланысқа да жат емес. Үлкен өзгерістерді бастан кешпей тұрмайтын бұндай жағдай поэзияда ақынның өзіне ғана тән даралығы мен тереңдікке ұмтылған талғамы болып көрініс беретіні бар. Бұндайда сен басқалар сияқты жоғарыдан төменге қарамайсың, қайта, шыққан күн мен батқан күннің арайына шомылып, даланың әр бағыттан соққан самалы мен аңызғағына кеудеңді тосып, кешеден бүгінге жалғасқан тарам-тарам жолдарды бойлап, қиял теңізіне сүңгіп, уақыт иіріміне беттейсің. Әсілінде поэзия деген бойыңдағы мәдениет таңған жаттанды дүниелерден арыла отырып өз болмысыңның түбіне шөгу. Тарихтың сан құбылған бет-жүзіне бірсәт тіке қарай алу. Сонау Тыных мұхиттың жағасында туса да, жас шағында Орталық Азияға келіп, жарты өмірін Такламакан мен Жұңғар құмының жағасында өткізген Шын Уи бұл түйінді жақсы түсінген сияқты. Сондықтан  да ол поэзияда әлемге кең құшақ ашады, айналасына сергек қарайды, бәрін түбі бір өзгертіп тынатын уақыт ұғымына жаңаша мән беруге құлшынады. Толқындар қабаттасқан мұндай өлкеде тереңге тартқан сөз ақынды жарықтың ең әлсіз түскен жеріне қарай бастайды. Бұл да баса көктеген қараңғылықты ары ығыстыру! Біртекті өркениеттің аясында ғана өмір сүрген ақын өзін ұстаған қапастан осылай аттап шыққан.  Сыртқа шықты да ол өзінің бұрынғы келбетінен әлде қайда ауқымды жаңа рухани әлем тұлғалады. Бұл арада да байқаған жанға «өлеңің өзгеруі үшін, өмірің өзгеруі тиіс» (Д.Улакод*) қағидасы рөл атқарып тұр.                               

Осыдан соң ақынның «Бір сәт кідіру» кітабының тақырыбын «уақыттың жапсарынан үңілу» деп түзетіп оқумызға болады. Бұл арада ақын өркениеттің шөгіп кетпегенін, қайта,  уақыт уысында өзгеше болмыспен өмір сүріп жатқанын сезетінін аңғартады. Поэзия қайтарымсыз махаббатқа жақын күй. Рухани үндестіктен бұрқ етіп көтерілген бұл сезім тасқыны қайта айналып келіп ақынның өзіне ғана тән уақыт талғамымен поэзияға айналған. 

Батысқа беталсаң! Өң мен түсің алмасады,

Бір жағың мұз, бір жағың өрт, ортасында тісін тісіне басқан — сен...


Батысқа беталсаң! Ерентауға дейін телегей теңіз құм,

Ашық қалған ескі кигіз кітаптың екі беті сиқты,

Өрт шалған...


Батысқа беталсаң! Жал-құйрығын тастаған арғымақтан сайраған із жатады,

Төске өрлеген қан, ағарған сүйек, найзағайдай бұлқынған жүрек,

Жол құйындайды...


  • «Батысқа беталсаң!»


........

Сапарда алдымнан қураған ағаш, екі-үш әйел заты

Және жалғыз жортқан көкбөрі шықты.

Қураған ағаш тіл қатса, мүмкін

Даланың өткені мен кешегісі туралы сыр ашар ма еді. 

Әйелдер мен мінген керуенге қаратып құшақтарындағы

гүлден шашу шашса,

Көк нұрдан жаралған көкбөрі жалт етіп

Мені алысқа жетелер.

Көлден көтерілген қаздай

Мүмкін, рухым сонда кеудемнен қанат қағып шығар.

Кешегі өмір туралы ойлансаң,

Өлім мәңгілік болмай қалады. 

 


Мұнда бір тамшы жауын артық емес,

Жетіп артылған бір үзік күннің сәуле сияқты.

Шаңы бұрқырап жатқан  жол 

бәрін де есіне қаттап жатқан тәрізді.   


  • «Сапар»

     

Екі өлеңнің өз алдарына ерекшелігі бар. Солай да бір-бірімен тығыз байланысып жатыр. Алдыңғы өлең ақынның көкірегіне түйген танымынан туған. Одан біз Орталық Азияның рухани жол белгісін көргендей боламыз. Онда уақыт қаңтарылған. Соңғы өлеңде ақын жоғарыдағы жол белгілерді бойлап сапарға шығады. Бұл өлеңде ақын уақытты тірілтеді. Өлеңде кеше мен бүгін айрылғысыздай араласып жатыр. Жол бойында кезіккен әйелдер, шөлде өскен ағаш, қала берді бүлкілдеп желген көкбөрі реал ма, әлде қиялдағы көрініс пе, оған бірден жіп тағуың қиын. Енді бір сөзбен айтқанда, бұл арада ақынның рухани дүниесі көрініс беріп тұр. Өлеңде «Көк нұрдан жаралған көкбөрі жалт етіп / Мені алысқа жетелер» деген жолдар бар. Бұл мәтінің тасасына бастайтын түйін сөз. VII ғасырдың алды-артында қағазға түскен «Оғызнама» жырында сапарға шыққан Оғызхағанға аспаннан түскен көк нұрдан жаралған көкжал қасқыр жол бастайды. Мұнда көкжал тылсым, мәңгі жасайтын рухтың белең беруі болып спатталады. Ақын өлеңіне осы түйінді келтірген. Содан кейін «Мүмкін, рухым сонда кеудемнен қанат қағып шығар» дейді. Өлеңнің ақырғы жолдарының алар мәні зор. 

Мұнда бір тамшы жауын артық емес,

Жетіп артылған бір үзік күннің сәуле сияқты.

Шаңы бұрқырап жатқан  жол 

бәрін де есіне қаттап жатқан тәрізді.

Табиғатпен үндесіп, тасадағы тылсым рухпен тілдесіп, өзі айтқандай зердесіне нұр түсіп биікке көтерілген ақын ой қортады. Мұнда Орталық Азияға кең қанат жайған сопылық тағылымның сорабы жатыр. Сопизімнің тілсімшілдігі бойынша ұлы құдыретке табиғаттың тасасында тұрған тілсімдікке бой ұрып, соны сезіну барысында (бұндайда ол да саған жақындайды, бұл да рухани сапар), көкірек көзің ашылғанда ғана жетесің. Ақын өлеңдерінде осындай ескі иланым көп жағдайда осы заманның түсінігімен ұштасып жатады. Олар бірін-бірі терістейді, бірін-бірі кемелдендіреді. Ұлы құдыреттің уысындағы болмыстың аспанын сөз сәулелері осады. Бұдан түрлі қайшылықтарға бет келген осы заман адамының рухани бұлқынысы аңғарасың. Дарриданың*: «баяндау деген ойға бүккен, жандүниеде ұйыған сезімнің толық мән табуы. Таңбаны тірілтетін сондай бір сезім тасқыны мен рухани құдырет болмаса, баяндау әсте өз деңгейінде көрініс таба алмайды»  дегені бар. Өркениеттер тоғысқан өлкеде өзіңді және өзгені тани алу, танып қалмай өркениеттер арасынан икемді түсіністік пен жаңа рухтастыққа жол таба алудың машақатты қашанда зор болған. Ол қалыптан тыс рухани болмысты қажетсінсе керек. Шын Уидың поэзиясы сол деңгейге саналы түрде ұмтылады.         

Шын Уи екінші өлең жинағының атын «Биіктегі шыңырау» деп қойыпты. Жоғарыдағы ойдың сорабынан кейін, мен бұл тақырыпты салған жерден түсінгендей болдым. Уақыттың жақпарынан үңілген, болмыстың бет-пердесі қол созым жерде тұрғандай сәттерде сөздің сырын тереңнен іздемей қалмайтының белгілі. Кітапта «Жиналу» деген поэма бар. Бұл шығарманы құлашын кең жайған ақынның айта қалсын үлкен туындысы деп қарауға болады. Түп ерекшелігі тұрғысынан айтқанда он парақтан тұратын поэма ішкі тартысқа құрылған толғанысқа толы пәлсапалық жырға жатады. Бұл жағынан ол көз алдыңа Т.С.Элиоттың “Төрт қайталанбалы симфониясы” мен П.Неруданың* «Macchu Picchu»  поэмасын елестетеді. Тілді еркін қолданып, қысылып-қымтырылмай шабытпен жазылған, формасы мен мазмұны бітеқайнасқан шығарма жарық пен қараңғыны, болмыс пен реалды, жоғалу мен қайта оралуды, тұрақтылық пен өзгерісті, сөз бен үнсіздіктің қатынасын терең толғап, шымыр жеткізген. Шығарма ақынның көкірек көзіне көтерілген сөздің бірде-бірін қалдырмай өзекке тартып, сіңіріп әкететін мұхиттың дүлей иіріміндей әсер береді. Бұл мағынасыз, мәнсіз, тәртіпсіз сыртқы ортаның аласұрған аласапырандығын ішкі дүниедегі рухани құндылықпен ауыздықтау. Өмірге жаңаша әр беру. Бұл поэманы соңғы ширк ғасырда қытай тілінде жарық көрген поэзиялық шығармалардың ішіндегі айналып өтуге болмайтын санаулы туындының бірі деуге әбден болады. «Жиналу» ақынның рухани тарихы деңгейіне көтерілген шығарма. Оқиық.


...........

Сапарда, кішкентай құс та сырласың, жел тұрса жебеп

Қиялың қиырға самғайды, бәрі де тозады бір кезде

Кешегі тірлігің, жалының мен арманың, қалатыны тек

Мұжылған қабыр таста бұлдыраған бірнеше жол сөз ғана.

Содан да мен ноқта мен жүгенді сыпырдым, 

аңсағанымды атқан таңның арайынан іздедім.

Төменге құлдилаған жол мен төске өрлеген жол 

қашанда бірін-бірі іздейді.....

 

  • «Жиналу»


2000 жылдан кейін Шын Уидың екі жыр жинағы жарық көрген. Алдыңғысы «Топырақ пен жол». Осы жылдарда ақын түркілердің «Балнамасын»,  Омар Һаямның «Рубайларын» жаңартып жазды. Сақтардың жартас суреттеріне ден қойды. Такламакан құмында мың жыл бойында күн көзіне қақталып жатқан мүрдеге назар аударды. Құм кезіп, дала шарлады. Күн қатаған күре жолдардан өткенің елесін іздеді. Осылардың бәрі ақынның жыр жинағынан ойып орын алды. Енді бір сөзбен айтқанда Фредауси, Сағди, Руми өлең жазған өлкеге, «Қозы-Көрпеш пен Баянсұлуды»,  «Қобыланды» мен «Қызжібек» эпосын таңнан-таңға талмай жырлаған жыраулар даласына бет алған рухани сапар әлі жалғасып жатыр. Өркениеттердің қайшылықтардан буырқанып, бусанып, бүршік жарып, жеміс беріп, жапырақ тастап отыратынын ескерек, бұл сапарда Шын Уиды әлі көп дүние күтіп тұр деген сөз.   

Шын Уидың түркілердің ежелгі «Балнамасын» қайта жаңартуын мәдениеттегі айта қалсын жаңалық  деуге болады. Бұл поэзия танудың көкжиегін кеңейтетін қадам екені әлі толық бағаланбай келеді...  

Шын Уидың соңғы қолымызға тиген кітабының аты «Шынжаңның жыр парақтары». Мен бұл тақырыпты  да өзімше сәл өзгертіп «Орталық Азияның жыр парақтары» деп оқыдым. Өйткені, өзгертіп оқуға тұратын жырларға толы:

Құмды шөлдің қайығына шықсаң,

Құм басқан көкірек көзің ашылады.


Қарағаштың тарамыстай тамыры 

Шөл даланың құмды дауылынан жасқанған емес.

Мөлдіреген бір кесе судай,

Бұл дала шетсіз-шексіз мазарлар жатқан мүлгіген саябақ.


Құмды шөлдің қайығы желкенін көтергенде,

Аттап өтпесті де аттап өтесің.

Бұл сенің шаң-тозаңнан айыққанан кейін 

Табан тіреген жаңа, тылсым мекенің. 


Құмды шөлдің ағашы 

өлу үшін де өмір сүреді.

Сапарға шыққан біздерді ол

дүниеге басқаша көзбен қарауға үйретеді.


Өмір шынайы,

Ал оған басқаша қарай алсаң,

Ол тіптен шынайы.


  • «Шынжаңның жыр парақтары»«Қарау» 


Міне, бұл поэзия. Үздік ақындардың дені дүниені нәзік сезінет, өз әлінше түсіндіреді. Бірақ, санаулы ақындар ғана оны аз сөзге сидыра алған. Шын Уи да сондай қасиетке ие ақын.

                          

2

Уақыттың өз сыры бар. Қоғамда ұйтқып өткен дауылдан кейінгі тымырсық бір күндерде, Шын Уимен Урмшиде кездескенім әлі есімде. Ақын маған бұрынғысынан да салмақты көрінді. Біз поэзия туралы ой бөлістік. Сонда оның жанарында мұң ғана тұрған жоқ...

 Кейін ақынның 36 парақтан туратын  «Аза жырын» оқыдық. Бұл, енді басқа сөз.      


Түсіндірмелер:

  • Т.С.Элиот (1888ж— 1965ж)  Ағылшын ақыны, әдебиет сыншысы. 1948 жылғы Нобель сыйлығының иегері. 

  • Л.Борхос (1899ж— 1986ж)  Аргентина ақыны, осы заманғы әңгіменің шебері. 

  • Г.Сеферис (1900ж—1971ж)  Грекия ақыны, 1963 жылғы Нобель сыйлығының иегері. Ондаған жыр жинақтың авторы.

  • Иаң Лиан (1951ж— ) Қытай ақыны, «Күңгір өлең» ағымының басты өкілдерінің бірі. Онға тарта жыр жинақтың авторы. 

  • Д.Улакод (1931 — ) Кариф теңізі аймағының ақыны. Онға тарта жыр жинақтың, бір неше сахналық шығарманың авторы. 1992 жылғы Нобель сыйлығының иегері.

  • Даррида (1930ж—2004ж) Француз философы, XX ғасырдың екінші жартысында әдебиеттану ғылымына елеулі әсер еткен тұлға. 

  • П.Неруда (1899ж—1972ж) Чли ақыны, 1971 жылғы Нобель сыйлығының иегері. 

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты