Ынтымақ Сәду (Yntymakh Sadu). Жасыл құс

6b44858455bf77b457c83d7a84905ed3.jpg (600×719)


Қарашыққа уын жағып соқыр мұң,

Дидарыңды тани алмай отырмын.

Қара түнде тамды құстың көз жасы

Мүрдесіне гүлге оранған батырдың.


Қайғы солай... тұйяғыма от ұрды,

Жылап тұрмын... келмесе де бас игім...

Аппақ таңда қонды құстың киесі

Мүрдесіне уға оранған ақынның


У мен гүлді бір құшаққа толтырып,

Шыбын жанды отқа байлап отырмын.

Қызыл жалын қызғанышты өлтіріп

Ішті азабын батыр менен ақынның!


«Қызыл жалын: - күннен тамған мейірім,

Түсімде оны жиі көрдім» - деді ұлым...

- Ұйықта балам, бөлме ұйқыңды, бөлме ой

Дедім дағы, өзіме-өзім кейідім!


Өтті уақыт... өң мен түсті сапырдым,

Қызғаныш – у қараңды отқа батырғын...

Талмаса екен жасыл құстың қанаты

Рухы үшін батыр менен ақынның!

  

Студент кезіміз (1990ж.-1995ж.). Мен химия мамандығын оқимын. Бірақ, достарымның дені филолoгтар. Солардың ішінде Ынтымақ Сәдудің мен үшін орыны ерекше еді. Себебі, біз бір жылдың, бір ауданның түлегіміз. Оның үстіне сол жылы Толы ауданынан қабылданған он үш студент - кілең қыздар, үш жігіт қана болдық. Мен, Қайнар Мұқай және Ынтымақ Сәду. Біз бір-бірімізді қашанда жантартып тұратынбыз. Ынтымақ екеумізді әдебиет тіпті де жақындастырған еді. 1994 жылы «Жұлдыз» журналының №4  Ынтымақтың «Қорқыттың көрі» деген тақырыппен, заңғар жазушы-ғалым Мұхтар Мағауиннің шағын беташар сөзімен бір топ өлеңі жарық көрді. Біздің қуанышымызда шек болған жоқ… 

«Жеміс ағаштың түбінде» атты эсседе өткен күндер туралы мен былай деп жазыппын:

2004 жылы шілде де Шәуешек қаласында ата жұртқа қоныс аударудың соңғы жұмыстарын аяқтадым. Ертең таң ата шекарадан өтуге тиіс едім. Шығарып салуға келген достарыммен кешкі базарда түн ортасына дейін отырдық. Айналамыз ыс-түтек, музыка, айғай-шу. Шамамен түнгі бірдің кезінде кезектесіп өлең оқып отырғанбыз, кенет, ойыма «Қорқыттың көрі» келді. Өлеңді мен біраз жеріне дейін жатқа білетінмін. Басын бастадым да, тоқтаттым. Отырғандар: «Ой, негe оқымай қалдың?» — деп жатыр. Мен орнымнан тұрып, ашық тұрған дүкеннің біріне кірдім де, Ынтымақтың Үрімжідегі үйіне телефон жалғадым. Телефон тұтқасын Ынтымақың өзі көтерді. «Ынтымақ, мен ғой, Ардақ, «Қорқыттың көрін» оқиын деп едім, есіме түсіре алмай тұрғаным, қалай басталушы еді?!» — дедім. Ол өлеңді бірден оқып кетті. Қазақ «қайда барсаң да қорқыттың көрі» деген. Алдағы тағдырдың не болатыны мен үшін белгісіз еді... Енді бір жағынан «ұйқыдағы досымды түн ортасында «мен кетіп барамын!» деп бір оятайын»  деген ой келді…

Ardakh Nurgaz

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты