Жанар Сағатқызы: «Құрыш қалай шынықты» телефильмін осылай түсірген едік...

4c7a979d672dfc2d85ec280afdef4452.jpg (1023×575)


1998 жылы қазан айында шығыс солтүстік Қытайдың тау қойнауындағы шағын поезд бекетінде «Құрыш қалай шынықты» атты телефильм түсірілетіндігін бірінші рет естідім. Ол кезде мен Қытай мен Жапония бірлесіп түсірген телефильмнің жұмыстарына ат салысып жатқан болатынмын.

Əлі есімде, күздің шайдай ашық бір күні еді. Көрініс түсіру аралығындағы əредікте фильм меңгерушісі Хы Шиаули қасыма келіп, достарының «Құрыш қалай шынықты» телефильмін түсіру үшін Ресейге бармақшы екенін, мені бірге баруға ұсыныс ету ойлары барлығын айтып, менің келісімімді сұрады. Мен «барамын!» деп бірден кесіп жауап бермедім. Ойлап көріңізші: жат ел, жат жерге барып, өзгелердің өмірі туралы фильм алу ыңғайсыздыққа ұрындырарын былай қойғанда, көсемсігендік болмай ма, олай дейтінім, «Құрыш қалай шынықты» романы Кеңес Одағы кезінде талай рет экранға шыққан-ды. Оның ішінде 1956 жылы алынған реңсіз фильм «Павел Корчакин» мен 1973 жылы алынған алты бөлімді «Құрыш қалай шынықты» атты телефильм өз кезінде Қытайда қойылып жақсы бағасын алған. Қытайлықтардың бүгінгі күні осы шығарманы экранға қайталай шығаруынан пəлендей жаңа дүние шыға қояр ма, жаңа фильм түсірілген күнде де жұрт оны ұнатып көре ме? Реформа жасалып, есік ашылып, шаруашылық қарыштап дамыған осы күнде адамдар өткендегі уақиғаларды түсініп, оған назар аудара қоя ма?

Əрине, ол кезде мұның барлығын ойлауға мұрсам келмеді. Бұл ойды іштей құптамадым, ол маған өрескел əрі қисынсыз сезілді. Қысқасы, алғашында барғым келмеді.   

Бірақ, түбі барарымды, тіпті осы фильмнің режиссері боларымды кім білген. Бастабындағы бармаймын деп бас тартуымнан кейінгі белсене араласуыма дейін «Құрыш қалай шынықты» фильмін қайта алудың маңыздылығын біртіндеп танып жеттім. Бұл, шынында, батыл да ғажап ой еді. Іс жүзінде, шетел əдебиетінің əйгілі шығармаларын өзгертіп жазып, фильмге айналдыру жөніндегі мысалдар көп-ақ. Бұрынғыларын айтпаған күнде де соңғы жылдары АҚШ –тың Дисни серіктігі Қытай ертегісінен көлемді қуыршақ фильм «Хуа Муланды» жасап шықты, Англиялықтар орыстың ұлы ақыны Пушкинның «Евгений Онегин» атты дастаны негізінде өзгертіп жасаған сол аттас фильмді айтуымызға болады. Қытайдың кино-телевизия саласында бұрын мұндай іс болып көрмеген. Бірақ, бұрын болмағандығы енді жарық көруіне бөгет бола алмайды. Қытайдың 20 жылдан бергі дамуы оның бұндай істі істеуіне жеткілікті қаражат жəне орта əзірлеп берген еді.  Жақсы дүниеде шекара болмайды, яғни өзіміздікі екен деп өзгелерді жолатпай қоюымызға да, елдікі деп ат тонымызды ала қашуымызға да болмайтын еді. 1980 жылдардың басында Италиялық əйгілі режиссер Бертоллоч Бижің қаласындағы «Зыжинчыңда» қытайдың соңғы патшасы Пуидің кешулерінен фильм түсірген болатын. Бүгінгі таңда қытайлықтардың ел аттап Украинаға барып, қаһарман Павел Корчагиннің образын қайта жаңғыртуы қуанарлық іс емес пе? Сонымен бұл фильмді қайта алудың игі іс екенін түсіндім. Бұл əрі менің амалиятқа араласуымның тамаша орайы, үйренген кино режиссерлігі мамандығым мен орыс тілін білетін ерекшелігімді ұштастыру арқылы істелетін жұмыс еді.  Осындай орай маған келіп тұрыпты. Жайшылықта мұндай іс көп кездесе бермейді. Кейде бір ұтымды ұсыныс жүзеге асырылудан бұрын қарсылыққа жолығып, көп шүбə тағылады, жүзеге асу барысында да сəтсіздікке ұшырау себебінен екінің бірінде аяқсыз қалады немесе жаңсақтық себебінен ойлаған жерден шықпай жатады. Бір тəуірі «Құрыш қалай шынықты» телефильмін жоспарлаудан бастап түсіріп болғанға дейінгі бір жылдан астам уақыт барысында бірталай бұраңдықтарға жолыққан болса да, ісіміз ақыры сəтті аяқтады. Бүгінде осы 20 бөлімді телефильм қалың Қытай көрермендерімен бет көрісті. Қалай болғанына жұрт өзі баға берді. Фильмді жасаушылардың бірі ретінде мен кезінде осы фильмді алуға бармаймын деп кесіп айтпай, қайта осы істің бастаушысы болғандығымды ойласам болды көңілім жадырап сала береді.   

1998 жылы қарашада фильмнің бас жобалаушысы Жиаң Шаухуа екеуіміз Украина мен Ресейде болдық. Ондағы мақсатымыз «Құрыш қалай шынықты» телефильмін алуға істестік жасайтын серік іздеу еді. Қысқа ғана 10 күн ішінде екі елдің астаналары Киев пен Мəскеудегі бірқыдыру орындарда болып, көптеген адамдармен кездестік. Олардың ішінде мемлекеттік телевизия мен сауда каналдары, кино студиялар мен жеке кино серіктіктері бар. Олар қытайлықтардың келіп фильм алатындығын естіп қатты қызықты. Бұл сол жердегі сүреңсіген кино, телевизия саласы жөнінен алғанда табылмайтын сауда орайы болғандай, олар бізді өздерімен істес болуға үгіттеп, ең толымды істестік серігі бола аламыз, күшіміз мығым, тəжірибеміз мол деп мақтанды. Сондай-ақ əдейі немесе «аңдаусызда» бəсекелестеріне тиімсіз жайларды «құлақ қағыс» етіп, біздің дұрыс тұжырым жасауымызға қиыншылық тудырды. Десе де, біз фильм алуымызға көңілдегідей серік табу үшін көбірек араласып, ахуал ұғыстық, оларды өзі туралы, басқалар туралы, жергілікті орынның саясаты, фильм алу барысында туылатын кереғарлықтар жəне оны шешудің ұтымды шаралары жөнінде көбірек айта түсуге жебедік. Информация көбейген соң оны жан-жақтылы талдап, салыстырып, керектісін алып, керексізін қалдыру арқылы көңілімізге жаққан серіктестігімізді тауып алдық. Ол «Довженко» кино студиясы еді.

Мына қызыққа қараңыз, «Довженко» кино студиясының бастығы Машенко 1973 жылы алынған 6 бөлімді «Құрыш қалай шынықты» атты телефильмнің режиссері екен. Ол бұл күнде 70 жасқа келгенімен тұлғасы əлі де түп-түзу, сөзі юморлі, өзі жігерлі екен. Ол бізбен кезіккен кезде қытайлықтардың «Құрыш қалай шынықты» фильмін қайталай түсіретініне таң қалғанын жасырмады. Біз оған: «ондаған жылдардан бері Островскийдің бұл өмірбаяндық романы Қытайда күшті ықпал қозғап келеді. Жуырда оқырмандарға жүргізілген сауалнамада, қазіргі заманғы қытай жастарының ең ұнататын əдеби кейіпкерлерінің ішінде «Құрыш қалай шынықтының» бас кейіпкері Павел Корчагин маңдайалды орында тұр» -дедік. Ол біздің таныстыруымызды естіп төтенше əсерленді. Украина тəуелсіздік алған соң мемлекеттің саяси жағдайы орнықты болмай, шаруашылығы құлдыраған. Киностудиялар қаржының тапшылығынан, дарындылардың сыртқа ағылуынан жабылуға таяған. Ақша болмағандықтан, кинофильм жасау былай тұрсын, жалақы да уағында таратылмаған. Кино студиясының мұндай ахуалын телевизиядағылар мен жеке кино студиядағылардан да естідік. Олар бізге «кино студиялармен істестік жасай көрмеңдер, ол — түпсіз шүңет, берген ақшаларыңды фильм алуға істетуге кепілдік етпейді, оны кешеуілдеткен жалақыға жұмсап жібереді» деп ескертті. Біз де бұдан қатты алаңдадық. Бірақ, кино студияларының абзал жақтары да өзгелерді басып түсетін еді. Алдыңғы екі реткі «Құрыш қалай шынықты» фильмі осы арада алынған, фильм алуға қажетті киім-кешек, жабдық, қару-жарақ, арба, автомобиль сияқтылардың барлығы бұл арадан табылатын, студияда кəсіптік қабілеті жоғары, іс жүзіндік тəжірибесі мол қызметкерлер көп еді. Алда алынатын фильмде кітапта суреттелетін дəуірдің уақиғаларын шынайы бейнелеуіміз үшін, сол көне көздердің орны бөлек болатын. Бəрінен маңыздысы, «Довженко» кино студиясының бастығы Машенко мырзаның істестік жасаудағы шынайы ықыласынан əсерлендік.     


(жалғасы бар)

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты