Alain Robbe-Grillet:Клонд Симон

9d8c7f0e3a2400af22a7a3021bad112f.jpg (738×567)

Клонд Симонның бойында барлық ұлы жазушыларға тəн екі қасиет бар: бірінде ол қарапайым адам, енді бірінде жазушы. Қарапайым адам ретінде ол жұртқа беделі бар көрнекті тұлға, достарына жағымды жан, немесе көгілдір экрандағы «Жазушымен сұхбат» кездесуінде не істерін білмей сасқалақтап қалған мырза ретінде белгілі; ал жазушы есебінде оны оқырмандары басқа бейнесінде таниды. Дегенмен, ол күрделі адам. Оның кез келген шығармасын оқыған адам, келесі оқығанында, алдыңғысынан мүлде басқаша қортынды шығаруы əбден мүмкін...


К.Симонға сыншылар елуінші жылдардың ортасынан бастап қана көз сала бастады. Сол тұста ол əдебиет майданына бүлік əкелген топтың — кейін «Жаңа проза» деп аталып кеткен, бір бірімен онша да қою араластығы жоқ топтың бір мүшесі ретінде бағаланатын. Бұл топтың қатарында аталған жазушылардың шығармалары бір қазанға сыя бермесе де, университеттегі сыншы мырзалар олардан қояр да қоймай жүріп бірталай ортақтық тауып үлгірген еді... Онымен қоймай газет-журналдар да бұл думанға бір кісідей ат салысты. 
К.Симонның шығармаларындағы лирикалық сезімге толы буырқаныс, Натали Салоттың шығармаларында бейнеленген қоғамдық байланыстың жақпар-жігі, менің қаламымнан туған əлгіндей «объектившілдіктің» арасында жер мен көктей парық болса да, бəрін өздері біліп, өздері шешетін сыншы сымақ мырзалар біздің көзқарасымызға пысқырып жатпастан, «Жаңа проза» деген қалпақты біздің басымызға кигізе салды...

Біздің «жауларымыз» (олар жауыға шабуыл жасаудан танған емес) жаңа прозаны тар өрісте сипаттауға барын салып көрді. Дегенмен, олардың уəжі К.Симонның шығармашылығының бетіне шіркеу түсірген емес. Олардың ойынша біздің бəріміздің шығармашылығымыздағы ортақ ерекшелік: күңгірт, қатып семген, ойға келгенді жаза салған, түсініксіз, оның үстіне шынайы сезімнен жұрдай, өмірден алшақтаған т.т. Мұндай сорақы түсінік мүмкін енді отыз жылдан кейін де өмір сүре берер. Бір жолғы іссапар кезінде, менің кітабымды оқыған бір оқырманның, менің де табиғатты жақсы көретінімді, арақ пен əйелді ұнататынымды білгенде жағасын ұстап таң қалғаны бар. Оларша болғанда біз басқаша сезімдерге ие адам сияқтымыз. Мен мұндай жолығысудың талайын бастан өткердім. Тек сексенінші жылдардан бастап қана жұрт біздің шығармаларға оң көзбен қарай бастады. К.Симонның «Ауылға оралғандар», Натали Салоттың «Балалық шақ», Маргерита Дуластың «Ашына» жəне менің «Қайта құрастырылған айна», міне осы топтағы шығармаларға жатады...

Мен К.Симонмен 1956 жылы таныстым. Ол кезде біз маңымызға өзіндік даралығы бар жазушыларды жиып, арнаулы жаңашыл романдарды басып шығатын бір баспа құрудың қамында жүрген едік. Ойда жоқ жағдайда, менің қолыма бір қолжазба келіп түсті. Қолжазбаны оқып шыққаннан кейін, қатты қызықтым. Бұл К.Симонның романы «Желдің» түп нұсқасы еді. Соған дейін бірнеше кітап шығарған болса да, жұрт оны көп біле бермейтін. Менің онымен кезіккім келді, себебі оның шығармашылығы мені қызықтырды. Мен оған: «мына романыңның кейбір тұстары кейіннен қосылғандай əсер береді екен, бұның себебі неде?» – деп сұрадым. Ол маған кітапты шығарам деген баспаның сарабынан өту үшін осылай істеуге тиіс болғанын айтты. Мен оған: «кітапты біздің баспа шығарсын, оған қалай қарайсың?» –дедім. Ол бұған қосылды. Содан бастап оның романдары да біздің кітаптар шығатын баспада жарық көретін болды...


Аударған А.Н.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты