Жан-Поль Сартр (Jean-Paul Sartre): Қабырға - Қамал(I) (Әңгіме)

94b301421a872bc1837f7c27af827eeb.jpg (660×440)

«Қабырға - Қамал» - Жан-Поль Сартрдың ең үздік әңгімесі ғана емес, “болмысшылдық” әдеби ағымының үздік туындысы. Әңгіме алғаш рет 1937 жылы шілде айында «Жаңа француз шолуы» журналында жарық көрген. Әңгімені оқыған 1947 жылғы Нобель әдебиет сыйлығының иегері, француздың тағы бір әйгілі жазушысы А.Гид: “тамаша шығарма, мұндай шығарманы кезіктірмегенімізге көп болды . . . Арамызға болашағынан үлкен үміт күтуге болатын қаламгер келіпті” -деген. 1939 жылы осы әңгіменің атымен Сартрдың тұңғыш әңгіме жинағы жарық көрген. Әңгімеде 1936 — 1937 жылдардағы Испания іші соғысы кезіндегі адам тағдыры мен жазушының өмір туралы өзгеше пайымдауы жинақы баяндалған. Өмір деген күлеріңді де, жыларыңды да білмеу дейтін сияқты жазушы . . .  


Олар бізді итермелеп отырып жап-жарық үйге алып келді. Бастабында көзім жарықтан қарлығып ашқызбай қалып еді, көп өтпей анадай жерде тұрған үстелді, үстелдің аржағында материал көріп отырған, жай киімді төрт адамды ап-анық көрдім. Бізден бұрын келген тұтқындар төр жақта иін тіресіп тұр екен. Бізде сенделектей жүріп солардың қатарына барып тұра қалдық. Мен олардың арасындағы бірнешеуін таныдым, қалған бірнешеуі шетелдіктер сияқты. Қарсы алдымда тұрған екі адамның бастары бір қалыптан құйылып шыққандай доп-домалақ, шаштары алтындай сап-сары, бір-бірінен айырып танығысыз, мен екеуін француз болар деп тұспалдадым. Тапалдау біреуі шалбарын дамылсыз жоғары көтере береді, дəл есалаңның қылығын істеп тұр.    

Осы қалпымызда тіземізді бүкпей үш сағаттай қақиып тұрдық. Өнебойым сырқырап ауырып барады, əлде нені есіме алайын десем де, ала алатын емеспін. Бір тəуліктен бері үсіп өлудің аз-ақ алдында қалып ендік. Енді үйдің жылылығы мысымызды құртып барады. Күзетшілер тұтқындарды бірінен соң бірін үстелдің алдына апарып жатыр. Үстелдің аржағында отырған төртеу олардың аты-жөні мен кəсіптерін сұрастыра жөнеледі. Көбінде тым қазбалап кетпейді. Тек шет пұшпақтап қана: “сен оқ-дəрі қамбасын бомбалатуға қатынастың ба?” – деп сұраса, кейде: “9 күні тəңертең қайда болдың? Не істедің?” – дегендей ұсақ-түйек бірдеңелерді сұрастырады. Сұрақшылар қайтарған жауапты ден қойып тыңдап та кетпейді, немесе естімеген кісімсиді. Бір сəт үнсіз отырады да, алдарына тесірейе қарап алып, онан соң бірдеңелерін жаза жөнеледі. Олар Таңмудан халықаралық эскадронға əскер болғаның рас па деп сұрағанда, Таңму жалтара алмады, өйткені Таңмудың жанынан факт боларлықтай материал тауып алған-ды. Бірақ, Хуаннан ештеңе сұрамады. Десе де Хуан жөнін айтқанда көпке дейін бірдеңелерін жазып шұқылап отырып алды.

  — Менің ағам Хосса үкіметсізшілдерден еді, - деді Хуан, - сіздерге аян, ол бұл жерде тұрмайды, мен əрқандай партия-топ дегенге қатынаспадым, саяси əрекеттерден ат-тонымды аулақ салдым.   

Тергеушілер лəм-мим демеді, Хуан тағы сарнады: 

— Мен ештеме де істемедім, басқаларға жанымды жалдағым да келмеді.   

Ол ауыз-аузына тимей сөйлеп жатыр. Бір күзетші оны сөйлеуден тоқтатты да, алып шығып кетті. Енді кезек маған келді.

 — Бабуло Эбиета деген сіз боласыз ба? Мен басымды изеп қана қойдым.

  Біреуі менің деломдағы материалдарды көріп шықты:

 — Рам мен Гери қайда?

 — Білмеймін.

 — Айдың алтысынан тоғызына дейін сіз оны үйіңізде жасырғансыз.

 — Жалған сөз.

 Тергеушілер əлде бірдеңелерін жазып жатты.   Күзетші мені үйден алып шығып кетті. Таңму мен Хуан коридорда күзетшінің ортасында мені күтіп тұр екен, бəріміз қатарласып жүріп кеттік. Таңму бір күзетшіден:

 — Бізді қайтетін болды? – деп сұрады.

 — Нені айтасың? – деді күзетші Таңмуға.

 — Мұнысы тергеуі ме, əлде үкімі ме?

 — Үкім деген осы, -деді күзетші.

 — Сонда бізді қайтетін болды?

 — Үкім түрмелеріңе жеткізіледі, - деді күзетші түсініксіздеу жауап беріп.

  Түрме деп отырғаны жан-жағынан жел азынап тұрған, аяз қоқшақтатып отырғызбайтын, доқтырханаға қарасты бір қойма еді. Түн баласы тісіміз-тісімізге тимей сақылдаймыз, ал күндіз де оңып тұрғаны жоқ. Бес күннің алдында бізді ірі эпископ шіркеуінің абақтысына қамаған еді, бұл өзі орта ғасырда салынған түрме көрінеді. Тұтқын көп, түрме аз болғандықтан тұтқындарды жапқысы келген жердің бəріне жаба берген. Мен ол түрмеде тұруға төзе алмадым. Түрме үйі оншалықты суық болмаса да, бір бөлмеде өзімнен басқа жан баласы жоқ, жалғыздық жаныма қатты батты. Ал мына доқтырхананың қоймасында жалғыз емеспін. Бірақ серігімнің бірі Хуан жан баласымен бас қосып шүйіркелеспейтін, көлеңкесінен қорқатын су жүректің өзі. Қыршын жас қой, айта қоярлықтай онда не əңгіме бар деп  қоямын ішімнен. Оның есесіне Таңму тіл жақты болып шықты, испанша сөйлегенде майын тамызады.

  Қамбаның ішіне бір ұзын орындық қойылып төрт бойра төселген екен. Қайтып келген соң бойраның үстіне алқа-қотан отыра қалдық, көпке дейін тіл қатқан ешкім болмады. Бір кезде Таңму: 

— Біздің шипамыз бітті, - деді түйеден түскендей дүріс еткізіп.

 — Біткенде де біржолата біттік, - дедім мен де, - бірақ, мына балаға ештеңе қылмайтын шығар.

 — Əлгілер Бұған пəленді істедің деп шұқшимады ғой, - деді Таңму, - бұның ағасы ғана қару ұстаған, бар болғаны сол.

   Мен Хуанға қарадым, ол ештеңені де естімегендей сілейіп отыр. Таңму сөзін сабақтады: 

 — Бұлардың Салагасада істеген кереметтерінен естігендердің бар ма? Бір қора адамды тасжолға жатқызып қойып, үстінен автомобил айдап өтіпті дейді. Мұны бізге Молог жақтан əскерден қашқан бір солдат айтты. Олар бұлай істеу оқ-дəріні үнемдеуге пайдалы депті.

 — Бəрібір бензин жұмсапты ғой, - дедім мен Таңмудың қисынсыз сөзді көститкенін жаратпай.

  — Бірнеше офицер жол шетінде олай да, бұлай да ойқастап жүріпті, - деп Таңму тағы да безектеді, - қолдарын сымдарының қалталарына салып, темекілерін тартып, тақ бір тамашаға келгендей-ақ бəрін көріп тұрыпты. Олар сөйтіп ың-жыңсыз ғана əлгілерді жайғай салған. Бірақ, бұған менің шүбəм бар. Көзін жойғысы келгендерді қалай да бірер дүркін бақыртып алмаса несі кісі. Əлгі Мологтык “шелпекше тапталып жатқандарға бір қарап қаламын деп құсып жібере жаздадым” дейді.

 — Бұлар осы жолы да солай істейді дегенге тақ мен сенбеймін, - дедім мен, - дəл бүгін оқ-дəріден құрып отырса да.

  Күн сəулесі төрт боздық пен дөңгелектеп тесілген бір булықтан үйге түсті. Төбенің сол жағын ала тесілген булық аспанға қарап аңырайып тұр. Оны жайшылықта қақпақтап қоятын болса керек. Булықтың астында бір үйме көмір жатқанына қарағанда, көмірді қоймаға осы булықтан кіргізген көрінеді. Доқтырханаға жағатын көмірді де осы жерден алып тұратын сияқты. Соғыс басталған соң емханадағы науқастар алды-алдына бас сауғалап кетіпті де, булықтың қақпағын жабу ешкімнің паруайына келмегендіктен көмір төбеден кірген жаңбыр суымен араласып, шеге болып қатып қалыпты.

Таңму тоңғанынан селкілдей бастады.

— О, жасаған, қатып қалдым ғой, мына пəле тағы қайдан сап ете түсті, - деп күңкілдей жүріп, құнжық қағып дене əрекет жасауға кірісті. Арбаң-құрбаң етіп керіліп-созылған сайын, көйлегінің омырауы кереқарыс ашылып, аппақ, түкті кеудесі жарық ете түседі. Шалқалап жата қалып аяқтарын жоғары қарай сермегенде төңкерген қазандай жуан бөксесі аузы-мұрынынан шыға іркілдеп тұрған сабадай шалбарына симай былқ-былқ етеді. Мына немені түйе қарын сарымайды піскендей қылып найзамен піскілесе, я болмаса оқпен жүнше түтсе қандай қызық болар екен деп күлкім келді. Таңмудың жойдақсыз шелденген жардай кесек бітіміне қарап отырып, егер ол тарамысына ілініп жүретін əлде біреулер сияқты болса мұндай ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген болар еді деген ой келді маған.

   Иығымнан қолымның басына дейін жансызданып барады. Үстімде бір нəрсем кем сияқты, жанжағымнан палтомды іздедім. Олардың маған палто бермегені кілт есіме түсті. Өліп бара жатсаң да мыңқ етуіңе болмайды. Олар біздің пальтоларымызды шеріктеріне үлестіріп беріп, бізге тек өзіміздің көйлеккөншектеріміз бен емханадағы науқастардың жаздық кездеме шалбарын ғана қалдырған-ды. Əрі-беріден соң Таңму менің жаныма келіп отырды да күрсініп жіберді.

 — Сен тоңған жоқсың ғой деймін.

  — Қай жырғағаннан дейсің,  күрсінуге де дəрменім келмей отыр.

Кешкі сағат сегіз мөлшерінде бір майор екі ұзын мылтықты мүриттерін ертіп салаң етіп жетіп келді. Майордың қолында тілдей қағазы бар. Ол күзетшіден:

— Мына үшеуінің есімдері кім? – деп сұрады.

— Станка, Эбита, Меирбаир, - күзетші есімдерімізді қолмен қойғандай айтып шықты.

Майор кеңсірігінің үстіне кигізген көзілдірігінен қағаздағы есімдікке қарады:

— Станка . . . Станка . . . е, мұнда, ə, сіз өлім жазасына үкім етілдіңіз, ертең атыласыз.

Ол есімдікті тағы бір шолып шығып: — Қалған екеуіңіздікі де өлім жазасы, - дей салды жай ғана. — Ондай бола қоймас, - деп бір жағынан киіп кетті Хуан, - мен оның ішінде емес шығармын. Майор оған таңдана қарады:

 — Сіздің атыңыз кім?

 — Хуан Меирбаир.

 — О, сіздің атыңыз мұнда тұр  екен, - деді майар, - сізде өлім жазасына үкім етіліпсіз.   — Мен ештеме істеген жоқ едім, -деп безек қақты Хуан. 

Майор иығын бір қомдап қойдыда Таңму екеуімізге бұрылды:

 — Сіздер Баскалықсыздар ма?

 — Бұл жерде бірде бір Баскалық жоқ.  Ол ішінен тынып қалғандай болды:

 — Біреу маған осында үш Баскалық жатыр деп еді, арғы-бергілеріңізді тектеп уақытымды ысырап еткім жоқ, əрине, боп шақырып мінəжат еткілеріңіз келмейтін шығар.

Біз лəм-мим демедік. Майор:

 — Аздан соң осында бір Белгиялық дəрігер келеді, ол бүгін түнді əмір бойынша сіздермен бірге болмақшы, - деді де əскери құрмет білдіріп шығып кетті.  — Осы жолы шипамыз бітті деп əлгінде айтып едім ғой, - деді Таңму.

— Қателеспеппіз, бірақ, мына бала обалды кетті ғой, - дедім Хуанды меңзеп. 

Сөз салты ретінде айта салғаным болмаса, балаға қабырғам қайысып тұрған жоқ-ты. Оның ұрт еттері салбырап, еңсесі күрт түсіп, сиқы кісі шошырлық болып кетіпті. Бұл жүгірмек үш күннің алдында ғана орқояндай секіріп тұр еді. Ал бүгін, алжыған кемпірше алжа-алжасы шығып отырған түрі мынау. Бала босатып қоя бергенде де, енді қайтып жас дəуіренімен табысуы мұң болар. Оны мүсіркеп қойсам да ештемем кетпес еді, бірақ, мүсіркеу дегенді жаным сүймейді, мұндай атты сөз шықса төбе шашым тік тұрады.   

Хуан бір ауыз тіл қатпастан көгеріп, талаурап отыр. Шатынаған көздерін еденнен бір тайдырмайды. Таңмудың көңілі босап оның қолынан ұстамақшы болып еді, бала шошынды тиген адамша қолын тартып алды да Таңмуға ит көрген тайынша көзденіп, үрейлене қарады. 

— Өз еркі білсін, -дедім мен бəсең үнмен, - қарап тұршы өзіне, қазір-ақ өңірегелі тұр. 

Таңму менің айтқаныма келіскендей болғанымен іштей əжептəуір күйзелді. Ол бар ынтасымен баланың көңілін аулағысы келді, осы бір басы артық жұмыс жолында өзін де ұмытқандай түрі бар. Дəл осы сəтте айтарға болмаса менің де бойым бір ысып, бір суып отырды. Бұрын ажал алқымнан алып тұрмаған соң, өлімнің не екенін паруайға алмаппын. Ал қазір ақтық демім бітіп жан тапсырудың алдында тұрмын. Мұндайда назарыңды бұрып əкететін басқа дəнеңе болмағандықтан ылғи əзірейілді ғана ойлайды екенсің.  

 — Адам өлтіріп көрдің бе, сен? –деп Таңму сөз қозғады.

Жауап қайырмадым. Ол маған тамыздың ортасынан бері алты адам өлтіргенін жасырып жаппай-ақ айтып берді. Таңму ол кезде адамды қалай өлтіргенін білмейді екен, байқасам сол бір жағдайды оның ендігəрі білгісі де келмейтін түрі бар. Ал, мен, қазірге дейін бірдебір адам өлтіріп көрмедім. Тек, жаңбырша жауған өрттей ыстық оқ өңменімнен өте шықса шыбын жан қаншалықты қиналар екен деп ойлай беремін. Жарық дүниемен қалай қоштасатынымызды салмақтырақ ойластыруға əлі де мұрсатымыз бар. Аздан соң Таңму сөзден қалды. Көзімнің қиығымен оны байқап отырмын. Оның өңі де қуарып адам қарағысыз болып кеткен. “Қызықтың əкесі енді болады” деп ойлап қойдым. Ымырт үйріліп барады, боздықтан əлде бір əлсіз сəуле үй ішіне түскенде үйіліп жатқан көмір бір қара төмпеш болып ғана көрінді. Булықтан аспанға қарағанда бірер жұлдызды көзім шалып қалды. Аспанда жұлдыздар самсыған, жер бетінде аяз сақылдаған ызғарлы түн келе жатқандай.

Есік ашылып екі күзетші кіріп келді. Белгиялықтарша киінген сары шашты бір ер адам ілесе кірді. Ол бізге ылтипат білдірді де:

— Мен дəрігермін, əмір бойынша бүгінгі ауыр түнді сендермен бірге өткізгелі келдім, - деді.   

Үні жайдары, сөздері мамырлап шығады.

— Сіз бұл жерде не істемекшісіз?

 — Сендерге қолғабысымды тигізгім келеді, бəлкім, менің септігім арқасында осы бірнеше сағат ішінде тым күйзеліп кетпессіздер.

  — Сіз неліктен мұнда келдіңіз? Басқа абақтыларда жоқ емес, жаралылардан аузы-мұрыны шығып жатқан казарманың емханасы анау.

 — Олар мені осында жіберді, - ол жайбарақат қана жауап қайырды, - пəллі, темекі тартқыларың келетін шығар, - ол сөзін сабақтай жөнелді, - менде палмер бар, сигар да жоқ емес.

Ол бізге бірнеше тал ағылшын палмері мен испания сигарын ұсынды, біз алмадық, мен оған тігіле қарап едім, ол айтарға болмаса дардай именіп қалды. Мен оған:

— Сіз бұл жерге ет бауырыңыз елжіреп келіп тұрған жоқсыз, сізді танып тұрмын, мен ұсталған күні сіздің бірнеше фашистермен бірге казарманың ауласында тұрғаныңызды көргенмін.

Мен жалғасты сөйлей бермекші едім, бірақ өн бойым бір түрлі шымырлап кетті. Доқтырдың алдында ұнжырғамның əп-сəтте түсіп кеткеніне қайран қалдым. Жайшылықта мен біреу-міреумен шүйіркелесе кетсем сөзім аяқтап бермейтін. Ал, қазір, бір-екі ауыз тілге келмей жүйкем құрып барады. Иығым төмен түсіп, дəрігерден жанарымды тайдырып əкеттім. Аздан соң көзімді ашып, басымды көтерсем дəрігер маған таңдана қарап тұр екен. Күзетшілер бұйраның үстіне ығы-жығы жайғасып алыпты. Петро дейтін тарамысына ілінген ұзынтұра біреу саусақтарын айқастырып, бас бармағын шошаңдатып отыр. Тағы бір күзетші қалғып кетпеу үшін басын дамылсыз кегжитіп ұстайды.

— Сізге шам қажет пе? – деп сұрады Петро дəрігерден. Дəрігер “қажет” дегендей басын изеп қойды. Басың гранит тастан бетер қатып қалған-ау, əйтпесе осыншалық сұмпайы болмаған болар едің-деп өзімше дəрігерге баға беріп отырмын. Дəрігердің сұсты да адырайған көкшіл көздері оның нақ көкмидың өзі екенін айтпай-ақ аңғартып тұр. Петро шығып кетіп еді, əлден соң бір май шам көтеріп келіп, орындықтың бір бұрышына қойды. Шамнан мандыған жарық шықпағанымен жоқтан көрім еді. Алғашқы күні түнде көрдей қараңғы үйге қамап қойғаны есімде. Шам жарығынан төбеге түскен шғңбер сіпетті сəулеге көпке дейін қарап жатамын деп көзім шыбартып кетті. Жалма-жан бойымды дұрыстадым, жарық шеңбер ғайып болыпты. Еңсемді басып тұрған зілдей ауыр бір нəрседен құтылғандай болдым.

Өлімді көп қаперіме алмағандықтан ба, онша бір қорқып кетпедім. Десе де əлде бір буалдыр нəрсе мықтап торлап алды. Екі бетім оттай ысып, сансыз инемен тігіп жатқандай шанышқақтайды.

Бұрылып екі серігіме қарадым. Таңму басын қос қолымен шеңбектеп алыпты, шодырайған аппақ шүйдесі ғана көрінеді. Хуан қатты қайғырғандықтан аузы ашылып, танауы қусырылып кеткен. Дəрігер баланың жанына барып, бір қолын оның иығына салды. Көңілін ауламақшы көрінеді. Бірақ, дəрігердің жанарынан баз-баяғысынша заһарлы ұшқын шашырап тұр. Соның ізінше ол іздеген нəрсесін таба алмай жүрген адамша қолын Хуанның білегінен қолдың қарымына қарай ақырын жылжытып апарды да, əнтек шегініп ту сыртын маған берді. Мен басымды көтере беріп оның сағатын алып шыққанын, баланың тамырын ұстап отырып сағатына қарағанын байқап қалдым. Сəлден соң ол тамыр ұстап отырған əулетсіз қолын босатып алды да, қабырғаға сүйеніп тұра қалды. Одан кейін аса маңызды бір нəрсе кенет есіне түсе қалғандай-ақ жанқалтасынан естелігін суырып алып бір беттің басына бірнеше жол жазу жазды.

—Доңыз, жігіт болсаң менің тамырымды ұстап көрші, сасық аузыңа бір қойып, жағыңды бұзып жіберейін, - іштей сілтідей тынып мен отырмын.

   Ол менің маңайыма жуымады, бірақ, дамылсыз сұқтана қарай берді. Басымды көтеріп оның жүзіне тесірейе қарадым. Ол салқын раймен:

 — Сіз суыққа қайтып шыдап отырсыз? – деді.

Өзі бозарып кетіпті.

 — Тоңған жоқпын, - дей салдым.

  Ол маған қайта-қайта қарай берді, жанары сұсты екен өзінің.

  Қара сүмек болып самайымнан сорғалаған терді сүртіп отырғанымды енді сездім. Қойма ішінде аяз жалақтап, жан-жағынан жел азынап тұрса менің сорпам шығып тер басып отырмын. Басымды сипағанымда шашымның терден білтеленіп кеткенін байқадым. Көйлегім суға малып алғандай денеме жабыса береді. Терлегеніме бір сағат болған сияқты, кезінде титтей сезбеппін. Бірақ Белгиялық мұның бəрін мүлт жібермей байқап тұрыпты. 

Ол менің самайымнан сорғалаған терді көріп тұр екен. Ол фатологиялық қорқыныш жағдайында, үйдің суығын сезбегеніңе бола марсиып отырмысың деп мені іштей табалап тұрған сияқты. Мен оның жағын ұсатып жіберетін болып, орынымнан түрегелмекші едім. Амал не, қолымды бір сілтеуге шамам келмеді, намысым мен ашуым бірден ғайып болды да орындыққа сылқ етіп отыра кеттім. Самайымнан құлдай аққан тер мойынымды жуып, мазалай берген соң шытыммен мойынымды сүрте бердім. Аздан соң сүрткенді де қойдым, оның түкке септігі болмады. Шытым суға малып алғандай шылқылдап кеткен. Тер моншақтап ағып тұрды. Сауырымнан аққан терден сымым шылықшылық етіп орындыққа жабыса береді.

Хуан кенет:

  — Сен дəрігермісің? – деп күңік ете түсті.

  — Иə, - деді Белгиялық.

 — Көпке дейін . . . Қиналамыз ба?

 — Ау, əлі . . . əлі жете берген жоқ, - Белгиялық бейне қормал əке іспетті елжіреді, - аяқтайын деп қалды.

Дəл бір ақша жұмсап көрген науқас адамды жұбатып отырған сияқты.

— Маған . . . Біреу айтып еді . . . Қалайда екі тал оқпен атады деп.

 — Кейде солай, - Белгиялық басын изеп қойды, - алғашқы оқ талмау жерден тимесе.

 — Ондай болғанда, екінші оқты тағы да көздеп ата ма? Хуан есеңгіреп қалған сияқты, сандырақтап сөйледі, - арасында біраз кідіретін болды ғой!  

Хуанда дəрмен қалмағандай, жан азабына төзе алмағандықтан кешке дейін өлімді ойлай береді, Хуанның жасындағы адамдар өзі де солай болады ғой. Ал менің енді өлетін болдым-ау деген ой паруайыма келер емес, ажал хабарын естіп үрейден терлеп отырғаным тағы жоқ.   

Түрегелдім де ілбіп басып үйілген көмірдің жанына бардым. Таңму селк ете түсіп маған ежірейе қарады. Бəтіңкемнің еденге сүйрете басылған дыбысын жаратпаған сияқты. Ол да сүмек болып терлеп отыр екен. Менің өңім де Таңмудікі сияқты көгеріп кеткен бе, өзім де байыбына бара алмадым. Аспан ашық тұр, ал біз тұрған қараңғы зындан ішіне түскен жылт еткен сəуле көрінбейді. Жеті қарақшы көрінер ме екен деп аспанға көз салдым. Алайда, мұндағы жай алдыңғы бір түрмедегіге ұқсамай шықты. Алдыңғы күні түнде үлкен эпископ шіркеуінің абақтысында аспанға көз салғанымда, түңіліктей жерін көріп едім. Ал күндізінде əлде неше сағат уақыт бір минуттай білінбей зымырап, əр нəрсені еске сала берген. Тəңертең, аспан кіршіксіз сұлу сымбатымен көріне қалғанда, көз алдыма Атлант жағалауындағы ұшы қиырсыз қайран елестеді; Шаңхан түсте, нұр дидарлы  күнге қарап тұрып, Саивилиядағы бір шарапхананы есіме түсіргендей болдым; сол шарапханадан иісі танауымды жаратын арақ ішіп, метіренің етін жеп, зайтунның дəмін татқам. Түстен кейін ала көлеңкелеу бұрышқа отырып алып, қақ жарымы ашық, қалған жарымы бүркеулі тұратын бұқа сүзістіру майданын қиялдадым. Жершары дəл менің алдымда шыр көбелек айналып тұрғандай бір сезімге бөлендім. Тағы сондай бір дəмемен аспанға қарасам, ол мені өзіне мүлде тарта алмады.   

Таңмудың жанына қайтып келдім, түннің көп уақытын өткізіп жіберген сияқтымыз. 

Таңму бүлкілдеп сөйлей бастады. Сөйлегені де көрім болды, егер жақ кірісін ашпаған болса, ананы да, мынаны да уайымдаймын деп, есі ауысып қалғандай еді. Алғашында мені көріп сөйлеп отыр ма екен деп едім, бірақ мені көрмепті. Бəлкім өңім көгеріп, самайымнан тер моншақтап отырғандықтан түзу қарауға дəті шыдамаған болса керек. Бір-бірімізге түзу қарай қалғанда, үрейлі кеспірімізді айнадан көргеннен бетер қорқыныш билейді. Өйткені біздің түс-тұрқымыз қарайлас еді. 

 Таңму Белгиялыққа — осы бір нақ тірі адамға қарап алды.

— Сен түсінесің бе, сен . . . – деді Таңму маған бұрылып, - мен ештемені де түсінбедім.

 — Не болды?

 — Біз бір жұмбаққа кез болғандаймыз.

Таңму жақтан бір түрлі иіс шығып тұр, мен бұрынғымнан бетер иісшіл болып алғандаймын.

— Аздан соң түсінесің, - дедім салқын күліп.

 — Дəл қазір түсіне алатын түрім жоқ, - деді ол кеңкілдеп, - азда болса қайрат көрсеткім келеді, дауысын естісем де болар еді . . .  Олар бізді аулаға алып шығып, əне, қарсы алдымызға келіп сап түзеп тұрып жатыр, өздері нешеу деші?

 — Білмедім, бес, иə болмаса сегіз болар, онан артық болмас. 

— Жарайды, сегіз-ақ болсын, біреу оларға “көздеңдер” деп əмір береді, сегіз бірдей мылтық бізге қарап төнеді, мен қамалдан ары өтіп кетейін деп бар күшімді жинап, бөксеммен түйгілеймін, бірақ қамал-қабырға мені алдыға қарай итеріп тастайды. Түс көріп отырған сияқтымын. Тамаша бір қиял дүниесіне сүңгіп барамын, түсінесің бе.

 — Саған ұқсаймын - дедім мен, - мен де қиялдан кенде болып отырғаным жоқ.

  — Жаным қиналып кетті, аналардың көзі менің ауызымды көздеп істен бір-ақ шығарғалы тұрғанын білсең нетті, - деді Таңму өзеленіп, - баяғыда-ақ жаралы болғанымды білемін. Басым мен мойынымның қақсағанына бір сағат болды, шын ауырғанына жол болсын, одан бері удай ашиды. Мені ертең күтіп тұрған дəл осы ауру, одан кейінгі жерде не боламын?  Оның нені айтып отырғанын білсем де түсінбегенсіп отыра бердім. Өзім де жырғап отырған жоқпын, тұла бойым сауыт жара сияқтанып, басымнан бақайыма дейін кеміріп əкетіп барады. Бірақ Таңмудан көрі қайсар сияқтымын.

 — Одан кейін бе, - дедім мен, - одан кейін біржола бітесің, бақпақтың үкісінше біржола тозаң боп тозып жоғаласың.

Таңму күбір-күбір сөйлегенде екі көзін Белгиялықтан бір тайдырмады. Ал Белгиялық біздің сөзімізді естімегенсіп өз алдына тұр. Оның не мақсатпен келгенін біліп болдым. Ол біздің нені ойлап, нелерді айтатынымызды білгісі келіп отырған жоқ, қос жанары шырадай жанып, өлімге кетіп бара жатқандардың қызығын көруге келіп отыр.

— Түс көріп отырған сияқтымын, - деді Таңму, - ылғи бір нəрсені ойлай берсең, басыңды “біттің” деген бір сөз тас қып шырмап алады екен де, соның не екенін түсіне бергенше, əлгі елес лып беріп ғайып болады. Мен өзіме-өзім: енді дəм-тұзың біржола таусылды деп ескерте беремін. Олайда, бұлайда толқып қайтерімді білмеймін, бір байламға келе бергенде, соның өзінен тағы да айрылып қаламын. Тағы да көз алдыңа тарстұрс атылған мылтық, жан үзер алдында қиналып жатқаның келе қалады. Алдыңда ант етейін, мен материалистпін, есімнен адасып қалғаным жоқ. Бірақ өзімнің мəйітімді көріп отырмын, маған осы жері батып барады. Мəйітті көру деген қанша кісі шошырлық нəрсе еді, тəйірі. Десе де өз мəйтіңді өзің көру деген бір сұмдық қой. Мен ендігəрі ешнəрсені көре алмаймын, ешбір дыбысты ести алмаймын. Дүние басқалардың тіршілігі үшін қалып барады. Бабуло, сөзіме сенші, тағы да сол əзірейілді күтемін деп түн бойы кірпік айқастыра алатын түрім жоқ. Пəниден бақиға көшер алдында жан иесінің бəрі бірдей бола бермейтін сияқты. Ажал тұзағы қыл мойынымызға мықтап ілінді, Бабуло, біз əзірейілдің алдында қайтерімізді əлі толық шамалап кеткеміз жоқ.

  — Қысқарт енді, - дедім оған, - мұңыңды шағатын адамды тапқан екенсің.   

Ол қарсы жауап қайырмады. Енді Хуанмен сөйлесіп кетті. Бабуло, Бабуло деп менің атымды əлсінəлі атай береді. Бірақ үнінде үлкен өзгеріс жоқ. Ирландиялықтар шетінен осылай бола ма, əйтеуір Таңмудың қылықтарын жаратпадым. Таңму жақтан несеп иісі шығып тұр.  Шынымды айтсам Таңмуға ішім жылымайды, онымен о дүниеге бірге баратын болдым деп қайдан жан тарта қояйын. Кейбір адамдармен, мəселен, Рамен, Геримен басым қосыла қалғанда менің жайым мұнан басқаша болушы еді. Бірақ Таңму, Хуандармен танысқан күннен-ақ өзімді мүлде жалғыз қалғандай сезіндім. Рамен, Геримен бірге жүргенде ішім босап сала беретінін, ойлағанымда жауатын күндей түнеріп кеттім. Ендігі сəттерде доңыз айбатымды сыртыма салып отыруыма тура келді.

Таңмудың ойы он бөлек, санасы сан бөлек болып, əлде бірдеңелерді күбірлеп қояды. Оның ешнəрсені ойламау үшін тынбай сөйлеп отырғанында дау жоқ. Ол қара қаптал болған адамша мұқым денесінен несептің күлімсі иісі бұрқырап тұр. Оған бəзбаяғысынша ішім жылыр емес. Бос белбеулік етсем менің де сандырақтайтын түрім бар, ажал жан баласының бəріне бірдей емес пе. Мен жан тартқыш əзірейілді ойлағаннан бастап барлық нəрселер: ана үйіліп жатқан көмір, мына тұрған орындық, Петроның сиықсыз ұсқыны . . . бəрі-бірі өз бейнесінде көрінбей тұр. Бірақ соның бəрін Таңмумен қосып уайымдай берсем, жан дүниемнің күйреп кететінін түсінемін. Дегенмен, түн бойы тек ішінара уақыттан тыс бірдей узақым шеккенімізді, бірдей қан сорпамыз шығып терлегенімізді, қалтырап тоңғанымызды əбден білемін. Таңмуға қырын жағынан сəп салғанымда өңінен ажал елесі сияқты ғажап бір бейнені бірінші рет байқап қалып, жүрегім мұздап сала берді. Таңму екеуіміз 24 сағатты бірге өткіздік, əңгіме шерттік. Меніңше Таңму екеуіміздің тек тамұқ табалдырығынан бірлікте  атайтындығымыздан ғана өң-іретіміздің бірбіріне парықтағысыз күйге түскенінен басқа  ешбір ортақ жеріміз жоқ сияқты. Əлден уақытта Таңму менің қолымды ұстай алды да, жүзіме түзу қарамастан өз алдына тұрып:

—Бабуло, мен . . . Мен адам құсқа айналып кетсе деймін, - деді міңгірлеп. Қолымды тартып алдым да оған:

 —Аяғыңның астына қарашы, шошқа, - деп қалдым төтесінен.  

Ол отырған жер көл болып кетіпті, шалбарынан аққан су жерге тырс-тырс тамады.

—Бұл немене, сонда? –деді ол шошына.

 —Ауыңа жіберіпсің, - дедім мен оған.

 —Бұл мүмкін емес, - деді ол буырқанып, - сиіп жібергенімді сезсем бұйырмасын.  

Белгиялық таяп келіп:

—Жайсызданып отырсыз ба? – деді жантартқан кісімсіп.

Таңму тіл қатпады. Белгиялық жерде шылқылдап жатқан суды көрді де тіс жарып ештеңе демеді.

— Қалайдан-қалай осы күйге түскенімді білсем, құдай төбемнен ұрсын, - деді Таңму кекті əуенмен, - қорқып кеткенім жоқ, сізге қорықпайтындығыма ант етемін.

Белгиялық жақ кірісін ашпады. Таңму орнынан тұрып бұрышқа барды да дəрет сындырды. Қайта келіп, ауын түймелеп орнығып отырды, лəм-мим демеді. Белгиялық естелік жазып жатыр.

Үшеуіміз Белгиялыққа қарап қалыппыз. Ол тірі адам ғой, тірі адамша қимылдап, тірі адамша ойланып отыр. Үйдің суығын сезіп қалтырайды. Өйткені бойында жаны бар адам ғана тоңғанын сезеді ғой. Ол ұлы денесін емін еркін меңгереді, оның үстіне қимыл-əрекеті еркінің əміріне əбден бойсынады. Ал біздің өзімізді меңгеру қабілетінен айырылып қалғанымыз қашан, қалай істесек те əлде бір жайсыз сезімнен айрыла алмай-ақ қойдық. Ауымды сипап көргім келеді-ақ, бірақ оған батылдық ете алмаймын. Белгиялықтың қимылын бағып отырмын. Ол ұмсынып орнынан тұрды, мұқым денесі ой жүйесінің əміріне сай əрекетке келеді. Ол ертеңге жетуді көксейді. Қу шөлмектей болған үш аруақ қан сорғыш ібліс сияқты обып жіберердей, оған ішіп-жеп  қадала қараймыз. Белгиялық ақыры кішкентай Хуанға таяп барды да оның басы мен мойынын сипап көрді. Ол Хуанды кəсіптік дағдысы бойынша ма, əлде мүсіркеп сипады ма, білмеймін.Егер мүсіркеген болса, онда бұл оның осы түнде көңілінің бірінші рет жібуі.


(Жалғасы бар.)


Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты