Malcolm Cowley: У.Фолкнер және Юкнафата шежіресі (I)

3645dfc370792c827696d100d0e5c7f8.jpg (640×680)


Нобель сыйлығын алғаннан кейінгі отыз жылда, əсіресе, 1962 жылы өмірден өткен соң У.Фолкнердің даңқы төске өрледі. Жұрт оны АҚШ –тың ең ұлы жазушысы, АҚШ –тың Шекспирі дегенге сене бастады. Тек АҚШ –та ғана емес, дүниенің түкпір-түкпірінде — Токиодан Парижге, Нью-Йорктан Стокгольмға дейін оның шығармаларын бастарына көтеретін тұтас бір шоғыр қалыптасты. 

Оқырмандар мен əдебиет сыншылары оның шығармаларын қашанда ауыз толтыра айтады. У.Фолкнер шығармалары неге бұлай жолы болды дейсіз ғой? Оның 18 роман, сандаған əңгімеден тұрған туындылары түрі-түсіне бөлместен дүниедегі барлық халықтың жүрек қылын шертті. У.Фолкнердің шығармалары АҚШ –тың оңтүстігінің тарих-дерегі емес, қайта, күллі адамзаттың тұрмысын, ондағы мəндік құндылықтарды естелікке алған, «мəңгілік шынайы сезімді» — Фолкнердің Нобель сыйлығын алғанда сөйлеген сөзіндегі, адам бойында бар бауырмалдық, батылдық, қастерлілік, жек көру мен өзін құрбан ете алатын сондай-ақ төзе білетін қасттерлі сезімдерді жырлаған туындылар болды. Одан қалса Фолкнер адамзаттың тіршілік-болмысы туралы өзіндік ой айта білді, ол ойдың өзегі адамның өзі туып-өскен топырағына тамыр тартып, бауыр басатыны турасындағы өзгеше түйсік пен адамзаттың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ынтымақтаса алатыны турасындағы өзгеше сенім еді. Содан да, туған жер мен ауылға деген сол бір бағзы заманнан келе жатқан қасиетті сезім жұрт санасынан өшкін тарта бастаған бүгінгі дүниеде, Фолкнер шығармалары терең иірімімен, баурағыштығымен, өзгеше мəнерімен осы бостықтың орнын толтырғандай болды. У.Фолкнерді түсіну үшін ең əуелі оның туып-өскен ортасын — Миссури Штатының Окспурт өңірін — ол өмір сүрген ел мен жерді білу керек.

У.Фолкнер 1897 жылы Окспурт маңындағы шағын ауылда дүниеге келді. Ауылдағы ең биік құрлыс оның ұлы атасының зиратының басына орнатылған зəулім ескерткіш еді.  Осы мүсін біздің жазушыны түсінуімізге жол бастайды. У.Фолкнердің ұлы атасы — У.С.Фолкнер айтып-айтпай сол өңірге аты əйгілі — Оңтүсік пен Солтүстік соғысының батыры, кезінде бір өзі бір атты армия ұйымдастырған адам еді; ол кісі сол өңірден шыққан үздік саясаткер де болған, шаруашылығын да бір кісідей шалқытқан, АҚШ –тың батысы мен оңтүстігін тұтастыратын темір жол салсам дегенді армандаған жəне сол арманының бірсыпырасын жүзеге асырып кеткен адам еді; онымен қоймай драматург, жазушы болатын. Оның «Менфелистің ақ раушаны» деген романы XIX ғасырдың 90-жылдарында өз ортасын дүр сілкіндірген. Бір ауыз сөзбен айтқанда полковник Фолкнер оңтүстіктің аты затына сай батыр бағыланы, көп өнердің иесі, үлкен қайраткер, ақсүйектің өзі болатын. Ол туралы аңыз оңтүстікте дəл бүгінге дейін толастаған емес.

Осы ұлы атасының көп аңыздарын кейін У.Фолкнер өз шығармаларына кірістіре жазды. «Зираттқа шаншылған жалау» («Сандорис» романының алғашқы нұсқасы) романында мынадай бір сюжет бар: Жебу Стуярт генрал мен Сандорис полковник бір жолы Солтүстік армиясының азық-түлік əкеле жатқан артқы қосынын шауып, көп дүние-мүлік пен тұтқындар түсіреді. Олар тұтқындарды өз аумақтарына айдап келген соң жауап алады. Сол кезде бір тұтқын: сендер біздің барлық кофемізді бұлап кеткендеріңмен, осы жолы əкеле жатқан балықты ала алған жоқсыңдар –дейді. Мұны естіген Сандорис полковник: балық! – деп күңік етеді де, атына міне салып шаба жөнеледі де, əлде қайда ас ішіп жатқан Солтүстік армиясының қосынының ортасына шауып кіріп, жаңбырдай жауған оққа қарамастан əлгілердің алдында тұрған буы бұрқыраған балықты ала қашады. Сандорис осы қақтығыста жараланып ақыры құрбан болады.

Біздер əлгі зират басындағы мүсінге қайта оралайық. У.Фолкнер осы мүсіннің көлеңкесінде ойнап өсті. Бұл оның бойына ауыз əдебиетіне тамыр тартқан мифтік түс алатын образдарды сіңірді, өтіп кеткен тарихты тірі бейнесінде елестетуіне негіз қалады. У.Фолкнердің қаламынан туған дүние де шынайылық пен ойдан құрау тығыз қабысып, өткен мен бүгін еш айырғысыздай болып сіңісіп кеткен. Оның романдары мен əңгімелері бастан аяқ ӨТКЕН ІС ӨТІП КЕТПЕЙДІ- дегенді аңғартып тұрады. Ал, ауылға байланған мұндай түйсікте отбасы мен тарихқа қатысты сезімнің бəрін басып түсетіні белгілі.   

У.Фолкнердің өмірінде дүниежүзілік бірінші соғыстың алар орыны ерекше. Сол дəуірдегі көптеген жазушылар мен өнер адамдары сияқты Фолкнер де өз өмірін «барлық соғыс біткенді ақырластырып қайтқан солдат» -деген бір аңызбен əрлендіргісі келетін еді. Ол əсіресе ұшқыш болуды қатты армандаған, Англия əуе армиясының қатарына алынсам деген ойда болған. Оның бұл арманын орындауына отбасы мен басқа да істердің бөгет болуынан тыс, бастысы бойының қысқалығы бөгет болған (ол тапал болатын). Фолкнер өз ойын жүзеге асыру үшін тіпті жалған докметтер жасап, Англия əуенінде сөйлеуді үйреніп, Англия азаматымын дегенге дейін барған. Алайда, онысынан түк шықпайды. Кейінгі жұрттың Фолкнер туралы құрастырған аңызында оның осы əуе армиясына қабылданғаны туралы айтылым баршылық. Дəл бүгінге дейін Фолкнер ұшақ айдап Франция алғы шебінде немістің үздік ұшқыштарымен шайқасып, батырлық көрсеткен дегендерге сенетіндер бар. Өкініштісі, нақты жағдай бұлай емес: Фолкнер сол кезде Канада əуе армиясының қатарынан ұзай алмаған. Ол əуе армиясының жаттығу сабағын бітіріп алғы шепке аттануға дайындалған күндерде соғыс ақырласып кеткен. Бұған ол өмір бойы өкініп өткен.

Соғыс ақырласады. 1919 жылы, 22 жастағы Фолкнер ауылы Окспорутқа қайтып оралады. Ол өзін өнер адамымын, ақынмын -деп есептейді, суреттер сызып, француз тілінен өлеңдер аударады, соларға еліктеп өзі де ауыл өлеңдерін жаза бастайды. Окспурт пен Жаңа Арлианның арасын кезеді. Ойын-сауық қуып, серілікке салынып, еркін өмір кешеді. Білетіндер оны сонда «ғажайыптау жігіт» –десетін: үстіне Англия патшалық əуе армиясының бір түсті шымқай əскери киімін киіп алған ол кейде жалаң аяқ жалаң бас шауып жүретін. Сол жылдары жұрт оған «кəсіпсіз Барон» – деген лақап атта қойған. Оның отбасы сонда Мисури университетінің орталығындағы үлкен үйде тұратын. Содан да Фолкнер унверситеттегі өлеңді, өнерді қуған жастармен қоян қолтық араласып келген. Ол аз оқыған, ағылшын əдебиетінен нəтижесі төмен болған, бірақ, француз тілін жеттік білетін еді.

Көптеген адамдар Фолкнерді оқымай-ақ жарқ еткен талант деп біледі. Мен бұл сөзді онан ары созбай-ақ қояиын. Шындығына келсек оның оқымаған кітабы жоқ. Оның отбасында аса мол кітап қоры болған. Оның досы əрі ұстазы деумізге де болатын Ф.Стонда да кітап жететін еді. Бұл жігіт Окспуртта заңгер болып жұмыс істейтін. Ф.Стон кітап жиып қана қалмай Нью-Йорктан, Паржиден, Лондоннан, қала берді Берлиннен сол кезеңнің ең алғабасар, жаңа əдебиетін таныстыратын журналдар мен газеттерді жаздырып алып тұрған. Айтуға қарағанда Ф.Стон үнемі ауылға қайтып бара жатқан Фолкнердің машинасына қашанда жаңа келген кітап-журналдармен қоса бір құмыра уиски қосып қояды екен де: ауылда бос жатпай осыларды оқыи жат, оқып болсаң ауыстырып ал –дейді екен. Айтып айтпай Фолкнер дəл солай істеп отырған, оған қатысты көп деректің бəрі оның өзінен бұрын өткен жазушыларды дерліктей толық білгенін жəне солардан өзіне мол қор жинай алғанын аңғартады. Бұған бір мысал келтіруімізге болады: 20- жылдардың басында Фолкнер бірінші рет ресмилеу бір жұмысқа тұрған: ол Мисури университетінің поштасында бірнеше жыл жұмыс істеген. Бүгінде осы жұмыстың дұрыс жүрмегені туралы дерек көп. Ұстаздар мен студенттер жіберген жолдамаларының үнемі дерлік уақытында бармай қалатынына шағымданып отырған. Бір аптада баратын жолдама бұл поштада үнемі екі аптаға созылып кетеді екен. Мұндағы сыр дəл Фолкнердің кітапханадан мол қылып кітап қарыз алып, соның соңынан кетіп, күнделікті жұмысын ақсатып алатынынан болған. Фолкнер үнемі дерлік пошта тасығанның орнына, бөлменің артқы үйіне кіріп алып, есік-терезені тарс бекітіп, кітап оқуға отырады екен. Ақыры біреу оған бұл қылығыңмен жұмыстан кетесің -дейді. Айтқандайақ ол көп өтпей жұмыстан кеткен. Оның жұмыстан кету туралы арыз хаты бүгінде АҚШ əдебиетіндегі құнды материал ретінде бағаланады. Бұл хатты ол Мисури университетінің ректорына арнап жазған. Хатында ол: «Мен ешқашан да екі тиыны (марканың құны ғой –ауд) бар ақымақтардың айтқаны бойынша жүре алмаймын» –деген.   

Сонымен Фолкнер тағы да аулына оралады. Оның Парижға барып сондағы өнер қуған бір толқынға қосылу ойы жүзеге аспайды. Бұның себебі көп, бастысы ол Шервуд Андерсонмен танысып қалады. Кейін, бұл танысу туралы Фолкнердің қалжыңшыны араласа: «Мен сол кезде атақты Шервуд Андерсон деген жазушымен таныстым, ол түстен бұрын жазушылықпен айналысады екен де, қалған уақытын ішумен, ойнап-күлумен өткізеді екен. Содан менің де жазушы болғым келе қалды» –дегені бар. Осы жолғы ұшырасуда Шервуд Андерсон Фолкнердің бірінші кітабын жарыққа шығаруға өзінің көмек қолын созатынын айтады, алайда, оның қойған бір талабы ол шығатын кітапты сөзсіз оқып көруі керек. Сонымен 1926 жылы, Фолкнердің тұңғыш романы «Жауынгердің еңбегі» басылып шығады, бұл кітап жұрт арасында жақсы аңыс қозғайды, бірақ, шекті мөлшерде ғана таралады. Бұл роман түбін қуып келгенде «мəңгірген бір ұрпақ» жазушыларының қолтаңбасына жақын, өн-бойында Хемингуэйдің стильі бар туынды еді. Бұл роман Фолкнердің кейін жазған ел мен жерге, ауылға, ауылдың тарихы мен тағдырына саятын кəнігі тақырыбымен байланыспайтын. Фолкнердің екінші романы «Үйірлі масалар» 1927 жылы жарық көрді, бұл романның артқы көрінісі етіп Жаңа Орлиан алынғанды, кейіпкерлері бір топ ақын, жазушы, суретші дегендей — ойына келгенін істеуге құмар адамдар болатын. Басынан аяғына дейін өнерге қатысты айтылған жөнді-жөнсіз сөздермен толған бұл роман да Фолкнердің кейіннен қалап тұрғызған дүниесімен жұғыса бермейді.

Осы тұстарда Шервуд Андерсон Фолкнерге Жаңа Орлианның айғай-шуынан алыс кет, одан да ауылыңа қайт, сондағы өзің жақсы білетін ел мен жерді, ондағы адамдарды жаз -деп кеңес бере бастайды. Бұл аға жазушының дəл уағында айтылған адал ескертуі еді. Əубаста Фолкнер бұл ойды қабыл алмайды, оның шетелге шыққысы, Еуропаға барып Париждегі дабыралы топқа қосылғысы келеді. Бірақ, Еуропаға барып, бірнеше ай өткен соң, Париж кофелерінде сеңдей соғылысып өнер жолын қуып жүргендердің тірлігін көрген соң, өз ойынан қайтып, ауылын сағына бастайды. Ақыры жылдың соңына ала туған жеріне қайтып оралады.   

Фолкнердің бойында басқа өнер адамдарына ұқсамайтын бір қасиет — ол жаңалыққа өлердей құштар еді, бірақ, дəстүрді де сыртқа теппейтін. Ол жақын туыстарымен, көршілерімен қою араласқанды ұнататын, оларды жақсы көретін. Ол араласқан адамдардың ішінде ақ тəнділер де, негрлер де, үндістер де болды — жиып айтқанда олар əлгі жуас адамдар еді («Мұса, жолыңа түс» романында ол осы адамдарды осылай деп жазды. Біз бұны «Аюдан» да кездестіреміз) Фолкнер үнемі солармен бірге аңға шығып, балық аулайтын. Фолкнер ауылындағы той-думан мен мереке кезіндегі бас қосулардан қалмайтын.  Оның ауылында жұрты үнемі ауылдық үкімет орналасқан шағын алаңда, ағаш көлеңкесіне жиналып алып əңгіме айтысатын. Осындай шағын бас қосуларда Фолкнер де сағаттап тұратын. Ондайда не айтылмайды дейсіз. Өткен-еткен тарихтан тартып, көз алда істеліп жатқан дүниелер мен хабар-ошарға дейін бірі қалмай ортаға түсіп жатады. Фолкнердің шығармашылықтағы əлемі осындай шақтардан қанат қақты десек əсте артық айтқан болмаймыз. Оның шығармаларында ауылдың осы шағын алаңдары мен көше көріністері қашанда образды, сезімге толы əуенмен баяндалады.

Сыншылар Фолкнердің үшінші романы «Сандористы» жазушының өнерде тəлімгер кезеңін тамамдаған шақтағы шығармасы деп бағалайды. Осы романан кейін ғана Фолкнер өзіне тəн тақырып пен жазу мəнерін тапқан. «Сандорис» — Фолкнердің əлемі — Юкнафата шежіресінің ресми басталғанын көрсететін табалдырықтағы шығарма.  Бұл Фолкнердің ауылы мен оның айналасындағы жерлерді негіз ете отырып қаланған өзгеше шығармашылық əлем еді. Фолкнердің өзі айтқандай осы романнан бастап  ол «марканың үлкендігіндей ғана елі мен жері — жақсылап жазуға тұратынын, өмір бойы жазса да, ондағы істер мен адамдарды жазып тауыса алмайтынын білген» -еді.


Аударған –Гүлнар Ақан


Мақаланың аяғы: http://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=3&id=3555

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты