I.Singer: Ақымақтың жұмағы

798283c8d68d7d189bb621cdfda9734f.jpg (1213×596)

(әңгіме)


Мəлім бір кезде, мəлім бір жерде Катша дейтін бір шіріген бай болған екен. Оның Атсай атты жалғыз ұлы болыпты. Катшаның үйінде тағы бір жамағайынның Акса есімді жетім қызы тұрады екен. Атсай қара шашты, қарақат көзді, бойы сырықтай, сындарлы азамат болса, Акса көзі көк, шашы алтындай сары, Ай мен Күндей ару екен. Екеуінің жастары да шамалас көрінеді. Кішкентай кездерінде олар үнемі қосағын жазбай, бірге ойнап, бірге тамақтанып, сабаққа да бірге барады екен. Ержеткенде  екеуінің үйленетіні айналасындағыларға, əрине, айтпаса да аян еке.

Бірақ, екеуі əбден есейіп ержеткен кезде, Атсай аяқ астынан ел-жұрт естіп көрмеген бір түрлі дертке шалдығады. Ол өзін өлген адаммын, əлдеқашан бақилық болдым деп есептейді.

Мұндай ой-сана оған қалайша орнай қалады? Атсайдың бала кезінде, үйлерінде бір күтуші болған көрінеді. Ол жұмақ жайындағы əңгімелерді көп айтады екен. Күтуші Атсайға былай депті:

—Жұмақта пəни тірліктегі сияқты қызмет, оқу дейтіндер болмайды. Онда қашанда жабайы сиыр мен жайын балықтың етін жеп, тəңірдің жаны жайсаң пенделеріне сыйлаған шарбат-шарабын ішесің, ұйқың қанғанда тұрасың, онда жұмыс дейтін атымен болмайды.

Атсай жаратылысынан көлденең шырпының басын қайырмайтын, жатып ішер жалқау жан еді. Ол ерте тұрудан, сабақ оқудан өлердей қорқатын. Əкесінің кəсібінің ерте ме, кеш пе, түбінде бір өз еншісіне тиетінін Атсай əбден білетін. Бірақ, оның бұл кəсіпті қабылдауға пейілі соқпайтын.

Ол жұмаққа енудің бірден-бір жолы өлу екен, ендеше, бақиға неғұрлым ертерек аттанғаным жөн деген бекімге келеді. Осындай ой-қиялдың шырмауынан шыға алмаған Атсай соңында өзін шынымен өлдіге есептейді.

Атсайдың қылығы əке-шешесін қатты алаңдатады. Оңаша қалғанда ол үшін Акса да көз жасын көлдететін –ді. Бір үйлі жан Атсайды əлі де жұмыр жердің бетінде табанынан тік басып жасап жатқанына, тірі пенде екеніне ебін тауып иландыруға тырысады. Бірақ Атсай олардың сөзіне мүлде сенбейді.

Ол отбасындағыларына:

—Сендер менің əлдеқашан өлгенімді білі тұра, неге жерлемейсіңдер? Мені баяғы жұмаққа ене алмайды деп тұрсыңдар ғой, - дейді байбалам салып.

Əке-шешесінің Атсайды дауалатпаған шипагері қалмайды. Шипагердің бəрі де:

—Оның сөйлеуі, тамақтана алуы тірі екендігінен дерек береді, - деп кесім айтады. Көп өтпей оның тамағы да, сөзі де азаяды. Ұлымыздың беті бері қарамас па екен деп əке-шешесі одан ары алаңдайды.

Баласының ауруынан əбден торығып-түңіліп жүрген əкесі бір күні атақты бір маманға амандаса барады. Бұл кісі білім-қабілеті ұшан-теңіз, аты жалпақ жұртқа мəлім Юз дейтін əйгілі шипагер еді.

—Мен ұлыңызды 8 күн ішінде аруынан ада-күдде сауықтырамын, - дейді шипагер Атсайдың науқас жағдайын тыңдағаннан кейін - Бірақ, бір шартым бар, мейлі қандай сөлекет болса да, менің айтқанымды бұлжтпай орындауыңыз қажет.

Катша оның айтқандарына мақұл болады. Юз шипагер оған науқасты бүгін барып көретінін айтады. Үйіне оралған Катша шипагердің тапсырығын əйелі мен Аксаға жеткізеді. Малайларына да айтады. Олардың бəрі де шипагердің айтқанын еш шүбəсіз орындауды жөн көреді.

Көп өтпей Юз шипагерде келеді. Баланың əкешешесі оны Атсай жатқан үйге бастап апарады. Науқас төсекте ұйқтап жатқан болатын. Ол тамақтан қалғалы етінен арылып, құр сүлдері ғана қалған.

Шипагер Атсайды көрген жерден:

—Сендер мына өлген адамды апарып жерлемей, неге үйге сақтайсыңдар! – деп айғайлайды.

Мұны естіген Атсайдың əке-шешесінің бойында жан қалмайды. Ал, жүзіне болмашы күлкі үйіріле қалған Атсай:

—Төрт қара көз түгел көрдіңдер ғой, міне, мен шынында өлген адаммын, - дейді өз сөзін расқа шығаруға тырысып.

Ерлі-зайыпты Катша  шипагердің сөзінен қатты үрейленеді. Əйтседе, өздерінің Юз шипагерге берген уəделерін ойлаған олар дереу “сүйекті” шығарудың қамына кіріседі.

Шипагер олардан бір үйді жұмаққа ұқсатып жасауды талап етеді. Бөлменің бір қабырғасына ақ торғын тартылады. Көп көзді терезе мықты жабылып, перде түсіріледі. Үй ішіне күндіз-түні балауыз шам жағылады. малайлар үстілеріне ақ халат киіп, арқаларына қанат байлап қор қыздарының кейпіне енеді.

Атсай табыт сандығына салынады. Онан соң жерлеу салты өткізіледі. Қуана-қуана əбден діңкелеп, дығыры құрыған Атсай қор етіп ұйқтап кетеді. Атсай оянғанда өзінің бейтаныс бір үйде жатқанын біледі.

—Мен қайда келіп қалғанмын, - деп сұрайды ол айналасындағылардан.

—Төрем, қазір сіз жұмақтасыз, - дейді арқасына қанат байлаған бір малай жауап беріп.

—Қарыным ашып өлуге жеттім, менің жабайы сиыр мен жайын етін жеп, киелі шараптан ішкім келіп тұрғаны, - дейді Атсай.

Кезекші малай шапалағын соғып қалып еді, солақ екен, арқаларында қанаты бар, қолдарына балық, сарлық еті жəне анар, құрма, алмұрт, шабдол сияқты жел-жеміс салынған  алтын табақ көтерген бір топ малай қыз сау етіп кіріп келеді. Араларында сақалы аппақ күмістей, бойы зіңгіттей бір малай қолына толтырыла шарап құйылған алтын кесе ұстап алған.

Атсай алдындағы ас пен арақты апұл-ғұпыл жепішіп сылқия тойып алғасын, дем алудың қамына кірісті. Екі періште оның киімін шешіп, жуындырып, төсегіне көтеріп апарып жатқызды. Төсекке торғын жапқыш жабылып, күлгін түсті мамық көрпе қойылыпты. Жайлы төсекке жамбасы тиісімен Атсай қорылдап ұйқтап кетеді.

Ол сол ұйқтағаннан мол ұйқтап, таң атып, күн шыққанда бір-ақ тұрды. Əйтсе де, бұл жерде күн мен түннің парқы болмайтын, терезе жабық, пердесі түсірулі, балауыз шам жанып тұр. Малайлар оның оянғанын көрісімен алдына кешегісімен ұп-ұқсас тағамдарды əкеліп тартты. Атсай олардан:

—Сендерде сиыр сүті, кофе, жаңа пісірілген болка, сармай сияқты жемектер жоқ па? –деп сұрайды.

—Ондай тағамдар жоқ төрем, жұмақта осы түрдегі тағамдар ғана болады, -деп жамырай жауап қатты малайлар.

—Мынау күндіз бе, түн бе?

—Жұмақта күндіз, түн дейтін нəрсе болмайды.

  Атсай балық, сиыр етінен жəне жел жемістерден жеп, шарап ішті. Бірақ, ол алдындағы асын кешегісіндей түшіркеніп жеген жоқ. Тамағын ішіп болған соң:

—Қай уақыт болды? –деп сұрайды Атсай малайлардан. Олар:

—Жұмақта уақыт деген нəрсе өмір сүрмейді төрем, - деп жауап береді.

—Мен енді не істеуім керек?

—Бұл жерде əрқандай шаруамен шұғылдануға болмайды, төрем.

—Басқа əулие шəкірттер қайда?

—Жұмақтағы əрбір үйде əрбіреудің өз құжырасы бар.

—Оларға амандаса баруға бола ма?

—Жұмақта олардың тұратын жері бір-біріне өте алыс болады. Амандаса баруға қайдан болсын. Бір жерден енді бір жерге жету үшін неше мың жыл уақыт жүруге тура келеді.

—Біздің үйдегілер бұл араға қашан келеді?

—Əкеңіз пəни дүниеде əлі 20 жыл жасайды, шешеңіз 30 жыл жасайды, олар өлгенде болмаса, тірісінде бұл жерге жете алмайды.

—Акса шы?

—Оның жарық дүниеде 50 жыл жасайтын уақыты бар.

—Мына құлазыған жалғыздық соншама уақыт жалғаса ма?

—Əрине, солай, төрем.

Атсай басын шайқап бір сəт ойға шомды. Онан соң, малайларына тағы:

—Акса қазір не істеп жатыр екен? – деп сұрайды.

—Акса дəл қазір сізге аза тұтып жатыр, бірақ, ол ерте ме, кеш пе, əйтеуір, сізді ұмытып, кезіккен бір жастың етегінен ұстайтын болады. Пəни дүниедегі пенде біткен бəрі сондай болады, төрем.

Атсай орнынан тұрып үй ішінде арлы-берлі жүреді. Бұл оның өте ұзын уақыттан бері не істеу керектігі жайында тұңғыш рет толғануы еді. Алайда, жұмақта жатқан адамға істей қоярлық жұмыс қайдан табылсын. Атсай əкесін-анасын сағынады, Аксаны ойлайды. Оның бірдеме оқып үйренгісі келеді. Сейіл-серуен құруды, атына мініп атырапты аралауды, дос-жарандарымен кездесіп кеңес құрып, сыр шертуді армандайды.

Ақыры Атсай көңіл дертін, іш құсасын жасыра алмайды.

—Енді білдім, тірі жүру, мен ойлағандай михнат жұмыс емес екен, - деді ол бір малайына.

—Оқу, жұмыс істеу, шаруамен айналысу дегеніңіз пəни тірліктегі адамдардың арқалайтын азап-ауыртпалығы ғой, төрем. Ал, мұнда жан тыныштықта, бас ауырып, балтыр сыздайтын шаруа жоқ.

—Бұл жерде омалып отыра бергеннен, жарық дүниеде отын алып, тас қазғаным баяғыда артық екен, мына құлазыған меңіреу тыныштық енді қашанға дейін жалғаса береді?

—Бұл тыныштық жалғаса береді, мəңгілік солай болады, төрем.

—Сонда мен осы арада мəңгі өстіп ас ішіп, аяқ босатып отыра беремін бе? Онан да өліп алғаным баяғыда тыныш екен, - дейді Атсай ашудан жарылардай болып, өз шашын өзі жұла бастайды.

—Өлген адам өзін өзі өлтіре алмайды, төрем.

Арада сегіз күн өткенде, Атсайдың жұмақтағы торығып-түңілген көңіл-күйі шырқау шегіне жетті-ау дегенде, əуелгі орналастыру бойынша оның алдына бір малай келіп:

—Төрем, əсілі сіз қателестіңіз, сіз тірі адамсыз, жұмақтан кетуіңіз керек, - дейді оған.

—Не дейді мынау, мен əлі тірімін бе? – дейді Атсай.

—Солай төрем, төрем. Мен сізді қайтадан жарық дүниеге апарамын, -дейді оған малай.

Атсай қуаныштан жарыла жаздайды. Бір малай келіп, оның көзін таңды да, ұзын коридорды неше дүркін айналдырады, онан соң, оны отбасындағылар күтіп отырған бөлмеге апарып енгізіп, көзіндегі шүпіректі шешеді.

Үй іші жап-жарық. Жанға жайлы жұпар иіс келеді. терезеден күн сəулесі төгіледі. Тыстағы көкорай бақтан құйқылжыта сайраған құстың үні мен гүлден гүлге қонып шырын жиған бал арасының дауысы құлаққа жиі естіледі. Атсай ата-анасымен, Аксамен шаттана қауышып, құшақтасып сүйіседі. Ол:

—Сен мені əлі сүйесің бе? – дейді қос жанарын Аксаға қадап.

—Иə, сүйем сені Атсай, мен өзіңді ұмыта алмаймын! –деп жымия жауап береді Акса оған.

—Олай болса, екеуміз той жасайық!

Көп өтпей екеуі неке салтын өткізеді. Юз шипагер торқалы тойдың құрметті қонағы болады. Салтанатты музыка үні ішінде алыс-жақыннан келген қонақтар тегіс күйеу жігіт пен қалыңдыққа сауға ұсынады. Той жеті күн, жеті түнге жалғасады.

Атсай мен Акса қартайғанша қосақтарын жазбай, балдай тəтті өмір өткізеді. Атсай жатып ішер жалқау əдетін бір жола тастап, саудасын жүргізіп, өз ортасында қажырлы кəсіпкерге айналады.

Өзін Юз шипагердің қалай емдегенін Атсай той жасағаннан кейін бір-ақ біледі. Əсілі, ол ақымақтың жұмағына еніп кеткен екен. Кейін, Атсай мен Акса Юз шипагердің киелі емін балаларына үнемі əңгімелеп беретін болған. Олар:

—Жұмақ деген тегі қандай дүние, оны ешкім де айтып бере алмайды, - деген бір ауыз сөзбен əңгімесін аяқтатады екен.


Аударған - Бақытбек Пазыл

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты