Franz Kafka. Өткеннен бір елес

547d9855dc9b5866399f02831165a5ea.jpg (715×537)



Патша ордасының алдындағы алаңда менің аяқ киім сататын дүкенім бар еді. Бір күні тәңертең дүкенімді ашсам, алаңның барлық кіреберіс тұсымен қосып барлық жерін толықтай қарулы адамдар жайлап алыпты. Олар біздің әскери адамдар емес, солтүстіктен келген көшпенділер еді. Мен олардың қалайдан қалай алыста қалған шекарадан өтіп бір түнде салып-ұрып төрімізден бір-ақ шыққанына таңым бар. Қалай десең де, олар әйтеуір осында келіп алған. Және үздіксіз саны да көбейіп бара жатқандай.

Көшпенділер өздерінің әдеті бойынша сыртта түнейді екен. Үй оларды қызықтырмайтын түрі бар. Олар күні бойы қылыш қайрап, жебе жонып, ат баптап біздің бұрынғы тып-тыныш мекеніміздің у-шуын шығарып, қорыс-қопа етіп, тура бір атқораға айналдырып жіберді. Біз бірде аткөпір болыр үйіліп қалған қолқаны атар қоқысты тазамамақ болып далаға шыққан едік, онымыздан ештеңе өнбеді. Содан қайтып бұлай істеуге барғанды қойдық. Себебі, қоқысты тазаламақ былай тұрсын, өзімізді өрлі-қырлы шапқылап жүрген ат басып кетуі, тіпті қамшы жеуіміз әбден мүмкін екен.

Көшпенділермен тілдесу тіпті мүмкін емес шаруа. Олар біздің тілімізді түсінбейтін сыңайлы. Ал өздерінде тіл жоқ тәрізді. Олар өзара шүйіркелескенде тұп-тура бір үйір құс дуылдағандай шұрқырасып кетеді. Олар біздің тұрмыс әдетіміз бен өмірімізге де қызықпайтыны байқалады. Біз оларға сөйлемек болсақ, немесе қол көтеріп амандаспақ болсақ, олар қарап та қоймайды, мүмкін түсінбеген де шығар. Олар кейде көздерін алайтып ашуланғандай қалып білдірсе, кейде мазақ қылғандай ыржияды. Жиып келгенде олардың ештеңені айтқысы жоқ. Бізге олардың ісінің бәрі түсініксіз. Оларға біздің тірлігіміз де солай түсініксіз болса керек. Тіпті біздер бір-бірімізді қорқытып-үркітіп жүрмеген сияқтымыз. Олар кейде баса көктеп үйге кіреді, біздер ондайда бір шетке тұра қаламыз. Олар қалағанын алады да жөніне кетеді. Біз де олар алса  ала берсін, деп қарап тұрамыз. 

Менің біраз тауарымды олар қолды қылды. Бірақ, мен оған бола ашынып кеткенім жоқ. Ондағым, осымен біткен болса, жарайды, болсын-ақ деген ой еді. Себебі, қарсымдағы ет дүкені қожайынының көрген күніне салыстырғандла менікі түк те емес еді. Ет дүкені әр күні дерлік тақыр-таза тоналады. Көшпенділер етті түгін қалдырмай талап жеп қояды. Олардың мініп жүрген аты да ет жейді екен. Аты бір жақта, өзі бір жақта сүйек мұжып жатқанын көрсесің. Ет дүкенінің қожайынына қиын болды. Оның әбден мазасы кетті. Дүкенге ет әкелуді доғаруға тағы дәті жетпейді. Біздің оған қатты жанымыз ашыды. Жылу жиып көмек көрсетпек те болдық. Көшеде топырлап жүрген көшпенділер ет жемей қалса, неге барарын ойлаудың өзі қорқынышты сияқты. 

Бірнеше күннің алдында ет дүкеннің қожайыны сойып әуре болмайын едеді ме, бірнеше сиыр жетелеп келген еді. Мұндайда іс болар ма, арада бірнеше сағат өтпей көшпенділер әлгі сиырларға арадай жабыла кетті де, тістеп тартып, жұлмалап, едемде түгін қалдырмай бошлалап арса-араса сүйегін ғана қалдырды. Өкірген сиырдың азан-қазан дауысынан біздер жанұшырып көрпемізді, жастығымызды жастанып құлағымызды басып әзер дегенде жансақтадық. Бір кезде шулаған дауыс сәсеңсіді айтеуір. Содан тысқа шықсақ етке сылқия тойып алған көшпенділер серейіп-серейіп мас адамдай шашылып көшеде ұйықтап жатыр.

Бірде мен патша сарайының алаңға қараған терезесінен көз салып тұрған патша ағзамды көріп қалдым. Патша ағзам алаң жақтағы терезеге көбінде келе бермейтін, ішкі жақтағы бақ жақта жүретін еді. Бірақ, бұл жолы терезеден алаңға қарап тұрды. Бар назарымен алаңда болып жатқан іске көз салып тұр. 

«Енді не істейміз?» деп біз бір-бірімізден сұраймыз. «Мұндай тірлікпен қашанға дейін өмір сүреміз. Патша ағзам көшпенділерді осында келуге ықпал етті, бірақ оларды қуып шығуға қауқары жоқ сияқты. Орданың дарбазасы тас жабулы тұр. Жайшылықта айбатынан ай жасырынған орда күзетінің де қарасы шалынбайды. Отанды құтқару ісі байқаймын біз сияқты қарапайым дүкенші, темірші, сатуды тәрізді адамдардың мойнына жүктелген сыңайлы. Ал біз болсақ мұндай іске жарап жарытпаймыз. Ол бәрімізге түсінікті. Біз қолымыздан келеді, деп айтқан да емеспіз. Осының бәрі түсінбестіктен болған шаруа. Бізді құртатын да осы түсінбестік.             

      

Дайындаған А.Н.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты