Гүлнар Ақан (Gulnar Akhan): М.Әуезовтың прозалық шығармаларындағы әйел обыразы

9b3d28fadd004a2c23228a81d05c110d.jpg (588×768)

Қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтың қаламынан проза, драматургия,  әдебиеттану және сын саласына қатысты көптеген шығармалар туды. Соның ішінде прозалық шығармаларының десі басым. Әдебиетке алғаш қадам басқаннан, біртіндеп қалыптасып, толысып, кемелденіп, соңында «Абай жолы» сынды төрт томдық эпопея жазған барысында, прозалық туындылары жазушының жалпы шығармашылық жолының толық көрінісін әйгілейді. Алғаш жазған әңгімелері мен новеллаларынан, біз жазушының проза жанрына қалай келгенін, тақырып, харектір, мәтін, тіл қолдану, т.б. жақтарында проза жанрының тәбиғатын қалай меңгеріп, біртіндеп өзіне ғана тән жазу мәнерін тапқанына алғашқы негіздер табамыз. М.Әуезовтың әдебиетке келген тұсы қазақ әдебиетінің ауыз әдебиетіне табан тіріген әдебиетінің осы заманғы Еуропалық әдебиетке ауысқан тұсына тура келді.  М.Әуезов қазақ әдебиетінде осы үрдісті бастаған және оны биік деңгейде орындап шыққан шығармашыл тұлғалардың бірі саналады. М.Әуезовтың әңгіме, повест және роман жанрында қолжеткізген әдебиетке тән қолтаңбасы жалпы қазақтың осы заманғы әдебиетінің басты көрсеткіші, кейінгі буынның проза жанрында саналы және бейсалалы түрде қабылдайтын үлгі-өнегесі болғаны да анық.  М.Әуезов прозаға алғаш новелла, әңгіме жазумен келді, одан повестке өтіп, соңында роман жанрын игерді. Бұл барыс жазушының проза жанрының табиғатын игеру барысы ғана емес, шығармашылық тұлға ретінде таным, түсінік, толғам, идея жағында қалыптасып, кемелдену барысын да көрсетеді.  Біз осы барыстағы жазушының қаламынан туған әйел образының баянына назар аударып, оның қандай өзгерістерді бастан өткергенін, соңында М.Әуезовке тән идеялық, көркемдік бірлікке жеткеніне тоқталамыз.   

Жалпы әдебиет тарихына назар салсақ, автордың тұрғысы көбінде оның таным, түсінігі мен идеялық болмысын тануда маңызы зор. Соның ішінде жыныстық айырмашылықтың (gender distinctions)  өзіндік тұрғысы да бар. Ер жынысты авторлар жазған шығармаларда, әсіресе, М.Әуезов сияқты дәстүрлік қоғамнан, ауыз әдебиетінен осы замандық жазба әдебиетке өту кезеңінің өтінде тұрған автор үшін бұл тақырыптың өзіндік ерекшелігі анық байқалады.  М.Әуезовтың бұл ерекшелігі және орыс әдебиетінің дәстүрімен сабақатасып жатыр. 

Орыс әдебиеті XIX ғасырдың алғашқы жартысында А.Пушкиннің келуімен батыс әдебиетінің романтизм (Romanticism) дәстүрін қабылдады. Оны біртіндеп орыстың ұлттық әдебиетіне сіңіріп, кемелдендірді. Әдебиетке Н.В.Гогольдың келуі орыс порозасына жаңа леп, тың тебін берді. Роман жанры өзіндік үлгі-өнеге, шеберлікпен байды.  Осы тұста орыс әдебиеттануы, сын саласы да батыс Еуропалық әдебиетпен сабақтаса дамыды. В.Г.Белинскийдың әдебиет сыны орыс әдебиетінің, оның ішінде орыс прозасының даму бағытына үлкен ықпал жасады. В.Г.Белинскийдың сыны батыстың романтизм (Romanticism) әдебиетін бастау-көз етіп, Ф.Гегель философиясы мен И.В.Гюте бастаған неміс дүниетанымының ықпалына ұшыраған, XIX ғасырдағы ғылымның дамуына сай, практикаға басымдық берген, қоғамдық өзгерісті, әлеуметтік қайшылықтарды ұштастыра қарастырған сын еді. В.Г.Белинский шығарманың мазмұн мен формасының бірлігін дәріптеді және шығарманың тарихи сипатына көбірек мән берді. Соңғы түйін орыс прозасында уақыт өте келе басымдық алды. Бұл орыс қоғамындағы қайшылықтардың асқынып, шешімін күткен қоғамдық мәселелердің жинақталып, идеология мен әдебиетте ықпал ете бастауының алғашқы көрінісі еді. Айталық, шаруаларды басы байлы құлдықтан азат ету мәселесін басты қолдаушылардың бірі В.Г.Белинский болатын. Қоғамдық қайшылықтың асқынуы  В.Г.Белинскийдің дүниетанымына күшті әсер етті. Сыншы сонымен қатар шығарманың ұлттық түс алуын ерекше дәріптеді. Тарихи, әлеуметтік және ұлттық болмыс осылайша XIX ғасырдың екінші жартысынан кейінгі орыс прозасының негізгі бағыты болып қалды. Кейін Н.Г.Чернышевский орыс әдебиетіндегі бұл үрдісті одан ары күшейітті. Қоғамдық қайшылықтардың асқынуы, батыс Еуропада төкңерістің жүз беруі, философия мен қоғамтануда жаңа түсініктердің, көзқарастардың пайда болуы бұл үрдісті тіпті тездетті. Айталық, Чарлз Дарвиннің (Charles Darwin) «Түрлердің шығу тегі туралы» (On the Origin of Species) (1859), «Адамзаттың пайда болуы» (The Expression of the Emotions in Man and Animals (1872)) кітаптарының жарыққа шығуы дәстүрлі дүниетанымды терістейтін, адамды тәбиғаттың туындыс, қоғамдық сипаты бар тіршілік иесі деп қарайтын, ғылымға тән түсінікке басымдық беріп, қоғамдық-әлеуметтің салада практикаға ден қоятын дүниетанымға берік негіз қалады. Бұл соған дейінгі адамзаттың дәстүрлі түсінігі мен этикасына, дін туралы сеніміне, қоғамдық қатынасына үлкен әсер етті. Жаңа ұстаным бойынша адам тәбиғатқа тән (хайуандық) және қоғамдық мән алады. Біз Н.Г.Чернышевскийдың әдебиет сынынан осы түйінді әспеттейтінін анық байқаймыз. Оның «Не істеу керек?» (What do I do?) шығармасы материалисттік дүниетанымды уағыздайды, ғылымды көкке көтереді, адамды қоғамдық сипаты бар ақылды жаниесі (хайуан) деп біледі, ғылым «жаңа адамды» жаратады, дегенді бетке ұстайды. Н.Г.Чернышевскийдың дәуірінен бастап орыс прозасында Дарвнизмнен қуат алған Маркистік (Marx) материализмның үлес салмағы артқаны анық көзге түседі. Одан кейін Г.В.Плеханов дәуірінде әдебиет пен төңкеріс тіке байланысты дүние ретінде қарастырылады. XX ғасырдың басынан бастап,  айталық, М.Горки шығармаларында бұл түйін бірден әдебиетте көрініс тапты. М.Әуезовтың әдебиетке келген тұсы да осы кезең. Жазушының алғашқы шығармаларының ауанынан да біз жоғарыдағы дүниетанымдық ерекшелікті байқаймыз. 

Әдебиет — сөйлеудің ерекше тәсілі. Онда идеологиялар мен идеялар қақтығысып, диолог құрып, бірін-бірі қабылдап, бірін-бірі теріске шығарып жатады. Л.Бардтың (Roland Barthes, 1915-1980) сөзімен айтқанда, әдебиет — түрлі айқай-шулар толастамайтын «сахна». Мәтінде қоғамдық тарихи оқиғаларды кең пішіп, тереңнен толғайтын М.Әуезов сияқты реалистік жазушының тұрғысының маңызы зор. Бұны біз Дж.Дерида (Jacques Derrida, 1930—2004) айтқан жазба тілдегі логосизмнің (logocentrism) мәтінде көрініс беруі деп те айтуымызға болады. Онда негіз (Subject) бен өзге (the Ofher) өз тұрғысын табады. Дж.Лаканның (Jacaueo Lacan,1901—1981) дәлелдеуінше, тұлғалық «мен» үш қабаттан тұрады. Бірінші, қиял кеңістігі. Екінші, символ немесе таңбалар кеңістігі. Үшінші, реал кеңістік. Әрбір тұлға алдымен қиял кеңістігінде өзін тұлғалайды. Өзі туралы алғашқы түсінік қалыптастырады. Оны адамның алдына айна қойып, өзінің кейіп-кеспірі туралы ой тұжырымдаған сәтіне ұқсатуға болады. Адам қиял кеңістігінде өзін тұлғалағаннан кейін оны сыртқы ортада — адамдар ара қатынасы мен қоғамдық байланыстарда сынай бастайды. Бұл кезең адамның өзіндік бейнесінің символдану немесе таңбалану кезеңіне жатады. Бұл кезеңде тіл мен оның таңбалану ерекшелігі өз құдыретін танытады. Адамның қоғамдық имиджінің басты бөлігін тілге қатысты символдар мен ұғымдар тұлғалайтыны белгілі. Осы арада тілге қатысты логусизм ортаға шығады. Жоғарыдағы екі кезең үндескенде тұлғалық меннің қоғамдық тәртіпті қадағалаушы, мәдениет пен заң-түзімге ықпал ететін, билікке апаратын реал кеңістік — «мені» қалыптасады. Бұл отағасылық (patriarchy) үстемдік еткен қоғамда жазушы ер адамдар таным аясындағы ерлердің үстемдігі тұрғысын сақтай отырып, образ жасайтынын көрсетеді. Бұл да логусизмнің бір көрінісі. Олар өзінің субъективті көзқарасы мен танымын ақылға, нақтылыққа құрылған қоғамдық-тарихи шындық ретінде бағалап, ортаға шығарады да, басқа тұрғыны (айталық әйелдердің тұрғысын, т.б.) өзіне салыстырмалы қосымша етіп алады. Осыдан ер / әйел, күшті / әлсіз, бағындырушы / бағынышты, ақылды / ақылсыз, шыдамды / шыдамсыз, т.б. салыстырма орын алады. Әдебиет тарихындағы ер адамдар жазған шығармалардағы әйелдер образының дені осы үлгіде жазылған.  Бұл М.Әуезов шығармашылығында да қайталанады. 

«Кінәмшіл бойжеткен»,  «Қаралы сұлу» әңгімлері М.Әуезовтың 1925 жылы жазған шығармалары. Алдыңғы әңгімеде автор қалада өмір сүрген Ғайша атты қазақ қызының махаббат тарихын жазады. Ғайшаны біз қалада өмір сүрген алғашқы қазақ қыздарының әдебиеттегі образы деп түсінуімізге болады. Қалада Ғайша әр түрлі жігіттермен араласады, араласу барысында тән қалауына беріліп өзін жоғалтып, соңында барлық араласқан жігіттері жағынан аяқ асты болып, жезөкше сияқты қолжаулыққа айналады. Әңгіменің соңында адамға тән ар-намысын, абройын жоғалтқан Ғайша у ішіп өліп алу бекіміне келеді, бірақ, соңында тірі қалады. Жазушы әңгімені үшінші жақтың баяндау стильмен жазған. Бұл стильды орыс әдебиетінде Л.Толстой жиі пайдаланады. М.М.Бахтин бұл жазу мәнерін «авторлық сипаттағы баяндау» (Subjective Narration) деп анықтама берген болатын. Оның ерекшелігі шығармадағы кейіпкерлердің тағдыры мен өмірі, жандүниесі, мінезі мен айтқан сөзі, жалпы болмысы толықтай автордың түсінігіне, қалауына, талабына сай жазылады. Автор кейіпкерін толық меңгеруінде ұстайды. Әңгімеде М.Әуезов қыз Ғайшаны бірнеше жігітпен байланыстырады. Осы барыста жазушының қаламы жігіттерден көбірек Ғайшаға басымдық береді. Мақсат - Ғайшаның өзгерісін, жалпы тағдырын, оның трагедиялы өмірін көрсету. Бұл арада бір сұрақ туады: автор неге Ғайшаның трагедиялы өмірін бұлайша шұқшиып жазуға құлшынды екен? Егер, жазушы кейіпкерінің трагедиялы тағдырына, сол кезеңдегі қазақ қызының жағдайына жаны ашып, әділетке жоқшы болып,  сол себепті осы тақырыпты қозғады десек, онда неге Ғайшаның тағдыры тек Ғайшаның бір басының себебінен емес, оған қоғамдық ортаның, онымен байланысқан жігіттердің де себебі болғанына назар аударып, ол туралы жазбайды?! Шығармада Ғайшаны тән құмарын қандырушы ретінде ғана бағалайтын жігіттердің сипаты туралы көп сөз жоқ. Жазса да, оған көп түсінік бермейді, сипай қамшылап өтеді. Жазушы Ғайшаның басындағы тағдырдың түп себебін жан-жақтылы көрсетпейді. Тек оқиғаның барысын және соңында Ғайшаның қолжаулық болған күйін көрсетумен шығарманы аяқтайды. Әңгімеде Ғайша анық жазылады, оның жандүниесі толық көрініс табады. Ал онымен байланысқан жігіттер бұлай терең суреттелмейді. Жазушының авторлық баяндау тәсілімен жазып отырып, кейіпкерлерін бұлай артық-кем жазуынан біз оның әйел кейіпкерге ғана назар аударатынын анық білеміз. Жазушының қаламынан туған жігіттер образында ортақ бір түсінік бар. Олар Ғайша әйел жынысы, еркектің айтқанын орындап, айдағанына жүруге жаралған және әйелдің бұл кемшіл қасиетіне еркектер жауапты емес, қайта қажет болса әйел заты солай істеуі тиіс, оған ер адамдар жауапты емес дегенге жақын түсінік. Мұны біз әңгімеде жазушының Ғайшаны өзіне тән еркі жоқ, басқаның илеуіне көнгіш, көңілшек, өзіне жақындаған жігіттердің ықпалында кетте беретін етіп жазуынан байқаймыз. Ғайшаның уақыт өте жезөкше сияқты тағдырға ұшырауы оның сұлу болғандығы, сұлулығына байланысты еркектердің ықыласына көп ие болғаны, соңында трагедиялы тағдырға түсуі де сол ерекшелігі себеп болған сияқты сезіледі. Жігіттердің (адамдардың) алдында Ғайшада қаншама артықшылықтар болса да (айталық ол сұлу, сымбатты болса да) қалайда қолжаулық болған тағдырдан қашып құтыла алмайды. Мұны шығармадағы кейіпкер жігіттердің Ғайшаға ұстаған көзқарасы мен түсініні ғана емес, автордың да түп ойы деп қабылдауға болады. Бұл жазушының Ғайша боразын жазуда оған «әйел» деген тұрғыда – жыныстық тұрғыдан барғанын көрсетеді. Және жазушының түсінігіндегі әйел еркектерге толық еркі бағынышты әйел. Бұлар жазушы санасындағы мен / ол,  ер / әйел, мықты / әлсіз, билеуші / биленуші танымын анық аңғартады. Оның астарында автордың адамға Дарвиндік даму тұрғысынан қарағаны - еркек те, әйел де хайуан, нәпсінің құлы, олар сол үшін жаралған дегенге жақын дүниетанымы менмұндалайды. Одан ары «еркектер басшы, әйелдер қосшы» дегенге санайтын дәстүрлік еркектер билігіндегі қоғамдық сананың жазушы миындағы сәулесін көреміз. 

М.Әуезов «Кінәмшіл бойжеткен» шығармасында әйел образына Дравнизмнің көзімен қарайтынын жанамалай аңғартса, «Қаралы сұлу» шығармасында тікелей әйелге тән нәпсі туралы жазған. Шығарма шегіністі баяндаумен жазылған. Әңгімеде сөз бірден Қаракөз атты жесір әйелдің жыныстық нәпсісіне қатысты баяндаумен басталады. Жазушының танымында жастық пен жыныстық нәпсі бір нәрсе және олар бірін-бірі толықтайды (бұл тікелей дарвнизмнен шыққан түсінік). Қаракөз жас, сондықтан оның тәні жыныстық нәпсіні қажет етіп, соған булығады. Әңгімеде жыныстық нәпсісін баса алмай аласұрған Қаракөздің жанбуырқанысын суреттеген жазушы арада қыстырма баяндау арқылы әйелдің неге жесір қалғандығын түсіндіре кетеді. Бірақ, мұның бәрі тек Қаракөздің нәпсісін қандыруға қатысты шарт ретінде ғана қарастырылаған. Шығармада сүйіп қосылған жолдасы жортуылда жан бергені себепті жастай жесір қалған Қаракөз өз нәпсісіне шығар жол іздеп аласұрады. Сол аласұру ақырында оны өз үйінің есігінде жүрген қойшы еркектің қойынына кіргізеді. Мұнда екі түйінге назар аударуға тиіспіз. Біріншісі, шығарма тіке әйелдің жыныстық нәпсісі туралы жазады. Екіншісі, әйел нәпсісін қанағаттандыру үшін өзінің ар-намысынан, қоғамдық орнынан, тіпті, өзінде бардың бәрінен бас тартуға бар. Мұнан байқайтынымыз Қаракөз әйел ретінде өз нәпсісінің құлы және еркекке бағынышты. Автордың Қаракөз туралы бар түсінігі осыған саяды. Автордың ашып айтпаса да, сөзінің түп мағынасы сол. Себебі, Қаракөз бір әулеттің басшысы, ауқатты отбасының иесі болса да автордың түсінігінде ол еркексіз өмір сүре алмайды, еркекке тәуелді әйел. Қазақ әдебиеттану ғылымында  М.Әуезов жаратқан Қаракөз образын махаббатпен байланыстыратын түсінік бар. Қазақ сахнасында жарты ғасырдан артық сахналанып келе жатқан песаларда соны негізге құрылған. Шындығында бұл танымдағы үлкен қателік. Қаракөздің махаббатпен еш қатысы жоқ. Оны махаббатпен байланыстыру, махаббат ұғымын қорлау болар еді. М.Әуезовтың Қаракөзі дәстүрлік еркектер билік еткен қоғамдық сананың танымына құрылған, бір жақтылы (еркектердің тұрғысындағы), әйел затының болмысын нәпсі тұрғысынан түсіндіретін Дарвнизмнің тішке туындысы. Сондықтан да М.Әуезовтың Қаракөзі нәпсісінің отынан күйіп-жанады, содан еркекке өзін «сыйлай» салады. Оның бар болмыс бітімі сол ғана. 

Жоғарыдағы екі әңгімесінен біз сол кезеңде әйелдер образын жазуда М.Әуезовтың дарвиндік-маркстік дүниетаным мен әйел затын төмен санайтын дәстүрлі түсінікте болғанына анық көз жеткіземіз.  

Арада он бес, жиырма жыл өткенде М.Әуезов «Абай жолы» эпопеясын жазғанда Зере, Ұлжан, Агерім, Салтанат, Айғаным, т.б. әйел образдарын жаратты. Бұл образдарды жазағанда автор алғашқы шығармаларындағы әйел туралы көзқарасынан бас тартып, мүлде бөлең таным-түйсікке ие әйел обаразын жаратуымен көзге түседі. Зере – романның бас кейіпкері Абайдың әжесі. Абайдың қалыптасуына әкесі Құнанбаймен қатар, сол деңгейде, тіпті одан асып түсіп ықпал еткен тұлға. Бұл кейіпкер шығармада Абайдың ес біліп,  балалықтан ақыл тоқтатқан жасқа өтетін тұспен қатар ортаға шығады. Шығармада он үш жастағы Абай әкесі Құнанбай бастаған билеуші топтың зорлығымен өлтірілген Қодардың соңғы жаншығар сәтін көріп, ауырып үйіне оралады. Бір сәтте есейген баланың – Абайдың жаны түршігіп, жансауғалаған да тапқан мекені осы Зере әжесінің құшағы болады. Әжесі сонда ауырып, түсі өзгеріп келген немересін көріп шошып, «немереме ұшық тиіпті» деп оны батар күнге қаратып ұшықтап алады. Құнанбай бастатқан топтың зорлығына өзінің қарсы екенін, қолдамайтынын, жақтыртпайтынын Абайдың алдында анық білдіреді. Романда Зере әулеттің қормалы, аса ақылды, аяулы, көріністе әлсіз болғанымен шексіз қуаты бар ана бейнесінде көзге түседі. Оның кескін-келбеті мен болмысында адамилықтан көрі ұлы рухқа тән образ басым. Өз ортасында одан өткен құдыретті, күшті, салмақты тұлға жоқ. Бұл жағынан ол романдағы рухы биік, ұлы Жаратушыға апаратын табиғатпен үндесіп жатқан тылсым күштің көрнеудегі көрінісі сияқты сипатталады. Романда жаушы Ұлжан,  Аәгерім, Салтанат, Бірханым қатарлы өзге әйел образдарын жазғанда осы Зере образына сабақтап, сол негізде өрбітеді. Абайдың түрлі өмір кезеңінде серіктес болған бұл әйелдердің түп негізінде Зере әженің елесі көрінеді. Абайдың қалыптасуына әжесі Зеремен қатар Ұлжан,  Аәгерім, Салтанат, Бірханым сынды әйел образдарының жандүниесінің тазалығы жағын, болмысын сіңіреді. Абай өмірінде жоғарыдағы әйелдермен үндес, тағдырлас болады, бірін-бірі қолдап, түсінісіп, сыйласып өтеді. Бұл әйелдерді Абай өзінен еш төмен санамайды. Оларды өте жоғары бағалайды. Осылайша автор «Абай жолы» эпопиясында ұлы Абай бейнесін жаратумен қатар оған сәйкес бұрынғысынан мүлде жаңа, бірақ қазақтың ұлттық дүниетанымымен үндесетін, өз алдарына ерекшелігі, зейін-зердесі, ақыл-парасаты бар бір шоғыр әйел образын қатар жаратқан. Романда Абай бейнесі осы әйел образдарымен біте қайнасып, ықпалдасып, үндесіп, бірін-бірі толықтап жатады.

Мұнан байқатынымыз «Абай жолы» эпопeясын жазғанда М.Әуезовтың дарвиндік-маркстік дүниетаным мен әйел затын төмен санайтын дәстүрлі түсінікте толық бас тартқанын көреміз. 

М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопиясында Зере, Ұлжан қатарлы қазақ әйелдерінің образын жазғанда ұлттық дәстүрлік түсінік – табиғатпен біртұтас адам (androgyny) ұғымына қайтып оралған. Жазушының бұл идеясы батыс әдебиентіндегі  біртұтас адам ұғымына (Natural Theology) жақындайды. Ағылшынның XIX ғасырдың басында жасаған әйгілі романтик ақыны  Сэмюэл  Кольридж (Samuel Coleridge 1772ж. – 1832ж.) 1832 жылы жарық көрген «Талқы» (Table Talk) атты шығармасында «ұлы идеяда жыныстық айырмашылық болмайды, олар бірін-бірі толықтайтын біртұтас тұлға» деген түсінікті ортаға қойған еді. Ақынның бір қатар айтулы шығармаларында осы ұстаным көрініс тапқан. Айталық,  Сэмюэл  Кольридждың «Құбылай қаған» (Kubla Khan) поэмасында жоғарыдағы идея анық көзге түседі. Ағылшын жаузшысы Вирджиния Вулф (Virginia Woolf 1882ж. – 1941ж.) 1912 жылы жарық көрген «Менің бөлмем» (A Room of One's Own) шығармасында өнердің, көркем шығарманың, жыныстық шектемелік пен түрге ұшырамайтыны туралы пайымдайды. Бұл түсінік те М.Әуезовтың «Абай жолы» романындағы әйел обыразы туралы түсінігімен үндесетінін байқаймыз. 

Пайдаланған әдебиеттер: 

  • «М.Әуезов шығармаларының» көп томдығы.

  • «В.Г.Белинский шығармаларынан таңдамылылар», қытай тілінде, Шаңхай аударма баспасы, 1999-жыл. 

  • «Н.Г.Чернышевский шығармаларынан таңдамалылар», қытай тілінде, Шанхай аударма абспасы, 1998-жыл.

  • «Г.В.Плехановтың эстетикалық шығармаларынан таңдамалылар», қытай тілінде, Шанши халық баспасы, 1983 жыл.

  • «М.М.Бахтин: Әдебиет теориясы», қытай тілінде, Хыбыи білім баспасы, 1998-жыл. 

  • «Дж.Лакан және Әйелдер құқығы идеясының (feminism)», қытай тілінде, Бижың универсиеті баспасы, 2005-жыл. 

  • «Л.Бардт шығармалары I», қытай тілінде, Бижың халық баспасы, 2008-жыл.

  • «Дж.Дерида: Жазу және парық», қытай тілінде, «Тұрмыс-кітап-білім» баспасы, 2001-жыл. 

  • «Сэмюэл  Кольридждың таңдамалы шығармалары», қытай тілінде, Шаңхай аударма баспасы, 1988-жыл.

  • «Вирджиния Вулф: Менің бөлмем», қытай тілінде, Халық баспасы, 2010-жыл. 


 Автордың жұмыс орыны:

Қазақ Ұлттық Қыздар Педагогикалық Университеті, 

Шетел тілін оқыту әдістемесі кафедрасы, 

Магистр, аға оқытушы Гүлнар Ақанқызы

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты