М.Этвуд (M.Atwood): Г.Пинтердің стилі

aade9e93922d09875017776d97fd4823.jpg (2048×1536)

Г.Пинтер (1930ж. — 2007ж.) Англия актер, драматургі, «Қарапайым өмірдегі диaлогтардың тасадағы болмысына үңіліп, қыстығып қалған санадан саңлау ашқаны үшін» 2005 жылы Нобель әдебиет сыйлығына ие болған. «Есік қараушы» (1963ж.), «Туған күн» (1968ж.), «Сатқындық» (1978ж.), т.б. пьесы жинақтарының авторы.  Батыстың ең үздік драматургтерінің бірі. Сахна өнерінде өзіне тəн «Пинтерше» (Pinteresque) стиль қалыптастырған тұлға. Төменде Канаданың əйел жазушысы Маргарет Этвудтың драматург туралы жазған мақаласын ұсынып отырмыз.

Аударушыдан

Он жеті жасқа толған жылым, орта мектептің сұрғылт партасынан тұрып, қоғамға аяқ бастым. Менің түсінігімде, жазумен шұғылданатындар ғана шынайы өмір сүріп жүрген адамдар есептелетін. Ол кезде Г.Пинтердің ат-атағы шығып үлгірген еді. Сөресінде адамға шабыт сыйлайтын əсем мұқабалы кітаптар тізілген дүкендерде де алдыңды кес-кестейтіндер де ең алдымен С.Беккет, Жан-Поль Сартр, Эжен Ионеско, Альбер Камю, қала берді осы Г.Пинтердің кітаптары еді. Ол кезде мен Г.Пинтерді əлгі адамдардың қатарынан көргендігімнен болар, жасы егде адам болар деп ойлайтынмын. Сөйтсем, ол жас екен, тек ерте қалам ұстап, ерте танылыпты. 

Г.Пинтердің шығармашылық жолына үңілген адам әсерленбей тұра алмайды. Ол ештемеге қарамастан өз жолына жарқыратып алау тастап келе жатқан құйрықты жұлдыз сияқты керемет тұлға.  

Оның адамдар ортасындағы болмысының өзі бір төбе: ол маймөңкелеу дегенді білмейтін, тілі удай, қатал, жұрттың көбі жақтыра бермейтін адамдардың санатына жатады. Онымен қоймай тез ашуланады, көңіліне жақпаған нəрсеге бетің-жүзің деместен қарсы шабатыны тағы бар. Ол жұрт ойламаған жерде, өзінің бар екенін жəне өзінікінің дұрыс екенін дəлелдеп келе жатқан жан.  

Дегенмен, бүгінде біз «ПИНТЕРШЕ» деп атап кеткен саны қомақты шығармаларды ойға алғанда, олардың өзіне ғана тəн ерекшелігімен өнер ордасынан ойып орын алғанын мойындамай тұра алмаймыз. Онымен қоймай бұл шығармалар: «Пинтердің стилі» деген жаңа терминді де өмірге əкеліп отыр.   

Менің кейде өзіме осы термин біздің ұрпаққа немесе маған несімен таныс деп сұрау қоятын кезім бар. Ойлап көрсем ол бізге бірінші: адамдардың саңыраулығымен, енді бірі: адамдардың үнсіздігін əйгілеуімен дараланады екен.  Адамдар бірінің сөзін бірі естімейтін сияқты немесе олар бірін бірі тоспай кимелей сөйлеп жатады. Кейде бұл əдейі істелгендей сезілсе, кейде адам табиғатының өзінде сондай қасиет бардай көрініп кетеді.   

Г.Пинтердің шығармалары бізге тасадағы осы ерекшеліктің өң-шырайын ашып берген. Үнсіздікке келсек, оның бар екенін Пентерден артық сезінетін адам болмас. Г.Пинтердің шығармаларынан біз адамның үнсіздігін аңғарамыз. Г.Пинтер бұны да биік көркемдік деңгеймен көрсеткен. Үнсіздік дегеніміз ұзаққа созылған тыныштық, сұраққа жауап қатпау, айтуға тиістіні айтпау. Г.Пинтердің кейіпкерлері өз образдарына көшкенде, көбінде не істеп, не қойғандарын білмей жатады; мұндай қалыпсыздықты кейде қоғамның өнбойынан да кезіктіріп қаласың.  Мен өзіме: «Пинтер стилі» деген не деп сұрақ қойғанымда, ойыма тағы да мынадай екі мазмұн келеді. Аңыздағы пайғамбарлардың бірі өзінде бардың бəрінен айырылады. Сонда ол жаратушыға тура тікесінен «неге мені таңдадың? Маған бұлай істеуге тиіс емес едің!» -дейді.  Жаратушы жауап қатпайды. Бірақ, оның есесіне пайғамбар түгеп бермес сұрақ қоюды бастайды: «біз Сені «кереметсің!» деп жарсалып келеміз, бірақ Сенің қабақ қаққаныңды көргеніміз жоқ, біздің тағдырымыз үнсіздікке көну немесе қатал тағдырдың тезіне жаншылу. Өмірге келген адам баласы туралы айтқым келмейді, олар саңырау, мылқау жандар».  

Ойыма түсіп отырған енді бір мысал, Геркелдур жазған Ибраһим пайғамбарға қатысты аңыз. Жаратушы пайғамбарға «ұлыңды маған атап құрбандыққа шал!» деп əмір етеді. Бұл қатігез талапқа пайғамбар қарсы шықпайды, қостайтынын да білдірмей, тек қана үнсіз қалады. Дегенмен, бұл қадамды жұрт түсіне бермейді, бірақ оның жаңғырығы адамзаттың санасынан бір сəтте өшкен емес.   

Əне сол жаңғырықтың бір ұшы Г.Пинтердің көкейінен жетіп тұр —  Г.Пинтер шығармаларындағы үнсіздік те содан бастау алады. Ол өзі ұзаққа созылған, мəңгілік үнсіздік.  Г.Пинтердің стильі деген əне сол!        

Мақаланы аударып, дайындаған - Ардақ Нұрғазы. 

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты