Чэнь Чао (Chen Chao): Біздің мүмкін поэзиямыз

5a438f2a2ada071436b5c2f8a24fe420.jpg (467×311)

(Чэнь Чао - Қытай ақыны, сыншы)

Қытай поэзиясы XX ғасырдың 80-шi жылдарының соңына ала жаңа қырымен таныла бастады. Жеке адамның болмысын шығар түйін ету, поэзияның өзіне тəн табиғатына бой ұру шығармашылықта мықтап тұрақтанғаннан кейін, ақындарымыз тыңнан жеміс бере бастады. Алайда, тарихи ортаның өзгерісі жəне жеке басымыздағы шығармашылық ізденістің ілгері басуы, бізді жаңа қайшылықтармен жолықтырды: біздің шашауын шығармай жазған «тамаша» өлеңдеріміз өз басымыздағы өмір шындығымен, бүгінгі уақыт толқынындағы болмысымызбен тіпті де қауышы бермейтіні байқалып қалды. Өлеңде айтар дүниеміз бен сол дүниені жеткізу тəсіліміздің жаттанды, бір сыдырғы, жеңіл-желпілікке ойысқаны бірден көзге түсті; бұлай болудың түп себебін мен қытай поэзиясын — ескіден келе жатқан осы үлгіні біздің дұрыстап меңгеріп, оны осы заманғы өмірдің қыры мен сырын ағытуға икемдей алмай отыруымыздан деп білемін. Біздің танымымызда, поэзия дегенің субъектив болмысымызды сыртқа шығаратын өнер (бұны енді бір сөзбен лирикалыққа бой ұру деп атауға да болады). Ақындарымызда өзіндегіні сыртқа шығаруда, шеберлік жағынан айқын парықтар болғанымен, түпкі қазығы тұрғысынан қарағанда бəрібір қатарда тұр: олар шығармашылық беталыста субъективке əрі қалыптасқан көзқарасқа жармасуға үйір. Сонымен ақындарымыз бен оқырман қалыптасқан бір түсініктің екі ұшына жайғасқан: бірі айтушы, енді бірі тыңдаушы, тіпті оқырман ақынның айтқан ойына басқаша көзқарас танытқанның өзінде, оның (ақынның) сөйлеу мəнерін бəрібір қабыл алып жатады. Мен мұның ұзақтан келе жатқан, əдебиет дəстүріміздегі ақындарға ерекше жүк артқан — ақындар халықтың құлағына əлде нені құйып тұрушы деп түсінетін —жүктеген міндеттен келіп шыққанын білемін. Уақыттың ұзаруымен бұл дəстүрі ақындарымызды еркелетті, еліртті, оларды ақылман, кейбіреуін тіпті айғайшы болуға дейін жеткізді, онанда кертартпасы ақындарымыз өнерді (поэзияны) толықтай меншігіне алып, өзін өлшем ете бастады. Бұның ақыры бір деңгейге жетіп алған ақындарымыз ізденімпаздықта тоқтады да, поэзияны өмірдің терең қырларын ашуға пайдаланудың орнына, жадағай жайсаң бетке салып қойып, мəртебе қуумен ғана айналысты. Қиналмай-ақ өлең жазатын мұндай ақындар көбінде салған жерден жеңіл лирикаға кетеді (олардың ішінде «қоғамға сын айтамын» деген желеумен əлгіндей жеңіл лирикаға құрылған өлеңді қару етіп айқайлап жүргендері де бар, олардың жазып жүргені жоғарыдағы лириканың — «айғай лирика» түрі, айта берсең бұл түрдің лирикалығы тіптен күшті болады). 
Жоғарыдағы ақындардың жазғандарын өлең емес деп айта алмаймыз, бірақ ол өлеңдердің поэзиялық деңгейі төмен, қанша айқайлағанымен түбін қуып келсең дəрменсіз екенін жəне көп кемістіні бар, пыспай қалған дүние екені бірден аңғарылады. Шығармашылықты оңайластырудан туындаған бұндай дүниелер адам санасының құпия қалтарысына үңіліп, ондағыны сыртқа шығаруға ұмтылмағандықтан да поэзияның ақын шынайылығы мен жалынынан тұратын биік деңгейіне көтеріле алмай жатады. Мүмкін, кейбіреулер: «мен өлеңді беріліп, шынайы сезіміммен жазамын, сонда менің жазғаным ақынның шынайылығы болмай ма?» -деп сұрайтын да шығар. Бұған менің айтарым ақынның шынайы сезімі екінің бірінде өлеңнің шынайы сезімі бола бермейді. Бұның алдыңғысы өлеңнің келіп шығу жағдайына; соңғысы поэзияның көтерілген деңгейіне барып саяды. Мəселенің тетігі соңғы түрдің қандай күйде болғанында. Егер өлең оны жазған ақынсыз-ақ өмір сүріп, өзін-өзі тұлғалап кетсе, онда оның төрт тұрманы сай поэзия болғаны... 

Поэзия тіршілік пен тіл үндестігінің жапсарын ашуда шексіз мүмкіндікке ие. Талантты ақындар қашанда осы кеңістікті төңіректейді. Менің өз өмірімнен тіршіліктің, сөздің үндестігі мен мəнін қайлай тапсам болар екен деп үнемі бас қатыратыным бар. Тақырыпты өзіңнен емес, сырттан іздеп, таңдап жазу дегенің жатып кеп классикалық үлгілерге еліктеудің бір түрі. Ондайда сен өз поэзияңды ешқашанда таба алмайсың... 

Бір өлеңді «жақсы өлең» етіп шығару, онша қиын шаруа емес. Қиын шаруа өлеңге дəуір мен тіршіліктің нəрін сіңіре алу. Егер өлең көркем сөз қажеті үшін ғана керек болса, ондай өлеңдер біздің бүгінге дейінгі əдебиет дəстүрімізде жыртылып айрылады. Біз бүгін өлең жазуға отырғанда əлгіндей “көркемдік” талабы үшін жазбайтынымызды, оны өлшем де етпейтінімізді жақсы түсінеміз. Біз өлең жазғанда өзімізге, өз өлеңімізге қарай бет аламыз, дəл сол кезде біздің алдымыздан біз білетін өткеннің əлгіндей «көркем» дүниелері емес, бүгіннің сана-сезімі, өнер танымы, жиып келгенде бүгінгі заман поэзиясының жалпы талаптары кез-кестейді. Біздің мəселеміз де осы кезде туынайды. Поэзия нені жеткізуі тиіс деген мəселеге онша бас қатыра берудің реті жоқ. Əр дəуір өз мəселесін жеткізетін өзіне тəн поэзия тіліне сұрау салады. «Осы заманғы поэзияның өлшемі не» деген сұрақ төңірегінде соңғы жылдары көптеген айтыс-тартыстар болды. Бірақ менің байқауымша, көптеген авторлар «жақсы-жаман», «көркем-көркем емес» деген мəселе үстінде айналсоқтап, сол баяғы классикалық өлең өлшемдерінің аясынан шығалмай қалды. Əсілінде осы заман поэзиясын толғандыратын мəселелер бұл емес, қайта поэзияны қайткенде «ырықты», «жалынды» етіп жаза алуда. Біздің ұзақтан бері «жақсы, көркем» деп келген өлеңдеріміздің бəрі бірдей бүгінгі уақыт талабында «ырықты», «жалынды» болудан қалды. Біздің газет-журналдарымызда жарық көріп жатқан басым көп шығармаларымыз «жақсы, көркем» өлеңдер — ұйқасынан жел өтпейтін, бас-аяғы түскен, форма сақтаған, айтары айқын, ойы да парасатты, драмалық тартысы да, элегиялық сарыны да бар — жиып келгенде біздің «өлең талабымызға» сай келетін «жақсы, көркем» өлеңдер. Бірақ бұлар бүгінгі уақыттың өлеңі емес, себебі бұл өлеңдер бүгінгі тіршіліктен, бүгінгі санадан, бүгінгі ойлау формасынан, бүгінгі тілдің мүмкінгін ашудан тысқары қалған — жиып келгенде біздің рухани дүниемізге сыналап кіре алмай, сыртта қалған дүниелер. Мен бұл өлеңдерге қарағанда, бүгінгі жастардың жоғарыдағы өлшемдерге симаса да, «өздері біліп» жазған өлеңдерін ұнатамын. Себебі онда оны жазған адамның өзі көрініс тауып тұрады. 

Менің түсінігімде, осы заман поэзиясының өлшемі бейне жүрген сайын алыстай берген көкжиек сияқты, онда тұрақты бір адрс, өнер эстетикасында қалыптасқан бір үлгі деген болмайды. Бірақ, бұл дегенің ойыңа келгенді шимайлай берсең, осы заманғы өлең болады деген сөз емес. Поэзияны баса билеп тұрған «жақсы, көркем» болу талабы орнынан кеткен соң, оның орнын көптеген үміткерлер қатар бастады: дəуір мен тіршіліктің нəрін поэзияға ырықты түрде сіңіруді бірінші орынға қою; тілдің жасырын мүмкіндіктерін ашуға мəн беру, ең көкейтесті орынға шықты. 
Осы заманғы поэзияның бар болмысы оның жазылу шеберлігіне — эстетикалық тəсіліне қатысты болып қана қалмастан, сол эстетиканың тіршілік пен адам болмысын қанша құшағына ала алғанына, өлең материалдарын қаншалық нəзік сезініп терең қорта алатынына, шындықты іздеудегі табандылығына, поэзияны жанды дүниеге айналдыра алуына қатысты болып қалды... 

Дайындаған – А.Н. 

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты