Римас Туминас: Театр өнері

ef1a2bba8b9c45500eb1428df2e2ca38.jpg (678×960)

Римас Туминас – 1952 жылы Литваның Кельме обылысында дүниеге келген театр режиссері. Литва Музыка академиясын, Мәскеу Театр-өнер академиясын бітірген. И.М.Тумановтан білім алған. У.Шекспир, А.Чехов, С.Беккет шығармаларын қоюмен аты шыққан. Театр сахнасында реализмнен елес реализмге бастайтын шығармашылық ұстанымның иесі. Шығыс Еуропадағы Кеңес одағынан тәуелсіздік жариялаған шағын елдердің театр өнерін әлемдік деңгейге көтерген тұлғалардың бірі.       

Аударушыдан 


Алдымен А.Чехов туралы айтқым келеді. Сіздер оны білесіздер деп ойлаймын. Жұрт көбінде менен «Чехов шығармаларын қалай қоясыз, ол туралы не ойлайсыз» деп сұрап жатады. Мен оларға үнемі А.Чеховтың өлімі туралы айтудан жалықпаймын. А.Чехов Германияда қайтыс болған, оның сүйегін соңынан Петрборға жеткізеді. Сүйекті сонда мұздатқышқа салып апарған екен. Мұздатқышқа әуелде су шаяны салынғандықтан Петрборға барғанда мүрденің үстінде су шаяны жатыпты. А.Чехов өлерінде орнынан тұра алмай қалған, тек жатады екен. Ол бір тостаған шампан алғызып ұрттапты да қасында тұрғандарға жағалай қарап алып, тамға қарап бұрылып жатып өмірден өтіпті. Міне, бұл А.Чеховқа тән төл әрекет. Кімде-кім А.Чеховты қоямын десе, осы түйінді есте шығармауы, оның әрекетін ұмытпауы керек. 

Екіншіден, А.Чехов жақсы көрумен күлімсіреп өмір сүрген адам. Ол адамзатқа назар аударып, адамдарды бақылаумен өтті. Ол неге күлімсірейді? – деп сұрайсыз ғой. Себебі, оның пьесаларының бәрінде кейіпкерлері үнемі махаббатқа ұмтылады, басқалар мені сүйсе екен, жақсы көрсе екен деп үміттенеді, бақыт тілеумен өмір сүреді. А.Чеховтың күлімсірейтін себебі бақыт деген жоқ, болуы да мүмкін емес нәрсе. Айналаңдағылар кедей, бақытсыз, бірін-бірі қырып-жойып жатса, адам өзін қалай «бақыттымын!» деп айта алады.  Тек қоғам бақытты сезінгенде ғана адам да бақытты бола алады. Бұл   Ф.М. Достоевскийдың танымына біраз ұқсайды: кінәсіз сәбидің бетінде мөлдіреген бір түйір жас әлемнің бақытынан маңызды.

Орыс театры

Ресейдің жалпы театр әдебиетін бір сөзге жинақтауға болады. Орыстың таланытты режиссері Ephorus-дың кітабының аты «Махаббатымды сахналаймын» - осы сөзді білдіреді. Бұл режиссерлер мен актерлерге арналған тамаша кітап. Дегенмен, мен ең жақсы режиссер Ф.Достоевский деп есептеймін.  Ф.Достоевский өзінің романдарында актерлер мен режиссерлерге қажетті дүниенің барлығын дерлік жазып кетті. Мен әлі де дегендей дұрыс жұмыс істей алмай келемін, алайда, менде ұзақтан бері режиссерлік бір арман бар – режиссерлік етпегендей режессерлік жасасам, актерлер роль ойнап жүрмегендей роль ойнайтын деңгейге жетсе деймін. Бірақ, бұл өте күрделі және қиын мәселе. Алайда, армандауға тұрарлық дүние. Менің жұмысымда қатып қалған жүйе жоқ, оның орнына тәсіл-шеберлік бар - жас кезімде мен де өзімнің жүйемді жасауға талпынғанмын, бірақ, сәтсіз болды. Ал қазір тәсілдерге ғана сүйенемін, жас кезімдегі арманым келмеске кетті. 

 Ephorus-тың сөзімен айтқанда: басқаша өмір сүріп көру, қиын-ақ шаруа. Жалпы орыс әдебиеті герой іздеумен келеді.  XIX ғасырда ағылшын, француз әдебиетінде горойлар болды.  François Arouet бастаған жазушылар сондай геройлар еді. А.Пушкин, М. Лермонтовтарды айтуға болады – өткен тамыз айында  Мәскеудегі әйгілі Е. Вахтангов театрында «Маскарад» қойылымы өтті – олар горой жасағысы келді, өмірдегі горойларды көрсеткісі бар. Алайда, табысқа жете алмай-ақ келеді. Сол баяғы Ресейдің басқа да шарулары сияқты басы жап-жақсы басталады да, соңы сиырқұймышақтаумен аяқтап жатады. Қашанда соңына шықпайды, қашан да өздерін өздері күйретеді, басталмай жатып қирауға бет алады. Дегенмен, орыс әдебиетінде әйел образының алатын ерекше орыны бар. Мүмкін, орыс  жандүниесі әйел затына жақын шығар. Орыс әйелі еркектерден әлдеқайда мықты, мәнді әрі байыпты.

 Кейде менде бүгінгі Ресей театры қандай деген сұрақ туады. Ресей театрының Литваның сахна өнеріне ықпал еткені анық. Көптеген орыс режиссерлері мен актерлері төңкеріс тұсында алдымен Литваға табан тіреп, одан соң барып Батыс елдеріне қоныс аударғаны белгілі. Олар Литвада аялдап, жұмыс істеп, өнерлерін үштап, жүйесін қалыптастырып барып АҚШ, Англия, Франция елдеріне барған. Алайда, Литвада олардың ізі қалды. Е. Вахтангов ертерек өмірден озды ғой.  В.Мейерхольд тіпті атылып кетті. Егер, олар аман болғанда, бүгінгі орыс театры қандай болар еді? Бұл да қызықты мәселе. Жоғарыдағы екеуден көп уақыт өткенен кейін ғана жаңа буын режиссерлер пайда болғанын ескеру керек. 

Бақыт туралы арман. Айталық, Ephorus театр арқылы өмірден мереке іздеді. Өткен ғасырдың 20 жылдарында ол К.Гоццидің «Турандот ханышайымын» қойды. Ол кезде төңкеріс жүріп жатқан, ішкі соғыс, хаус, бәрі күйреп жатқан кезең болатын. Ол кенет шешім қабылдаған, актерлерге әйелдің көйлегін, актерицаларға ерлердің тері курткасын кигізіп қойылым қойды. Киімдерді актерлер өздері дайындаған. Кейбіреулері өздерінің үстіндегі киімдерін базарға апарып сатып, ақшасына мата алып сахнаға дайындалған. Міне, мұны театр өнерінің басы ұстанымы деп қарау керек: елде не болсын, төңкеріс қырып-жойып жатсын, сен (театр) бәрібір әлдебір дүниелерді сақтап қалуың тиіс. Себебі, театр бірден-бір бостандықтың тұғыры – мұндай жерде, ізгілік тұнған мекенде адам баласы бақытқа ұмтылуға тиіс. Мүмкін бұл бақыт біздің қиялымызда шығар. Қол жетпес көкжиекте, тіпті, арып-талып барсақ та қолымыз жетпес. Бірақ, біз бәрібір соған ұмтыламыз. Тіпті, жеткеннің өзінде де тағы бір сондай бақытты іздеуге шығамыз. Сондықтан, біз қашан да жолдамыз. Театрдың бар болмысы осы аяқталмайтын сапарда. Бұл трагедия емес, өмірдеген, осы. 

Режиссер мен бейнелеу тәсілі

Мен сахнада жұмыс бастағанда «қақтығысты» дәріптемеймін, «қақтығыс» деген осы атауды мүлдем ұмытуға тырысамын. Қақтығыстың түрі көп, мүмкін саны жиырмадан асатын шығар. Сахнада жұмыс жүреді, мен «қақтығысты» есіктің сыртына тұрғызып қоямын, оны сахна алаңына жолатпаймын. «Харектерге» де соны істеймін, ол да есіктің сыртында күтіп тұрады. «Қақтығыс» та «харектер» де жоқ, актерлер не істерін алдын ала білмеуі тиіс. Актерлер: «маған харектер керек, қақтығысты айтыңыз, қалай ойнауды түсіндіріңіз, сонда мен әрекетке көшемін, рухтанамын», - деп жатады. Егер, солай істесем, онда сахналаған туындым рухсыз, өнерге тән шешімі жоқ құр қаңқа болып қана шығады. Себебі, сахнаға керектісі алдымен харектір, тартыс-қақтығыс емес, адам! Адам деген не? Адам деген әрекет, адамға тән қимыл, оның болмысы. 

Қақтығыс? Ол есік қағады: «Мен кірейін, мен қақтығыспын. Мен саған көмектесейін, қалай дайындалуды айтайын», - дейді. 

Харектір де есік қағады, ол да қақтығыс сияқты: «Мен харектермін, саған көмектесемін», -  дейді.

Мен оларға: «Жо, жоқ, тұра тұрыңдар. Бізге басқа дүние керек», - деймін. 

Сонымен бір ай өтеді, біз «адам» туралы бірдеңені сезіне бастаймыз. Ол кезде ешкім сенің есігіңді қақпайтын болады. Кетіп қалды ма? – деп есікті ашсаң, әлгілер әлде қашан шаршап орындарында жатып қалған. 

«Кіріңіздер, сіздер не істей аласыздар?» - дейсің. 

«Мен харектермін!», - дейді ол. 

«Сіз не істей аласыз?», -дейсің.

«Енді...», - дейді де тынады. 

Актердің өмірі мен жұмысы

Литвада Мильтинс деген бір мықты режиссер болды. Соғыстың алдындағы жылдарда ол шет аймақтардың бірінде шағын театр ашқан. Онымен істес болған актерлердің бәрі кейін даңққа бөленді, Кеңес одағында және әлемде аты шықты. Сол кісі айтқан бір ауыз сөз менің де көкейіме қонады. Себебі, мен де ауылдан шықтым, 18 жаста театрға баруды былай қойғанда, театрхананың қандай екенін білмейтінмін. Ауылда мал қамайтын қора болады. Сиыр, жылқы, шошқа, тауық, қаз-үйрек бағасың дегендей, қорада шам ілулі тұрады. Қыс кезінде сол қораға кірсең, тып-тыныш, малдың бәрі сені неге үн шығармайды дегендей қарап тұрады. Сондайда шам ұстап тұрып төбеңе қарасаң, онда жарықтан жайнап тұрған жүздеген су тамшысын көресің. Әсілі, бұл тамшыларды ішуге де болады. Жерде малдың қиы. Сол қи уақыт өте келе жидіп-ашиды да газға айналып төбеде су тамшысы болып жайнап тұрады. Мен актер деген осындағы қи сияқты ашуы керек дер едім. Әлгі мөлдіреп тұрған су тамшылары көрермен. Олар сенің бойыңнан сығып шығарған бар өнеріңді көруге тиіс. Сонда ғана олар нұрланады, рухтанады, - деп білемін.

 Кейбір актер: «мен өз түсінігімнен бас тартып, рольге толық берілдім, сезімімді селдетіп, жылауға тиіс болса, көз жасымды төгіп ағыл-тегіл жыладым» - дейді. Мен олардан: «неге олай істейсің?» - деп сұраймын. Актер: «бұл менің көрерменге барымды бергенім ғой.» -дейді. Мен оған: «сен олай істеме, өзіңде барды аялай біл. Кейіпкер туралы білгенің мен түсінегеніңді өзіңе қалдыр да, ол туралы қажет емес деген дүниеңді көрерменге ұсын. Саған қажет емес, өміріңді арнасынан бұрып жіберуі мүмкін деген дүниелеріңді көрерменге бер. Олар сондай дүниелерді қажет етеді. Көрерменге сенің  жан-дүниең керек емес.  Сен жандүниеңді ашып тастадың дейік, жұрт көріп болып: «е, керемет екен!» дейді де қояды. Актер ретінде сенде бірдеңе болу керек. Актер роль туралы түсінігін, тақырып туралы ойын өзінде жасырып қалуы тиіс.  Көрермен сен жасырып қалған сол дүниеге назар аударады, олар соны байқауға құлшынады.» - деймін. 

Соңында  Pierre de Ronsard-ның бір ауыз сөзі есіме түсіп отыр, маңызы бар деп білемін. Француз ақыны Pierre de Ronsard: «Әлем үлкен сахна, біз соның кейіпкерлеріміз», - деген. Бұл сөзді У.Шекспир айтқан дейтіндер де бар. Бірақ, бұл сөз У.Шекспирден жүз жыл бұрын жасаған Pierre de Ronsard-дың өлеңінде кездеседі. Ол: «Әлем үлкен сахна, біз соның кейіпкерлеріміз. Тағдыр рольдерді бөліп берді, Жаратушы біздің ойынымызды тамашалап отыр», - деп жазған. Бұл арадағы түйін актердің қимылы мен актердің пьесаны қалай қабылдауына барып саяды. Көрермен үшін бе? Жоқ. Қарсыласың үшін бе? Жоқ. Мен үнемі қойылым басталып кеткенен кейін актерлер өз ісімен айналысып кеткенін байқаймын. Олар өзіне тиісті тірлікпен айналысып жатыр, өзімен өздері, сюжет бар, айталық, біреуді біреу сүйіп, енді біреу кектесіп жатыр, ендеше ол арада менің қажетім жоқ екен деп ойлаймын. Актерлер өз өмірін бастаған жерде маған енді не бар, «Қой, кетейін» - деймін де, өз жөніме жүре беремін.    

Сондықтан басқаша көзбен қарауға немесе енді бір сөзбен айтқанда «үшінші көзбен» қарап, ой алмасып, диалог құра білу керек. Сол «үшінші көз» болса, ол бізді бақылап отырса, актерлер қашан да оның әсерін қабылдайды. Айталық, мен театрдың екінші қатардағы орындығында бір періште отыр деп сенсем не болады? Мен роль ойнауға сахнаға шықсам, дайындығым дұрыс болмаса, мәтінді шала жаттасам, дұрыс жүріп-тұрмасам, періште біздің шалағай тірлігімізді көреді де ұшып кетеді, біз қасымызға келіп тұрған періштеден айрылып қаламыз. Егер, біз бәрін дұрыс жасасақ, дайындығымыз дегендей болса, адам жанын түсінсек, тақырыпты қанық игерсек, бәрін өз деңгейінде жасап тұрсақ, онда періште бізге көмектеседі. Өкініштесі, қазір жақсы деп танып жүрген театр ұжымдарының өзі өмірге еліктеуден ары аспай жүр. Олардың қойған қойылымы өмірдің өзіне қатты ұқсайды. Бірақ, ол мақсат емес. Толық дайындалмағаны көрініп тұрады. Сондықтан да қажетті тереңдік жоқ, таным (сана) жоқ. Шындығында ол сана Жаратушының сыйы. 

Сұрақ: Харектер мен қақтығысты қажет етпеген жағдайда, қойылымдағы әрекетті қалай іске асыруға болады деп ойлайсыз? 

Жауап: Қақтығыс болмаған жағдайда да адам өмір сүреді, әрекет жасайды. Қазіргі театр адамилыққа өте зәру, сондықтан актер (актериса) абзал жан - дүниенің иесі болуы  тиіс. Мұны бірден байқауға болады. Әлбетте, актердің ойнап жүргені өзі емес, роль. Бірақ, мен оның жақсы немесе жаман адам екенін бірден танимын. Егер, харектер болған жағдайда актер өзін жасырып қалады – ол: «мен емес, характер» деп тұрады. Алайда, мен оған: «жоқ, ол тура сенсің», - деймін. 

Питер Брук: «К.С.Станиславскийдың жүйесі толықтай дұрыс» деген болатын. «Мен Гамлет болсам, онда...». Біз осындағы «онда» деген сөзді алып тастап көрейікші. Сен неге Гамлет емессің? Сен Гамлетсің. Қақтығыссыз деген Гамлет. Біз қақтығысты жасаушы емеспіз, бізге қақтығыстың қажеті жоқ. Қақтығыс біздің тегімізде жатыр, біз қақтығысты мұра еткенбіз. Сонау герция дәуірінен келген қақтығыс туралы сана жан-дүниемізге сіңген. Қақтығыс бізді әбден барымталаған. Бүгінгі таңда адамилықты жете сезіну үшін де қақтығысты барынша ауыздықтауға тиіспіз.  

Мен егер: «мынау қақтығыс, мынау харектер» десем, онда актердің сол мезетте белбеуі босап еркінсіп шарапханаға баруға болады деп шешеді – өйткені ол бәрін түсініп қойды. Актер характерді, қақтығысты біліп алғанан кейін, одан басқа істейтін не қалады?!

Бір жолы, мен ер мен әйелдің жүздесетін сәтін бейнелейтін қойылымды әзірлеп жаттым. Онда: Қымбаттым, мен сені сағындым, қатты сағындым, - деп келетін диялог бар еді. Актер менен: Осылай тікесінен айта беремін бе? – деп сұрады. Мен: Иә, бірдеңе дұрыс емес пе? – деп қайтарып сұрау қойдым. Актер: Бұлай сөйлеу тым қарабайыр сияқты, заманға сай емес, сонда да айта береміз бе? – деді. Мен түсінгендей болдым: Жақсы, мен сөзсіз сені (күшпен) сағынамын, сағыныштан өлдім, ерекше сағындым. Сонда осылай сөйлесек, заманға сай болғаны ма?   

Характер деген домалақ майда нәрсе. Ол көкке ұшып немесе жерге кіріп кетпейді. Сіздер көптеген спектакль көрдіңіздер, онда характерлер жетерлік, драмалық қасиеті керемет дейік. Алайда, оларды сен ертең-ақ ұмытасың, себебі олар сені көкке көтермейді. Театрдың болмысы адамды – көрерменді – жасампаздыққа ие ету. Егер, спектакль көрерменді бір секунд ойға шомдыра алса, ол қойылымды көрермен ешқашан ойынан шығармайды, мәңгілік деген осы, бізге қажеті де осы. Кейбір спектакльдер өте батыл, өрттей жалынды, кереметтей осы заманға сай болып келеді. Қойылымда айғай-шу төбелес, көрерменді ұру, шынын айтқанда – үкіметке айтылуға тиіс сөздер. Өкініштісі үкімет театрға бармайды. Оны сіздер сияқты көрермен көргенен кейін алған әсерін сұрасаңыз «тамаша, төбелесі керемет екен» дейсіздер. Бірақ, одан басқа да спектакль бар – ондай қойылымда төбелес болмайды, көрерменді ұрмайды, тіпті көрерменнің барлық кемшілігін кешіруге бар. Ондай қойылымды көрген көрерменнен әсерін сұрасаң «болады, жаман емес» деуі мүмкін. Бірақ, үш айдан кейін әлгі көрермен «Япрай-ә! Сондай спектакль көріп едім-ау» дейтін болады. Жүрегінен жылы ағын өтеді. «Рас, мен ол қойылымды көрдім. Ол мені біледі, олар менің жан-дүниемді (қасіретімді) түсінеді», - дейді. Көрермен театрға қайтып оралады.

Сұрақ: Актер қайткенде өз жандүниесіне үңіліп, рольге шын беріле алады деп ойлайды?               

Жауап: Актер әуелі өзі мен кейіпкердің арасындағы айырмашылықты сезіне алуы тиіс. Осы айырмашылық анық болғанда ғана роль дұрыс жүреді. Сен рольдың алды-артына шық, жақын бар, алыстан бақыла, өзіңді және оны сезін. Айырмашылық болғанда ғана ресейліктердің санасына сіңіп қалған реализмінен құтылуға болады. В.Мейерхольд пен К.Станиславскидың шәкіріттерінің қалай істейтінін білесіздер ме?  Былайша айтқанда сахна мен көрерменнің арасында – сахнаның төртінші қабырғасы болады.  Сол қабырғаға В.Мейерхольд бір саты қойды. Ол осы арқылы төртінші қабырға жоқ, бірақ, сахналық шеберлік бар екенін жеткізді. 

Орыс ақыны Владимир Маяковскийды бір кезде біреулер Петрборға өлең оқуға шақырады. Ол ақынның аты күллі Кеңес еліне тарап, даңқы жер жарып тұрған кезең. Өлең оқуға дайындалған орын адам көп жиналатын үлкен зал екен. Оны көріп  Маяковский шошып қалады. Ол: «Мен жалғыз сахнаға шығамын ғой... сендерде пианино бар ма, бар болса, соны менің төбеме іліп қойыңдаршы», - депті. «Неге?», - деп сұраса: «Жұрт ілулі тұрған пианиноға көбірек назар аударып, маған қарай қоймайтын шығар», - деген екен. Сол сияқты өнер адамы қашанда төбесінен қатер төніп тұрғандай, өзін ізденістегі, жаттандылықтан арылған еркін күйде ұстай білуі тиіс.  

Литвалық актерлер қашанда өздерін төбесінен қатер төніп тұрғандай сезінеді. Себебі, біз -литвалықтар үнемі ұлт ретінде өмір сүріп қаламыз ба, жоқ деп ойлаймыз. Орыстар немесе германдар басып кірмейе ме дейміз. Сондықтан, бізде алаң бар. Содан болар біз сахнада көбінде қиялға еркіндеуміз. Ал орыс актерлері әлгіндей қатерге қатысты образдары сомдағанда сезіне алмауы мүмкін. Ресей сияқты ірі елдерде алаң деген болмайды, болмаған соң оны сезіне де алмайды. Десе де, қатер туралы түйсіктің болғаны жақсы. Соған қарап кейде елің кедей болса, өнерің үстем бола ма екен деп те ойлап қаласың. 

     

   Аударып, дайындаған – Ардақ НҰРҒАЗЫ

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты