Лу Шун (Liu Xun): Дәрі

14f42b04f5d327e5c7adb9359982bdbf.jpg (1240×698)

(Әңгіме)


     Күздің соңғы жарым түні, ай әлдеқашан батып кеткен, күн әлі шыққан жоқ, тек қараңғы аспан; түн жәндіктерінен басқалардың бәрі де ұйқыда. Хуа Лаушуан кенет орнынан атып тұрды да сіріңкесін шағып, майға шыланған шырақтың білтесіне от қойды. Сөйтіп, шайхананың екі бөлмесін әлсіз сәуле шарпыды. — Қазір жүрмексің бе? – деген бір кексе әйелдің даусы естілді. Ішкі жақтағы кішкене бөлмеден жөтелген дауысы да шықты. — Иә, - деп Хуа Лаушуан сөзге жауап бере шапанын түймеледі де, - әкел, - деп қолын созды.  Хуа шешей жастығының астынан бірсыпыра уақыт ақтарып жүріп бір дорба теңгені алып Хуа Лаушуанға берді. Хуа Лаушуан оны алып дірілдеген қолымен жанқалтасына салды да, сыртынан алақанымен екі рет басып қойды; онан соң панарды жағып, шырақты өшірді де ауыз үйге кіріп кетті. Төргі үйде сыр-сыр еткен ауыр тыныстан соң қатты жөтел естілді. Хуа Лаушуан оның демі басылған соң бәсең үнмен:  — Шиау Шуан... Орныңнан қозғалма... Шәйхана ма? Оған апаң қарайды, - деді.  Ұлынан онан ары ештеңені ести алмаған Хуа Лаушуан оны көзі ілініп кетті деп ойлады да, ақырын ғана үйінен көшеге шығып кетті. Көше тастай қараңғы, ештеңе жоқ, тек сұрғылт қана жол анық көрінеді. Панар оның алма кезек басқан екі аяғын жарық қылып келеді. Ара-тұра бірнеше иттер де кездесті, бірақ біреуі де үрмеді. Дала үйден недәуір суық еді. Бірақ, Хуа Лаушуан өзін көңілді сезіп, бейне бірден жасаңғырап қалған адамдай немесе аяқ астынан қыдырға ұшыраса қалып басқаларға өмір беретін қасиетті күшке ие болғандай, адымын кере-кере басады. Оның үстіне жүрген сайын жол да жарқырап, таң да ағарып келе жатыр.  Жолда алаңсыз келе жатқан Хуа Лаушуан кенет шошып қалды, ол алыстан ап-анық тұрған үш аша көшені көрді. Хуа Лаушуан дереу бірнеше адым шегініп барып, бекітулі дүкеннің маңдайшасының астына кіріп есікке сүйеніп тұрып қалды, әріберіден соң ол өзінің недәуір тоңғанын сезінді.  — Ай, қария. — Өзінше тіпті қуанып тұр.   Хуа Лаушуан тағы шошыды, көзін ашып еді, бірнеше адамның алдынан өтіп бара жатқанын көрді. Олардың бірі артына бұрылып тесіле қарап та қойды, оның кім екенін айыру қиын болғанымен, бірақ, ол әбден ашыққан адамның асты көргендегісіндей өңмеңдей қарайды. Хуа Лаушуан панарына қарап еді, панар әлде қашан өшіп қалыпты. Жанқалтасын сыртынан басып көріп еді, темекісі біліне кетті. Хуа Лаушуан басын көтеріп екі жағына көз салып таңғажайып бірнеше адамның екіден-үштен топтасып, бейне аруақтай ол жақтан бұл жаққа сенделіп жүргенін көрді. Тесіле қайта қарап еді, таңғажайып ештеңе көрінбеді.   Көп өтпей және ол жақтан бұл жаққа сабылып жүрген бірнеше шерік көрінді. Олардың кеудесі мен арқаларындағы үлкен дөңгелек ақ белгілер алыстан-ақ бадырайып көрініп тұр. Жақынырақ келгенде таңбалы киімдерінің күрең жиектері де көріне бастады. Тасырлаған аяқ дыбысы естіліп, көзді ашып жұмғанша бір топ адам өте шықты, жаңағы екі-үштен топтасып сенделіп жүргендер де жинала қалып бейне тасқындай алға ұмтылды, үш аша көшенің түйілісіне барғанда кілт тоқтап, жарты шеңбер жасап тұра қалды.  Хуа Лаушуан да сол жаққа қарап еді, әлгі бір топ адамның сыртын ғана көрді, олар бейне бір ғайып қолдар мойындарынан қылқындыра ұстап жоғары көтеріп тұрған үйрек сияқты, мойындарын созып тұрған еді. Аз жым-жырттықтан соң тағы бір үн естілгендей болды да, дереу қозғалып барып дүр етіп, бәрі кейін қарай шегінді. Бытырағанда Хуа Лаушуан тұрған жерге дейін келіп, оны екпіндерімен жалманынан түсіруге аз қалды.  — Ей, мына қолдан ақша алып, мына қолдан нәрсе берем! – деді үсті-басы қап-қара бір адам Хуа Лаушуанның алдына тұра қалып, қанжардай көздерін қадағанда, Хуа Лаушуан бүрсиіп кіп-кішкене болып кетті. Әлгі адам дәу алақанын Хуа Лаушуанға жайып тұр, бір қолында қып-қызыл бунан бар, онан қып-қызыл тамшы жерге тырс-тырс тамады.   Абыржыған Хуа Лаушуан жалма-жан жанқалтасынан теңгесін алып, оған дір-дір етіп ұсынбақшы болды, бірақ, оның қолындағы нәрсені алуға батылы бармады. Әлгі адам тағатсыздана айқайлап: — Неден қорқасың сен? Неге алмайсың!  Хуа Лаушуан әлі де не қыларын білмей толқып тұр. Әлгі қара адам панарды оның қолынан жұлып алып, қағазын жыртып жаңағы бунанды орап Хуа Лаушуанға ұстатты, бір қолымен ақшаны алып сығымдап көрді де, артына бұрылып «ақымақ  шал...» деп күңкілдеп қойып жүріп кетті. — Мұнымен кімнің ауруын емдемекшісің?    Хуа Лаушуан біреудің өзінен сұрап жатқанын естігендей болды, бірақ жауап қайтармады; оның ой-пікірі бейне он атаға жалғасқан құнды нәрсені құшақтап тұрғандай, қолындағы бір ғана қағазға оралған затта еді. Осыдан басқа ойында ешнәрсе де жоқ болатын. Міне қазір ол осы қағазға ораулы жаңа өмірді өз отбасына апарып егіп, ен бақыт таппақшы. Күн де көтерілді. Оның көз алдында алға қарай созылған үлкен жол жатыр. Үйіне жеткенге дейін артындағы үш аша көшенің басындағы сынық тақтайдан алтын түсті «Гу шуантиңку» деген сөз бұлдырап көзге түсті. 

 2 

  Хуа Лаушуан үйіне келгенде шайхананың іші әлдеқашан реттеліп, қатар қойылған үстелдердің үсті айнадай жарқырап тұрған, бірақ қонақтар әлі келмеген, Шиау Шуан ғана жалғыз өзі шайхананың төріндегі үстелде маңдайынан шып-шып тер сорғалап, терге шылқыған бешпеті арқасына жабысып, екі жауырыны шодырайып, тамақ ішіп отырған еді. Мұны көрген Хуа Лаушуанның қабағы түйіле қалды. Оның әйелі қазанның жанынан асыға басып келіп көзін бақырайтып қарады, еріні аздап дірілдеп тұр. — Ала алдың ба? — Алдым.  Екеуі қазандықтың алдына барып, біраз кеңесті. Сонан Хуа шешей сыртқа шығып көп кешікпей су жалбызының жапырағын әкеліп үстелдің үстіне жайды. Хуа Лаушуан да панардың қағазын ашып, әлгі қызыл бунанды жапыраққа орады. Шиау Шуан да тамағын жеп болды. — Шиау Шуан, - деді оның шешесі асығып үн қатып, - орыныңда отыра тұр. Біздің жанымызға келме.   Шешесі қазандықтың отын қағыстырып қойды да, Хуа Лаушуан жасыл жапыраққа ораулы жаңағы нәрсені қызыл ала панар қағазымен қоса отқа салды. Қазандықтағы от жалындай жанып болған соң шайхана іші бір тамаша хош иіске толды.  — Ғажап хош иіс! Немене бал ежігей жеп жатырсыңдар ма? – деп бүкір бесінші мырза кіріп келді, бұл адамның әр күнгі өмірі дерліктей шайханада өтіп жататын-ды. Ол шайханаға барлығынан бұрын келетін де, ең соңынан қайтатын, ол шайхананың көше жақ қабырғасының бұрышына қойылған үстелде отырып сөз бастайды. Бірақ, оның сөзіне жауап қайырған ешкім болмайды.  — Күріш көже қайнатып жатырсыңдар ма? – деді ол. Бұрынғысынша жауап қайырылған жоқ. Хуа Лаушуан асыға шығып оған шай әзірлеп берді. —Шиау Шуан ішкері үйге кел! – деп Хуа шешей Шиау Шуанды төргі үйге шақырып әкетті де, үйдің қақ ортасына қойылған орындыққа отырғызды. Хуа шешей бір тәлеңкемен қап-қара көмірдей әрі домалақ бір нәрсені әкеліп бәсең үнмен: — Жеп ал, ауруыңа шипа болады, -деді. Шиау Шуан домалақ қара нәрсені қолына алып, бейне өзінің өмірін ұстап отырғандай таңдана қарады. Оны өте еппен жарып еді, аппақ бу көтеріле бастады да соңынан ішінен екі жарты бунан көріне кетті. Шиау Шуан көп кідірмей-ақ барлығын да жеп болды. Оның қандай дәмі бар екенін де ұмытты ол, тек алдында құр тәлеңке ғана қалды. Шиау Шуанның бір жағында әкесі, бір жағында шешесі бейне ұлының денесіне бірдеңе құйып онан бірдеңені алып тастайтындай тесіле қарап тұр. Шиау Шуан жүрегі өрекпіп, қолдарымен көкірегін басып тағы да жөтеле жөнелді.  — Біраз ұйықтап ал, сауығып кетесің.   Шиау Шуан шешесінің айтқанына көніп, жөтеліп жатты да бір демнен кейін ұйықтап кетті. Оның демігі басылғаннан кейін Хуа шешей қызыл шоқпыт ескі көрпені ақырын ғана жауып қойды. 

3

  Шайханада бірқыдыру адамдар отыр, Хуа Лаушуан да үлкен мыс шәугімді көтере тамақтанушы меймандардың ыдыстарына зыр жүгіріп, шай құюмен болды. Оның екі көзінің шарасы баран сызық торлаған-ды.  — Лау Шуан біраз дел-салсың ғой? Әлде ауырып қалдың ба? – деді бір бурыл сақал адам.  — Жоқ. — Жоқ, бәсе сенің күліп жүргеніңді көріп, олай болмас-ау деп едім... – деді бурыл сақалды өз сөзін өзі жоққа шығарып. — Лау Шуанның мұрнына су жетпей жүреді, егер ұлы... – бүкір бесінші мырзаның сөзі әлі аяқтамай кенет екі беті шарық табақтай, қара мата көйлегін бос жамылып, кеудесін ашып тастап, белін жалпақ қара шүпірек белбеумен қалай болса солай байлай салған біреу кіріп келді де Хуа Лаушуанға: — Жеді ме? Тәуір болып қалған шығар? Бақытың бар екен! істің оңына басты. Менің құлағым ұзын болмаған болса. . . -деді ол.  Хуа Лаушуан бір қолымен үлкен мыс шәугімді ұстап, бір қолымен әдеппен төмен салып, күлімсірей тыңдады. Шайхана үстеліндегілер де құрмет көрсетіп, ұйып тыңдауда. Көзінің шарасы баран тартқан Хуа шешей күлімсіреп бір шыныға шай мен зәйтүн жемісін салып әкелді, Хуа Лаушуан оған қайнаған су құйды.  — Сөзсіз сауығып кетеді! Бұл басқалардікіне ұқсамайды. Ойлап көрші, ыстық күйінде келіп, ыстық күйінде жегіздік, - деп әлгі адам саңғырлап сөйлеп кетті. — Рас айтамын, егер Каң ағайдың қамқорлығы болмаса қайдан мұндай болар еді. . . – деп Хуа шешей оған өте тебірене алғыс айтты.  — Сөзсіз сауығып кетеді, сөзсіз! Ыстық күйінде жеді. Адам қанына тоғытылған мұндай бунанды жегенде қандай өкпе ауруы болса да сөзсіз жазылып кетеді.    «Өкпе ауруы» деген сөзді естігенде Хуа шешейдің өңі аздап өзгеріп, көңілсізденіп қалғандай болды. Бірақ тағы да күлімсіреп, ықтай үйден шығып кетті. Мұны Каң ағай сезген жоқ, бұрынғысынша саңғырлап сөйлей берді. Түпкі үйде жатқан Шиау Шуан да оған қосылып қатты жөтеле бастады. — Балаң Шиау Шуанға бақ қонған екен ғой, бұл ауру сөз жоқ, толық жазылады. Хуа Лаушуанның күні бойы езуі жиылмай жүргені сол екен ғой, - деді бурыл сақалды Каң ағайдың алдына келіп бәсең үнмен.  — Каң ағай, естуімше, бүгінгі ажал жеткен күнәлі Шиа отбасының баласы дейді. Ол өзі, шынында, кімнің баласы? Тегі қандай іс? – деп сұрады. — Кім болушы еді? Кемпірдің баласы болмай ма? Бір түйнек! – барлығының құлақ түре, беріле тыңдап отырғандықтарын көріп Каң ағай төтенше қуанды. Бұлттық беттері онан ары жарылып кетердей тырсиып, дауысын көтере сөйледі: — Ол сұмпайы жанынан безген екен, сол үшін жазасын алды. Бірақ, бұл ретте маған түк пайда түспеді; тіпті шешіп алған киімдерін де түрме қараушы көрсе қызар Аии алып кетті, жалғыз-ақ пайдасы, біріншіден, Хуа Лаушуан ағаға болды. Екіншіден, Шиа Сан мырза жиырма бес сәрі ақ күміс алып, оның бір тиынын да ұстамастан жанқалтасына салды.   Шиау Шуан төргі үйден бір басып, екі басып әрең шықты да, екі қолымен көкірегін басып, тынбай жөтелді. Қазандықтың алдына келіп бір шыны суып қалған тамаққа азғантай ыстық су қосты да отырып іше бастады. Артынан ілесе шыққан Хуа шешей: — Шиау Шуан, біраз тәуірлендің бе? Және қарының ашып бара ма?... -деді. — Жазылып кетеді, сөзсіз жазылып кетеді! – деп Каң ағай Шиау Шуанға үңіле бір қарап алды да, қайта бұрылып жұртқа тағы сөйлей жөнелді: — Шиа Сан мырза дана адам екен, егер ол ұлыққа алдымен өзі хабарламағанда, мал-мүлкі қазынаға алынып, онымен бірге өзі де өлтірілген болар еді. Қазір қандай?  Күміс ақша! Әлгі сұм адам емес екен! Ол қамауда жатып түрме бастығына көтеріліс жасауға кеңес беріпті.  — Па, пәлесін қараңыз мұның, -деді артқы қатарда отырған жиырмадағы біреу өте ашуланғандай бейне көрсетіп.  — Көрсеқызар Аии онан сыр тартуға барғанда, оның өзіне ақыл үйретіпті. Ол: “Чиң хандығы билеген бұл дүние көпшіліктікі” депті. Қараңыз! Осы адам баласының аузынан шығатын сөз бе? Көрсеқызар оның үйінде тек жалғыз ғана кәрі шешесінің барлығын білетін, бірақ оның соншалықты кедейлігін білмеуші еді. Онан өзіне аз болса да қолына ілінер ештеңе түспегендіктен ызаға булығып тұрғанда, ол жолбарыстың басын қасымақ болыпты. Сосын Көрсеқызар оны шапалақпен екі тартып жіберіпті! — Аии ағайым асқан жұдырықшы ғой, оған тиген бұл екі жұдырық та оны оңдырмай түсірген болар, - деп бұрышта отырған бүкір кенет қуана бастады.  — Ол оңбағанды ұрып қорқыта алмайсың, тағы не дейді дейсің ғой: «байқұс-ай, байқұс-ай» депті.  Бурыл сақал: — Ондай жексұрынның сазайын тартқанына байқұс деп есіркеудің керегі не? – деді.     Каң ағай жаратпаған пішінмен зәрлене күліп:  — Сен сөзімді ұқпай қалдың, ол үскінді көрінеді, Аииды «байқұс» депті!   Тыңдаушылардың көздері бағжиып, сөздері де тоқтап қалды. Асын жеп болған Шиау Шуанның тұла бойынан ағыл-тегіл тер сорғалап, басынан бұрқырап бу көтерілді.  — Аииды «байқұс» деу құтырғандық қой, ол тұп-тура құтырған екен, - деді бурыл сақал кенет есін жиғандай.   — Құтырған екен , -деді жиырма жастар шамасындағы адам да кенет есін жиғандай.  Шайханадағы отырған адамдар тағы да гуілдесіп, әңгімені қоздыра түсті. Шиау Шуан осы дүбірлі дуға тынымсыз қатты жөтелумен үн қосты. Каң ағай оның алдына келіп: — Сауығасың! Шиау Шуан сен бүйтіп жөтеле берме. Сөзсіз сауығып кетесің, - деп оның арқасынан қақты.  — Құтырған екен, - деді бүкір бесінші мырза басын изей сөйлеп.

4

   Батыс қақпаның сыртындағы жамбылдың іргесі тегінде патшалық жер еді. Ондағы ирек, жалғыз аяқ жолды төтелей жүруді қалалаушылар салғанымен, бірақ табиғи шекараға айналып кеткен, жолдың сол жақ жағасына өлім жазасымен немесе түрмеде аш-жалаңаштықтан, жәбірден өлгендер көмілетін, ал оң жақтағы болса жарлы-жақбайлардың қабірларі болатын. Жолдың әр екі жағындағы қабірлар, байлардың өздерінің туылған күн естелігін өткізгенде қат-қабат тізіп қоятын тоқаштары сияқты тізіліп тұратын. Биылғы зират басына шығатын күні күн қатты суық болды. Теректер енді ғана бүршіктей бастаған кезі болатын. Таң атып, біраздан соң қабір басына келген Хуа шешей, оң жақтағы жас қабірдің алдына төрт тәлеңке қуырмаш, бір шыны тамақ қойып бір дем жылап алды. Қағаз күйдіріп болған соң бейне бір нәрсе күткен адамдай қабір жанынан қыбыр етпей отырып қалды; бірақ нені күтетіндігін оның өзі де білмейді. Былтырғыдан әлде қайда ағарып қалған оның қысқа шаштарын қоңыр самал баяу қозғайды.   Жалғыз аяқ жолмен басына жартылай ақ кірген, үсті-басы өрім-өрім тағы да бір әйел келді, ол бір тізбек қағаз теңгелер ілінген, ескі қызыл сырлы, дөңгелек себетті көтеріп, үш аттап бір тоқтап келеді. Ол кенет бір қабыр басында өзіне қарап отырған Хуа шешейді көріп біраз тоқтап тұрып қалды. Оның қуарған аппақ өңінен имену байқалады; сонда да ол тәуекел деп сол жақтағы қабірдің алдына келіп, қолындағы себетін қойды.   Бұл қабыр Шиау Шуанның қабірінің қатарында еді, арада тек жалғыз аяқ тар жол жатыр. Әлгі әйел де төрт тәлеңке қуырмаш пен бір шыны тамақ қойып болған соң түрегеліп тұрып көзінен ағыл-тегіл жас төгіп, қағаз теңгелерін өртеді. Бұған көз қырын салып отырған Хуа шешей:«бұл қабірдағі оның ұлы болса керек» деп ойлады. Әлгі қарт әйел қабірді бір рет айналып шығып, буындары қалтырап, теңселе басып, бірнеше қадам кейін шегініп қабырға қадала қарап мелшиіп тұрып қалды.    Мұны көрген Хуа шешей оны қайғыдан құтырып кете ме деп қорықты. Сонсоң шыдай алмай орнынан ұшып тұрды да, жолды кесіп өтіп, оған бәсең үнмен тіл қатты:  — Апай, қайғырмаңыз, жүріңіз, қайталық -деді.  Әйел бас изеп ишарат білдіргендей болды. Бірақ көзі бұрынғысындай жоғарыға тігіле қараған күйі тұр. Ол да бәсең үнмен тұтыға сөйлеп:  — Қараңызшы, мынау немене? – деді.   Хуа шешей оның нұсқаған жағына қарап еді, көзі алдындағы қабірге түсті. Бұл қабірдің үстіндегі шөп әлі түгел тамыр жайып кетпеген екен, кесек-кесек сары топырақтар шығып жатыр,  сонша сиықсыз көрінеді. Хуа шешей тағы жоғарыға үңіле қарады, қабірдің үстіне қызғылтым гүл шеңбер қойылған екен, ол шошып қалды.  Бұлардың көздерінің болатынан айрылғанына бірнеше жыл болған болса да, бірақ осы бір қызғылтым гүл шеңберін өте айқын көрді. Гүлдер сонша көп емес, дөңгелектеп  тізіп қоралай салған, көрнекті болмағанымен өте ретті. Хуа шешей дереу өз ұлының, тағы басқалардың қабырына көз салды, қабырлардың топырағына өскен суыққа төзімді  көкшіл ұсақ гүлдер андыздап ашылып тұр екен, Хуа шешей кенет іштей бір түрлі олқылық және құлазу сезінді, оның ар жағын қузастырғысы да келмеді. Әлгі кемпір тағы бірнеше адым жүріп, қабірге таяп келіп, мұқият қарап шықты да өзіне өзі:  — Бұл гүлдің тамыры жоқ, өзі ашылғандай емес, бұл жерге кім келді екен? Балалар ойнап келмейді, туыс-туғандары әлде қашан келмейтін болған. Бұл қандай тылсым? – деді де, біраз ойланып тұрып, көзіне жас төгіп бар дауысымен: — Юер, олар сені күнәсіз жазалады. Бұл әділетсіздік сенің есіңнен мәңгі көтерілмес, ішіңе сидыра алмаған көңіл ауруын бүгін әдейілеп өзіңнің рухың арқылы маған білдірейін дедің бе? – ол айналасына қарап еді, жапырақсыз ағаштың бұтағында отырған бір қарғаны көрді. Ол және сөзін жалғастырып: - ұқтым, Юер, олар саған қас қылды. Олар болашақта ақыры бір күні сазайын тартады, жаратқан тәңір барлығын біледі, сен көзіңді жұмдың. Егер сен расында, осында болсаң, менің сөзімді естіген болсаң, ана отырған қарғаны қабіріңнің үстіне қондырып көрсет, - деді.   Қоңыр самал әлде қашан тынған, қураған шөптер сояуланып, мыс сым құсап тұр. Жел тербеген өсімдіктердің үні баяу сөнді де, төңірек құлаққа ұрған танадай тым-тырыс бола қалды. Екеуі де қураған шөп арасынан әлгі қарғаға қарап тұрды, ал қарға сидиған ағаш бұтағында мойынын ішіне алып, үрпиіп отыр.   Көп уақыт өтті, қабыр басына келгендер барған сайын молайды, бірнеше жас-кәрілер қабыр аралап жүр.   Неге екенін, әйтеуір Хуа шешей бейне желкесінен басып тұрған зілдей жүктен құтылғандай  болып қайтып кеткісі келді де серігіне қарап:  — Қайталық, - деп кеңес берді.  Әлгі кемпір қатты бір күрсініп алды да, рухсыз, қамыққан бейнеде тамақ пен қуырмашты жинастырды. Олар тағы да біраз аялдап тұрды да, ақыры аяңдап басып жүріп кетті. «Бұл қандай оқиға?...» деп өзіне-өзі сөйлеп барады.    Бұлар қабір басынан жиырма-отыз адым ұзамай-ақ  арттарынан шыққан «қарқ» еткен дауысты естіп, шошына бұрылып қарады, әлгі қарға қос топшысын керіп бір қомданып алды да, бейне садақтың оғындай алысқа зымырап ұшып кетті.

                                                                                                

Аударған Мелатқан ӘЛЕНҰЛЫ



Ардақ Нұрғазы(Ardakh Nurgaz):Қытай жазушысы Лу Шуннің «Дәрі» атты бұл әңгімесі 1919 жылы жазылған, сол жылы қытайдың осы заман әдебиетін насихаттайтын «Жаңа жастар» журналында жарық көрген.    «Дәрі» — Лу Шун әңгімелері ішіндегі бөгенайы бөлектеу, кейбір жағынан қарағанда тіпті автордың «Дала шөбі» жинағына кірген шығармаларымен сарындас туынды. Олай дейтініміз бұл әңгімеде автор көп нәрсені ішіне бүгіп қалып, оқырманына өзгеше қиял кеңістігін қалдырған. Бұл кеңістік ешкімді маңайлатпайтын жолсыз дүние емес, қайта жазушының ұланғайыр әлемінен тұратын жұлдызды аспан сияқты рухани дүние саналады. Зерттеушілер «Дала шөбін» жазушының жан дүниесінен үзіп алған, әдебиетпен сомдаған философиясы деп қарайды. «Дәрі» әңгімесінен де жазушының осы сырлы келбеті менмұндалап тұрады. Әңгіменің оқиғасы қарапайым: қытай аңыздарында адамның ыстық қанына шыланған нан өкпе ауруына (бүгінгі біз айтатын өкпеқұрт ауруы) ем болады-мыс. Осы сенімге орай жалғыз ұлдары өкпе ауруына шалдыққан екі бейбақ жиған-тергендерін беріп жүріп, басы шабылған төңкерісшінің қанына шыланған бунанды ауру балаға жегізеді... Бірақ баланың ауруы мұнымен сақаймайды, бала өледі. Шешесі бәрібір жас қабірді құшақтап қалады. Әңгімедегі бар оқиға осы. Бірақ жазушы бұл оқиғадан ұланасыр дүниені сығып шығарған. Ең әуелі басқалардың аузымен ғана аталып өтетін төңкерісшінің тегі Шиа, ал оның қанымен ауруын емдетпек болған баланың тегі Хуа делінеді. Бір-біріне мүлде кереғар осы екі образдың атын қосып оқысақ, қытай тілінде “Хуашиа” деген сөз келіп шығады. Бұл сөздің арғы заманда “қытай” дегенді білдіргенін білеміз. Енді бір сөзбен айтқанда, Лу Шүн бұл әңгімесінде қытай халқының екі ұлының тағдыр-талғамын сөз етеді: қытай ұлтының бір ұлы жат ұлттардың ұлттық езгісіне қарсы шығып жанын құрбандыққа шалады. Бірақ оның бұл құрбандығын былайғы тобыр түсіне бермейді, түсінгенді былай қойғанда олар сол ұлт қаһарманының қанына шыланған нанға ауыз салалуға дейін барады...   Қытай 267 жыл (1644ж. — 1912ж.) Манжүрлердің үстемдігінде болған халық. Осы екі жарым ғасырлық тарихта қытайлар басқыншыларға қарсы сан мәрте көтеріліске шыққан, бірақ олардың бәрі дерлік сәтсіздікке ұшыраған. Бұл жеңілістердің өзіндік себептері бар, бірақ бір нәрсе анық — қытайлардың ұлттық бірлігі кемшіл болған. Оның есесіне қытайдан шыққан сатқындар — «Ханжиандар» (хан — қытай дегенді; жиан — сатқын дегенді білдіреді) көп шыққан. Басқыншыларға құл болуға арланбай, шен мен шекпенге бола өз ұлтын өзі кеудесінен басқан мұндайларды Лу Шун барынша жек көріп, атаған.    1912 жылы қытайда төңкеріс бұрқ етеді де манжүрлер құрған патшалық құлап, қытайлар есе-теңдік алады, бірақ ел билігін күні кеше манжүрлерге итше адал болған, кейін бастарына  келген орайды игеріп қалған кешегі орда жағалап жүрген манжүршіл қытайлар басып қалады (Лу Шун: «Төңкерістің алдында құл едім, төңкерістен кейін құлдардың құлына айналып қалдым»-деген сөзі осыған орай айтқан)  Бұл адамдар үшін қытайлар да, манжүрлерде бәрібір еді. 1912 жылдан 1949 жылға дейін, қытайда міне осы адамдар билік пен байлыққа таласып елді аздырып-тоздырып қырық пышақ болған. Лу Шүн міне осы кезеңде жасаған. Лу Шун қытай ұлтының неше ғасыр бойында армандаған ұлттық тәуелсіздігін көзімен көрді, сонымен бірге отарлық құлдықтан өз ұлтының қандай дәрежеде азғындағанын да анық танып өткен қаламгер.   Міне осы екі түйінді Лу Шун шығармашылығының артқы көрінісі деуімізге болады. Қытайда ойының өткірлігі мен тереңдігі, тілінің ащылығы мен орамдылығы жағынан Лу Шуннен асқан жазушы некен саяқ. Лу Шун өз ұлтының ұлттық кемшілігін жеріне жете ашып, сойып салған жазушы. Сондықтан да болар қытай тарихындағы ұлы тұлғалардың бәрін дерлік сынап келген қытай коммунистерінің көсемі Мау Лу Шун туралы былай деп жылы сөз айтқаны бар:   «Лу Шун — Қытай мәдениет төңкерісінің бас қолбасшысы, ол ұлы әдебиетші ғана емес, оның үстіне ұлы ойшыл және төңкерісші. Лу Шун — қайсар адам. Онда титтей де құлдық ұру мен жағымпаздық болған емес, мұның өзі отар және жартылай отар елдердегі халықтар үшін аса бағалы қасиет. Лу Шун — мәдениет шебінде бүкіл ұлттың басым көпшілігіне уәкіл бола отырып, жауға атой салып, қамал бұзған ең турашыл, ең батыр, ең табанды, ең адал, ең жалынды, бұрын болмаған ұлт қаһарманы. Лу Шуннің бағыты — Қытай ұлтының жаңа мәдениетінің бағыты».   Әңгіменің соңында өлген екі баланың шешелері балаларының қабірі басында кездеседі. Екі қабірді қақ бөліп бір жол жатады... Лу Шуннің: «үнсіз қалсам көкірегім толып тұрғандай боламын; аузымды ашсам болды, барымнан айрылып қалғандай сезінемін» дегені бар. «Дәріден» біз жазушының осы түйсігімен ұшырасқандай боламыз.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты