Ардақ Нұрғазы (Ardakh Nurgaz): Жеңіл көлікті есекке тартқызған...

Ардақ Нұрғазы(Ardakh Nurgaz): Жеңіл көлікті есекке тартқызған...

Өнердің тілі қашанда өткір. Бұл киноға да тән құбылыс. Қарапайым ақиқаттың өзі берісі екіжақты көзқарастың шайқас алаңынан тұрады десек, кино пайда болған күннен тартып өзіне тән бейнелеу тілімен сол алаңның жарқын көрінісі болды. Бір ғасырдан артық тарихында осы алаңға өзіне толық берілген керемет көрермен топтай алды. Ал, жұрттың басын қоса алатын кұдыреті бар дүниеден саясат ешқашанда шет қалған емес. Содан да бүгінгі таңда кино әр мемлекеттің өзінің мәдениетін, ұлттық ұстанымын, саясатын көрсететін басты қарудың біріне айналды.  

Өткен жылы қазақ режиссерлері уақыт талабына орай бірнеше сүбелі туындыны өмірге әкелді. «Қазақфильмнің» тапсырысымен Ақан Сатаев түсірген «Жаужүрек мың бала» мен  Дәрежан Өмірбаев түсірген «Студент» фильмдерін осы қатарда атауға болады. Кинодан аз хабары бар адамның өзі жоғарыдағы екі режиссердің қатар аталуынан-ақ  көп дүниені аңғарса керек. Ақан Сатаев бұған дейін «Рэкетир» фильмімен көрермен назарына өзін голливудтық стильді берік ұстанушы ретінде танытып үлгірсе, «Киллер», «Жол», «Шұға» фильмдерімен Дәрежан Өмірбаев қазақстандық антиголливудтық киноның басты жұлдыздарының бірі екені белгілі.  

Екі қошқардың басы

Бұған дейін ырықты мемлекеттік қолдауға арқа сүйеген «Қазақфильмнің» ырықсыз аяқ алысын сынағандар көп болды. Әсіресе, «Көшпенділер» фильмінің маңайында өрбіген талас-тартыстан соң, Орталық Азия киносының басты «өндіріс ошағы» болады деген «Қазақфильмнің» болашақ аспанынан қара бұлт көргендер аз болған жоқ. «Мемлекет енді қайтып киноға «Көшпенділерге» үйіп-төккендей қаржы бөлмейтін шығар» (бұл фильмді түсіруге ел қоржынынан 40 миллион АҚШ доллары жұмсалды делінеді) деген тақылетті ой да айтылды. Алайда, араға үш жыл салып билік тұтқасын Ермек Аманшаев мырза өз қолына алған соң, түйнекті мәселені шешудің оңтайлы жолын тапқан сыңайлы. Бұл жолы киноға қатысты бас шенеунік «арбаны да сындырмау,  өгізді де өлтірмеу» тәсілін байқап көруді қалаған. 

Бұл арада қыстыра кетуге тиісті тағы бір сөз, соңғы жылдары «Қазақфильмнің» атына айтылған сынның ең салмақтысы — киноны өз қалтасынан төлеп түсіретін режиссер жақтан келді.  Еркін Рақышев сынды киногерлер киноны бүгінгі қазақстандық әлеуметтік өмірге жақын етіп түсірді. Сонысымен-ақ, олардың мемлекеттің дайын қаржысымен дұрыс кино түсіре алмай жатқан  (атышулы «Келін» фильмін  «Қазақфильм» қаржыландырған болатын) қазақфильмдіктерге моральдық жақтан қалай сын айтса да жарасқандай еді. 

Сонымен, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында «Қазақфильм» бір қазанға екі қошқардың басын қатар салды. Өнерде ұстанған жол, шығар биік, жетер мақсат қашанда ұқсамайды. Өзара бәсекеде жүретін киногерлер әлемінде  голливудтық стиль мен  антиголливудтық бағыт кімнің-кім екенін анық айырып тұратын табылмас ен-таңба саналады. Соның арқасында біз өнер иелерінің түрлі ортада қарсы жағына қарата айтқан алуан әуендегі кері пікірлерінің өзін көп жағдайда жеке тұлғалардың арасындағы кәсіби бақталастықтан көрі тұрғының ұқсамастығы деп бағалап жатамыз.  Әсілінде, қазаққа екі стиль де керек. Олай дейтініміз, өнерге алуан өріс қажет. Оны Кеңес қоғамындағы сияқты бір қазыққа байлап тұқыртып, «сызған сызықтан шықпа!» десеңіз, ол өнер болмай қалады. 

Киноның кәсіби әлемінде голливудтық стильге көп жағдайда сын айтылады. Құлақ түріп тыңдасаңыз, айтылар ойдың дені «голливудтық кино көрерменді таяз суда шомылдырып, қарық қылады», «ақша үшін көрерменнің сезімін алдайды» дегенге саяды. Бірақ, әлем киносының даму тарихына назар салсаңыз, негізгі арнаның дәл сол голливудтық стиль екенін бірден аңғарасыз. Әлемде кино өндірісімен шұғылданатын елдердің бәрінде дерлік азды-көпті голливудтық стиль басым. Аздаған парық, әр ел өзінің ұлттық ерекшелігін осы стильге сыйдыруға тырысады. Ал, анау сын айтушылардың дені, бір қарағанда, кино жасауда басқалардан оқ бойы озып кеткен АҚШ пен оның мәдениетінің мәйегі саналатын голливудизмге арқасын алдыртып алып, амалсыз қалған бостықты толтырумен өздерінің бар екенін дәлелдегісі келгендердің тығырыққа тірелгендегі айқайындай әсер береді. Дегенмен, мәселе қарапайым емес. Себебі, кино өзіне тән өрнегі бар қатпары қалың өзгеше әлем. Бұл әлемді майдан қылшық суырғандай анық жікке айырып, бөгенайын дәл басу оңай шаруа емес. А.Тарковскийдің сөзімен айтқанда: «киноның тілі түпкі мәні тұрғысынан алғанда тіпті де қарапайым дүние емес, оны мамандардың өзі анық ажыратып айта алмай жатады». Бастысы стильге бөліну болғанымен, киноның өзіндік талабы қашанда бірінші орында тұрады. Киноның сол тұңғиық тереңін бағындыра алмасаң, басқа таластың бәрі құр даурықпа болып қала бермек. Айталық, қазақ киносы бұған дейін де голливудтық биікті бағындырудың жолына  түсіп көрді. Алайда, одан шыққан биігіміз шамалы. Кешегі «Көшпенділер» фильмінің сәтсіз болуының өзі осы сөзімізге толық  дәлел бола алады. «Көшпенділерді» қолға алғанда ұлттық идеологияны голливудтық қолтаңбаға сіңіру ойда болды. Сценаристі, режиссерді, басты актерлерді шет елден шақырдық. Голливудтың жұлдыздарынан құрам тапқан топ қазақтың сайын даласында көкейіміздегі арманымызды іс жүзіне айналдырады деп сендік.  Алайда, үмітіміз селге кетті. «Неге?» - деген сұрақ қойылады.  Бірақ, жарыған жауап тапқан жоқпыз. 

«Қазақ арманы»

Әсілінде, голливудтық стиль дегеннің арғы тегі «Америка арманы» деген ұғымда жатыр. Жаңа құрлыққа қоныс аударған еуропалықтардың ұрпағының бойында пайда болған бұл арманның басты идеологы ретінде Р.Эморсонды (1803ж — 1882ж) атауға болады. Кейін оны  АҚШ-тың ұлы ақыны У.Уитман бар үнімен жырға қосты. Осы арманның жебеуінде америкалықтар өз елін соңғы бір ғасырда әлемдегі ең қуатты мемлекетке айналдырды. «Америка арманы» — адам табан ет маңдай терімен өмір сүруі тиіс, нақты іспен айналысуы керек дегенге тірелетін практиканы басшылыққа алатын дүниетаным. Онда жеке тұлғаның бостандығы мен өміршеңдігі басты байлық саналады. Бұған көлеңке түсіретін қандай да бір бюрократтық үстемдік, билеуші топтың артықшылығы деген ұғымдар қабылданбайды.  «Америка арманын» отарлық құлдықтан құтылған азат адамдардың өзінің еркі мен бостандығын қорғау тілегі деуге болады. Бұл  арман XIII ғасырда АҚШ халқы ағылшын, француз бастаған Еуропаның отаршыл елдердің үстемдігін аударып тастаған тұста жүргізген саяси күресімен бірге пайда болды да, соңында елдің басты ұстанымына айналды. Содан да АҚШ-тықтар өмірге әкелген голливудтық стильде өзгермейтін бір тақырып бар. Ол — бостандық  пен әділдік үшін ештеңеден аянып қалмай, қайысқан жауға қарсы шабатын асқақ рухты дәріптеу. Бұл тақырыпты ашу үшін голливудтағылар әлем халықтарының кез-келгенінің ұлттық мұрасын пайдаланудан тартынған емес. Олар Еуропаның классикалық әдебиетінің жауһарлары негізінде түсірген кинолардың бәрінен дерлік осы рухты сомдап шықты. Голливуд түсірген фильмдердің әлемді кең шарлауымен бұл рух соңғы 30 жылда кең өріс тапты. Мұндағы басты себеп те әділетті сүю мен оны жан-тәнімен қорғай білудегі адамның төзімділік танымы қай халыққа боса да биік құндылық екенінде жатса керек.  Бұдан қазақ та қалыс қалмайды. 

Алайда, голливудизм алғаш қазақ даласына келгенде өз құдыретін көрсете алған жоқ. «Көшпенділер» фильмі «Ол отанын сүйеді», «Сайыскер», «Спартактықтар», «Александр», т.б. голливуд түсірген фильмдер сияқты қазақты да, басқаны да киноға тән болмысымен өзіне бағындырып кете алған жоқ. Фильмді қолға алғандар голливудизмнің әдіс-тәсілін қанық меңгергенімен жоғарыдағы «Америка арманының» орнын басуға тиіс «қазақ арманын» кинода көрсете алмады.  

Киноның жаны оның бойынан көрініс табатын рухта десек, осы рухты киноға сіңіретін сценарист, одан соң режиссер. Бұл тұрғыдан келгенде «Көшпенділер» фильмі тақырыпты толық игеретіндей режиссерге жарыған жоқ.  Басында фильмнің бас режиссері болып АҚШ  азаматы аталса, соңынан оның орнын ресей киногері басты. Олар «қазақтың арманын» қайдан түсінсін?!  Нәтижесінде фильм сәтсіз шықты. Мұнымен салыстырғанда, «Жаужүрек мың бала» фильмі әлдеқайда сәтті түскен туынды деуге болады. Бастысы,  фильмнің режиссері Ақан Сатаев өзін білікті киногер ретінде ғана емес, тақырыптың тілін таба алатын бойында аталған фильмге қажетті рухы бар өнер иесі екенін көрсетті. Ол кинода «қазақ арманының» тетігін дәл басқан. Фильмнен голливудизмнің ен-таңбасын көптеп табасың. Туындыда өз ісін білетін қаһарман Рембоның елесі жүр, спартакшылардың жауға шапқандағы арыстандай айбаты да кездеседі. М.Жебсон сомдаған «Жау жүректегідей» екі дүниеге бірдей құшақ ашқан ұлы махаббат та бар. Жиып келгенде, бұл фильмді аты затына сай голливудтық туынды деуге болады. Қазақ киносы, қазақ режиссерлері енді голливудизм стилін бағындырудың соны жолына түседі десек, «Жаужүрек мың бала» фильмінен кейін ол сөзге сенуге болады. 

Өмірдің өзінен де өткір шындықты іздеу

Дәрежан Өмірбаев түсірген антиголливудизмдік «Студент» фильмінің де айтуға тұратын ерекшелігі жетерлік. Бұндай фильмдерде режиссердің өзіндік талғамы киноның басты құндылығы ретінде қарастырылады. Федор Достоевскийдің "Қылмыс пен жаза" романы негізінде түсірілген фильмде режиссер бүгінгі қоғамды өз талғамының тезінен өткізе отырып, кино тілімен жеткізген. Әлем киносында "Қылмыс пен жазаны" бұған дейін де антиголливудизмдік біраз режиссерлер түсірді. Соның бірі — француз кинорежиссері Р.Версонның «Ұры» фильмі. Жоғарыдағы екі режиссер де Федор Достоевский кейіпкерлерінің бойындағы ішкі тайталасқан қайшылыққа үңілу арқылы болмыстың тасадағы бет-пердесін сыпыруға тырысады. Дәрежан Өмірбаевтың жерден бас алмайтын студенті біздің арамызда жүрген адам. Рухани жақтан қайшылықтардың өтінде қалған сол студент жолды кесіп өтіп бара жатқанда  жеңіл көлік қағып кете жаздайды. Көлікте отырған жігіт пен қыз өздері қағып кете жаздаған жауында сенделіп жүрген студентке еш белгі байқалмайтын, сезімсіз көзбен қарайды. Аржағында шөлдала жатқандай жансызданған мұндай қарасты модернистік әлеуметтанушылар «рухани дүниенің құлазып, адамның материяға айналуының басты белгілерінің бірі» деп парықтаған.  Режиссер кинода дәл осы көріністің жұрт бара бермейтін екінші қырын берген. Әлгі ұшырасудан кейін бөлмесіне оралған студенттің басында бір қиял жалт етіп өтеді (бұл көріністі көрермен кейіпкердің реал өмірінде бір кезде басынан өткізген ісі деп қабылдап қалуы да мүмкін. Бірақ, парықтап байқаған адам оның ілездік қиял екенін түсіне алады).  Бұл көріністе әлгіндегі жігіт пен қыздың қымбат көлігі шалшық судан өте алмай қаңтарылып тұрады. Көлікті есек тартып орнынан қозғай алмай әуре болып жатыр. Содан рөлде отырған жігіт баяғы еш сезім ұшқыны байқалмайтын бетбейнесін өзгертпестен көліктен түседі де машинадан гольф таяғын алып, есектің қасына келіп тұрады да, ұруға бейімделеді. Осы аралықта жүргізуші жігіттің мелшиген бет-жүзіне айқын салыстырма болатындай етіп режиссер осы көріністі бір шетте бағып тұрған баланың (немесе балалық шақтағы студенттің) көрінісін — есек таяқ жегенде баланың аяушылық танытқан жүзін береді. Басынан оңбай тиген соққыдан қансырап серейіп жатқан есекке қарай алмаған бала қасында тұрған анасының бауырына тығыла береді. Шағын болғанымен үлкен ой жатқан көрініс. Жеңіл көлікті есекке тартқызғандай, құндылық біткен тас-талқан болып майдаланып кеткен, Орталық Азия тарихындағы ең бір қараңғы жабайы капитализм келген тұстың жанашырлықтан мүлдем кеткен сұрықсыз бейнесін режиссер осылайша көрерменнің алдына айнытпай тартады. Мұнда есек — біз жасап жатқан қоғам, жеңіл көлік —  төбемізде ұйытқыған заман, жеңіл көлікте отырған екеу — заманға күйлеген адам (Абай айтқан жоқ па: «Заманға жаман күйлемек...» деп). Бұндай толғанысты тұстар «Студент» фильмінде аз емес. 

«Студент» фильмі осы жылы Қазақстан атынан Канн кинофестиваліне қатысып қайтты. Бұл фильм арқылы әлем киногерлері қазақ режиссерінің көзімен бүгінгі Орта Азия қоғамының бет-бейнесін танығаны даусыз.  

2012.06.26.


Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты