Адонис (أدونيس‎):Джалаладдин Руми

a4f1fc7aa43712c341c024509d2ace40.jpg (1314×720)

Адонис (Adunis) — Сирия ақыны Әли Ахмет Сайдтің (Ali Ahmad Said Esber) қалам аты. Бүгінде Парижде тұрып жатқан 84 жастағы қаламгер «Мың бір түн»  сияқты ұлы шығармалар туған араб әдебиетінің қазіргі көзі тірі көрнекті өкілі. Поэзия майданына 1957 жылы «Алғашқы жырлар» жинағымен келген ақын 22 өлең жинақтың авторы. 1972 жылы жарық көрген араб әдебиетінің рухани тарихын қаузаған төрт томдық «Тұрақтылық пен өзгеріс» еңбегі оны ойшыл ретінде танытты. Сол жылы ақын осы заманғы араб поэзиясының тарихында өшпес із қалдырған «Поэзия» журналын шығаруға атсалысып, әдеби ортаның уақыт талабына сай жаңаруына үлкен ықпал жасады. Шығармаларында тарих, мәдениет, философия, өнермен қоса саясатқа жиі баратын ақын бұлғақты тарихы жарты ғасырдан асқан Орта Шығыстың ары мен ожданы бола білді. Қайғы мен қасіретті, күйреу мен алапат ойранның куәсі бола отырып, соның себебі мен салдарын кең ауқымнан іздеп, адамзат баласының бет алған болашағы туралы терең ойлы шығармалар берді. Әлем әдебиетінің айдынында өз орны бар даңқты ақын Шығыс пен Батыс елдерінің көптеген әдеби сыйлықтарының иегері саналады. 

Ақын арап поэзиясы, оның рухани қайнар-көзі болған суфизм туралы көп жазды. Автордың аталған тақырыптағы шағын мақаласының бірін оқырман назарына ұсынып отырмыз. 

Аударушыдан 

1

З.Фрейт айтқандай, біз жаратушы ұғымын ешқашан жоққа шығара алмаймыз. Алайда, жаратушы ұғымына өзгеріс енгізу немесе оған деген көзқарасымызды өзгерту қолымыздан келеді. Софылық бағыттағы исламшылдар мен ислам елдеріндегі көптеген ақын, философ, ойшылдар осылай істеп келеді. Орта ғасырдан кейін иудилер мен христиандардың дүниетанымында өзгеріс орын алды. Өзгермеген исламдық дүниетаным. Олар сопыларды, ақындар мен философтарды арнасынан жаңылып діннен безгендер деп қарап келеді.

2

Ислам дінінің ішінде орын алған мұндай өзгерісті біз Юнг айтқан «байырғы рухтар дәуіріне» қайту деп түсіне аламыз ба? Бұған дәстүршіл исламшылдар «иә» деп жауап береді. Олар үшін суфизм бұттарға табынатын дәуірге оралудың бір түрі. Ал сопылар, айталық Джалалддин Руми (1207ж. — 1273ж.) бұған «олай емес» деп жауап береді. Сопылардың дүниетанымы исламнан келген, бірақ, олар дүниені ислам дінінен, дәстүршіл исламшылдардан, байырғы исламды тірілтуді дәріптеушілерден басқаша түсінеді.

Сопылар мен ақындар, философтар исламмен терең байланысып жатыр. Олар исламды өз тұрғыларынан түсіндірді: сүниттердің исламы, шейттердің исламы, сопылардың исламы мен поэзиядағы ислам осылай пайда болды.

Д.Румидің идеясы мен ол жазып кеткен дүниелер суфизмнің ең жоғары деңгейіне өкілдік етеді. Бұның мәнін екі жақтан түсінуімізге болады.

Бірінші — дүниенің алуантүрлілігін сезіну.

Екіншісі — дінді қатып қалған саяси құрылым емес, жеке тұлғаның рухани болмысы ретінде түсіну. 

Мен Д.Румиді екі қырынан: бірінші, оның жаратушы туралы түсінігі, екіншісі, осы түсінікті поэзия тілімен жеткізу ерекшелігі туралы айтқым келеді. 

3

Ислам діні мен дәстүршіл исламшылдар, байырғы исламды тірілтушілер Алла ұғымын қалай түсінеді?

Олардың танымында, Алла жалғыз және ештеңе оның орнын баса алмайды деген түсінікке барып саяды: Алла үлгісіз, барлық жағынан адамзаттан өзгеше, уақыттан тысқары тұрады, еш жерде өмір сүрмейді, айтып жеткізуге болмайды, көре де, сезе де алмайсың, ақыл жетпейді, болжау да мүмкін емес. Ғаламда  барлық дүние өтпелі, тек қана Алла ғана мәңгілік.

Бұдан байқайтынымыз, дәстүрлі исламда Алла ұғымы таза абстракт, терістеуден тұратын ұғым. Алла дүниеден тысқары тұрған болмыс. Алла ұғымы барлық жағынан сырлы етіп көрсетілген «бір жаратушы» дегенге апаратын теориялық түсінік.

4

Д.Руми Алла ұғымын қалай түсінді? Д.Румиде бұл ұғым абстракт дүние емес, қайта шынайы сезіну, теория емес, рухтың қылаң беруі, ессіз бойұсыну емес, жүректің үнімен қабыл алу. Ғаламды жаратқанымен, одан тысқары тұрған дүние емес, қайта, сол дүниенің өзінде жатқан тылсым күш. 

Д.Румидің түсінігінше, жаратылыс — табиғаттағы және табиғаттан тысқары тұрған дүние біртұтас, бөлінбейтін бір тұлға. Осы тұтас тұлғаның болмысы Алла, ғаламның көрінісі Алланың бейнесі. Таза болмыстың мәні ретінде сыртқы және ішкі тұтастықтың рухани бір тұлғалануы болып көрініс тапқанда дүние біртектілік пен көптүрліліктің келісіміне айналады. Адам болмысты түп мәнінен сезінсе, ол ақиқатты (Алланы) да сезеді. Оның формасы — әлемнің келбеті. Ғалам біртұтас болмыс ретінде өмір сүреді, бірақ, ол жинақталған бір ғана ақиқат емес. Жаратылыс Алланың болмысын көрсетеді.

Бұдан түйеріміз, Алла — бар дүниені қозғалысқа келтіріп тұрған үлкен парасат, ақиқаттың өзі және соның көрінісі, мәңгілік өмір сүретін ғаламның ішкі және сыртқы болмысы, алыста да жақында да емес, бар-жоқпен өлшенбейтін, аяқталмайтын ақиқат.

Дәстүрлі исламшылдардың түсінігінде Алла жаратылыстан биік тұратын күш делінсе, Д.Руми оны ішкі болмыс ретінде қарастырады. Алдыңғылар Алланы дүниеден бөліп қараса, Д.Руми оларды бір тұлға деп біледі. Алдыңғылар Алланы абстракт, ғаламнан тысқары деп қараса, Д.Руми оны әлемнің өзі деп таниды. Дәстүрлі исламшылдар Алла материяда көрініс таппайды деп білсе, Д.Руми Алла ғаламның өнбойынан көрініс береді деп біледі.

5

Д.Румидің бұл көзқарасы исламның болмысты тануына үлкен өзгеріс әкелді. Дәстүршіл исламшылар бұл өзгеріске өре тұрып қарсы шықты. Ибн Темер осы қарсы тұрушылардың бірі. Ол «ақиқаттың болмысын ғаламның болмысы деп түсінетіндер ғаламды жаратушы Алла сол ғаламның өзі деп қарайды. Бұл Алла дүниені жаратушы және оның иесі емес, қайта көптің бірі дегендік. Бұл адасу», — деп жазды. 

Оның «болмыс біртұтас» деп қарайтындар Алла (ақиқат) мұхит, ал жаралмыш сол мұхиттың ақ көбік атқан толқыны деп түсінеді», — деген сөзі де бар. Бұл тұжырым енді бір тұрғыдан «болмыс біртұтас» дегенді тамаша түсіндіріп те тұр. 

6

Теориялық тұрғыдан айтқанда, Д.Руми мен суфизмнің «Алла көрініс береді» деген көзқарасы дәстүрлі исламның «Алла жаратушы» деген түсінігінің орнын басты. 

Алайда, көрініс беру тек болмыс қана емес, ол парасатты да аңғартады. Парасатты да көре алатындар ғана көреді. Көрініс беру көрнеуде немесе рухани дүниеде орын алсын, бәрібір таным аясымен байланысты. Ол образдың (ақиқаттың) сәуле шашуы және сол сәулені қабыл алушы, сезім мен түйсіктің жарқыраған айнасы. Көрінумен қатар, сезіну немесе парасаттың белең беруі. Д.Румидің түсінігінше, парасат материяның мәнін ашушы, оның мекені рухани дүние, ол сонда жарқырайды. Сондықтан парасат абстракт емес, ақылмен түсініп алатын немесе еліктеумен қол жеткізетін де қасиет емес. Ол киелі кітаптардың қағидасымен де өлшенбейді. Оны тек көкірегінде көзі барлар ғана көре алады. Суфизмшілдердің тағылымы бойынша бұл «сезінудің жолы» немесе «рухани жақтан тазарудың баспалдағы». Ол — адаспайтын парасат. Себебі, адасу субьектив танымда болады, ол — абстракт ақылдың туындысы. 

Сезіну немесе көрініс беруді басқа бір тұрғыдан ғаламның өмір сүру формасы деуге де болады. Егер ғаламның өмір сүруінде сырлы сұлулық бар десек, өнер, әсіресе, поэзия осы қасиетті сұлулықты жеткізуші. Поэзия арқылы біз ғаламның өзін — Алланы танимыз. Бұл арада екіге жарылу жоқ. Сондықтан, поэзия — ғаламды аралықсыз таза жеткізу.

Исламшылар мен дәстүрлі исламды тірілтушілер үшін «болмыс біртұтас» деп қарау «адасу» болса, Д.Руми мен суфизм поэзиясы үшін, ол — «елігу». Бұл — таным поэзия мен ақындар үшін әсте таңсық нәрсе емес, қайта, өте ескіден келе жатқан ұғым. 

«Ұстаз» Д.Руми мен суфизмшілдер дәстүрлі исламның түсінігін осылай жаңартты. Дәстүршілдер ақылға, дәйекке, дерекке сүйеніп абстракт дүниені дін мен қоғамдық мәселе етіп түсіндіреді. Ал біздің «ұстаз» бен суфизмшілер оны тасада жатқан, рухани дүниедегі ішкі және сыртқы ғаламның үні деп қарайды. Олар жаратушы мен жаратушының ұлылығын бөліп қарауға негіз қалады. 

7

Мен бұл арада сезіну өз деңгейінде бір түрлі елігу екенін, себебі, оны түсіндірудің мүмкіндігі жоқтығын айтқым келеді. Дегенмен, Ибн Араби келтірген «Перғауынның әйелі мен Жүсіп» деген хикаядан біраз дерек табуға болады. Хикаят «әйелдің денесінен аққан қан жерге тамған соң жазуға — «Жүсіп» деген сөзге өзгерді», — дейді. Бұны Ибн Араби «әйел Жүсіпті қатты жақсы көретін еді, Жүсіптің есімі оның қанында буырқанып ақты, содан ол жазуға айналды», — деп түсіндіреді.

Біз жоғарыдағы жағдайды ақылдық таныммен түсінуге шарасызбыз. Оны тек сезінуге ғана болады. Бұл да оңай шаруа емес, сенімге селкеу түсіретіндей дүние.

Исламшылдар мен дәстүрлі исламды тірілтушілер «иә, Алла, менің сеніміме күш бере гөр» десе, Д.Руми мен суфизмшілдердің «иә, Аллам, маған сеніміме селкеу түсіретін қиындықтары көбірек бере көр» дейтінінің себебі де осында. 

8

Бүгінгі араб ислам әлемі диктаторлық жүйе мен тар өрісті идеологияны ұштастырған саяси күштердің қолында, олар ислам дінін «жиһатқа» шақыратын қару ретінде пайдаланып келеді. Суфизм құндылықтары негізінде Д.Руми исламға тән бостандық танымын басшылыққа алады. Ол адам мен адам, адам мен Алланың байланысын икемді шеше отырып, жалпы мұсылман баласын мынаған сендіргісі келді: ислам діні бостандықтың діні, ол барлық салада осы қасиетін көрнектілендіргенде ғана өзінің қасиетті тұғырында қалады.                       

Аударған — Ардақ НҰРҒАЗЫ

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты