Ардақ Нұрғазы (Ardakh Nurgaz): Нені жазу мен қалай жазудың шарты

87c59f64019fa0ff8a0de921ff32534f.jpg (522×733)

Жазушы Сағдат Ордашеваның «Жантелім» әңгімесі күйдің құдіретіне құрылған. Ол қандай күй дейсіз ғой. Ол - қазақтың домбыра күйі. Атап айтқанда айдауда жүрген Сейтектің сонау Сахалин аралдарында тартты дейтін күйі. Құрманғазыдан Сейтекке дейінгі батыс өлкенің күй мәдениетінің тарихы осы өлкемен, қала берді күллі қазақтың соңғы екі ғасырлық ұлттық тарихымен тіке байланысы бар. Ол жантелімге түскен ұлттың қиын-қыстау күндегі рухани көкжиегінің бұлтты аспаны, айнасы сияқтды. Дегенмен, әңгіме бұл тарихқа тіке бармайды. Жазушының айтпақ ойы да басқа. Аталған тақырып әңгіменің тұздығы, тиекгі сияқты. Жазушы қазақтың рухани әлемінде ойып орын алатын күй мәдениетін бүгінгі күннің өзекті деген мәселелерімен ұштастырады. 

Әңгіме бірнеше кеңістіктен тұрады. Бастысы тәуелсіздік алып, мемлекеттігін қалпына келтірген қазақтың соған қарамастан өзіне деген сенімінің жоқтығын көрсету негізгі мақсат болған. Әңгіменің арқауы биліктің биік баспалдақтарында отырса да елдің болашағынан гөрі ақшаның құдыретіне көбірек сенетін, соның жолында ардан тайып, қылмысқа барып ұрлап, тонап, тығып, соңында бар дүниесін буып-түйіп, із жасырып шет ел асуға дайын тұратын «қазақтардың» тірлігі. Ондай қазақтар алдымен бала-шағасын шет ел асырады, одан соң ұрлаған ақшасын сол жаққа жасырады. Өздері соңғы минутқа дейін ұрлаумен айналысады, одан қалса көздері көгеріп түрмеде отарады. Ал шет ел асқан ұрпақ не болады? Бұл дәл бүгінге дейін қазақ шын мәнінен ойланып жетпеген мәселе. Тіпті, шынымен таудай ақша ұрлап, сол шет елдерде «керемет өмір сүріп жатырмыз» деген «қазақтар» да бұл мәлелені шын мәнінен түсініп жетті деуге дәтің бармайды. Себебі, өткенніңмен ат кекілін шындап кескенде ғана сен үшін шыт жаңа мәселелер шығады (қашқындар үшін бұл уақыт әлі толық жеткен жоқ). Ол мәселенің бірі және бірегейі рухани жадыға барып саяды. Туған мекеніңді, отаныңды ұрлап, тонап қашып кету мен өз еркің бойынша шет ел асып жаңа өмір іздеп кетудің арасында үлкен парық бар. Ол парық әлгінде айтқан рухани жадымен байланысты. Өткенмен шындап қоштасқан сәтте әлгі рухани жады өз құдыретін көрсетеді. Сендегі рухани қайнар-көз жабылады, оның орына алаңдаушылық, мекенсіздік, жалғыздық, қалаберді жоғалтақыңды іздеу басады.   

С.Ордашева әңгімесінде шет ел асып кеткен ұры қазақтың ұрпағы туралы айтады. Рим қаласында тұрып жатқан Шерхан «қазақта тарих жоқ!» дегенге басқа емес, алдымен өзі имандай сенетін жан. Бірақ, оның жүрегінің тереңінде, көңілінің түкпірінде бір үн бар, ол - күйдің үні, - дейді жазушы. Сол күй елге оралып аңға шыққан бір сәтінде далада қалған Шерханды шын мәнінен «оятады» немесе әлгі жады «оянады». Шет ел асқан ұрпақтың рухани тұрғыдан қайнар-көзінен таусылуы басталған сәтте бәрі басқаша болады: соған дейін алданып келген дүниелердің бәрі дерлік шаң-тозаңдай сейіледі. Байлық та, махаббат та, сәттілік те, көңілділікте, бәрі-бәрі көзден бұлбұл шұады. Оның орнын тегін, рухани мекенін, қайнар көзін іздеп ұлу басады. Бұл түйін әңгіменің ең ұрымтал тұсына тура келеді. Рим көшелерінің бірінде сатылып шет ел асқан баланың «еліме қайтамын!» деген жалғыз ауыз сөзі Шерханның ұлыған жандүниесінң шаңырағын ортасына түсіреді. Еркін Шерхан ақыры еріксіз шет ел асқан баланың рухының (жадының бір төрінісі)  құдыретімен өзінің туған мекеніне оралады. Бабаларының табанының ізі, көзінің жасы, маңдайының тері қалған сол топыраққа қоныс тебумен тынады. Оны тіпті ұры әкесінің сотталуы сынды келеңсіздік те тосып қала алмайды. 

Әңгімеде Сейтектің күйі рухани жадының символы ретінде алынған. Менің ойыма бұл туынды Ж.Лондонның адам бағып алған қасқырдың жапан түзде өз үйірі ұлыған сәтінде тегін табатын әйгілі шығармасын салды. Жазушы аталған дүниені үлкен кеңістікте, тарихи мән беріп, қоғамдық өзекті мәселенің түпкі қайнарын ашуға негіздеп жаңаша қолданған. Шығарманың салмағы да осында жатыр. Оның тасасында С.Ордашеваның жазушы ретіндегі талғамы мен өзіндік ұстанымы тұр. Нені жазу мен қалай жазудың шартты қажеттілігі толық шешім тапқан. Әңгімеде жазушының өзіне ғана тән қолтаңбасының тұнып тұрғаны да осы түйінен деп ойлаймын. Шеберлік дегеннің білетін дүниеңді көркемдіктің шегіне жеткізіп жау екені анық болса, онда жазушының бұл шығармасы да соны аңдатады. Қадамыңды нық басқан жерде қиялың қиыр шарлап өрісін тауып жаста, жазушы үшін одан артық бақыт жоқ.  

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты