Ардақ Нұрғазы: АЛМА МЕКТЕБІ (The School of Apple)

9650a4546c20fa1e5134587f20705139.jpg (517×512)

(Романнан үзінді)

1. Кітап бөлме

Мен, басы істемейтін, сорлы біреумін. Жұрт мен жөнінде солай ойлайды. Тіпті, әйелім де, қызым да сол түсінікте. Оны олардың маған қараған қарасы, менің сөзімді қағыта, қабыдағысы келмей тыңдайтынынан аңғарамын. Үлкен ұлым қауіпсіздік саласының маманы, өзін аса ақылды, білгір санайды. Барлық жағынан шешеме тартқанмын деп біледі. Менімен көп сөйлеспейді. Ондағысы бойына өзінен төмен, заманға үйлеспейтін, ақылы кем, ойламы шолақ адамдарды тоғытпайтыны. Онысын көбінде жасырып қалады. Өзін оңайшылықта ашпайтын кісінің қатарында, кіммен болса да күлімсіреп, жылы шыраймен тіл қатысатын, бірақ, былай бұрылса болды танымастай өзгеріп жүре беретін, сондай бір мәдениетті қабылдаған түрі. Қоғам, араласатын ортасы оны солай жасауға әбден үйреткен. Маған ол түсінікті. Бірақ, оны ашып айтып жатпаймын. Не қажеті бар. Біздің үйде кіші ұлым, тоғыз жаста. Менімен дұрыс сөйлесетін бір адам сол. Ол бала, кіммен болса да дұрыс сөйлеседі, ойланбай тіке өз ойын айтады. Екеуміз тіл табысамыз. Не айтыссақ та, алыссақ та, тіпті, байсалды мәселелерді сөз етсек те, айталық, менің мамандығым философия туралы сөз болғанда да біздер тең тұрып, ыждағатпен тілдесеміз. Екеуміздің ортамызда басқалармен салыстырғандағыдай аралық жоқ. Мен мұны ұлымның балалығынан деп білемін. Бір кезде үлкен ұлым да сондай сияқты еді. Ол да менімен жақсы тіл табысатын. Бірақ, уақыт өте келе, есейе келе, екеуміздің арамыз салқындай берді. Ол ержетті, біз бір-бірімізден алыстай түстік. Оның өз өмірі, менің өз тірлігім басталды. Содан барып бір үйде, бір дастарқанның басында ортырсақ та, тіпті, кәдімгідей сөйлесіп, еменжарқын әңгіме дүкен құрсақ та, күнделікті өмір туралы айтысатын болсақ та, бәрібір, біздің арамыз бұрынғыдай емес, алыстап бара жатқаны белгілі еді. Мен мұны ұлымның есейгендігі деп білемін. Мүмкін, кіші ұлым да есейер, ол да ағасы сияқты, бір күні өз өмір жолына түсер. Өкінішті әрине. Бірақ, оған не шара. Мен әр рет онымен алысып ойнап, мәз болғанда, оның еркіне бағып, ойнайық деген ойынының бәріне көніп, дегенін істеп мәз болып жүргенде ойланамын. Күндердің бірінде сен бұл ойындарды ойнамайсың, маған да «ойнайық» деп айтпайсың, ол кезде өміріңде басқа ойын орнын басады. Ол уақыт та көп күттірмей келер. Бірақ, сол күнге дейін мен сенімен ойнай беремін, деймін.  Әйелім Сара сән саласының бетке басар тұлғларының бірі. Жасы елуден асып кетсе де, жастарға тән ашық реңді киім кигенді ұнатады, айналасына жиырма мен отыздың арасындағы қыз-жігіттерді жиып алған. Таңның атқанынан, күннің батқанына дейінгі тірлігі киім, сән үлгісі және тынымсыз жұмыс. Ерте кетіп, кеш келеді. Әйтеуір бірдеңеге асығып жүргені. Қызым шет елде университеттің төртінші жылдығында оқиды. Болашақта шешесінің ізін басуды қалап, дизайн мамандығын алуда. Мен болсам университетте философиядан сабақ беретін оқытушы едім. Бірақ, соңғы кездері жұмысты тастадым. Неге олай істегенім өзіме де айқын емес. Әйтеуір бір күні тәңертең орнымнан тұрдым да таңғы асымды ішіп болған соң үй ішінде сенделіп біраз жүрдім, бірдеңемді таба алмай жүрген жан сияқтымын. Іздеп жүргенім күнделікті жұмысқа апаратын бес кітап сиятын бұлғары қара сомка. Сол сомканы таба алмай-ақ қойдым. Жұмыс бөлмеде күнде тұратын жерінде жоқ. Өзім қайда қойғанымды білмеймін, өзім білмегенде басқалардың оны білмейтіні тіптен анық. Олар қарап та қоймайтын сомканы біліп не қылсын. Сонымен, ақыры сумканы таба алмдым да, жұмыстан кешіктім. Кешігіп жатқан соң кезекші ұстазға телефон соңып өзімнің кешігіп жатқанымды айтып, бәрі дұрыс болса көп аялдамай жететінімді ұқтырдым. Телефонды үзген соң ойланып қалдым. Шынымен маңызды бір жұмысты бітіргендей сезіндім, әжептәуір жеңілдеп қалды. Сомкамны іздеу емес, жалпы ешқайда бармай-ақ қойсам, жұмысқа, тіпті, шықпай-ақ қойсам деген ой келе қалды. Маған сол түкке қажеті жоқ, мәні де мағынасы да қалмаған жұмыстың не керегі бар. Жұмысқа мен қажет емес, маған жұмыс қажет екен. Ойласам, жұмыс мені желкелеп, мініп алыпты. Сонымен жұмысқа барғым келмей қалды. Үйде өзімнен басқа ешкім жоқ. Менің бар-жоғымды, қайда тұрып, қайда жүргенімді керек қылатын, іздейтін пенде жоқ. Үш қабатты иен үйде жетім аруақ сияқты арлы-берлі жүрмін.  Кітап бөлмеме кірдім. Бір кезде менің мақтанышым мен бар өмірімнің тұғыры осы бөлме болатын. Кітаптарым қаз-қатар тізіліп үш қабырғаны алып тұр. Философтар, саясаткерлер, даңықты тұлғалар, ұлы ақындар мен жазушылар, экономисттер, ғалымдардың еңбектері. Оларды мен өте жақын сезінетінмін. Таныс, сырлас тірі адамдардай қабылдайтынмын. Ал бүгінде олар кітаптарының ішіне сүңгіп кеткендей. Маған төбеден қарайтындай. Екінші қабаттан түсіп ас бөлмеге келдім. Газды ашып отқа су қойдым. Кофе ішемін бе, әлде лимонды су ішемін бе, деп аз тұрдым. Кофе ішкенім жөн сияқты. Кофе дайындадым. Жұмысқа бармай қалғанымның дұрыс шешім екенін шын сезіне бастадым. Өзімді бөлекше еркін, азат адам көріп тұрмын. Менің ендігі жұмысым келістіріп тұрып бір тостаған қою кофе дайындап ішу. Одан арғысын тағы көрермін. Кофе дайын болды. Бір тостаған құйып алып екініш қабатқа көтерілдім. Жататын бөлмеме барамын ба, әлде кітап бөлмеге тартамын ба, деген таңдау тұрды алдымда. Екінші қабатқа көтерілетін баспалдақтың бұрылысына келгенде қабырғада ілулі тұрған фортретке еріксіз көзім түсті. Әкемнің үлкен, биіктігі екі метр ені де соған таяу сызбасы. Тура кешегі бейнесі сияқты. Еріксіз селт еттім. Әкем қабағы сұсты, ашуы қатты, оңайшылықта жібімейтін, қатқыл мінезді адам болатын. Сол бейнесі картинада айқын көрініп тұр. портреттің алдында сәл кідірдім. Әкеме қарап тұрмын. Кеше түнде әкем түсіме кірді. Тура алдымда тұрған осы бейнесімен. Бала кезімдегі сияқты, жоқ, дәл осы портреттегі сияқты төбемнен төніп ұрысып, зекіріп тұр. Не айтты дейсіздер ғой. Дәл сол сөзді айытты. «Сен мені ренжіттің, сенен әбден көңілім қалды, сен менің балам емессің, мінезің жоқ, бітіргенің де жоқ, сенің фамилиямды атағаныңа намыстанам, жетесіз, жиіркенішті біреу болып шықтың, болашақ ұрпақтарыңның алдында ұялсаң нетті, солардың алдында саған бола мен жерге кіретін болдым ғой, бұлай бос белбеу болып жаралғанша неге құрып кетпедің екен...» деп бұлқан-талқған болып жатыр. Бір шетте шешем жүр быжалақтап, арамызға түсіп, мені әкемнің жуан жұдырығанан қорғап қалғысы келетін сияқты, өзіне, баурына тарта береді. Мен тұрмын қаққан қазықтай сілейіп. Сөзді естіп тұрғаным да, естімегенім де белгісіз. Үнсізбін. Тіпті, қорқуды да білмейтін сияқтымын. Содан оянып кеттім. Қара терге түсіп жатыр екенмін. Бірнеше жылдан бері әйелімнен бөлек бөлмеде жататынмын. Қараңғыда орнымнан тұрып, төсекте ұзақ отырдым. Әкемнің әлгіндегі бейнесін қайтадан ой елегімнен өткізіп, көз алдыма елестеттім. Әкем өмірден өткенде мен отызға тақап қалған жаста едім. Екі әпекем құтты орындарына қонған, олардың өмірлеріне әкем де шешем де риза еді. Әкем саясатта жүрген адам. Билік баспалдақтарының біразын басты. Өз ортасына сыйлы еді. Бірақ, менің жолын қууыма онша құлықты болған жоқ. Есесіне өз еркіме бақты. Өз таңдауым бойынша өмір сүруіме ерік берді. Ол туралы біз әкелі-бала екеуміз тілдесіп, ой бөлісіп, пікірлесіп көреніміз жоқ. Кәнігі әдеті, мінезімен мені салқын қабылдайтын.  Артық-ауыз ештеңе айтпайтын. Тіпті, менімен шаруасы жоқ адамдай сезілетін. Бала кезмде қатал қарады-ау деймін, есейе келе сол алыстау тұратын қатынасымды сақтап қалдым. Десе де, әкемді жақсы көретінмін. Бірақ, оны ешкімге айтқан емеспін, тіпті, өзімнен де жасырдым-ау деймін. Енді, міне, түсіме кіріп тұр. Түсіме кіргенде төтесінен һақарланып, тірі күніндегісінен бетер ашуға мініп, мені жазғырып, кәрін төгіп тұр. Мені көзге шұқығандай «ұятқа қалдырдың» деп ұрысты. Әкемнің фортретін жайына қалдырып кітап бөлмеме келдім. Мен шынымен басы істемейтін, сорлы біреумін бе? Әрине олай емес. Бірақ, жұрттың бәрі солай деп түсінеді. Міне, енді о дүниедегі әкеме дейін солай деп тұр. Мені «тіріңде балаларыңның алдында қадірің кетті, болашақ ұрпақтарымның алдында ұятқа қалдырдың, қолыңнан ештеңе келмеді...» дейді.  Сонда қолдан келгенде не істеу керек еді?! Мүмкін, көсем болып ел басқару керек пе, әлде не істесең де, бәріне барып байып, шылқыған дәулетті болу керек пе еді, болмаса, мәнсап қуып, биліктің биік баспалдақтарында қарыным салақтап алжығанша жұрт алдында саясатта билеп жүруім тиіс пе еді? Бұлардың түсінігінде әйтеуір жұрт алында, айғай-шудың ортасында, дүбірлі думанда жүруім керек екен. Сонда ғана мен өздері сияқты табысқа жеткен адам болып саналады екенмін. Осыларды ойлағанда ашуым келді. Кофені ішіп болып, тостағанды бір шетке қойдым. Өткен отыз жылдық өмірімде тәуелсіздіктің барлық баянын көзіммен көрдім, былық пен шылықты, сұрқиялықты, алдауды-арбауды, сатқындықты, екіжүзділікті, тойымсыз ашкөздіктің неше түрін көрдім, аты затына сай дейтін, әлгі табысқа жеткен үлкен тұлғалардың хайуанға бергісіз тірлігін, отбасының азғындығына куә болдым. Мені білмейді, түсінбейді, басы істемейтін біреу дейді түрлеріне қарамай. Өздері сияқты алдамшы тірлікте аз ғұмырын өтірікке айырбастамай жөніме жүргенімді бағалаған түрлері. Мына лас тірлікке белшемнен батып, тойымсыз азғындықта шошқа сияқты өздерімен бірге аунамағанымды менің әлсіздігім, кемшілігім санайды. Шындап келгенде, мен бұл тірлікке аралассам, олар шаң қауып жолда қалар еді. Әкем «келешек ұрпақтың алдында мені қарабет қылдың» деп ұрысты. Сонда мен бе?! Екі, үш жүз жыл өткен соң, кімнің кім болғанын кім біледі, кім оған куәлік береді. Бүгінгі тірліктің бәрі аңызға ғана айналып кетер. Келешек ұрпақ сен туралы тек қиялдайды. «Мынадай бабам болыпты, ол керемет екен...» деседі.  Бар болғаны сол. Оларға бүгін туралы ешкім де анық, дәл айтып бере алмайды. Өтірік пен шындықтың арасы жақындап кетеді. Анық айтып бере алмаған жағдайда кімнің қалай болғаны, не тындырып, не бітіргенінің маңызы қала ма, әрине қалмайды. Келешек ұрпақ өткенді өздеріне қажетіне қарай айтып, жазып, дегеніне жаратады. Сенің батыр болғаның немесе ынжық болғаның оларға шындап келгенде бәрібір. Бірақ, дұрыстап жазып кетсең, оның жөні бөлек, әрине. Дұрыстап жазып кетсең, келешек ұрпақ сені солай деп таниды. Сен қалай жазсаң, солай қабылдауына толық мүмкіндік бар. Ендеше неге жазбасқа?! Мынау айналамда өткен отыз жылдық тарихты өз басымнан өткендей, дәл өзім қолмен сапырып, бәрін өзім бел ортасында жүргендей жазып шығайын. Былық пен шылыққа әбден батайын, бүгінгі топастық пен шошқа тірлікті өз басымнан өткерейін, бәріне барайын, мыналардың табысқа жеттік деген табысын мың орайтындай тірлігімді көрсетейі. Сонда кім табысқа жеткен болар екен? Өмірді өнегемен өткізген, бірақ, оны басқаша жазып кеткен мен бе, әлде шын өмірлері хайуанға бергісіз, бірақ, соңында шаң-тозаңдай ұмтылып жоқ болатын мыналар ма екен?   

Құрметті оқырман, міне сөйтіп мен өзімнің бес жүз жылдан кейінгі ұрпағыма арнап жазған ғұмырнамалық шығармамды сіздермен  бөліскенді жөн көріп отырмын. Сіздерге айтарым, романда жазылған ит тірлік шындап келгенде менің өмірім емес, оны өздеріңіз де сезіп отырсыздар, ол анау табысқа жеткен мемлекетті теспей сорған саясаткердің, байлардың, өзін керемет деп санайтын жандардың тірлігі. Ал менің өмірім сіздер сияқты табысқа жетпегендердің өмірі. Әлгі табысқа жеткендер мені топас, сорлы санайды. Ендеше көрейік, кімнің топас, кімнің сорлы екенін. Және бір айтарым мен сіздермен осы шығарманы жазу барысындағы күндеріммен де бөлісе отыруды жөн санаймын. Сонымен іске сәт.      

Осылай деп мен роман жазуға бекідім. Сол кезде ойыма үйдің төбесіндегі бөлме түсті. Ол менің жастау кезімде, онбес-жиырма жыл бұрын, осы үш қабатты үйге алғаш кіргенде жасаған бөлмем еді. Ол да кітап бөлмесі болатын, көп кітаптарымды сонда сақтағанмын. Бірақ, ондағы кітаптардың дені менің жас кезімде жинаған дүниелерім еді. Мәскеуде оқыған шағымда, Арбат көшесінен сатып алған кітаптар. Оларды мен біркісідей-ақ жақсы көретінмін. Жас кезіңде адам обырлау болады ғой. Кітаптарымды біреуге бергенді былай қойғанда, көп жұртқа көрсете де бермейтінмін. Онда және әскерге барғандағы заттарым мен Ауғаныстанда міндет өтеген шағымда алып келген естелік бұйымдарым да бар. Бұл бөлме менің жалғыз қалғанда, өзіммен өзім болғанда ұзақ отырып қиялға бататын кәнігі мекенім. Онда өзіме қатыссыз бір де бір зат жоқ. Сонда барғым келді. Үшінші қабатқа көтеріл салонның басындағы есіктің алдына келдім. Кілт есіктің қасында тұрған гүл текшесінің астындағы тұғырдың тартпасында болуға тиіс. Сонда екен. Клтты алып есікті ашып, ішке кірдім. Мұнда тура төбеге апаратын айналма баспалдақ бар. Сонымен жоғарыдағы бөлмеге көтерілдім. Жазу столым, кітаптар, ұзын диван, әйнекпен тұрғызылған екі беті тұтас ашық қабырға. Ол қабырғадан ақбас Алатау мен етектегі Алматының біраз жері алақаныңдағыдай сайрап жатады. Бір кездері осы бөлмеде бірнеше күн шықбай қала беретінмін. Кітап оқу басты қызығым еді. Түн қатып кездесулерден қайтқан соң да бірден жатуға асықбай, Сараны жіберіп, өзім осында көтеріліп біраз аялдаймын. Кітап оқып, музыка тыңдайтын әдетім еді. Кейде төмен түспей-ақ түнде осында қала беретінмін. Қабырға толы кітаптың артында жататын бөлме бар. Бірақ, мен онда емес, диванда жатқанды қалайтынмын. Тәңертеңдер төмендегілер алдымен шылдармақты қоңырау тартатын, одан болмаса балаларымның біреуі баспалдақта тұрып «әкешім, барсыз ба, шайға келіңіз» деп дауыстайтын. Мен болсам түнде жаурағанда жамылған әдиалды бір шетке сырып, «Жарайды, қазір, қазір...» деп ұйқылы-ояу жауап қататынмын. Міне, сол бөлме. Баяғысындай тұр. Кітап сөресінің қасына келдім. Сыдыра қарап, кітаптардың арасынан әлде біреуін іздеген жандай шолып сәл тұрдым.  Ағылшын тіліндегі Гегельдың үш томдығы көзіме түсті. Одан өтіп барып Фльатон тұр. Қолым көк түсті, қатты тысты кезекті бір кітапқа тиді. Қос томдық. Бірінші томын қолыма алдым. Bertrand Russell-дың «Wisdom of the West» еңбегі. Russell-дың тағы бір еңбегі есіме түсті. «Батыс философиясының тарихы» деген шығармасы. Кітапты парақтап, қайтадан орнына қойдым. Жазу столыма бұрылдым. Стол таза бос тұр. Қалам сап салған құты ғана орында. Столдың үстінде тек бір бет ақ қағаз жатыр. Орындықты тартып отырдым. Әлдеқайда ұмтылған бір күндерге қайтып оралғандай болдым. Қағазды қолыма алып едім, төңкеріліп жатқан екінші бетінде жазу бар екен. Жарты бет жазу жазылған қағаз. Әлдебір жазбаның басы сияқты. Осы кезде бірінші қабаттағы сыртқы есіктің қоңырауы безектеп қоя бергені. Бұл кім болды екен?

2. Қызыл теңіз

Төмен түсіп есікті ашып едім, маржандай тістерін ақсита күліп баспалдақта Мұса тұр. Қолында бір буда гүл. Қағазға орап қолтығына қысып алған заты бар. Мен оның не дүние екенін бірден түсіндім. Француз шарабы. Үстіндегісі тізесіне түсетін сәнді тігілген көк пальтосы. Мойнында салы. Бірнеше күннің алдындағысынан аздап азған сияқты көрінді. Ол Египетке ұшып бара жатырмын, сен де жүрсеңші, деп телефон шалған. Енді міне, алдымда тұр. Шет елге барғаныннан келгені тез. Мұса даңқы жер жармаса да елге белгілі кино режиссер, бірнеше көркем филмнің авторы. Менің Ауған соғысы кезінен қанды көйлек жолдасым. Мәскеуде де бірнеше жыл бірге жүргеніміз бар. Ол кино режиссерлік мамандық алды. Мен қоғамтану бойынша кандидаттық қорғадым. Айта берсең бір жыр. Жұбымыз жазылған жоқ. Соңғы жылдары кино түсіруді азайтқан. Түсірген киноларының ақыры көрінбей, ашты ішектей сөзылып бірнеше жылға ұласа беруді әдетке айналдырған. Онысын өзі кино тақырыбының заңды талабы деп түсіндіреді. Біздің елде кино кассадан ашқа табу үшін емес, мемлекеттен ақша жасау үшін түсіріледі. Мұсаның онысыз да ақшасы бар. Оған жыл сайын чиновниктердің артынан салпақтап, табанын жалап, киноға ақша берші, деп зорланудың қажеті жоқ. Ол үшін кино атақ, жұмыс үшін ғана керек. Қанша уақыт кетсе де, бәрібір, әйтеуір кино түсіріліп жаста ғана болды. Ол өзін жақсы сезінеді, жұмыс жүріп жатыр, жаңа туынды жолда келеді, жұмыс шаш-етектен, тұмсыққа су жетпейді, кездесулер мен жүздесулер, ана қаладан мына қалаға шапқылау, күн демей, түн демей ары-бері ұшу, бәрі кино үшін, сол барыста бірнеше апта шет елге демалуға да мүмкіндік бар, дос-жарандармен ойын-күлкіге де уақыт табылады, бәрі бірге, қатар бітіп, жүріп жатады. Мұсаның біраздан бері түсіріп жатқан теле бағдарламасы бар. Оған қоғамтаншы ретінде мен де жиі шақыраламын. Бірақ, онда төбе көрсеткен емеспін. Тек уәде беремін де, соңынан бармай қаламын. Оған ол да ренжімейді. Мені біледі. Көңілін қалдырмау үшін ғана «мақұл» деп айта салғанымды. Ол өзі телеарналардың бірінде кешкі сегіздің айналасына жүретін хабар. Оған елдегі белгілі тұлғалар шақырылады. Мәдениет, өнер, халқаралық саясаттағы өзгерістер, Орталық Азияның геосаяси жағдайы, т.б. дүниелер талқыланады. Мен Мұса дәл бүгін келеді деп ойлаған жоқпын. Египетке кеткен оның он бес күнсіз оралмайтынына сенімім бар еді.  Төрт рет ажырасқан Мұсаның, үш баласы бар. Бірақ, балалардың бәрі алғашқы әйелінен. Қазір бәрі есейіп, өз алдарына өмір сүріп жатыр. Әкесімен жиы араласады деуге келмес. Бірақ, жаңа киноның алғашық қойылымында оның ажырасқан әйелдерімен қатар екі ұлы, қызы қалып көрген емес. Мұса сұлу әйелді қатты ұнатады. Өңі түзу қыз көрсе, дегбірі қашып, өзін қоярға жер таппай,талтаңдап алақызатын әдеті. Кейінгі әйелдерінің бәрі басында оның көмекшісі болады да, көп өтпей сүйіктісі атанып онымен бас құрап бірақ тынады. Содан оның жасы ұлғайған сайын, әйелдері үздіксіз жасарып келеді. Жарты айдың алдында ол әйелімен кезекті ажырасқан еді. Египетке ұшардың алдында жаңа көмекші таптым деп, хабарласқан. Енді, жаңа ханымымен құттықтай беруге де болатын шығар. Мен Мұсамен құшақтасып амандасып оны ішке бастадым.                    

  • Үйде жалғызсың ба, мынау Сәниянікі, ол жұмыста ма? - деп Мұса ас үйдің есігінен өте бере қолындағы гүл шоғын маған ұстатты.

  • Сәния жұмыста, оның ешкімге қарауға мұршас жоқ-ау деймін.

  • Білгенмін, Сәниянікі жұмыс, тағы жұмыс, дәл мен сияқты, сонда да гүл алмай тұра алмаймын, алдымнан гүлдей жайнап шыға келетіндей сезіледі де тұрады, мені белесің ғой, Сәнияны қатты құрметтейтінімді, ал мынау сен екеумізге, арнайы әкелдім, біраздан бері бірге отырып шарап ішкеміз жоқ, - деді ол сары қағаздағы кендір орауынан босатып жатып. 

Мен гүлді қолыма алып ас болмесіндегі столда тұрған гүл құмырадағы тәңертең ғана ауыстырылған әтір гүлін қоқыс сандыққа тастап, орнына Мұсаның раушанын шаншыдым. Сәния келсе, бірден байқайтын болады. Ол гүлді кім әкелгенін де бірден біледі. Олар отыз жылдан бері жақсы таныс. Бірін-бірі қатты сыйлайды. Бірақ, өзара жақтырады деп айта алмаймын. Біз екінші қабатқа көтеріліп, кітап бөлмеме келдік. Шкафтың бірінен екі стакан алып шараптың тығынын аштым. Мұса сырт киімін шешіп столдың қарсысындағы екі адамдық диванның арқалығына асып, өзі сондай бір кербез қалыпты тура бір жұрт алдында сұхбат беріп отырған адамдай айдынданып жайғасып отырды. Екі стаканға шарап құйып біреуін оған ұсынып, біреуін өз қолыма алдым.

  • Қане, келгенің жақсы болды, бүгін келетін шығар деп отыр едім, - дедім, Мұса шарап құйылған стаканды қолына алған бетте  соғыстырды, - Кайырдан тез қайтыпсың ғой?

  • Жағдай солай болды, оның үстіне күн ыстық, ол жақта жеті күннен артық тұра алмадым, - деді ол. 

Екеуміз шарап іштік. Мен стакандарға қайталап шарап құйдым. Шараптың дәмі ұнады. Мұса айнала қарап қойды. Әдетінше денесін тік ұстап, маңғаз отыр. Бұл бөлменің кәнігі қонағы болса да, бірінші рет келіп отырған адамдай, жиі-жиі айналасына шола қарап қояды. Бірақ, ойсыз қарайтын сияқты. Әлденеге көңілі ала болып отырғаны байқалады. Ол қалай да бірдеңеге алаңдаулы.

  • Өзіңде не жаңалық?

  • Мен де ме, менде, еш жаңалық жоқ! – мен аз кідіріп, ойға алған сөзімді айтайын дедім де, тілімнің ұшында іркіп қалдым. 

  • Менде де жаңалық жоқ, бірақ, жұмыс тұмсығынан тіреліп тұр, соған кірісу керек.

  • Жаңа көмекші таптым деп едің, қалай, көңіліңнен шықты ма өзі?

  • Жаман емес.

  • Осы жолы бірге сапарлап қайттыңдар ма?

  • Иә, бірге бардық.

  • Ұнаса болды, көмекші қалайда керек. 

  • Саған таныстырайын деген едім, үйде біреулер болып жүрер деп, сыртқа қалдырып кеттім. 

  • Солай ма, ерте кіру керек еді. 

  • Ерте кірер едім, бірақ... – ол сөзінің артын жұтып қойды. Көздері бір орында тұрмай алақтай берді. Сабырсызданғаны анық білінді. Не болды екен?  

  • Бәрі дұрыс па, бірдеңеге алаңдап отырған сыңайлысың.?

  • Шынымды айтсам, бірінші рет өзімді жайсыз сезініп тұрмын. 

  • Түсінбедім?

  • Айтайын дегенім, тым жас, жұрттың көзіне өзгеше көрінетін сияқтымын. 

  • Сонда қаншада?

  • Жиырма бірде. 

  • Жастау екен. 

  • Соны айтамын, бұрын мұндайды елемеуші едім, білмеймін, бұл жолы өзімді бір түрлі жайсыз сезіндім. 

  • Сен онымен некеге тұрып алған жоқ шығарсың әйтеуір?

  • Жоқ, некеге отырғаным жоқ, оның бетін ары қылсын, мына түріммен ол туралы ойламайтын да шығармын тіпті. 

  • Сонда не болды?

  • Мен шаршадым, дәлірек айтсам, шашрайтын болдым, ал ол, ештеңені сезбейді, жұтынып тұр. 

  • Міне қызық. 

  • Шынымды айтамын, ол шаршамайды, мен шаршаймын, бар болғаны сол, ол шаршамағанан кейін мен өзімді жаман сезінудемін. 

  • Түсіндім.

  • Түсінген жоқсың. Мен қорқа бастадым, өмірімде бірінші рет, оның жастығынан қорқудамын, бұрын қасымдағы қыздардың жас болуын қалап, аңсап, соны іздеп тұратынмын, ал енді сол жастықтан қорқа бастадым, тіпті, зәрем ұшуда, түсінесің бе? 

  • Сен өзіңді, кәртейіппін демеші. 

  • Бірақ, мен оның жастығына төзе алатын емеспін. 

Мен терезеге жақын барып, пердені сырып сыртқа, төменге көз тастадым. Көшенің аржағында қызыл түсті жеңіл көлік тұр. Қымбат көлік. Үсті ашық көліктің ролында жеңсіз көгілдір көйлек киген жас қыз отыр. Қырықпа шашты, әдемі мойындары, ағарған төсі көз тартады. Анда-санда басын көтеріп жоғары, біз жаққа қарап қояды. Шағын қолсомкасыннан телефонын шығарып шұқылап отыр. Жол бойындағы жаяулар жолымен екі жігіт көрінді. Олар анадай жерден әдемі көлікке назар аударып, қарап қойып, тілдесіп келеді. Көздері көліктегі қызда. Қыз оларға қарап та қоймайды. Қыз тағы бір рет басын көтеріп жоғары қарағанда мен терезенің пердесін жауып қойдым. Мұса менікі мен өз стаканына шарап құйды. Стаканын ұстаған бойда орнына қайта отырды. Екеуміздің арамызда столда Абай Құнанбайдың мыстан құйылған мүсіні тұр. Ғұлама қарт бір қолымен ұзын шапанының қапталын кейін сырып желге қарап қасқайып тұрған бейнеде. Қасында кішкентай сағат. Сағаттың тықылы жаңылмай, бірін-бірі қуып үйдің ішінің тыныштығын тынбай үркітеді. Абай да төрт әйел алған. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман, қорқамын кейінгі жас балалардан...» деп жазған. Сонда нені қайғы етті екен. Мүмкін, ол да жас әйелі туралы ойланып, қорыққан шығар. Біз оны басқаша түсініп жүрміз бе, кім біледі. Өз ойынша кесім жасау адамның кәнігі дағдысы ғой. Оның аржағында қежеттілік тұр.  

  • Қызыл теңіз саған жайсіз соққан екен. 

  • Айтпа, бірақ, бұлай боларын ойламаған екенмін.

Бір сәт үнсіз қалдық. Ол менен бірдеңге күтіп отырғандай.  Меселдесі қайтып қалған досымды қалай сабырға шашырарымды білмей аңтарылдым. Екеуміз ромка қағыстырдық. Мұндай жағдай бұрын да болған. Табысты кәсіпкер танысым бар еді. Екеуміз сырлас болатынбыз. Бір жолы бірге Алатаудың бір қуысындағы банияға бардық, бөлек бөлмеде сыралатып отырғанбыз. Оның жас алған тоқалы бар еді. Екі әйелі барын жұрттан жасырмайтын. Бір жағынан соны мақтан тұтатын. Ыстық будан шығып желпініп отырғанымызда есік қақты да, қасымызға бір қияқ мұртты жігіт келе қалды. Бірдеңені айтып сыбырлағандай болды. Мен оның не дегенін толық түсінбей қалдым. Сөйтсем, әлгі жігіттің «қыз шақырмайсыздар ма, арқаларыңызды уқалап берер еді» дегені екен. Оған қасымдағы серігім алдымен жауап берді. Жақсылап ұрысып тастады. Маған бұл қызық сезілді.  Сол аралықта досым сөз бастады. Жас тоқал алғанына өкініп жүргенін айытты. Мен сонда барып оның әлгінде неге тұлан тұтып ашуланғанын сездім. Мен үнсіз тыңдап отырмын. Не айтарымды білмеймін. Сонда оның айтқаны ертеңінен қатты алаңдайды екен. Жас әйелдің бабы қатты. Ойлағаннан әлдеқайда ауыр. Бастысы, оның тән ләззатын қандыра алмайды. Қандыра алмағанан кейін, қорқады. Алып ұшып, жанып тұрған жас әйел одан қанбаған мұқтаждығын басқадан іздесе қайтбек. Рас, әзірге төніп тұрған ештеңе жоқ. Бірақ, іші сезеді. Бір күн болмасын, бір күн сол күн келеді. Ол қажеттеп шықбай қалады. Сол кезде не істейді. Қаласа да, қаламаса да әйелдің жайын ойламай болмайды. Ол кезде жас әйел оның көзін бақырайтып қойып өз бабын өзге біреуден тауы жүрсе, қорлықтың көкесі сол болмақ. Ол содан қорқады. Содан ары ойланды, бері ойланды, ақыры тапқан ақылы тоқалын қазірден өзі біліп біреулерге бейімдей беру. Содан жегжат інілерімнің біріне емеурінмен айыттым дейді: жеңгелеріңе басқалар барғанша, өздерің көз-құлақ бола жүріңдер, деп. Басқа не істеймін дейді. Өзім аралассам, білмей өлгенен біліп өлген дұрыс қой, дейді. Бұл сөздерді естігенде өз құлағыма өзім сенбедім. Тіпті, таң қалғанымды жасыра алмадым. Әлгі серігім, менің таңданысыма пысқырып та қарайтын түрі жоқ. Өзімен түкке қатысы жоқ өзге бір дүние туралы әңгіме айтып жатқан адам сияқты сайрап отыр. Түріне қарағанда бұл сөздерді ол бірінші рет айтып отырмағаны байқалады. Талай адамға айтқан. Міне, енді Мұса да соның кебінін киейін деп тұр. Ақыры үнсіздікті Мұса бұзды. 

  • Осы жолғы сұхбатта біз қазақтың тәуелсіздіктен кейінгі тоқал алу мәселесін көтерсек қайтеді, соны ойлап келдім, жазушы ма, математик па, біреуді табайық, осы тақырыпты қозғайық, қалай қарайсың?

  • Жақсы, мен дайынмын,  - дедім, оның сөзін қостадым. Оның жел жағына шыққым келмеді. Мүмкіндігінше өзін тезірек тауып алғанша арпалысты көңіл күйде екенін анық түйсіндім. 

  • Онда Еңлікті шақырайын, кірсін, үйде бөтен адам жоқ екен, сенімен таныстырайын,  - деді  Мұса.

Мен «жарайды» дедім. Мұсаны бір аптаның ішінде тәубесіне келтірген әйелді, турасын айтқанда қызды жақыннан көргім келді. Мұса Еңлікке телефон шалды. Мен барып есік ашайын, деп төмен түстім.  

...    

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты