Т.С.Элиот (T.S.Eliot):Гамлет

Т.С.Элиот(T.S.Eliot):Гамлет

Өткен төрт ғасыр бойында У.Шекспир шығармаларын зерттеуге байланысты мыңдаған еңбек жазылды. Саясат, экономика, мәдениет, өнер және әдебиеттану, т.б. қоғамдық саланы қамтыған бұл зерттеудің аясының кеңдігі соншлықты, оған атсалыспаған, өз тұрғысынан үңілмеген бірегей тұлғалар некен-саяқ. У.Шекспирдің солардың бәріне дерлік жауап қата алғаны тағы анық. Сол шалқар шығармашылықтың қақ төрінде бір туынды бар десек, ол — 1601— 1602 жылдары жазылған У.Шекспирдің «Гамлет» трагедиясы деуге болады.  Аталған шығарманы әркім әр түрлі түсінер, бірақ, ондағы сыр төрт ғасыр бойында адамзаттың зейін-зердесін үздіксіз сынаумен келеді. Драматруг, ақын, жазушы біткен шығармасы туралы ой қорытып, өнердің табиғаты туралы толғанып, тереңдікке құлаш ұрған сәтінде, қашанда, бір дауыс оған әлдебір шалғайдан жаңғыра үн қатып тұрғандай сезінеді. Ол — баяғы сол «Гамлеттің» даусы. Содан да өнер тарихында «Гамлет» әлдеқашан әдебиет деген бекзат әлемнің тылсым сыры жасырынған шығарма ретінде қабылданып кетті. Т.С.Элиоттың «Гамлет» атты еңбегі автордың тақырыпқа модернизм тұрғысынан келген бірегей шығарма саналады. Ағылшын поэзиясында дәуір бөлгіш рөл ойнаған ақынның Гамлетке байланысты ортаға салған ойлары өнердің ішкі табиғатын тану, шығарманың драмалық конфликттік мәні тұрғысынан дәстүрлік танымнан өзгеше. Төменде осы мақаланы оқырман қауымның назарына ұсынып отырмыз.   

-Аударушыдан 

Өте аз сыншылар ғана «Гамлет сахналық туынды ретінде маңызға ие, ал кейіпкер ретінде маңызы айтарлықтай емес» деп қарайды. Кейіпкер ретінде Гамлет кірпияз сыншылардың бәрін дерлік еріксіз өзіне тартатын қасиетке ие. Себебі, талантты сыншылардың дені шығармашылықта белгілі себептерден өзін толық көрсете алмаған, содан сынға келген адамдардың санатына жатады. Олардың дені Гамлеттің бойынан өздерінің бақытсыз бет-бейнесін жолықтырады. Гетеде сондай ерекшелік болды. Ол Гамлетті өзінің сүйікті Витеріне айналдырып тынды. Корад та солай істеді, Гамлетті тағы бір Корадқа айналдырып жіберді. Бұл адамдар Гамлетті сөз еткенде өздерінің басты міндеті — өнер туындысын сөз ету екенін мүлде естен шығарған сияқтанады. Жоғарыдағы екі тұлғаның Гамлет туралы жазғандары кімді болса да адастырмай қоймайды. Себебі, олар жұртта жоқ сыншылық қабілеттерін іске сала отырып, барын сіңіріп, өздерінің Гамлетін Шекспирдің Гамлетіне айналдырады да, керемет бір дүние жасап жібереді. Бақытымызға орай, И.Петер мырза «Гамлетті» зерттеуде мұндай қателікке жол бермепті. 

Біздің замандастарымыз Робертсон мен Минесота университетінің профессоры Стор мырзалар шағын екі еңбегін жарыққа шығарған. Бұл зерттеулер шекспиртануда жаңа бағыт ашып отыр. Стор мырза бізге XVI,  XVII ғасырлардағы сыншылардың қандай көзқарас ұстанғанын жеткізеді. Ол былай деп жазыпты:

«Кейінгі сыншыларға қарағанда оларда психологиялық жақтағы тереңдік жетіспейді, бірақ, көңіл-күй тұрғысынан олар Шекспирге жақын. Олар кейіпкерге емес, туындының беретін әсері мен жалпы сипатына баса мән береді. Сондықтан дәуірі өтіп кеткеніне қарамастан сахна өнері үшін бұлар құнды көзқарас болып қала береді». 

Өнер туындысын өнер ретінде түсіндіре алмайсың. Түсіндіретін де ештеңесі жоқ. Біз оны тек өзге бір туындымен салыстыру арқылы ғана өз ойымызды айтамыз. Ал «түсіндіру» деген өзің де толық біле бермейтін кейбір тарихи деректерді оқырманға жеткізу дегенге барып саяды. Робертсон мырза бұл тұрғыдан жақсы айтқан: «Гамлетті» түсіндірген сыншылардың денінің сәтсіздікке ұшыраған себебі, олар бір шындықты естен шығарып алған сияқты: «Гамлеттің» көп қыры бар және оны кейіпкерлер ортақ күш салу арқылы жүзеге асырады. Бұл барыста кейінгілер бұрынғылардың түсінігімен өзін толықтырып отырады, — дейді ол. Егер біз «Гамлетке» Шекспир бекітіп кеткен аумақ ішінде талдау жасамай, оны өз ортасынан бөліп алып сөз етсек, онда біз мүлде басқа «Гамлетті» жасамай тынбаймыз. 

Испандық Томас Кид жұрттың бәрінен бұрын «Гамлет» деген сахналық шығарма жазғанын білеміз. Талантты қаламгердің (талантты ақын десек те жарасады) ұқсамаған стильде жазған «Испан трагедиясы» және «Фипершаменнің Адины» деп аталатын айтулы туындылары бар. Біз оның Гамлетіне үш тұрғыдан баруымызға болады: аталған шығарманы жазушы «Испан трагедиясы» негізінде байытып, бөлек шығарма етіп жазған. Бұдан тыс Шекспирдің көзі тірі кезінде Германияда аталған тақырыппен сахналық шығарма қойылған. Дерек бойынша бұл мәтіннің Шекспирмен көп қатысы жоқ. Осы туындыларға талдау жасап көрсек, испандарда шығарманың түйіні кек алуға ғана барып саяды. «Испан трагедиясына» ұқсамайтын жері, онда кейіпкердің ойға алған ісін жүзеге асыруына ханның қарауылдары кедергі келтіріп, қастандық кешеуілдей береді. Гамлет ойын жасыру үшін өзін «жынды» етіп көрсетеді және ол рөлді сәтті ойнайды. Ал Шекспирдің шығармасында түпкі түйін кек алудан әлдеқайда күрделеніп, тіпті, алдыңғы ойды көміп кеткен деуге де болады. Қастандықта кешіктіре берудің де мәні өзгерген. «Жынды» болып көріну жасырыну үшін емес, қайта, ханға әлденені ишарамен жеткізудің тәсіліне айналады. Бұл арада бұрынғы мәтін толық өзгерді деуге келмес. Алайда, сөз алыс жағында мәтіннің «Испан трагедиясына» жақын келетін тұстары баршылық. Шекспир Томас Кидтің туындысын әбден пайдаланған деуге болады. Бұдан тыс, шығармада кездесетін кейбір көріністер таңқалдырады. Олар Шекспирге де, Томас Кидтің қолтаңбасына да жатпайды. Робертсон басында бұлар Томас Кидтің мәтінінде кездескен, кейін оны Чариман өзгертіп пайдаланды, Шекспир содан алды деп түсіндіреді. Робертсон мырза Томас Кидтің сахналық шығармалары көбіне екі бөлімнен тұратынын, әр бөлімі бес көріністен келетінін дәлелдеп шыққан. Шекспирдің «Гамлетін» біз шешесі өткізген қылмыстың баласына жасаған әсері туралы сахналық шығарма деуімізге болады.  Бірақ, драматург өз ойын әуелде бар материалға балдай батырып, соудай сіңіріп жіберген деп айта алмаймыз. 

Шекспирдің алдынан айналып өтуге болмайтын қиындықтың шыққаны анық. Бұл шығарманы драматругтің өкілдік туындысы саналмайтын, өнер тұрғысынан сәтсіз шыққан туынды деуге болады. Басқа шығармаларына салыстырғанда бүл туындыда адам байыбына барып болмайтын тұстар көп. Шығармаларының ішіндегі ең көлемдісі, әрі жүрек қанын сарқығанына қарамастан, бұл шығармада одағай, артық-кем қалған тұстар жетерлік. Сөз алыстағы өзгеріс бірден көзге ұрып тұрады. 

Қызыл шидем жамылған қырдың таңы

Кешіп келе жатыр ғой шың моншағын шығыстың.

(Аударған Хамит Ерғалиев.)

Мұндай өлең жолдары Шекспирдің «Ромео мен Джульеттаны» жазған кезеңдегі қолтаңбасын елестетеді. Төмендегі жолдар шығарманың бесінші пердесінің екінші көрінісінен алынған. 


Маған ұйқы бермеді.

Іштегі бір арпалыс. Өз төсегім

Сәкісіндей түрменің.

Көрегендік  алдағанда біздерді,

Көр соқырлық неше дүркін сақтады-ау...


Иығыма бешпетімді іле сап,

Қараңғыда каютадан шықтым да.... 

(Аударған Хамит Ерғалиев.)

Бұл жолдар  Шекспирдің әбден толысқан кездегі қолтаңбасын айғақтайды. Шеберлік пен ой қиыннан қиысып тұрған тұс. Айналып өте алмайтын қиындық пен тақырыптың ауырлығы тұрғысынан бұл шығарма тағы бір өтпелі кезеңнің туындысы делінетін «Жақсылыққа жақсылық» комедиясымен сабақтасып жатыр. Бұл шығармалардан кейін Шекспир бірнеше трагедия жазған. Айталық, олардың ішінде «Антоний мен Клеопатра» бар. Бұл туындыны Шекспирдің кімді болса да тамсандырмай қоймайтын, өнер тұрғысынан биік жетістікке жеткен шығармасы деуге негіз бар. Жұрттың көбі «Гамлетті» қызықты болғаны үшін өнер туындысы санайды, ал өнер туындысы ретінде қызықты болуы, ол басқа мәселе. Бұл шығарманы мен әдебиеттегі «Мона Лиза» деп атаған болар едім.

«Гамлеттің» сәтсіздігін бірер ауыз сөзбен жеткізіп айту қиын. Робертсон мырза бұл шығарманың сюжеті «шешесі жасаған қылмыстың балаға тигізер әсері» деп дәл танып айтқан. 

«(Гамлет) шешесінің азғындауы себебінен жандүниесі астаң-кестең болады...    Шешесі жасаған қылмысты шығарманың қозғаушы күші етуді дұрыс шешім деуге бола қоймас, десе де, ол психикалық қажеттілікті туындата алады, немесе буырқаныстың үздіксіз сақталуына негіз бола алады», — дейді Робертсон. 

Алайда, бұл сөздер шығарманың бар қасиетін толық көрсетіп бере алмайды. Шекиспердің Отеллоның күмәнқорлығын, Антонионың ғашықтық құмарлығын, Корланосттың менмендігін көрсеткендей «Шешесі жасаған қылмысты» айшықтап дәл көрсете қоюы оңай шару емес екені белгілі. Былайғы жұрт қиялында бұл тақырып жоғарыдағы шығармалардағы сияқты түсінікті тәсілмен еркінше құбылтып, тамаша жеткізуге болады деп қарайды. Ал шындығында «Гамлет» сонеттегі (поэзиясындағы) сияқты автордың еркіне бағынбай кеткен, анық түсінік беруге де мүмкіндігі жоқ, саф сахналық өнер туындысы деңгейіне көтеріле алмаған дүние болып шыққан. Шығармада үстемдік құрған көңіл-күйге басымдық берсең, бірден поэзиялық деңгейге көтерілесің. Ал ол деңгейді диалогпен жеткізу деген мүмкін емес нәрсе. Шығармадағы кейбір монологтардың сөз мәнері Шекспирдікі, алайда, мазмұны басқаға тән екенін аңғару қиын емес. Томас Кидтің алғашқы шығармаларымен «Гамлеттің» арасындағы парық та осында.    

Өнермен жандүниені жеткізудің тетігі «объектив баламаны» табуда жатыр. Басқаша айтқанда, байланысы бар заттар, көрініс, т.б. объектілермен сезімнің пернесін дәл басуға болады. Сыртқы дүниенің деталі сезім мен ойдың нақты үндестігін берген сәтте, ол өнер туындысына қарай жол тартады. Шекспирдің сәтті шыққан туындыларына назар салсақ, бұл сөзімізге дәлел көптеп табылады. Макбет ханымның түс көрген сәттегі көңіл-күйін жеткізгенде үсті-үстіне келген толғаныстар бірден көрермен (оқырман) ретінде сенің де жандүниеңе көшеді. Макбеттің жұбайы өлгені туралы хабарды естігенде айтқан сөздерін соған дейін болып өткен оқиғалардың соңғы шешімі сияқты қабылдайтынымыз да сондықтан. Бұдан түйеріміз, өнердің қалпы сезім мен ойдың үндестігін табуда жатыр. Ал «Гамлетке» осы біртұтастық жетіспейді. Гамлет (адам ретінде) айтып жеткізуге болмайтын күрделі қайшылықтармен ұшырасады, олар кейіпкерді өз шеңберінен шығарып жібергендей тұрады. Жұрт арасында «Гамлет пен автор бір» дейтін көзқарас та бар. Меніңше, бұл мынадай жағдайда ғана шындыққа айналуы мүмкін: Гамлеттің  объектив баламасын таба алмауы автордың өнердегі ізденіс кезінде шешуге шарасыз қиындыққа жолыққанын әйгілейді. Айталық, Гамлеттің басындағы қиындық шешесі жасаған қылмыстан туындағанымен, алайда, оны көрсетуде шешесі объектив балама бола алмайды. Гамлеттің көкірегіне жиналған дүние шешесінің әлемінен әлдеқайда үлкен аумақты қамтып жатыр. Содан да жұмбағы терең күрделі түйсік ретінде ол автордың объектив баламаға айналдыруына көнбей, оңай шағылмайтын жаңғақ күйінде қала берген. Біз содан кейіпкердің іс-әрекетінен көрініс таппайтын өзгеше сахналық мәтінге жолығамыз. Мұнда туындаған қайшылықтың шешімін табатын жол шығармада қарастырылмаған деп кесіп айтуымызға болады. Шекспир шығарманың сюжетін өзгерту жолымен де Гамлетті толық жеткізуге мүмкіндік таппаған сияқты. Бұл арада шығарма тақырыбының өзіндік ерекшелігі объектив баламаның көрініс таппауына себеп болғанын тағы бір қырынан байқай аламыз. Әсілінде, анасынан туындаған қылмыстың салмағы Гамлеттің рухани дүниесіндегі бұлқыныстың нақты бейнесімен көрнекіленуі тиіс еді. Алайда, анасының бойындағы қасиеттің қарапайым әрі көріксіздігі Гамлеттің жандүниесіндегі қайшылыққа астар бола алмай қалған. 

Гамлеттің «жынды» болуы Шекспирді де толғандырғаны анық. Соған дейінгі шығармаларда ол өш алудағы бір айла түрінде ғана қарастырылып келген. Көрермен де қойылымның соңына дейін оны сол негізде түсінетіні анық. Шекспирде болса жындану толық жүзеге аспайды, алайда, оны жалған көлгірсу деп те айта алмайсың. Гамлеттің атүстілігі, қайталай беретін, екі ұшты сөздері көлгірліктен шығып тұрған жоқ, қайта, ол көңіл күйдің тікелей көрініс табуы деуге болады. Қойылымның кейіпкері ретінде Гамлеттің бұл бұлқынысын оның қыстыққан жандүниесінің тұншығып сыртқа шыға алмауы деп түюге болады. Ал драматург үшін ол өнердің тілімен жеткізуге мүмкіндігі жоқ күрделі сезім дүниесі ретінде қалған. Нақты детальмен жеткізуге болмайтын мұндай дүние немесе сезім бұлқынысы, астаң-кестең болып арнасынан асып төгілген жандүние адам баласында кездеспейді деуге болмайды. Анығында, мұндай көңілкүй клиникада кездеседі. Айталық, бұл жастық шақта жиі ұшырасады. Ересек адамдар мұндай кезде оны тереңге жасырып, өзін өмірге лайықты деңгейде теңшеп алады. Өнер адамдары болса оны түрлендіріп, өз сезімімен байытып, жаңа мән мен мағына береді. Лафоргтың Гамлеті жас жігіт болған. Ал Шекспирдікі  басқаша. Мұда айтарымыз, біз Гамлетті бір таяқпен айдап жүйкесі жұқарған жан деп қортынды шығара алмаймыз. Біз тек Шекспирдің өзінің талант деңгейінен асып кеткен дүниеге ұрынып қалғанын ғана түсінеміз. Оның неге бұған барғаны, жеткізіп беруге болмайтын осындай күрделі көңілкүйді жеткізуге сірә не нәрсе түрткі болып итермелегені біз үшін шешімі жоқ жұмбақ күйінде қалып отыр. Біз мұнда Монтаненің  «Раймон де Сайфондені алқау» шығармасын Шекспирдің оқыған-оқымағанын бігіміз келеді. Оқыған болса, қай кезеңде оқыды екен? Жеке өмірінде нені бастан өткізді немесе осы шығарманы жазу үстінде сірә не жағдай болды екен? Соңында айтарымыз, біз көз жеткізе алмайтын мұнан да көп жағдайларды бігіміз келеді. Өйткені, біз бетпе-бет келіп отырған шығарма өлшемге сыя бермейтін бірегей дүние. Біз Шекспирдің өзі толық аңғарып жетпеген кейбір жағдайларды білгіміз келеді.                                                          

Аударған — Ардақ Нұрғазы


Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты