Ардақ Нұрғазы (Ardakh Nurgaz): Қорқыт өлген күн


54e18ff5be295d705b599e18493dcb01.jpg (1000×700)


(«Қорқыттың көрі» спектаклінен туған ой)


Қорқыт — тоғыз оғыздың атасы, түркі-қыпшақтың данагөй ақылшысы, қазақтың жандүниесінен ойып орын алған пірі. Қорқыт-ата феномені   —Орталық Азияның рухани қуат-көзіне бойлайтын кіндік-көз. Қорқыт — аңыз, бірақ, бұл аңыздың ақиқаты тарихта емес, санада. Қазақтың санасындағы Қорқыт саф алтындай таза мифтік ұғым. Шығыс пен Батыста Қорқыт есімін білмейтін, Қорқытты зерттемеген ғылым кемде-кем. Соған қарамастан оның тарихи емес, мифтік болмысын ашқан тұлғалар саусақпен санарлықтай. Олардың қатарында О.Сүлейменов, З.Наурызбаева, С.Аязбековтердің еңбектерін ерекше атауға болады. Кейін Серікбол Қондыбай жоғарыдағы зерттеушілер негізінде Қорқыт-ата ұғымына жаңа түсініктер қосты. Қорқытты өлімнен қашу барысында батыстан бастап сағаттың тіліне қарама-қарсы бағытта Гесмодтың төрт ғасырын (алтын, күміс, қола және темір) жалғаушы деп түсіндіреді. Бір сөзбен айтқанда Қорқыт — Орталық Азия халқының, бастысы, қазақтардың дүниетанымындағы уақыт туралы миф. Бір айта кететіні, С.Қондыбай мәселенің бір қырын ғана көріп отырған сияқты. Қорқыттың уақыт ұғымын аңғартатыны анық. Бірақ, ол жоғарыда айтылғандай төрт кезеңді бірдей басып өткен уақыттың жалпы барысы емес, қайта құяр өзегі. Бүгінге дейін уақыт көшінде адамзат төрт таным кезеңін бастан өткерді. Олар — Адам мен Жаратушы, Адам мен Табиғат, Адам мен Қоғам және Адам мен Адамның арасындағы байланыс кезеңі. Қорқыт, осы байланыс торының басында — Адам мен Жаратушы кезеңінде тұр. Адамзат танымы жоғарыдағы төрт кезеңді бастан өткеріп, бүгінгі модернистік-постмодернистік дүниетанымға кірумен бір айналым аяқталады. Бұл белгілі мағынада алғанда, адамзат санасында түптөркінге қайта қайырылатын жаңа кезең басталу алдында тұр деген сөз.

Бүгінгі қоғамда адамзат ақылға бой алдырып, материяға басымдық беріп, рухани құндылықты алға тартатын дәстүрлі дін жел көтерген бұлттай дода-додасы шығып өмірден алшақ қалғандай көрінгенімен, енді бір тұрғыдан адам санасында Жаратушы ұғымы бұрынғыдан өзгеше қалыпта сәулелене бастады. Бұны біз Шығыс пен Батыстың постмодернистік қоғамында дәстүрлі діннен басқаша «жаңа діндердің» көптеп төбе көрсетуі және ғылым саласында ашылған әрбір үлкен жаңалықтың рух туралы ойлануға түрткі болып жатқанынан байқаймыз. Адамзат Жаратушыға шексіз сенетін кезеңнен біртіндеп күмәнмен қарайтын кезеңге өтіп, одан әрі бас тартып, енді қайтадан жаратушы ұғымын іздей бастаған түрі бар. Осыған дейін біздер діннің шалғайынан алыстай түссек те, санамыздың түбінде күңгірт болса да шөлде жарқыраған сағымдай Жаратушы ұғымы тұрды. Қорқыт — дәл сол ұғымның мифтік көрінісі. Мифтік болатыны, ол — дәстүрлі діндердің өзінен әлдеқайда байырғы түсінік. Бұл жағынан Қорқыт «Інжіл» мен Будда жазбаларындағы түсініктердің қайнар көзі, тегі сияқты мәнге ие. Айталық, «Інжілде» жер бетіне Жаратушының елшісі — пайғамбарлардың келетіні туралы болжамдар  айтылады. Мұса, Иса пайғамбарлар туыларда қара ниетті билеушілер оның өмірге келетінін күні бұрын біліп, көзін құрту үшін қолдан келген қастандықтың бәрін ойластырады. Сонда да дегеніне жете алмайды, пайғамбарлар бәрібір өмірге келеді. Бұл Жаратушы мен адам арасындағы байланыстың ақылдық таныммен сараланып, орын-орнына қойылып, қағазға түскен үлгісі. Бұл арада діни кітаптарды көшіріп, реттеп, таратушылардың танымы мен түсінігі тұр. Басқаша айтқанда, адамзат бұл кезеңде Жаратушымен тіке тілдесудің (шексіз сенім артудың) орнына араға елші  салуға бағыт алып, әуелгі сенімге селкеу түскен шақ екені аңғарылады. Ал Қорқыт ұғымында Жаратушымен арада делдалдыққа саятын мұндай аралық кезең кездеспейді. Қорқыттың бойындағы тілсімдік Жаратушы мен тікелей байланыс түрінде сипатталады. Мұса мен Исаның өмірге келуі алдында орын алған жағдайлар бізге «елші келе жатыр» деген ұғымды тудыратын болса, Қорқыттың дүниеге келуі тікелей Жаратушы тілсімдігінің өзін көрнекілендіреді. Айталық, Қорқыт өмірге келгенде былай деп суреттеледі. 


Қорқыт туған кезінде

Қараспанды су алған,

Қара жерді құм алған

Ол туғанда ел қорқып

Туғаннан соң қуанған!


Жоғарыдағы жолдар пайғамбардың емес, Жаратушының шексіз құдыретін сипаттайды. Басқаша айтқанда, біз Қорқыттың бойынан Жаратушы мен адамға тән қасиеттің бірлігін көреміз. Бұл — делдалсыз тіке тілдесудің бір көрінісі. Адамзат уақыт озған сайын осы бастау-көзден алыстай бергені белгілі. Бірақ, одан біржола қара үзіп кете алған жоқ. Сондықтан да Қорқытты санада қалған, өшкін тартса да өшіп кетпеген Жаратушы туралы  ұғымның бір кездегі мифтік келбеті деп түсіне аламыз.

Адамға тән ұғымнан биік тұрған Қорқытты жазу оңай шаруа емес. Соған қарамастан ол туралы қалам тербемей тұра алмаймыз. Себебі, ұшқан құстың қайрылғанда қонар ұясы, толқыған теңіздің буырқанғанда жатар арнасы сияқты, ол — біздің рухани болмысымыз, қуат-көзіміз. М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік  академиялық драма театрында Мемлекеттік сыйлықтың иегері,  ақын-драматург Иран Ғайыптың сценариімен «Қорқыттың көрі» атты сахналық шығарманың қойылымы өтті. Аңыз-дастанның қоюшы-режиссорі — КСРО Мемлекеттік, Литва ұлттық сыйлығының иегері, профессер Йонас Вайткус. Әкемтеатрдың жаңа бастамасы — шетелдік білікті шеберлерді шақырып, ұлттың таңдаулы өнер туындыларын қазіргі заманның талғамына сай сахналауға мүмкіндік жасау, аталған қойылымды осы ойдың нақты жемісі деуге болады. 

Қойылым екі бөлімнен тұрады. Шырақ сөніп, сахна төрінде сібірлеп жарық пайда болғанда біз бақсы сарынына билеген топты қақ жарып көрден тұрған Қорқытпен (Д.Ақмолда) бетпе-бет келеміз. Бұл Қорқыт жай келмейді, таудай сұрақпен келеді. Сұрауы: «Құдай, сен сірә кімсің? Неге мынау ығай мен сығайлар өздерін Құдай санайды? Ендеше, мен де құдаймын!» — дейді Қорқыт өзеуреп. Ежелден тіл қатпайтын, тіл қатқанын ешкім де көрмеген тылсым құдай, бәрібір, оның сөзін елемейді. Бірақ, оған бола жасып қалатын немесе ойын өзгертетін Қорқыт жоқ. Сол арада «сен құдай емессің!» дегендей екі міскін ортаға шығады. Олар Қорқытпен әлденеге таласады.  Көрермен мұны «Қорқытпен құдайдың керісуі» деп те түсінетіні анық. Әлгілермен таласта Қорқыт өзінің «қу ағаштың безінен ойып алған» әйгілі қобызына ие болады. Бұл көрініс қазақтың ежелгі аңыздарындағы сазды әуенмен көмкеріліп беріледі. Қойылым одан Қорқыттың қобыз алып, еліне оралуымен жалғасады. Оның келе жатқан хабарын әуелі аққу мен қаз жеткізеді. Сахнаға аққу болып киінген қыздар шығады, олардың соңынан шымқай қара киінген жігіттер қаз болып тізіліп келеді. Бәрінің салатыны бір әуен, бір үн, ол — Қорқыт. Аспан мен жерді бірдей кернеп, күллі ғаламды өзгеше сарынға бөлеген Қорқыт сынды дегдарды енді қырық қызбен жүрген Сарын (М.Келгенбай) атты әйелі қарсы ала шығады. Олар ұзақ жүздеспеген ғашықтардай «жауынға да, дауылға да қарамай» бірін-бірі құшады. Екі жақсының басын қосқан бұл көрініске режиссер бөлекше мәнер берген. Бірі — сахнадағы екі кейіпкердің ұшырасуы болса, енді бірін — төбеден түсетін экрандағы ғашықтардың төпеп тұрған жауында төс қағысып құшақтасқан көрінісі арқылы елестетеді. Осымен қойылымның бірінші бөлімі аяқталады. 

Екінші көріністе сол елдің ел бастаған көсемі өледі. Халқы оны жылау айтып ақырғы сапарға алып шығады. Біреулер өлген көсемнің қатігез-жауыздығын айтып лағнат жаудырып жатады. Осылардың үстіне қобызын көтеріп Қорқыт келеді. Екі жақтың сөзін бірдей естіген соң, ол «көсем жақсы адам болса, жанын қайтарып беруге бармын» деп өзіне ерекше сенім білдіреді. Бұл сөзді естіген халық екіге жарылып, ұлардай шулайды. Екі жағы да Қорқытты күндейді. Бұның ақыры Қорқыттың «өлгенді тірілтемін» деген сөзінің құдайдың құлағына жетуімен, ажал-жаналғыш — қызыл қанат әзірейілдер пайда болып, Қорқыттың өзіне төнуімен жалғасады. Жаналғыш әзірейілдер Қорқытқа «сен өзіңді құдай санайсың, өлгенді тірілтемін дейсің, бірақ, қолыңнан ештеңе келмейді, түкке тұрғысыз біреусің, өлгенді тірілте алмайсың, есесіне, біз сенің жаныңды аламыз!» дейді. Басында Қорқыт бұл бопсадан саспайды, өршеленіп қарсы келеді, жігер-қайрат танытады, тіпті, әлгілердің өзіне сенімсіздік білдіреді. Қатуланған жаналғыштар ақыры дегенін істеуге көшеді: «Қорқыт, сен өлген билеушіні тірілтемін дейсің, жақсылық жасаймын дейсің, біз оны тірілтіп, оның қолымен сені өлтіреміз, сенесің бе, соған?» дейді егесіп. Олар дәл солай істейді. Өлген диктатор (Б.Қаптағай) қайта тірілген соң, ештеңе болмағандай қайтадан билікті қолына алады. Халқын бір шыбықпен айдап, әмірін жүргізеді. Өзін тірілтпек болған Қорқытқа төніп, оны «елді бұзған лаң, берекені кетірген адам» деп өлтіруге бұйрық береді. Қорқыт пен әзірейілдердің арасындағы тартыс осылайша Қорқыттың «түкке тұрғысыз пенде» екенін дәлелдеумен тынады. Өзін құдай санаған Қорқыттың тауы шағылып, десі қайтады. Өздерінің күшті екенін дәлелдеген әзірейілдер мұнымен тынбайды. Олар «уақытың бітті, жаныңды беретін кезің келді!» деп Қорқытқа тебінеді. Сонда Қорқыт «өлгім келмейді!» деп көз жасын көлдетіп зар еңіреп жылайды. Дегеніне жетіп, Қорқыттың еңсесін басқан әзірейілдер оған «өлмеймін десең, орныңа жан беретін біреу тап» деп келіседі. Қорқыт «мен үшін жан беретін кім бар?» деп ойлана келе, «бір берсе, осылар жанын береді» деп әкесі мен шешесін, жан досын және көңілдесінің атын атайды. Сахнаға әлгі төртеуі шығады. Бірақ, олар азарда-безер болып, сан түрлі сылтау айтып, жанын Қорқыт үшін әзірейілдің қолына ұстатудан бас тартады. Қорқыттың көкірегі тағы қарыс айрылады. «Өлетін болдым!» деп жанұшырады. Дәл осы кезде әйелі Сарын сахнаға көтеріледі.  Ол «Қорқыт үшін мен жан беруге дайынмын!» дейді. Бұл сөзді естіген Қорқыт өзі үшін жан беретін біреудің табылғанына қатты әсерленеді. Алайда, сұлу Сарынның аяғы ауыр еді. Мұны білген Қорқыт әйелі мен әлі дүниенің жарығын көрмеген баласын өлімге қимайды да, өлуге бекінеді. Әзірейілдерге «менің жанымды алыңдар!» деп, өзі көрге беттейді. Оны әуелеген жоқтауымен Сарын сұлу шығарып салады. Шығарма осылай аяқталады.

Сахна — өмір мен қиялды тоғыстыратын алаң. Ол алаң көрерменді өзгеше мүмкіндіктер әлеміне кіргізеді. «Қорқыттың көрі» қойылымы да көрерменге сондай жаңа әлем сыйлауға тиіс еді. Бірақ, шығарма өз тақырыбын аша алмаған сияқты. Бастысы, шығармашылық қауым (сценари авторы мен режиссер) әлдеқашан уақыттың уысынан шығып кеткен Қорқытты өз деңгейінде түсіне алмағаны байқалады. Қойылымдағы оқиғаның сюжеті саяси қоғамдық тартысқа, билікке таласқан жандардың тірлігіне көбірек ұқсайды. Содан да Қорқыт сахнаға алғаш шыққан сәтінен мифтік келбетін жоғалтқан жалаң адами бейнесімен көрінеді. Оның ой мен қиялы, мақсаты, арманы мен мұраты соны айғақтайды. Ортасынан озған адамның одан да жоғары табысқа жетуге талпынатыны бізге әуелден таныс дүние. Солар сияқты Қорқыт та анау «ығайлар мен сығайларды» үлгі тұтып, құдай болғысы келеді. Жаратушы мен адамның емес, адам мен адамның арасындағы қатынас басты орынға шығады. Осылайша біздің ұлы бабамыз өзіне тән кескін-келбетінен (рухани күш-құдыретінен) айрылып, ет пен сүйектен жаралған пенденің тірлігін қайталайды. Өзін құдай сезінеді, өзі сияқты адам пендесінің тағдырын қолына алғысы келеді, өзінің құдай емес екенін білгенде, адам сияқты лажсыз зар еңірейді, тіпті, өзі үшін басқалардың жанын қиюға да дайын болады, ақырында тағдырдың жазғанына көніп, өліп құтылады. Бұл біздің санамыздағы Қорқыт образына келе ме? Әлбетте, келмейді. Бұл Қорқыттың емес, өз нәпсісінің құлы — пенденің образына көбірек ұқсайды. Пенделіктен ары аспаған мұндай Қорқытты мың жыл бойында санамыздың түбіне жасырып, мәңгілікке сақтап келдік десек, сонда біз кім болғанымыз? Өзге жұрт бұл шығарманы көрсе не ойлайды?

Қойылымда Қорқыттың қарапайым пенде баласынан да сорлы болуы адамды ойландырады.  Әлгі пенде қысылған шағында ата-анасы мен жан жолдасын өлімге қияды. Қойылымның бұл тұсында дана Қорқыттың сүмірейгені соншалықты, ол тіпті, «ел үшін, жер үшін жанпида» дейтін хандар мен батырлардың деңгейінен де төмендеп, қарабайырланып кеткен. Рухани құндылыққа саятын мұндай үлкен тақырып бұлайша төмендейді дегенге мүлде сене алмайсың. Онымен қоймай, бұл эпизод көрермен көңілінде Қорқытқа ата-анасын, жан жолдасын қарсы қойып, адами және қоғамдық үлкен құндылықтардың біразын жоққа шығарады. Мүмкін, ұсынылатын құндылық Қорқыттың махаббатында  шығар дейін десең, одан да табан тірер тиянақ таппайсың. Өзі үшін әйелінің жан беруге дайын екенін білгенде қуануы, соңында әйелі мен ұрпағы үшін амалсыз өлімге өзінің баруы тіпті де керемет қасиет саналмайтыны анық. Қойылымда Қорқытқа тән дүниенің құлантаза жоғалғаны соншалықты, ұлы тұлғаларды былай қойғанда, тіпті, сен жай пенде ретінде оған көкірегіңнен қандай орын береріңді білмей дал боласың.        

 «Қорқыттың көрі» қойылымының сәтсіздігін мен мәтінде фантазияның жоқтығы, одан қалса, тақырыпты ашудағы шеберліктің жетіспеуінен деп білемін. Автордың шығармашылық санасында қиял мен мифтен гөрі, қоғамдық қайшылықтың тартысына жақын ақылдық шешімнің басым екені аңғарылады. Осы түйін шығарманың жалпы ауанын белгілеген. Қорқытты автор қоғамдағы билік таласындағы адамның өлшемімен ғана өлшейді. Бірақ, шығарманың өзгеше тақырыбы, айталық, дін мен сенімге барып саятын таза өлім тақырыбы бұл шеңберге симайтыны анық. Мифтік үлкен кеңістігі бар Қорқытты болмысынан айырып, адамның қоғамдық өлшеміне еріктен тыс сыйдырған сәтте бәрі өзгерген де, жоғарыдағы шешімі табылмайтын кереғарлық пайда болған. Кемістікті, тіпті, қойылым алаңының мифтік фантазиясының (бақсылардың, қобыздың, аққу мен қаздың символдары) өзі жасырып-жаба алмаған. 

Қорқыттың бар қасиеті — оның мифтік келбетінде десек қателеспейміз. Өлім тақырыбы соның бір қыры ғана. Бұл түйін қойылымда назардан тыс қалған. Шығармада өлімді бүгінгі күннің материалистік танымы аясында түсіну көзге ұрып тұр. Қорқыт образын ашу үшін жоқтан бар жасаудың қажеті жоқ. Қайта әрбір қазақтың аузында жүрген Қорқыт туралы аңыздың детальдарын орынды пайдалана білсең жетіп жатыр. «Қорқыт» деген есім, Қорқыттың қобызы, Қорқыттың көрі және Қорқыттың өлімнен қашуы — осы төрт түйіннің мәнін теріп, бір ізді ішкі байланыс таба алсаң болды («Қорқыттың көрі» қойылымында бұл мүлде қарастырылмаған), Қорқыт саған құшағын ашады. Бірақ, ол үшін сенде мифтік үлкен фантазия болуға тиіс. Бастысы неге Қорқыт ұғымы сананың түбінде өшпей жасап келе жатыр деген сұраққа жауап беруің керек. Олай болмаса, Қорқыт саған құрық салдырмайды. Ал фантазиясыз Қорқытты өлген Қорқыт деуге ғана болады.         

Режиссер мәтінде жоқ фантазияның орнын толтырып, динамикасын арттыру мақсатында автордың өзін тақырыпты ашатын кілт ретінде пайдаланғанын айта кеткеніміз жөн. Қойылым барысында аурухана төсегіне таңылған автор Қорқыт туралы ойланып, өлім туралы толғанады, өлең оқиды, соңында Аллаға арналған мадақ жырын жаттайды. Бұл қыстырманы тақырыптың тұздығы ретінде қабылдауға болар, бірақ, өнер туындысындағы үлкен жаңалық деп айта алмайсың. Еуропалық мәдениет пен христиандық діннің дәстүрінде адам өлім алдында «тәубеге келеді». Бұл — олар үшін сеніміне байланысты діни дәстүр.  Мұсылмандық ғұрыпта көп жағдайда қайтып бара жатқан адамның аузына иманын басында отырған адам салады. Режиссер шығарманың тақырыбы өлімге қатысты екенін аңғарғаннан кейін, бірден өзіне таныс осы үлгіні пайдаланған. Сонымен біздің алдымыздан хирстиан үлгісіндегі мұсылмандық сенімнің біріккен көрінісі шығып отыр. Бұл қыстырманы Қорқыттың образын айшықтады дегеннен гөрі шығарма иесінің жоспардағы ойын аша түсті деген дұрыс шығар. Себебі, пенде баласы туралы натуралистік айқын ұстанымнан туған қойылым Қорқыттың емес, автордың жандүниесінен көбірек дерек береді.

Сондықтан атына заты сай емес «Қорқыттың көрі» қойылымын өз басым ұлт өнерінің мақтанышы, қазақтың дүниетанымы мен болмысын танытатын бірегей туындысы деп айтпас едім.           

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты