М.Дерда: Біз білетін Анна Ахматова

b0ca1968effea10033b37a644761c622.jpg (843×474)

В.Уолфтың естен кетпейтін бір сөзі бар. Ол «бұл жаһан 1910 жылы немесе осы жылдың алды-артында өзгеріске ұшырады» дейді. Тұлғасы шынардай түзу, нәзік, аса сұлу, соған қарамастан өнбойынан өзгеше бір арын байқалып тұратын Анна Ахматованы дәл жоғарыда айтылған уақыт кезеңінде әдебиет сахнасына шыққан махаббат жырын майын тамызып жазған орыстың ең талантты ақыны деуге болады. Оның өлеңдері гүлдей нәзік, жұпардай иісті, сонымен қатар мірдің оғындай өткір болып келеді: «Сен мені сүймейсің бе, маған бір қарамайсың ба? Апырау, неткен көрікті едің, өлем қапқыр-ай». «Мен көйлектің тарын таңдап кидім, құлын мүсінім жұтынып тұрсын дедім». «Ол гүлге иіліп сыбырлады: құрбым, айтшы маған, сені еркектер қалай өбеді, сен оларды қалай сүйесің?». «Оның бұрын діріл қақпаған қолы, ақыры, дір етті, менің қос тіземе тигенде».

А.Блок (1880ж—1921ж) аға ұрпақтың өкілі ретінде Анна Ахматованың алғашқы өлеңдерін «еркектердің маңдайын шертіп тұрып жазған дүние сияқты» деп бағалаған еді. «Онда да тура қарсы қарап тұрғандай сезіледі» деген болатын. Кейде ақынның өлеңдерінен ғашықтықтың нала-мұңы сияқты жібектей үлбіреген үн есетін кезі бар. Әлбәтте, сол тұста Петербордың аңызға айналған «Қаңғыған ит сауық клубының» (The Stray Dog) тұрақты қонағы болған ақын мен оның достарының ештеңеден тартынып қалмағаны белгілі. 

Сол тұста Анна Ахматова «Бұнда, біз, бәріміз ішкішпіз және жезөкшеміз» деп жазған. Оның «некеден ажырасу — адам баласы тапқан дүниенің ішіндегі ең кереметі» деп жар салғаны бар. Некеге байланып қалмауды, қандай да бір махаббатқа құштарлық танытып тұруды және ғашықтар арасында ұрыс-керісті өмірдің болмысы ретінде қабылдауды, тіпті, үш жақ болып махаббаттасудың да дәмін татудан Анна Ахматова мен оның достары кетәрі болмапты. «Кешір мені, — деп жазған ол көңілдестеріне жазған хатында, —мен үнемі басқаларды сен екен деп қабылдап қаламын». «Кешкі шапақ» (1912ж.), «Інжу» (1914ж.), «Ақ түсті ескерткіш» (1917ж.)  шығармаларында, ақын мәңгілік махаббат пен жалт етпе ғашықтық сезімдерін мәңгі өңі таймайтын жыр маржандарына айналдырып жіберген еді. Анна Ахматова өзі туралы «Пушкин саяжайындағы ең бір сотқар қыз болдым» деген болатын.  

Анна Ахматова балалық шағында ұл бала сияқты тентек болса, жастық шағында еркін ойлы қыз еді, ал бой түзеп, есейген тұсында бұрынғысынан әрі бетіне кеткен. 1910 жылы ақын жар етіп тағы бір ақын — Н.Гумлиевті таңдайды. Ол осылайша өмір бойы «Ахматова» деген есімді ұстанып кетті. Дегенмен, бұл неке бақытты емес еді. Көп өтпей-ақ, екі ақын өз еріктерінше өмір сүре бастайды. Айталық, тойдан кейін ерлі-зайыптылар Парижге сапар шеккен. Сол жолы Анна Ахматова француз суретшісі Модланимен ашықтан-ашық жұп құрайды. Суртеші ақын әйелді бақтарда серуендетеді, қиылып гүл сыйлайды. Анна Ахматова суретшіге жалаңаш тәнінің суретін салуға мүмкіндік береді. 

 Н.Гумилев жартыжылдық ұзақ сапардан оралған бір жолы Анна оның қолына қойын дәптерге маржандай етіп түсірген су жаңа өлеңдерін ұстатады.  Бұл өлеңдерге Н.Гумлиев тамсана, таңқалады да, оларды жинақ етіп шығаруға кеңес береді. Көп өтпей ерлі-зайыпты ақындар О.Мандельштаммен бірлесіп жаңа поэзия ағымын дәріптейтін бірлестік құрады. «Ахматизм» деп аталған бұл ағымның эстетикалық ұстанымы бойынша поэзия нәзік те қарапайым, соған қарамастан өткір болуы тиіс. Анна Ахматова 1912 жылы ұлы Л. Гумилевты өмірге әкеледі. Осы жылдарда ақынның өмірі қай жағынан қарасаңыз да астаң-кестең болды деуге негіз бар. Оның таңдаулы өлеңдерін де осы тұста жазғаны белгілі. 1921 жылы  Н.Гумилев «Отанға опасыздық етті» деген айыппен атылып кетеді. Бұл бүкіл Ресей аш-жалаңаштықтың құрсауында өмір сүріп жатқан кезең болатын.

Содан кейінгі қырық жылда диктатор Сталин ақынның өлеңдерін жарыққа шығаруға қатаң тыйым салған. Бұл тұста Анна Ахматова күнкөріс үшін аударма жасап, сонымен жан бағады. Бірақ, ақын өлең жазуын тоқтатпайды.  1930 жылы ақын «Жаназаны» жазды (поэма деуге тұратын бұл ұзақ өлең Ресейде тек 1988 жылы ғана ресми жарық көрді). Бір кезде бұл өлеңді ақынның жақын достары жаттап алып, ауыздан-ауызға таратып отырған.  Поэма ерекше бір әуенмен басталады: онда «Осылар басталғанда  тек өлілер қуануға тиіс себебі, олардың жаны бұл азаптан құтылды ...»  деген өлең жолдары бар.

«Жаназа» — сырт көз үшін  Анна Ахматованың сол тұстағы жан дүниесін, енді бір жағынан күллі Ресейдің болмысын танытатын шығарма. Ақын қылмысты делініп айдауға бара жатқан шеті де, шегі де жоқ адамдардың қатарында тұр,  «сүйектен өткен аязда біз... қақпасы тас жабылған қызыл қамалдың іргесінде тұрмыз» деп жазды ол. Ақын тұтқындалып кеткен ұлынан бір хабар болар ма екен деп әлгі ашылмайтын есіктердің алдын күзеткен тұс. Ақынның ұлы Л. Гумилев  О.Мандельштам тұтқындалған күні сол оқиғаның ортасында болған. Ол «анамды қашан біреулер осылай үн-түнсіз алып кетер екен деп үнемі ойлаушы едім» деп жазған. Бірақ, Анна аман қалды, аштықты, құрт ауруын, түрлі саяси арандатулардың бәрін бастан кеше  отырып өмір сүрді.  «Қазір мен істеуге тиісті іс көп: / санамдағы естелікті тас қылып құлыптауға тиіспін, / қайғыны ұмытамын, / жүрегімді таспенен ауыстырып, / содан кейін жаңаша өмір сүрем», — деп жазды ол.

1930 жылдардың соңында Анна Ахматова пышақтың жүзінде өмір сүрді. О.Мандельштамның өмірден өткенін бір танысына сөз еткенде Анна Ахматова «біздің досымыз Надежда (ақын О.Мандельштамның жары) жесір қалды» деп жазған. Кейін немістер Кеңес одағына басып кірді де, Ленинград жау шабуылының өтінде қалды. Үкімет Аннаны Тәшкенге қоныс аударғандардың қатарына қосты. Соғыс уақытында ақын сол арада өткізеді. Орталық Азияда орналасқан қалада Анна Ахматова мейлінше ішті, өлең жазудан да тоқталған жоқ. Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған көлемді сахналық шығарма да жазған, бірақ, онысын соңында үрейленіп, өзі жыртып тастайды. «Иесі жоқ өлеңдерді»  ақын осы тұста жазды. Бұлар ақын санасының түбінде қалған әлдеқашан келмеске кеткен дүниенің елесі еді: «лаулап жанған отқа тамсана қарайтын, мерекенің қарсаңы еді, / тұлпарды шеккен төрт доңғалақты күйме көпірден жұлдыздай ағып өтіп барады», — деп жазады ақын. 

1940 жылдардың орта тұсында ағылшын И.Берлин Кеңес одағына сапарлап келгенде Анна Ахматовамен екі күн, екі түн отырып әңгіме-дүкен құрады. Олар өткен-кеткеннен сөз қозғай отырып, өнер, әдебиет туралы айтысады. Өкініштісі, бұл кездесуді үкімет жақ «жартылай бүбі, жартылай жезөкше» (Анна Ахматованы Сталин тура осылай деп атаған) енді батыстың агенттерімен жолыға бастады деп қаралап, ақынның есімін тағы да он жыл қара тізімге қосады. Тек 1950 жылдардың соңында Н.Хрущевтің саяси жылымық дәуірі келген тұста ғана ақын қайтадан қалыпты адам қатарлы құрметке ие бола бастайды. 

Неміс ақыны Лирк сияқты Анна Ахматованың өлеңдері аударуға сұранып тұрады. Ақынның ағылшын тілінде көптеген жыр жинақтары жарық көрді. Солардың ішінде Ж.Хемстрейд аударған «Анна Ахматова өлеңдерінің толық жинағы» — әсем безендірілген тамаша кітап. Кітапта ақынның көзін көрген А. Найман мен И.Берлиннің аса құнды естеліктері, суреттер мен қыстырмалар қоса берілген. Ақын әрі зерттеуші Э.Фенстен Анна Ахматова туралы жазған ғұмырнамалық материалын да осы кітаптан кезіктіруге болады. 

Содан кейінгі күндерде Анна Ахматова жұрт қатарлы үкіметтен зейнетақы алып өмір сүрді.  Қала сыртында шағын тұрар жайы болды. Сол үйге үнемі алыс-жақыннан көзі тірісінде аңызға айналған ақынды көруге қонақтар келетін. Ақын 1966 жылы өмірден өтті. Ақынның сол күндерде «дұғаңды үйір, түн ортасында, біреулер келіп есігіңді ұрып тұрмағанына», — деп жазды.               

       Аударған — Ардақ Нұрғазы      


Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты