Есбол Үсен (Esbol Usen). Тас адам

482142eda01fcab9fd63bb8334328558.jpg (1409×955)


Күн менен түн, ай мен жыл қосақталған,

Жандар қайда мені ыстық құшаққа алған?!

Түсім...

Біреу тұрады қарсы алдымда,

Қолына ұстап жүрегін пышақталған.


Түршігемін, үзіліп аp – шыдасым,

Ризамын жай оты қамшыласын.

Селге айланып, кетеді мені ағызып,

Жанарымнан құлаған тамшы жасым.


Бір сұмдықтан тап болам бір сұмдыққа,

Сел әкеліп таcтайды тылсым жұртқа.

Өң – түс ара, көксеуші ем, елес мекен,

Сол қиялым айланып тұр шындыққа.


Алдымда сабылады ғайып бейне,

Кейі жаяу, кейі атты, қайықпен де.

Шырамытам, анық кім таба алмаймын,

Өзіммін кінәлі оған, айып менде.


Бәріде баяғыдай жас – күшінде,

Өртеген бір күйік бар ашты ішімде...

Тілдеспекке ентелеп жақын барсам,

Өзгереді меңіреу тас мүсінге.


Таба алмай тірі жанның қарасын да,

Сенделем тас адамдар қаласында.

Тастанды боп мәңгіге қалып қоям,

Пәни менен бақидың арасында.


Біткен бе жүрек – бауыр басқа маған?!

Өмір жолын қайда бір басқан адам?!

Аруақтардың тіземін қатарына,

Қашап алып бей мезгіл тастан адам…


Есбол Үсен (Esbol Usen). Қойын дәптердегі жазбалар

Екі мыңыншы жылдардың ортасында ойламаған жерден Алматыдағы «Сары арқа» кино театрының артындағы алаңқайда рұқсат етілген митингіге тап болып, Лениннің «Басы ауырғандар ана жаққа барыңдар» - деп тұрған (Мұқағали) айбынды мүсіні мен Жамбыл атамыз есімін ұмытып қалатын «Қыз талақ» Калининнің еңселі әйкелін алғаш көрдім. Маған қоғамнан басқаша ойлайтындардың тірлігін күн көсемдер үнсіз бақылап тұрғандай сезілді.

Алыптар дәурендеген кеңестік әдебиетке уақыт өз бағасын берді. Сондай-ақ олардың ізбасарларына мүмкіндік те сыйлады. Бырақ ,сол мүмкіндікті ғанибет біліп, үдесінен шыққандары кемде кем. Өмір заңдылығы бойынша көзқарас та, әдебет те жаңаруы тиіс еді. Бірақ, олай болмады. Қазіргі індет жайлаған алмағайып кезде де, Жазушылар одағы мемлекет басшысының сөзін онлайын талқылап, билік партиясының саяси науқанын қолдауға шақыруда.

Сатира королы Оспанқан Әубәкіровтың бір кейіпкері: «Елдің қатындары шетелде курортта демалып жүр,  мен тозақтың босағасында жүн түтіп отырмын» деуші еді. Сол айтпақшы тәуелсіз ел атанған отыз жылдан бері қазақ әдебиеті, жалпы руханияты жетім баладай нарықтық экономиканың босағасынан сығалап әлі тұр

Ақын – тәңірдің елшісі. Бұл асыра айтылған сөз емес пе?! Ақын бойынан ғапылдықты көп өткізетін күнаһар пенде десекші... Қызылға қызықпай, нәпсісін тиып (ішімдікке салынбай), көңілге, қайғыға тоқтау қылып, кісілік кемелділікке жеткендері некен саяқ сыияқты...

Ақын мұраты көрген түс тәріздес өлең жазу болуы керек. Түс аймағы реал өмірдегі шектеулерден ада, өткен, бүгін, келешек бірге тоғысқан, мүмкін еместер мүмкін болатын, қалауы табылып қар жанатын армандағы алаң. Өлеңнің қисынын (формасын) түстен іздеген абзал.

«Тілін, ділін ұмытқан жандардың,

Өлеңге түсіре алмай,

Қайғысыз көңілін, күлкісін,

Алматыда өмірім, зая болып, жүр күшім» _ деп басталатын еркін жазбаларымды жариялаған Әмірхан Балқыбек те бақилық бұл күнде.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты