Ардақ Нұрғазы (Ardakh Nurgaz): I.Singer – Киелі кітапты жаңаша түсіндіруші

bcb9546e82b9943f1d980b4744f2d528.jpg (696×403)


И.Зингер 1935 жылы мамыр айында АҚШ -қа қоныс аударған соң, идиш тілінде шығатын «Еврей алға» газетінде шығарма жариялап тұрған. Бұл газетте ол А.Бавский, Д.Сегал деген қалам аттар қолданған. Ағылшын тіліндегі аударма кітаптарына Айзек (Исак) Вашвис Зингер деген атын қолданған.


И.Зенгер шығармашылығын зерттеушілер мынадай бірнеше мәселеге бас қатырады.

Самаладай самсыған XX ғасыр әдебиетінде И.Зингер қай топқа қосылады? Мұнда ең алдымен ауызға түсетіні И.Зингер модернист жазушы ма, жоқ? -деген сауал. Жазушының өзі О.Бальзактан басталған XIX ғасырдың жазушыларын XX ғасырдың модернист жазушыларынан жоғары бағалайтынын талай айтқан. Мұнда оның көлденең тартатыны модернизмшілерге қарағанда XIX ғасырдың жазушылары оқырманға «бір әңгіме баяндап» береді. И.Зингер өзін осы «ертекшілердің» қатарына жатқызады. Бұдан біз И.Зингердің өзін модернизмшіл жазушылардың қатарына қоспайтынын байқаймыз. Бірақ, мәселе бұлай қарапайым емес. И.Зингер шығармалары, әсіресе, оның жын-шайтан, аруақ, періштеге толған қиял-ғажайып әңгімелері XX ғасырдың модернист-постмодернист жазушыларының шығармаларымен, солардың өнер эстетикасымен көп жақтан үндесе кетеді. Мұндағы түйін И.Зингердің өз таңдаған тақырыбын баяндау шеберлігінде жатқан сыңайлы...

Зерттеушілер де И.Зингер шығармаларын модернизм әдебиетінің қатарына жатқыза бермейді. 1988  жылы АҚШ -та жарық көрген беделді деген «Колумбия Америка әдебиет тарихы» оқулығында, зерттеушілер И.Зингерді модернизмшілердің қатарынан шығарып тастаған.

Жоғарыдағы кітаптан тағы бір байқайтынмыз:И.Зингер АҚШ-тағы саны да, салмағы да басым «Еврей жазушыларының» қатарына да қосылмайды екен.

Морис Уэлгералд «Еврей және Ирландия жазушылары» атты кітабында Сол Беллоу (1976 жылғы Нобель әдебиет сыйлығының иегері), Филис Лос бастаған АҚШ -тық бес еврей жазушыны ала отырып, оларды өз ұлыстарының (еврейдің) шектемесінен шыға отырып, жаңа мәдениетті қабылдап, нағыз АҚШ әдебиетін жасаушы тұлғалар ретінде атайды. Ал, И.Зингерге келгенде, оны «аты затына сай еврей дәстүрін ұстанған бірден бір жазушы», «келіп шығуынан қарағанда И.Зингер АҚШ жазушысы емес!» -деп түйеді.

Жоғарыда аты аталған жазушылардың көбі өзін «ұлттық» жазушы деп атаудан бас тартқан. Сол Беллоудің: «мен АҚШ жазушысымын, тек кездейсоқ жағдайда ғана еврей жазушысы болып қалдым» -дегені бар. Ал, И.Зингер болса өзінің еврей жазушысы екенін, идиш тілінде жазғанын мақтан тұтады. Ол ұлтсызданған еврейлерге мұрынын шүйіре қараған. И.Зингердің:«келер күнде аруақтар қайтып оралады, мен солар оқитын идиш тіліндегі кітап жазып жатырмын»-деген еді. Бірақ, И.Зингерді «еврейлердің сатқыны» деп қарайтындар да жетеді. 1958 жылдың өзінде «Зингер Израильдың сатқыны ма, әлде дәстүрді ұстанған жазушы ма?» -деген талас туылған екен. 2004 жылы АҚШ -та И.Зингінің жүз жылдық мерей тойы өтіп жатқанда (17 маусымда, «Нью-Йорк уақыт» газетінде) оған жауыға шабуыл жасағандар да болды. Онда автор: «мен оны (Зингерді) жек көремін... Менің оны жек көретін себебім, ол еврей дінін, әдебиетін бұлғады»-деп жазған. Олардың бұлай дейтін себебі, И.Зингер шығармалары еврей діні, салт-дәстүрімен біте қайнасып жатады. Көптеген шығармаларында ол еврейлердің «киелі кітабына» діншілдерден өзгеше түсінік айтады. Содан да оның діншідерге жақпайтыны түсінікті.

Жиып келгенде И.Зингерді XX ғасырдағы зерттеу құны ең жоғары санаулы жазушылардың бірі деп қарауымызға болады. Себебі:

Біріншіден, И.Зингер ұлттық жазушы. Ол бір ұлттың өз дәуіріндегі рухани болмысын, тарихын, тағдырын жазған қаламгер. И.Зингер ұлтсызданған қаламгер емес.

Екіншіден, И.Зингер проза жанрында ұлттық болмысты  модернистік-постмодернисітк өнер эстетикасымен осы замандық өреде тамаша бейнелей алған қаламгер. Бұл бүгінгі ұлттық болмысынан алшақтап, әдебиетте  жаңа бояулар мен измдердің ғана соңынан жүгірген кітаппаз әдебиетшілерге  жақсы сабақ — айна. Бұл тұрғыдан алғанда И.Зингер ұлттық болмысты қалай жазғанда әлемдік деңгейге көтеруге болатынын көрсетіп кеткен қаламгер.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты