Ардақ Нұрғазы (Ardakh Nurgaz): Нобель дауылы

Қытай жазушысы Мо Янь кім?

89c006cf6c18be9e94fe8a1f3cc722c9.jpg (640×592)

Үстіміздегі жылдың Нобель сыйлығы қытай жазушысы Мо Яньға берілді. Бұл — қытай әдебиетінің XXI ғасырда екінші рет аталмыш сыйлыққа ие болуы. Гау Шиңжиан 2000 жылы осы сыйлықтың иегері атанған. Биыл 12-қазан күні (Нобель сыйлығы әр жылы қазан айының екінші аптасында бейсенбі күні Стокгольм уақыты бойынша түскі сағат 1-де жария етіледі) әлемнің бірқатар ақпарат құралдары Нобель сыйлығының жаңа иегерінінің есімін бірінші болып есту үшін тағатсыздана күтіп тұрды. Швеция әдебиет академиясының тұрақты хатшысы П.Инген жылдағы әдеті бойынша көпшілік күткендей күлімсірей жұрт алдына шығып: «2012 жылдың Нобель сыйлығы шындық мен қиялды шебер тоғыстыра отырып, тарих пен қоғамдық болмысты терең қазбалаған шығармаларында  У.Фолкнер мен Г.Маркесті елестететін, қытайдың дәстүрлі әдебиеті мен ауыз әдебиетінен тың мүмкіндіктер ашқан Мо Яньға берілді»,  — деді.    


Он жылда екі рет ұйытқыған Нобель дауылы

2012 жылдың Нобель сыйлығы жария болысымен, Батыс пен Шығыс жұрты бірден «Мо Янь деген кім? Таңдау неге оған түсті?» деген сұраққа жауап іздей бастады. Наурыз айында биылғы сыйлыққа ұсыну ресми түрде аяқталған соң аталған додаға әлемнің 210 қаламгері ұсынылғаны белгілі болды. Тізімдегі қаламгерлердің 40 пайызы бұрын сыйлыққа ұсынылмаған жаңа есімдер еді. Нобель сыйлығына алғашқы іріктеуден кейін кімдердің келесі топқа өткені мүлде құпия ақпараттардың қатарына жатады.  Соған қарамастан қыркүйек туа сыйлыққа ие болу мүмкіндігі жоғары деген бес жазушының есімі ақпарат құралдарында төбе көрсете бастады.  Сырттай тон пішудің көрігін «Ladbrokes» бастаған бірқатар бәстігуші компаниялар қыздыра түсті. Олар көрсеткен үміткерлердің тізімінде жапон жазушысы Харуки Мураками, Қытай жазушысы Мо Янь, Албания жазушысы И.Кадра, Сирия ақыны Адынос, Корея ақыны Когендер топ бастап тұрды. Қазан айы туып, сыйлық иегерінің аты белгілі болатын күн жақындаған сайын көпшілік назары, негізінен, екі адамға ойысты. Олар жоғарыдағы тізімнің басында тұрған жапон және қытайлық жазушылар еді. Бұл осы жылы азиялық жазушылар көш бастады дегенді білдірді. Оған негіз де бар еді. Өткен он жылда негізінен еуропалық қаламгерлер мен Латын Америкасының жазушысы  аталған сыйлыққа ие болған. Ендігі кезек Азия мен Африка елдері жазушыларына келгені туралы айтыла бастаған. Мұнда жапон жазушысы Харуки Муракамидың бәсі бәрінен жоғары тұрды. Шығармалары әлемнің негізгі тілдеріне аударылған бұл жазушы осыған дейін бірқатар халықаралық сыйлықтардың иегері атанып үлгерген болатын. Жұрт жапон жазушысы Нобель сыйлығының табалдырығында тұр дегенге шын сенді. Ал, қытай жазушысы Мо Яньге бәс тіккендер аталған жазушы шығармаларының соңғы бірнеше жылда Еуропа  елдерінде, онда да Еуропаның өнер мен әдебиеттің салтанатты ордаларында жиі-жиі ауызға алына беруі аталған қаламгер тасының өрге домалай бастағанын көрсетеді деп қарады. Айтса айтқандай, соңғы сәтте қытай жазушысының жолы болды. 


Жақсының шарапаты

Жұрт қайсысының аты бәйгеден келер екен деп айрықша назар аударған азиялық екі жазушының басын қосатын тағы бір түйін бар. Жаздан бастап Жапония мен Қытай Тынық мұхиттың солтүстігіндегі аралға таласып жатыр. Екі елдің халқы да «арал біздікі!» деуден бір танбай келеді. Бұл таластың ақыры екі мемлекеттің арасында қарулы қақтығысқа дейін баруы мүмкін дегенді бүгінде саясаттанушылар жиі айтуда. Дәл осындай жағдайда қай елдің жазушысы Нобель сыйлығының иегері атанса, сол елдің десі басым түсіп, халықаралық дәрежеде беделі бір көтеріліп қалатыны анық. Соңғы кезде «Швеция әдебиет академиясы қақтығысып жатқан екі елдің бірінің жазушысына сыйлық бере қоймас. Себебі, олай істеу екінші елді ырықсыз жағдайға қалдырады» деген де ой айтылды. Алайда, Швеция әдебиет академиясы соңғы таңдауы арқылы мәселенің екінші бір қырын да ашқан сыңайлы. Ол 1994 жылғы Нобель сыйлығының иегері — жапон жазушысы Ое Кендзабуроға (Oe Kenzaburo) қатысты. Жапонияның екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әдебиет майданына келген жазушысы ретінде Ое Кендзабуро туған елінің империялық шапқыншылық соғыс қозғап, Азия халықтарына қырғын әкелген тарихты батыл сынауымен танылған қаламгер. Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында жапондардан көп таяқ жесе де Жапон үкіметін әлі де сол қырғынға толық кешірім сұрата алмай отырған қытайлар Ое Кендзабуроны тиісті әділдікті айтқан жапондық ретінде өте жоғары бағалайды. Мұндай рухани жақындастық өз кезегінде қытай әдебиетші қауымы мен Ое Кендзабуро арасына берік көпір қалыптастырды. Жазушысының барлық шығармалары қытай тілінде жарық көрген. Қытай жазушыларымен, әсіресе Мо Яньмен тығыз жеке қарым-қатынас бар. Жапон жазушысы бірнеше мәрте қытай жазушысының шаңырағында болды. Мо Янның Мигау ауданындағы шығармашылық үйінің кіреберісіне бүгінде Ое Кендзабуроның қытай жазуымен жазған «Мо Янь мырза, кәсіптес ретінде ол ең мықты қарсылас, әйтсе де досым болып қала береді» деген арнау сөзі ілулі тұр. Азияда Нобель сыйлығының санаулы иегерінің бірі ретінде жазушы қытай әдебиетін Еуропа елдерінде насихаттауда белсенді рөл ойнап келеді. Ое Кендзабуро өткен 15 жылда бір емес, бірнеше мәрте «Мо Янь шығармалары Нобель сыйлығына лайық» деп ашық мәлімдеме жасаған болатын. 

Қалыптасқан дәстүрге сай Нобель сыйлығына үміткерлерді негізінен әр елдің әдебиет академиялары, қоғамдық әдеби ұйымдар мен бұрын Нобель сыйлығын алған жазушылар ұсына алады. Сондай-ақ бұрынғы сыйлық иегерлерінің өтініші көп жағдайда басты назарда ұсталады.  Осы талапқа сай, Ое Кендзабуро 2006 жылдан бастап өзіне тиісті өкілеттік бойынша Мо Яньды ресми түрде Нобель сыйлығына ұсына бастаған. Арада бірнеше жыл өткенде бұл ұмтылыс өз жемісін берді. Швеция әдебиет акедемиясы Харуки Муракамиді емес, Мо Яньды таңдады. Енді бір сөзбен айтқанда, жауласуға дайын тұрған екі елдің бірінің жазушысы екінші ел жазушысының Нобель сыйлығын алуына кең жол ашып берді. 


Фолькнер мен Маркестің көлеңкесінде

Мо Янь 1955 жылы қытайдың Шандоң өлкесінің Гауми ауданында дүниеге келген. Қытайда «Мәдениет төңкерісі» жүріп жатқандықтан ол бастауыш мектептен кейін оқудан шығып қалады. 1976 жылы әскер қатарына шақырылып, 1997 жылы ғана босаған. 1981 жылдан бастап шығармалар жариялай бастайды.  «Мо Янь» оның бүркеншік аты. Өз аты — Гуан Моие. «Мо Янь» деген қытай тілінде «тіл қатқаным жоқ» дегенді білдіреді. Жазушы Швед әдебиет академиясы айрықша атаған «Қызыл арпа» повесін 1985 жылы жариялаған. Шығарма өткен ғасырдың 30 жылдарындағы тарихи оқиғаларды өзек ете отырып, патшалық жойылғаннан (1912 жылы қытайда шүршіттер құрған Чин патшалығы құлады) кейінгі қытай қоғамы туралы баяндайды. Ішкі соғыс, жапондардың басып кіруі, жаңа таным мен ескіліктің тартысы, адам тағдырының тәлкегі шығармаға өзек болған. Повестің көзге бірден түсетін ерекшелігі, жазушының оқиғаны баяндау мәнері Латын Америкалық жазушы Г.Маркестің қаламынан туған шығармалардың сарынын елестетеді. Жазушы кейін аталған повестің тақырыбында бірнеше шығарма жариялап, оларды тұтас күйінде «роман» деп атаған. Содан бастап 2011 жылы жарық көрген «Балақай» шығармасына дейін жазушы қаламынан 11 роман, жүзге тарта повест пен әңгімелер туды. Бұл шығармалардың бәрі дерлік жазушының туған топырағы мен өскен ортасынан ойып алған оймақтай мекенге табан тірейді. Бұл жағынан оның АҚШ жазушысы У.Фолкнерден үлгі алғаны көрініп тұр. Жазушының өзі шығармашылықта У.Фолькнердің жан-жақтылы әсеріне ұшырағанын жасырған емес. 1987 жылы  «Қызыл арпа» повесті бойынша қытай режиссері Жаң Имоу түсірген кинофильмі сол жылы Берлин кино фестивалының «Алтын аю» гранприін жеңіп алды. Жазушының бұдан тыс та бірнеше шығармасына кино түсірілген. Мо Янь қазір Қытай жазушылар одағы төрағасының орынбасары.  

Мо Янь — қытайдың 1980 жылдан кейін әдебиет майданына келген жас буынының өкілі саналады. Қытайда солақай саясат түзеліп, ел етек-жеңін жиып, қалыпты тұрмысқа көше бастаған тұста қытай әдебиетіне бір буын жас жазушылар келген. Олар қызыл үкімет құрылған жылдарда туылды, мектеп жасында «Мәдениет төңкерісінің» дауылына жолықты. Көбі күн дидарлы көсемнің талабы бойынша ауылдарға айдалып, оқудың орнына жапалы жұмысқа шегілді. Олар қытайдың дәстүрлі классикалық шығармалары «Үш патшалық хикаясы», «Су бойында», «Қызыл сарайдағы түс», т.б. романдарын оқып және соларды ертегі ретінде тыңдап өсті. Қолдарына қалам ұстап әдебиетке келген тұсында жаңадан аударылып алдарынан шыққан У.Фолькнер, В.Уоллф, Т.Элиот, Т.Манн, Э.Хемингуэй, Д.Стэйн,  Г.Грасс, И.Калвино, С.Беккет, Г.Маркес, т.б. шет елдің модернист жазушыларының шығармаларымен ұшырасты. Бүгінде қытай әдебиетінің басты прозаиктері саналатын Ма Иуан, Жа Піңуа, Уаң Зыңщи, Жаң Тешіңдердің қатарында сол тұста Мо Яньның да есімі аталатын. Арада 20 жыл өткенде сол топтан екі жазушы қара үзіп шықты. Оның бірі Мо Яань болса, енді бірі Жа Піңуа еді. Осынау жылдарда қытай әдебиеті бірнеше мәрте Нобель сыйлығына қол созып көрген. Өткен ғасырда Швед әдебиет академиясы екі мәрте қытай әдебиетіне сыйлық беру туралы ойланған деседі. Сол тұста олар қытайдың өткен ғасырдың 30-жылдарында әдебиетке келген жазушыларын басты назарда ұстаған. Алайда, басты үміткер саналатын  Лау Шы (1899ж — 1996ж) 1967 жылы саяси дүрбелең кесірінен өзіне қол жұмсап тынса, одан кейінгі Шын Соңуын (1902ж — 1988ж) 1988 жылы өмірден озады. Осылайша, ағылшын және қытай тілін еркін меңгерген ұрпаққа Нобель сыйлығын берудің мүмкіндігі қалмайды.  


«Мен коммунистпін!»

Мо Яньның аты бәйгеден келгенге дейін әдебиет сыншыларының біразы «Қытайдың бүгінгі прозаиктері Нобель сыйлығын алуға дайын емес» деп келді. Қытайдың саясатын алға тартқан олар соңғы ширек ғасырда әдебиет майданына келген  жазушылардың дені үкіметтің сойылын соқбаса да, оның айтқанынан шықпайтын жазғыштар деп бағалайды. Нобель сыйлығының тарихына назар салсақ, бұндай әдебиетшілерге сыйлықтың есігі көп ашыла бермеген.  2000 жылы француз иелігіндегі қытайлық Гау Шиңжанның сыйлыққа ие болуы жазушының  Қытай үкіметін 1989 жылы Тяньнанминь алаңында студенттерге жасаған қырғынды батыл сынауымен қатысты делінеді. Алайда, Мо Янь шығармаларына назар салсақ, оның өз тұрғысынан Қытай үкіметімен белгілі бір аралық сақтап келгенін, тіпті, сынап келгенін де байқаймыз. Жазушы шығармаларында өткен ғасырдың 30-жылдарындағы тарихи оқиғалардан бастап 50-60-жылдардағы аштық пен саяси дүрбелеңді жазған. Одан кейін саяси дүрбелеңдердің салдарын көтерген. Ал, соңғы шығармаларында қытайдың бүгінгі баланы жоспарлы туу мәселесіне сын айтады. Қорыта айтқанда, жазушы өз шығармалары арқылы қытайдың бір ғасырға жуық тарихының шежіресін жасаған. Және оны әлемдік әдебиеттің талғамына сай белгілі бір көркемдік деңгейге көтерген.  

«Мен коммунистпін. Нобель сыйлығы коммунисттерге берілмейді деген сөз жоқ.  М.Шолохов, Жан Поль Сартр сияқты коммунисттер Нобель сыйлығын алған. Коммунист болу олардың мықты шығарма жазуына кедергі келтірген жоқ», — деп жауап берген Мо Янь тілшілердің аталған тақырыптағы сұрағына. «Мен көркем әдебиетке тән өмір шындығын жаздым. Партиялық көзқарастың шеңбері мен үшін әлдеқашан келмеске кеткен», — дейді жазушы тағы бір сөзінде.


Швед әдебиет академиясының «қулығы»

Швед әдебиет академиясының Мо Яньды таңдауының тағы бір себебі коммунисттер басқарып отырған бүгінгі Қытай елінің жағдайына да қатысты болса керек. Соңғы ширек ғасырда қытай коммунисттері жоспарлы шаруашылықтан бас тартып, қоғамға нарықты кіргізді.  Осының нәтижесінде Қытайда түбірлі өзгерістер орын алды. Ширек ғасыр бұрын коммунисттер жазушыларды қатаң бақылауда ұстайтын болса, бүгінде жазушының қаламына жармасатын билік жоқ. Оның орнына үкімет жазушыларды ерекше қоғамдық топ ретінде бағалап, оларды өз саяси жүйесінің бір бөлшегіне айналдырған.  Қытайдың Мо Яньмен деңгейлес жазушыларының дені кәсіби жазушы, басылымдардың редакторы, т.б. жұмыстармен қатар Қытай коммунисттік партиясының әр түрлі дәрежелі саяси кеңесінің мүшесі саналады. Басқаша айтқанда, жазушылар жүйенің сыртында емес, ішінде жүрді. Олар не жазса да, кімді сынаса да белгілі жақтан жүйенің өз-өзіне сыны болып қабылданады. Былайғы қарапайым халық та солай деп түсіне бастаған. Бұл — олардың шығармашылықта билікке сын айтқанымен, айқын оппозициялық саясат ұстануына кедергі келтіріп отырды. Сонымен бірге жоғарыдағыдай тәсіл арқылы жазушылардың халық алдында үкіметке балама көзқарас айтатын тұлға ретіндегі рөлі төмендетілді. Уақыт ұзара келе бұл қытай жазушыларының бұрынғыдай қоғамда зор толқу тудыра алатын мүмкіндігін әлсіретті. Айталық, Мо Янь соңғы жазған «Балақай» романында үкіметтің жоспарлы туу саясатын қатаң сынап жазса да, үкіметтің одан қортынды шығарғаны шамалы. Нобель сыйлығы жазушыны осы тығырықтан шығарды. Енді қытай қоғамы Латын Америкасы қоғамының бар былық-шылығын ақтарып тастаған Г.Маркестің, саясатта өтіріктің қалай айтылатынын жеріне жете жазған Г.Грасстың, т.б. сұмдықтардың бетін ашқан жазушылардың қатарында тұрған өз қандастары туралы ойланатыны даусыз. «Ол сонда не жазды екен?» деп жазушыны жата-жастана оқитыны да шындық.  Швед әдебиет академиясының бір ойы да осы болса керек. Қытай билігі қабыл алатын жазушыға сыйлық беру арқылы қытайдың үкіметтік ақпарат құралдарының күшімен қытай қоғамында Нобель сыйлығының ықпалын кеңейтуге кең жол ашады. Қазірдің өзінде Қытай билігі Мо Яньды «тұңғыш Нобель әдебиет сыйлығын алған жазушымыз» деп бастарына көтере дәріптеп жатыр. Бұл — 2000 жылы Гау Шиңжиан сыйлық алғанда ақпарат бермей, берсе де, Швед әдебиет академиясын «Біздің саясатымызға араласып отырған, жаулық пиғылдағы саяси ұйым» деп сынаған, Гаудың кітаптарын жарыққа шығармай  тастаған жағдаймен салыстырғанда мүлде басқа көрініс. Ендігі жерде қытай халқы Мо Яньның арқасында Гау Шиңжианның да кітаптарын ашық оқып қалуы бек мүмкін.

Қытай билігі Мо Яньды «Нобель әдебиет сыйлығын алған тұңғыш қытайлық» деп айта бастады. Қытай әдебиетші қауымы болса оны «қытай әдебиетінің Л.Синклері» деп шулап жатыр. 1930 жылы Л.Синклер бірінші болып АҚШ әдебиетіне Нобель сыйлығын әкеліп, содан кейінгі жарты ғасыр бойында америкалықтар осы сыйлықты ең көп бағындырған ел ретіндегі тарихын бастап берген болатын.  Қытайлар да сондай шұғылалы тарихтың басталуынан үмітті.     

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты