Антонен Артон (Antonin Artaud): Мұздай қаритын өлім сонетасы

86dbd0419b3a72c833594010297b67c3.jpg (600×287)

«Қатігез театр» (Theatre of Cruelty) ағымының теориялық негізін қалаушы француз режиссері, актері һәм ақын Антонен Артонның (1896ж. – 1948ж.) өмірі мен өнердегі жолы соқтықпалы соқпақты болған. Шығармашылықта бағы заманның сахна өнеріне тән тәсілдер мен әрекеттерді пайдаланып, тілсімдік, мифтік түс алатын элементтер арқылы осы заманғы көрерменнің аңдаусыз санасына ықпал етуді көздейтін теоретик «өнерде ұйқы келтіретін дүние болуға тиіс емес» деп қараған. Сол А.Артон кезінде жарқырап келіп артына өшпейтін алау тастап кеткен өнердегі тағы бір айтулы тұлға - суретші Винсент Ван Гогтың өмірінің соңғы күндері салған картиналарына өзгеше ден қойған екен. Төменде сол жазбаларды назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

Аударушыдан 


  1. «Атыз бен қарғалар»:  Мұздай  қаритын өлім сонетасы

Оның (Винсент Ван Гог) өлерінен екі күн бұрын салған картинасындағы осынау қарғалар басқа суреттеріндегі элементтер сияқты өлімге қараған сырлы есікті ашады.  Ван Гог ашып жіберген бұл есік адамды дегбірсіздендіреді, әлдеқайда жетелейді, өзіне тартып, жұтып бара жатқандай әсер береді. 

Тәнін оттай оқ қарыған жан қара қарғалармен, жиын-терінен соң қаңырап бос қалған атыздың көрінісімен картинаны толтырып тастаған. Картинаның кеңістігінен қараңғы, сұрғылт дала мен алтын түсті атыздың қатал қақтығысын ұшыратасың.  

 Ван Гогтан тыс өзге, ешбір суретші қара қарғалар арқылы қараңғылықты, анау «аласұрған түнекті» бұлайша жеткізудің тәсілін тапқан емес. Сондай-ақ қараңғы түсер алдындағы қарауытқан дүниені қарғалардың қанатымен бұлайша әсерлі жеткізген емес. 

Картинадағы аспан төбеңнен төніп тұрғандай ауыр да қыстығыңқы. Ондағы аз-маз сұры рең жайдың отын елестетеді. 

Осылайша  Ван Гог қарғаларын қайырусыз бостандыққа жібергендей. Сонымен бірге өлім елесін де апанынан шығарып жіберген тәрізденеді. Олар картинаның шырқау биігінде шыр айналып жүр. Қара бояудың сілемімен көзге түсе бермейтін тасада да шулап жүрген солар. Олардың қатал да қайырусыз қағылған қанатынан дүлей дауыл көтеріліп, түнек төніп келе жатқандай.  

Алайда, жалпы картина тұнық әрі айшықты, кем-кетігі жоқ, аса тартымды. 

Бұл Ван Гогты әлдилеген өлімнің әуені.  

Ол тірі кезінде түгеп бермес осынау қара сызықтар арқылы атызды даланың аспанын айшықтады. Торыққан шағында тәнін оққа тосып, қан мен шарапқа бөгіп, бақыт сезімімен қатал тағдырдың теңізіне шөкті де кете берді. 

Бұл Ван Гогтың өлер шағында салған, бояудың реңі тұрғысынан ешбір пенде баласы алдын орай алмайтын бірегей туындысы. Ол көкірегіңде ең бір қайғылы, қатал һәм аса тебіреністі түйсігіңді түртіп оятады. Бұл Элизавет тұсындағы сахналық шығармалар сияқты алмастай қиып түсетін өткір, соған қарамастан жабайы дүлей туынды.   

  1. «Доктор Гашенің портреті»: Ван Гогты өлтірген қара құйын

Меніңше, оның 37 жасында өлім жолын таңдауының себебі сүркейлі, әрі қарсылыққа толы бір өмірдің аяғына шыққанымен қатысты болса керек. Ол түнекке жұтылып кеткен жан. Ван Гог өзінің немесе рухани сырқатының себебінен тіршіліктен бас тартқан жоқ. Қайта, Гаше дәрігердің бойындағы сұмдық әсердің ықпалымен сол қадамға барды.   

Медицина аурудан туындады демесек, оның қара ниеттен туғаны даусыз. Өзінің өмір сүруіне қажеттілік тудыру үшін медицина кейде суретшінің картинасынан да өзіндегі өлім елесін шашады. Психоанализ мынадай ортада пайда болды десек артық айтқандық болмайды: олар сырқаттың түп болмысынан қара ниеттің төркінін танып, дәп басқысы бар. Сол барыста жоқтан бар жасап, таланттың өзін ауыздықтап, тұншықтырып, оның бойындағы құштарлыққа толы қарсылықты тұқыртып тынбақ. 

 Гаше дәрігер Ван Гогқа: сенің картиналарыңды түзету үшін осында жүрмін, - деп айтқан емес (бір кезде Родез емханасының дәрігері Gaston маған «осында сенің өлеңдеріңді түзету үшін жүрмін,» - деп айтқа сөзі есіме түседі). Дәрігер Ван Гогты табиғатқа барып сурет салуға итермелеген. Табиғат аясында шеңбектеген азапты жандүниеңнен арыл деген. 

Гаше дәрігер Ван Гогқа қарауға жауапты болғаны белгілі, соның қарауында жүріп Ван Гог өлімге барды. Бұдан аңғаратынымыз: Гаше дәрігер оның арқа сүйер сүйеніші, әрі үміті еді. Біз Теодор, Гаше дәрігер және жындылар емханасы басшысының арасында өткен сұмдық тілдесулерді білеміз. 

«Онда әлгіндей ойлардың болмасына кепілдік қажет...», «Байқадың ба, дәрігердің өзі сені әлгіндей қиялдардан арылу керек дейді. Егер, ондай қиялға салына берсең, сені өмір бойына қамап тастамашы...»

Бұл диалогтардан байқайтынымыз, еш қиянаты жоқ қарапайым көрінетін психикалық аурулар дәрігерінің сөз-әрекеті Ван Гогтың жандүниесіне терең із қалдырған. Ал осы дақ уытын жайған ісікше біртіндеп өркен жайғаны анық. 

Кейде осындай дүниелер де таланттарды тағдырдың құздан лақтырып жіберуге жарайды.    

  1. «Өз портреті»: Оны шексіздік қана қызықтырды 

Бұл картинаны салғанда Ван Гог ерекше көңілді болғандай, бізге қасапшының өң-тұрқы сияқты қызылшырай бейне де түйіле, ызғармен  қарайды. Психолог-дәрігерлердің ешқайсысы да мындай жандүниеңді ақтарып, боршалап қарайтын жанардың аржағында не жатқанын толық айтып тауыса алмас. 

Ван Гогтың мына қарасы ұлы талантқа тән қарас, алайда, картинаның ішінен түйілген осынау көзбен ұшырасқан да, оның шалығына ұшыраған да мен оның ішінде таланытты суретші ғана емес, менің жүздескім келетін, алайда, жүздесуге мүмкіндігім жоқ тағдырлы философпен ұшырасқанымды сезінемін.   

Жоқ, Сократта мұндай жанар жоқ. Мүмкін, Ван Гогтан бұрын мұндай жанар болса, ол бақытсыз Ницшенің жанары шығар. Онда да тәнін бүркейтін ештеңе қалдырмай сыпырып тастап, астаң-кестең жандүниесінің аласапыранын көрсететін жанар болған.  Бұл саған қараған, сендегіні қазбалап, суырып алатын жанар. Ол пайда болған екен, енді қайтып күңгіріт тартпасы, реңінен таймасы анық. Осы картина ғой Ван Гогтың өз дертін өзі анықтаған, дәрігерлерден асып түскен шағы. 

Мен, осындамын, жанамын-өртенемін, өзіме-өзімнің тереңіме үңілемін, қараңғыдан қараймын, бәрін жайып салғым келеді, мен кеткен де таза кетемін.   

Иә, бұл ешкімге залалы жоқ, өзің мен өзің қалғанда ортаға шығатын, сенімен мұңдас, сырлас, бір өзіңе ғана таныс әлем.  

Ван Гог қателескен жоқ, пенде шексіздіктерге ұмтылған екен, оны күтіп алатын да сол шет-шегі жоқ жалғыздық әлемі. Айналамызда біздер зәру, сыздаған жанымыздың жарасына дауа табылмаса, онда оның қоғаммен де бір қатысы бар екені анық қой. 

Сонымен қанышер дегеніне жетті, баяғы Ш.Бодлер, Э.Аллан По, т.б. сияқтыларға істегенін істеді. Олар ақыры: «Жә, Ван Гог, уақытың жетті, енді дем ал!  Сенің талантың біздерді жалықтырды, ал әлгі шексіздік, бізде қала берсін.», - деді де тыным болды.   

Мақаланы аударып, дайындаған - Ардақ Нұрғазы                      

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты