Мичико Какутан: Обаға ұқсаған махаббаттың әлегі

4fc9257a1b2ee2bc9a84d021fb288810.jpg (640×320)

 Г.Маркес халықтың ауыз әдебиеті мен үндістердің қиял-ғажайыпқа толы ертегілеріне сүйене отырып «Хемингуэйше кестелеп жазу» мен «Фолкнерше өрнектеп» жазудың ара жігін шебер тауып, «Лорфша қиялдаудың» тетігін жеттік меңгерген жазушы. Бұған жазушы қаламынан туған «Жүз жылдық жалғыздық», «Отағасының еңкейген шағы» романдары мен «Полковникке ешкім хат жазбапты», «Күні бұрын дабыралы болған қастандық» повестері анық дәлел бола алады. 1982 жылы «шығармаларында қиял мен өмірді тоғыстырып, қиялдағыдай сан қырлы әлем кескіндеп, латын америкасы құрлығының бар болмысын ашып бергені үшін» жазушыға Нобель сыйлығы берлген еді.  Жұрт арасында «Нобель қарғысы» делінген сөз бар. Сөздің шығу тегі «Нобель сыйлығын алған жазушы немесе ақын енді қайтып дұрыс шығарма жазудан қалады» деген түсініктен өрбитіні белгілі. Осы сөздің бекершілік екенін жария еткен жазушының бірі осы — Г.Маркес. 1986 жылы жазушы «Оба  жайлаған шақтағы махаббат» романын жариялап өзінің әлі де шабытты шақта екенін дәлелдеген болатын. Сол тұста оқырман арасында жақсы бағасын алған шығарманы батыс жұрты бүгінде ауызға жиі алады екен. Біз осы роман туралы «Нью-Йорк кітап шолуы» басылымында жарық көрген шолуды оқырман қауымның назарына ұсынғанды жөн санап отырмыз.

Аударушыдан

«Оба жайлаған шақтағы махаббат» романы — Г.Маркестің Нобель сыйлығын алғаннан кейін жарыққа шығарған көлемді шығармасы. Роман жұрттың бәріне белгілі махаббатты арқау еткен. Романтикалық шығармаларда жиі кездесетін ғашықтық хаттар, сүйген адамыңды аңсап, күні-түні сарғаю,  ештеңені ойлап жатпастан берілетін махаббат серттері, ғашықтардың тәтті кездесулерімен біз бұл шығармадан да ұшырасамыз. Соған қарамастан автор махаббаттың түр-түріне талдау жасайды. Жастық шақтың оттай жанған, ақылдан адастыратын махаббат, айрылысуды не екенін бастан өткерген, оның азабын да білетін тісқаққан махаббат, ақындардың қиял әлемінде ғана өмір сүретін ғажайып махаббат, тән құмарлардың махаббаты, отбасы махаббаты мен жарының көзіне шөп салуға да апаратын алып-қашпа махаббат, т.б. тіпті оба мен безгек дертіне  ұқсап жаныңды қоярда-қоймай безектететін махаббатты да көз алдыңа айнытпай тартады. 

Романның тағы бір тақырыбы бар, ол — Фросттың «Жоғалған уақытты іздеу» шығармасының желісімен үндесетін уақыт туралы толғаныс. Өтіп кеткен уақыттың бүгінге қалай әсер ететіні, еске алудың өткен істерді қайтып тірілтетіні романның тағы бір шалғайын ашып тұр.  Шығарма бір әйелдің екі еркекпен арадағы махаббатын баяндайды. Кітапта махаббаттың уақыт өсінде қалай өзгеріске ұшырайтыны және қалай сақталып қалатыны тамаша суреттелген. Уақыт жылжып, өлім елесінің жақындауымен біздің өмірімізде нендей өзгерістердің болатынын автор шебер жеткізеді. «Жүз жылдық жалғыздық» романындағы секілді бұл шығармада да Г.Маркес қаламмен Латын Америкасына тән өзгеше рухани кеңістікті жасап, кейіпкерлерінің қайғы-қасіретке толы тағдыры мен отанның аумалы-төкпелі тарихын жымдастыра береді. Осылайша жазушы уақыттың қайталанып-айналып тұратыны туралы пайымдауын алға тартады.

«Оба жайлаған шақтағы махаббат» романының сюжеті алыс ауыл емес, таптық күрес әбден шиелісіп, қайшылығы ушығып тұрған қала өміріне құрылған.  Шығарма жарты ғасырлық тарихты қамтып жатыр. Романда Г.Маркеске тән қолтаңба бар. Бір еркек тотықұсына француз тілі мен латын тілін үйретіп шығады, соңында әлгі адам сөйлейтін құсын қуып жүріп ағаштан құлап өледі. Бір балгер екі қыздың тағдырын дәл болжап, айна-қатесіз айтады.  Махаббаттан соққы жеген қыздар құрамында алтын ұнтағы бар заһарды ішіп өлім құшады. Дегенмен, бұл роман автордың бұрынғы шығармаларында кездесетіндей қиялды тым еркіне жібермеген. Есесіне, жазушының қаламымен қанат қаққан образдар қонарында өмірге барынша икеммен оралады.

Оқиғаның бас қаһарманы Ферменда Зада — Г.Маркес шығармаларының көркіне айналуға тиіс тағы бір қайсар әйел. Өмір бойы осы әйелдің махаббатын аңсаған батыл жігіттің аты Фолеронта Арза. Осы жұптың айта қалсын махаббат тарихы тұп-тура 51 жыл 9 ай 4 күнге созылады. Олар XIX ғасырдың соңында алғаш кездескенде Зада 13 жастағы діни медресенің өрімдей жас қызы еді. Ал жігіт өз ортасында беделді, топтық ортада бидің тәуірін билеп, махаббат өлеңін қардай боратып шалқып жүрген жас болады. Қыз жігітті бір көргеннен ғашық етеді. Қызға жазған алғашқы ғашықтық хатында жігіт «мен сені мәңгі сүйіп өтемін» деп ағынан жарылады. Қартайған шағында болса да, жігіт ақыры сол айтқанына жетіп, Заданың махаббатына ие болады.  

«Олар бірін-бірі қиялдап аңсағанымен, одан арғыға бара алмайды», — деп жазады Г.Маркес романда,    «түсінде көреді де, хат жазады, содан өзіне хат келгенше зорыға күтіп жүреді.  Алғаш жүздескен сол бір көктемгі шақта болсын немесе екінші жылы болсын, олар бір-біріне тіл қатуға орай таппайды. Бірінші рет көрген шақтан алғаш рет оңаша қалу  олар үшін тек елу жылдан соң барып келеді. 

Әкесі қызын жоғары тапқа жататын қалталы ұзатуды ойлайды. Ол көше қаңғыбасы деуге ғана тұратын жігітпен байланысуын қатал тыиып қана қоймай, оны қызының ойынан түбегейлі шығаруға барын салады. Сол мақсат үшін қызын ертіп шет елге ұзақ сапарға — саяхатқа кетеді. Арада жұлдыздай ағып жылдар өтеді. Ферменда бір кезде өзі ғашық болған жігітпен тағы да ұшырасып қалады. Бұл жолы ескі махаббат басқаша тұтанады. Қыз өзінің бір кездегідей «күйіп-жанып бара жатпағанын» сезінеді, сезімнің тұрақсыздығына таңқалады. «Неге мен осы еркек үшін барымды арнауға дайын болдым екен?» деп өзіне сұрау да қояды.

Ферменда әкесі армандағандай жоғары текке жататын еркекпен отбасын құрады. Оның ері қалталы әрі жұртқа сүйкімді дәрігер еді. Оның үстіне оба ауруының жетекші маманы болып шығады. Қиыннан қиысқан екеу ұзаққа созылған отбасылық өмірлерінде жақсылық пен жамандықты теңдей көтеріп, соның бәріне шыдап, бірін-бірі сыйлап өтеді. Ал Фолеронта болса өз ауылының донжуаны болып шығады. Көкейінде «бір күн болмаса бір күні Фермендаға қолым жетеді» деген үмітті сақтағаны болмаса, өмірде қыз-қырқын десе жанын салатын дөкейдің өзі болады. Оның тұзағы ешкімді де текке жібермейді — некелі әйелді де, жесірді де, хатшы қызды да, сылаңдаған бойжеткенді де, т.б. қармағына іледі. Онымен үнемі байланысып тұратын  қыз-келіншектің саны 622-ге жетсе, жолай кездескендері қаншама. 

Екі ғашықтың екі басқа өмірін Г.Маркес өзіне жақсы таныс мәнермен аянышты, әрі юморлы етіп баяндайды. Бұл жолдардан өмірдің қатал жағымен қатар шуақты тұсын да сезінесің. 

«Оба жайлаған шақтағы махаббат»  та жазушының өткендегі романдары, айталық «Жүз жылдық жалғыздықтағы» сияқты төгіліп тұрған поэзияға тән сезім де, «Отағасының еңкейген шағы» романындағы сияқты ес тандырар қиял да кездесе бермейді. Г.Маркес бұл шығармада өткендегі шығармаларындай  қиял мен өмірді тоғыстырып, бір халықтың тұтас рухани дүниесін көрсетуге ден қоймаған, есесіне жер басып жүрген қарапайым пенделердің жай адамға тән сезімін, қайғысы мен қуанышын, қастер тұту мен жек көру сезімдерін, сол сияқты өмірдің қарапайым шындығын айна-қатесіз шебер тілмен кестелеп берген.  Бұл жағынан роман бір дәуірдің бейнесін тұтас жасаған кез келген таңдаулы романдардан бір мысқал да кем емес. 

Тәржімалаған — Ардақ НҰРҒАЗЫ

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты