Ф.Кафка (Franz Kafka): Ауыл дәрігері

91026773999fb15f73c1f191563c7a67.jpg (566×577)

(Әңгіме)

Мен қатты қысылулымын: дереу барып шұғыл науқасты көруім керек; он шақырымдай шалғайдағы қыстақта мені күтіп ауыр науқас жатыр; екі арада иен жатқан дала. Дауыл ұлып, қар бұрқырап тұр; менде ауыл аралауға өте қолайлы, үлкен қос дөңгелекті жеңіл арба болушы еді. Тері пальтомды киіп, дəрігерлік сомкамды қолыма алып, жүрмек болып аулаға шықтым. Бірақ, көлік жоқ, оны табу қиын да еді. Өз атымды қыстай сабаулатып жүріп, алдыңғы күні кешке өлтіріп алғам. Үйдегі малай əйел ат қарайласу үшін ала шапқын боп қыстақты аралап кеткен. Одан үміт те жоқ еді. Соны біле тұріп, мен мұнда бостан босқа тұрмын. Қар қалыңдап, жолға шығу  қиындап бара жатты. Қолындағы фонарьы теңселіп, есік алдында серейіп жападан жалғыз қыз тұр. Мұндайда кім атын бере қойсын? Лаж таппай, аулада ары-бері сенделіп жүрмін. Басым қатып, ойым он саққа бөлініп, көптен бос тұрған шошқа қораның жаман есігін теуіп қалдым. Есік ашылып кетіп, топсасы шиқылдай, ары-бері ергеншек атып тұрды. Ішкі жақтан бусанған аттың тер иісі мұрынға келіп ұрылды. Қора ішінде жіпке байланған фонарь теңселе түсіп, күңгіріт сəуле шашып тұр. Тақтаймен қоршалған аласа қоршау ішінде көк көз біреу жүрелеп отыр.

— Арбаға ат жегейін бе?, - деп ол бері қарай өрмелеп шықты. Мен не дерімді білмей еңкейіп қораның ішіне үңілдім. Малай əйел қасымда тұрған. 

— Кейде адам өз үйіндегі нəрселердің де бəрі-бəрін біле бермейді, - деді ол. Біз күлісіп алдық.  

— Ей, інішек, ей, бойжеткен, - деп атшы дауыстады. Мойыны сала құлаш, сирақты келген екі құр аттар есіктен қысылысып əрең шығып, бойын кере келіп тұрды. Бусанған денесінен бу бұрқырайды.  

— Барыңыз, көмектесіп жіберіңіз, - дедім мен қызға, қыз екі айтқызбай ұштырта жөнеліп, айыл-тұрмандарды атшыға əкеліп берді. Жақындай берісімен атшы оны құшақтай алып, бетін бетіне баса қойды. Қыз шырқырап менің қасыма қашып келді. Бетіне екі тістің ізі түсіп, қызарып қалыпты.  

— Хайуан, жотаң қышып тұрған екен сенің, -деп мен ашуланып атшыға ақырып қалдым. Бірақ қайдан келгені беймəлім, осы бейтаныс адамның бір кездері жұрттың бəрі менен аттонын ала қашқанда маған өздігінен қол ұшін беріп, мені бір қатерден арашалап қалғандығы бірден есіме орала кетті. Не ойлап тұрғанымды сезіп ол менің зекігенімді шам көрмей, аттарды арбаға шегумен əбігер болып жатты да: 

— Кəне арбаға отырыңыз – деді. Сөйтіп бəрі де сақадай сай болды. Бар назарым аттарда. Бұрын мен мұндай атты арбаға жегіп көрген емес едім, қуана-қуана арбаға отырдым да: — Арбаны өзім айдаймын, сен жолды білмейсің ғой, -дедім атшыға. 

— Əрине, -деді атшы, -мен сізбен бірге бармайақ қояиын. 

— Қой, болмайды, -деп Роса баж ете түсті де, болғалы тұрған хауіпті сезгендей жүгіріп үйге кіріп кетті. Есіктің ілгектелген үні мен құлыптың сылдыры естіліп қалды. Ешкім таба алмасын дегендей, ол залдың, бөлмелердің шамдарын арт-артынан өшіріп тастады.  

— Сен менімен бірге жүресің əйтпесе науқас қаншалықты салмақты болса да мен бармаймын, бұл іске бола мен саған қызды бодау ете алмаймын, -дедім мен атшыға.

Ол «шу!» деп қолын шапалақтап қалысымен арба тасқын ағызған салындыдай құйғыта жөнелді. Атшының ағызып барып мен отырған бөлменің есігін тарыс еткізіп ашқанын естіп қалдым. Онан соң қарлы түтектің ішіне сүңгіп кетіп, ештемені ести де, көре де алмадым. Бірақ, бұл қас қағымдай ғана сəт еді. Өйткені мен көздеген жеріме барып та болдым. Науқастың үйі өз ауламның іргесінде тұрғандай түйілді маған. Қыбыр етпей аттар тұр. Қарлы боран толастаған. Ай сəулесін жалпақ жерге төгіп тұр. Науқастың ата-анасы абың-күбің болысып үйлерінен шықты. Олардың артында науқастың əпекесі келеді. Мені олар арбадан мүлдем дерлік көтеріп түсірді. Үй иелері жамырай сөйлеп жүр, оның бірін де ұққаным жоқ. Ауру жатқан бөлменің ауасы тынысыңды тарылтады. Мештен бықсып түтін шығып тұр. Терезені ашып тастағым келіп бір тұрдым да, тоқталып қалдым. Өйткені, алдымен науқасты көруім керек еді. Ауырып жатқан ашаң арық баланың денесінде алаулаған қызу білінеді, дене жылуы бір қалыпты екен. Қос жанарының оты қашып өлеусіреген. Жалаңаш жатқан ол үстіндегі мамық көрпені сырып қойып, басын көтеріп алды да, мойнымнан құшақтап тұрып құлағыма «дəрігер, мен өлейінші» –деп сыбырлады. Мен жан-жағыма көз тастадым, оның сөзін естіген жан болған жоқ. Менің ауруды анықтауымды күтіп баланың ата-анасы еңкейе үнсіз тұр. Аурудың əпекесі менің сомкамды қоюға орындық əкеліп берді. Сумкамды ашып, дəрігерлік аспаптарымды алуға кірістім. Бала төсекет жатып, өзінің өтінішін ескерерсің дегендей маған ұмсынып қояды. Мен қысқышты алып, май шамның жарығына апарып тексеріп  көрдім де, қайта қойдым. Тəңірдің құдіретіне таңданғандай болып мен: Тəуба, тəңірдің маған иігенін қарашы, ат орнына ат берді, бір емес екіні берді, ол — ол ма, атшыны қоса берді» -деген ой үстінде отырып, бірден Росаны есіме алдым. Не істеу керек, оны қалай құтқарамын, аралық көш жер, оның үстіне екі атты айдап жүрудің өзі бір қиямет, мұндай жағдайда мен оны атшының қойнынан қалай ғана жұлып ала аламын? Аттардың қалай босанып, терезені қалай ашып алғанын да білмеппін, үй иелерінің шуласып айғайлағанын елемей, олар терезеден бастарын сұғып ауруға қарасып тұр. Олар қайтайық деп тұрған болуы керек деп ойлаған ауру баланың əпекесінің пальтомды шешіп қоюуына мақұл болдым. Қарт бір ромка Ром шарабын əкеліп, иығымнан қақты. Осылайша ең қымбатты нəрселерімен қонақжайлық көрсету арқылы, маған ықыласты сенімін білдірді. Мен басымды шайқадым. Қарттың балаң ойы көңіліме жақпады. Сондықтан да шарапты ішуден бас тарттым. Төсектің жанында тұрған ана маған бері келші деп дауыстады. Мен оның айтқанын мақұл көрдім, аттың біреуі үйдің төбесіне қарап кісінеп жібергенде, баланың кеудесіне басымды төсей қойдым, сақалымның суынан оның денесі тітіркеніп қалды. Менің ойым дұрыс шықты: бала сау екен, қан айналымында ғана аздап кінəратбайқалды. Бұл шешесінің қатты əлпештеп оған кофені көп ішкізгендігінен болған. Бірақ, ол, шынында сау екен, ең жақсысы оны төсектен қуып түсу керек еді. Бірақ, мен реформашы болмағандығымнан оған тиіскенім жоқ. Мен осы өңірдегі жалдамалы дəрігер болатынмын, жұмысыма өте адал едім, тіпті асырыпта істейтінмін. Табысым мардымсыз болғанымен, өзім қатты жомарт едім, жарлыларға жақсылық көрсеткім келіп тұратын. Бірақ менің Росаны бағуым керек. Сондықтан мына баланың өлмекші болуы да орынды еді. Өйткені мен де өлуді ойлайтынмын. Мынадай ұзаққа созылған ызғарлы қыс ішінде мен бұл арада не бітірмекпін! Атым əлде қашан өлді. Қыстақта маған атын бере қоятын адам шыққан жоқ. Ақыры шошқа қорасындағы аттарды арбаға қосуға мəжбүр болдым. Қапелімде шошқа қарасынан екі ат табылмағанда арбаға шошқаны жегуден басқа лажым да қалмайтын. Істің жайы міне, осындай. Сонымен мен аурудың отбасындағылар басымды изеп қойдым. Олар бұл істен мүлде бейхабар болатын. Істің жайын білген күнде де оған сене қоймайтын. Рецепт жазудың жарасы жеңіл, бірақ адамдардың бірін-бірі түсінуі қиын іс. Сөйтіп, менің науқасты емдеуім де осымен аяқтады. Мен тағы бір рет босқа сандалдым. 

Бəрібір, бұған мен дағдыланып та кеткенмін. Бұл өңірдің адамдары ылғи түн ішінде келіп, есіктің қоңырауын сыңғырлатып мені əбден мазалап болды. Бұл рет Росаны да қиып тастап кеттім. Бұл сұлу бойжеткен көп жылдар менімен бірге өмір өткізіп келіп еді. Мен енді оған бас көз болу мүмкіндігінен айрылып қалып отырмын. Бұл өте үлкен қасірет еді. Сонымен үй иелерін ренжітіп алмай, өзімді өзім тежеңкіреп ұстап, əбден толғанып алуыма тура келді, Росаны əкелу олардың қолынан келмейді. Мен сумкамның аузын жауып, пальтома қарай қолымды созғанымда, олар тегіс орындарынан тұрысты. Баланың əкесі қолындағы ромкадағы тəтті шарапты иіскеп қойды. Шешесі менен түңілсе керек (солай, адамдар не күтеді екен деші?) көзіне жас алып, ернін тістеп тұр. Қан-қан болған лас жаулықты бұлғақтатып қойып баланың əпекесі тұр. Сонымен белгілі жағдайда баланың шындап науқастанып жатқанын мойындауға бекіп, мен балаға қарай жүрдім. Мені өзіне жас сорпа əкеле жатқандай көріп бала маған қарап жымыиып қояды. аттар да кісінеп жіберді (бұл тəңірдің науқасты анықтауыма еткен көмегінің белгісі болса керек). Ақыры мынаған көзімді жеткіздім: бала шын ауру екен. Оң жақ жамбасының алақандай жері шіріп тесілген. Жараның аузы роза гүліндей қызарып тұр. Деседе, бəр жері ондай емес, орта шені шымқай қызыл да, айналасы қызғылтым болып бөртіп тұр. Жараның аузынан қанды ірің ағып жатыр. Жара аумаған беті ашық кен тəрізді. Алыстан осылай көрінгенімен, жақыннан қарағанда тіпті жан шошырлық. Оны көрген жан жағасын ұстап, таңдайын қақпай да тұра алмайды. Жуандығы да, ұзындығы да менің шынашағымдай, роза гүлі секілді қызыл түсті, қанға малшынған ақ бас құрттар, шидей сансыз аяқтарымен жараның ішінде жарыққа таласып жыбырлап жатыр. Сорлы бала, ем қонудан қалған. Мен оның түбіне жететін жараны таптым. Мына бір шоқ қызыл гүл (жараны айтады — ауд) оны жегідей жеп құртып жатқан. Үй иелері менің əбігер болып жүргеніме қарап қуанып қалды. Сондайақ көргендерін бір-біріне əңгімелей бастады. Ал баланың əкесі айлы түнде ашық тұрған есіктен жаңа ғана үйге кіріп өкшелерін көтере, жығылып кетпеу үшін қолдарын екі жағына керіп қарап тұрған келімсектерге болған жайды айтып жатыр. “Сіз мені құтқарып қала аласыз ба?” – деді жарасының аузында қыбырлаған жəндіктер жанын азаптап, басы айналып, көзі мұнартып жатқан бала ақырын ғана күрсініп. Бұл өңірдегі адамдар дəрігерден ылғи қолынан келмейтін істі қолқалай беретін, олар тегіс ескі сенімнен қол үзген;  Поптар қазылық шапанын сырып тастап, үйлерінде отыратын болған, ал дəрігерлер бəрінен де құдіретті, опирация жасап жіберсе болғаны, өмірді қайта орната салатын адам ретінде қаралатын. Мейлі, олардың өз еркі білсін. Бірақ, мен олардың ауруын өз аяғыммен барып қарайтын адам емеспін. Олар маған киелі қызметті тілесе мен амалсыз соны істеймін. Мен жасы жеткен ауыл дəрігерімін. Малай əйелдерімнің бəрін де ел тартып əкетті. Менің енді елден жақсылық күтетін жерім қалған жоқ! Сонымен мына үйдің иелері мен ауыл ақсақалдары жабылып мені жалаңаштап тастады. Мұғалім хор айтатын оқушыларды үйдің қасына бастап əкелді, оқушылар жай əуенмен былай деп əн шырқады:

Киімдерін таста шешіп,       

Сонда жазар дерт-науқасты ол,       

Жазбаса егер дерт-науқасты ол,       

Тастау керек басын кесіп.       

Бар болғаны дәрігер,       

Дәрігерге кім ділгер.

Мен осылайша тырдай жалаңаш қалыпта басымды бір жаққа салып, сақалымды уқалап қойып, аналарға үнсіз қарап тұрдым. Олардың мысын құртып, ешнəрсені кəперіме де алмадым. Басымнан ұстап, аяғымнан жұлқылап төсекке апарып жатқызғанда да, сол қалыптан ауғаным жоқ. Олар мені ірге жаққа, баланың жарасына тақау жатқызды да, бөлмеден шығып кетті. Есік те жабылды, əн де толастады. Ай бетін бұлт торлады. Көрпеге кірген соң денем жылынғандай болды. Ашық тұрған терезеден анда-санда аттардың басы қылтиып көрініп қалады.  

— Біліп қой, -деді беру құлағыма аузын тақай сөйлеп, - мен саған сене де қоймаймын. Сен өз аяғыңмен келген адам емессің, тастап кетілген бірдемесің. Сен маған көмектескенің сол, өлер кезде жататын төсегіме келіп сығылыстың. Əттең көзіңді ойып алар ма еді. 

— Дұрыс айттың, - дедім мен оған, - бұл шынында масқара іс болды. Дегенмен мен дəрігермін. Бұған не лаж? Сен дəрігер болған болсаң оның істейтін ісі оңайға түсе бермейтінін білесің. 

— Сен осындай кешірім сұраған сөздермен көңілімді риза етем деп ойлайсың ба? Иə, менің риза болмасыма да лажым жоқ. Мен бəріне де ризамын. Мен дүниеге сəнді жарамен келдім. Бұл менің өмір серігім.  

— Жігітім, -дедім мен, - сенің қателігің мəнжайды түсінбестігіңде. Мен алыс-жақын емханалардың бəрін де болдым. Соны айтып қояиын, сенің жараң онша салмақты емес. Балтамен екіні ұрсаң болды, мұндай жара денеге ырсиып түсе береді. Орман ішінде шығатын балта дауысын естіп көрмеген, тіпті денесіне балтаны жақындатып көрмеген адамдар  жарты денесін балтамен кесіп тастап отыр.  

— Осы айтқаның рас па? Əлде менің қызып жатқан кезімді малданып, мені алдап жатырсың ба?  

— Бұл рас. Енді сен үкімет дəрігерінің беделін салып айтқан кепілдік сөзін медеу етсең болады.  

 Сонымен ол айтқанға сеніп, тыныштана бастады. Бірақ мен өзімді қалай құтылдыруды ойластырумен болдым. Екі ат баяғы орнында əлі тұр. Киім-кешегім, сумкамды дереу жиыстыра бастадым, киініп жатуға уақыт жұмсағым келмеді. Аттар келгендегідей тездікпен жүрсе мына төсектен бір аттап-ақ өз төсегіме дік ете түскендеймін. Аттың бірі менің ыңғайыма көшкендей болып терезе алдынан кейін шегініп кетті. Мен түйіншектегі нəрселерімді арбаға лақтырып тастап жатырмын. Палтом алысырақ барып түсіп, бір жақ жеңі арбаның ілгішіне ілініп қалды. Мұнысы көрім болды, өзім де арбаға секіріп шықтым. Божы сүйретіліп бос жатыр. Екі ат екі жаққа тартып, арба доңғалақ қаға береді. Палтом сүйретіліп келеді. Осылайша қарды кешіп келеміз. «Шу» деп көріп ем, аттарым мыз бақпайды, шалдың жүрісімен мамырлай басып, ақ жайқын далада малтығып келеміз. Балалар айтқан жаңа, бірақ қате мағынадағы əн арт жағымнан құмығып естіледі:

Қуаныңдар, науқас жандар сырқатқан,     

Дәрігер бар төсегіңде бір жатқан.

Осылай істей берсем мен үй қарасын мəңгі көре алмаймын; менің шалқыған дəрігерлік кəсібім де бітеді; менің кәсібіме мұрагер боламын деп дікілдеп біреу жүрер. Бірақ одан түкте шықпайды, өйткені ол менің орнымды баса алмайды; менің үйімде əлгі оңбаған атшы ойына келгенін істеп жатыр; Роса оның құрбандыығы болды; енді ештемені ойлағым келмейді. Мынадай сорлы заманның сорлатқан қысы ішінде кəрі басыммен тыржалаңаш күйі пəнидің арбасына отырып, бақидың прағын айдап кезіп жүрмін. Арбаның артында сүйретіліп жатқан палтомды алуға да үлгіре алмадым. Қол-аяғы жеңілдеу ана ауруларым да маған қол үшін бергісі келмеді. Алданыппын! Алданыппын! Əттең, шұғыл ауру бар деп түн ортасында алдап қағылатын қоңырау үнін тағы бір еститін болсам — бірақ ол мəңгі қайта оралмастай болып кетті ғой.

Аударған - Əбдібек БАЙБОЛАТҰЛЫ.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты