Гүлнар Ақан. Абай дүниетанымындағы сократтық ойлау

6f3460064f58eab0019b63b50d4211ff.jpg (540×294)


Қоғам дамуының қайшылықсыз болмайтыны түсінікті, алайда, оның сипатына көзқарас қашанда таласты болады. Бұл ойлау заңдылығының өзіндік болмысымен де қатысты. Айталық, ойлау заңдылығының жалпы даму барысы мен қатар кезеңдік өзгерісінің өзіндік рөл ойнайтыны бар. Қазақ қоғамының қалыптасу тарихында жоғарыдағыдай бір таным кезеңінде жаңалықты бастаған Абай Құнанбаев екені түсінікті. Абайдың дүниетанымына үңіліп, оның табан тіреген тиянағы мен келіп шыққан болмысын, даму барысын зерделеп, оның өз кезеңіндегі қазақ қоғамы мен жалпы адамзаттық үлкен ортаның байланысынан түйген, қайшылықтарды шешудегі ой-толғамдарын, логикасын сараптау біз үшін қашанда өзекті. Абайдың дүниетанымына орта ғасырдан жалғасқан шығыстық, айталық түркі, парсы, араб ғұламаларының еңбектері ықпал еткенін білеміз. Сонымен қатар Абай дүниетанымын ауызға алғанда батыстық философияның салмағы мен мүмкіндігіне назар аудармай тағы да тұра алмаймыз. Бүгінгі жаһандық деңгейде батыстық таным үстемдік құрып отырған қоғамдық жағдайда Абайдың батыс философиясымен дүниетанымдық байланысын анықтаудың бізге таным дүниесінде ашып берер мүмкіндігі зор. Себебі, ойлап жете алмасаң, соған сәйкес ой қорта да, айта да алмайтының белгілі. Батыс философиясын түсіну үшін оны ұлттық деңгейде қабылдап (аударма термин түрінде емес), танымымызға сіңіре алатын болуымыз тиіс. Оның ұлттық тілмен, тілдегі сөз, дәстүрден келе жатқан ішкі бейнелеу мүмкіндігімен тіке қатысы бар. Абай шығармалары, ондағы дүниетаным бізді ұлттық тіліміздің әлі де толық көрініс тауып кетпеген осы өлкеге қарай бастайды.      

Француз философы Мишель Фуко, Италия философы Джорджо Агамбендер бүгінге көзқарас қашанда өткенмен байланысты болады деп қарайды. Бұл байланыстың нәтижесі көбінде түрлі деңгейде бағаланады. Адамзаттың таным дүниесінде, әсіресе, батыстық дүниетанымның негізіне үңілуде өткеннің үлесі зор. Батыстықтар бүгін туралы сөз қозғағанда қашанда арғы Грек дәуірі мен сол кезеңде жасаған философтардың, одан кейін жалғасқан танымның барысынан ой өрбітеді. Мұның тасасында жатқан негіз өткенмен бірізділікті сақтау ғана емес, адамзаттық ойлаудың өзіндік заңдылығына ден қоюға да барып саяды. Бұл заңдылықтың бір көрінісі әр дәуірдегі таным дүниесінде орын алған жаңа көзқарастар мен түсініктердің өткенмен сабақтасып, адамзат қоғамы кездескен жаңа қайшылықтарды шешудегі мүмкіндігін саралау барысымен қатысты. Оның үстіне жоғарыдағыдай ойлаудың өзіндік ерекшелігі мен адамдардың содан бірізділік тапқан ұстанымы қашанда бүгінгі өмірдің өзінде де көрініс тауып жатады.Басқаша айтқанда күнделікті өмірдегі түрлі қоғамдық сипаттағы қайшылықтардың өзі өткенмен қатысты деген сөз. Осы тұрғыдан келгенде өз танымымыздағы өткеннің қалдырған әсерін сараптау бір жағынан бүгінгі күннің алдымызға тартқан сұрағына да жауап беру дегенге барып саяды.

Батыстың бүгінге жеткен таным тарихына үңілсек, оның ойлау заңдылығы қарапайымдылықтан күрделілікке қарай өзгеру барысы екенін байқаймыз. Мұның бір көрінісі батыстық фиолсофиялық ойдың қалыптасу жолы немесе мәтіннің жасалу мүмкіндігі жағында байқалады. Айталық, ең алғашқы философиялық тұжырымның бір түсінікке құрылғанын немесе афоризмдік түс алатын бір сөйлемнен тұрғанын білеміз. Мысалы, «Ұшқан жебе қозғалмайды» (Зенон), «Өзенді ешкім бір уақытта екі рет кеше алмайды» (Эфестік Гераклит) және т.б.  Гераклит заманының ойшылдары өзі байқаған, зерделеген, түйген әлемнің болмысы туралы ойын осындай формада жеткізген. Кейін мұндай ойлау формасына өзгеріс енді. Сократ кезеңінде философиялық ойлаудың жоғарыдағы түрі күрделеніп, мәтін бір сөйлем түрінен екі сөйлем немесе үш сөйлем түріне ауысқан. Бұл жоғарыдағы афоризмдік ойлаудың орнын қайшылықты қатынасқа ден қойған, анық диялектика сипатындағы логикалы ойлау заңдылығының басқанын байқаймыз. Айталық, Сократтың философиялық ойлары негізінен ауызша және сұрақ қою тұрғысында өрбіген. Мысалы, Платон өз диалогтарында Сократты негізгі сұхбаттасушы ретінде көрсетеді. Сократтың философиялық ойлары негізінен оның шәкіріттерімен арадағы сұрақ-жауап түріндегі мәтіннен тұрады. Бұл таным тұрғысында ойлау заңдылығының күрделеніп, жаңа кезеңге шыққанын білдіреді. Платон кезеңіне келгенде философиялық мәтіндер жоғарыдағы сұрақ-жауаптан тұрған диалектикалық ойлау формасынан күрделеніп, үштен артық, тіпті, одан да көп сөйлемнен құралған абзацтар түріне көшкені белгілі. Платонның философиялық трактаттары осы түрде келеді. Мысалы философтың «Апология», «Федон», «Мемлекет», т.б. еңбектерінің мәтіндік ерешелігі осы сөзімізді дәлелдейді [9].

Мұнан шығатын қортынды батыстық дүниетанымның ойлау дағдысында  Сократтан Платонға ауысқан диалектикалық сипаты басым ойдың күрделі барысы үстемдік құратынын аңғаруымызға болады. Осы текті ойлау заңдылығы қазақ дүниетанымында алғаш рет Абай шығармаларында кездесті. Біз ойшылдың «Қара сөздері» мен поэзиясының ой жүйесінен жоғарыдағы Сократтан Платонға ауысқан, кейін Аристотел еңбектерімен теориялық деңгейге көтерілген  анық диалектикалық сипаты басым ойдың күрделі барысын кездестіреміз.   

Ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер (*) Абай еңбектерінде ертедегі грек философиясына қатысты көптеген деректер кездеседі. Оның ішінде, әсіресе, философиялық трактаттарында көп ұшырайды. Айталық, жиырма жетінші, отыз жетінші  қара сөзінде – Абай Сократқа қатысты жазса, «Ескендір Зұлқарнайын» хисасында шығарма сюжетіне Аристотелді кіргізеді. 

Жиырма жетінші қара сөзінде Абай Сократтың ойларын ғана емес, ой жүйесін қайталап береді. Мәтінен үзінді келтірейік: 

Бір күні Сократ хакім бір Аристодим деген ғалым шәкіртіне құдай табарака уа тағалаға құлшылық қылмақ турасында айтқан сөзі. Ол өзі құлшылық қылғандарға күлуші еді. 

- Әй, Аристодим, ешбір адам бар ма, сенің білуіңше, қылған өнерлері себепті адам таңырқауға лайықты? - деді.

Ол айтты:

Толып жатыр, қазірет.

Бірінің атын аташы, - дейді.

Гомерге бәйітшілігі себепті, Софоклге трагедиясы себепті, яғни біреудің сыйпатына түспектік, Зевксиске суретшілігі себепті таңырқаймын, - деп, соған ұқсаған неше онан басқа өнерлері әшкере болған жандарды айтты...

Жоғарыдағы мәтін Сократтың Платон жазып қалдырған шығармасынан үзінді емес, қайта Абайдың төл туындысы екенін ескеруіміз тиіс. Мұнда Абай Сократтың дүниетанымын мәтіндік формада қайталай отырып, өз ойын жеткізген. Бұл Сократ дүниетанымының, ойлау заңдылығының Абай дүниетанымында тамыр тартып, өмір сүргенін байқатады. Сократ дүниетанымының басты ерекшелігі екі жақтылы диалогқа құрылған диялектикалық ойлауға сүйенетінін ескерсек, бұл ерекшелік Абай «Қара сөзінің» барлығында дерлік кездеседі. Абай өз ойын ортаға саларда бірде өзінеөзі сұрақ қойып, оған жауап беріп ойын өрбітсе, енді бірде жорамал оқырманына тіке сұрақ қойып бастайды. Айталық, Абайдың бірінші қара сөзінен үзінді келтірейік:

Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір өмірімізді өткіздік, айтыстық, тартыстық – әурешілөреқажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай, өзім де қайранмын.

Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді ҚҰДАЙ сақтасын!

Мал бағу? Жоқ, баға алмаймын. Балалар өздеріне керегінше өздері бағар. Енді қартайғанда қызығын өзің түгел көре алмайтұғын, ұры, залым, тілемсектердің азығын бағып беремін деп, қалған аз ғана өмірімді қор қылар жайым жоқ.

Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? Елсіз-күнсізде кездемені жайып салып, қолына кезін алып отырғанның не пайдасы бар? Мұңдасып шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі - бір тез қартайтатұғын күйік...

Сопылық қылып, дін бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек. Не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елге, осы жерде не қылған софылық?...

Жоғарыдағы мәтіннің табиғатынан диялогқа құрылған ойлау жүйесін байқау қиын емес. Оның тасасында Сократша диалектиканың қарасы аңғарылады.  Абайдың жалпы «Қара сөздері» осы ой жүйесінің біртіндеп дамып, құлашын жазып кемелену барысынан тұрады. Бұл шығармаларда Абай Сократша ойлаудан бастап біртіндеп Платонша ойлауға өріс ашады. Платон шығармаларындағы абзацтық жүйеге құрылған ой жүйесі Абай «Қара сөздерінің» мәтіндік ерекшелігінде толық көрініс табады. 

Абай өлеңдерінде де жоғарыдағыдай ойлау заңдылығы жиі ұшырайды. Ақынның «Базарға, қарап тұрсам, әркім барар» өлеңін оқиық: 


 Базарға, қарап тұрсам, әркім барар,

Іздегені не болса, сол табылар.

Біреу астық алады, біреу – маржан,

Әркімге бірдей нәрсе бермес базар.


Жоғарыдағы мәтін поэзия болғанымен, оның ішкі ой иірімінде де ақынның өзіне алдымен сұрақ қойып, соңынан сол сұрағына өзі жауап тауып, соны поэзия тілімен жеткізгеніне көз жеткіземіз. 

Абайдың батыстық философия негізін қалаған Сократ, Платон, Аристотел еңбектерімен танысу жолы Орталық Азияның мәдениет тарихымен үндесіп жатыр. Абай жоғарыдағы философтардың шығармаларын Орталық Азияның мәдениет топырағына, әсіресе, тіліне тамыр тартқан, үлкен әсер еткен орта ғасырдың Әл-Фараби бастаған түркі, араб, парысы тіліндегі ағартушы философ, ақындардың еңбектері арқылы танысқаны түсінікті. Ойлау заңдылығының тілмен тікелей қатысы бар. Тілдің бейнелеу мүмкіндігі мен қоры қашанда ойдың қуатына әсер ететіні белгілі. Содан да Абай әдеби тілінің өзгеге ұқсамайтын өзіндік ерекшелігі бар. Дариданың сөзімен айтқанда «ол - поэзиялық қасиетін жоғалтпаған философиялық тіл». Оны орта ғасырдың Әл-Фараби бастаған түркі, араб, парысы тілдеріндегі ағартушы философтардың сіңімді жеткізуінде,  Сократ, Платон, Аристотел бастаған батыс философтарының ойлау заңдылығымен суарылған әдеби тіл деумізге болады. Оның қуаттылығының сыры да осында. 

Біз жоғарыда Абай дүниетанымындағы батыстық философияға тән ойлау мен Орталық Азияның мәдениеттік негізі, оның ішіндеәсіресе ұлттық тілмен тереңге тартқан байланысы барын атап өттік. Бұл Абайша дүниетанымның батыстық ойлау жүйесімен үндесетінін, ол XXI ғасырдағы батыс философиясын игеруге, сол негізде ұлттық тілімізді бүгінгі жаһандық деңгейдегі таным аясын бейнелей алатын қуатты тілге жеткізуге мүмкіндік ашатынына көз жеткіземіз.



Пайдаланылған әдебиеттер және деректер тізімі :

  1. «Білім археологиясы» (Мишель Фуко, ҚХР,Оқырман баспасы 1998ж.)

  2. «Философия археологиясы» (Джорджо Агамбен, ҚХР, Халық баспасы, 2015ж.)

  3. «Абай: Өлең – сөздің патшасы» («Абай» журналының кітапханасы. №39, 2008ж.)

  4. «Платон шығармалары» (төрт томдық, ҚХР, Халық баспасы,баспасы, 2002ж.)  

  5. «Хат және өзгешелік» (Жак Деррида, ҚХР, Өмір,оқырман,білім,  баспасы, 2001ж. )

  6. https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%97%D0%B5%D0%BD%D0%BE%D0%BD_%D0%BF%D0%B0%D1%80%D0%B0%D0%B4%D0%BE%D0%BA%D1%81%D1%82%D0%B5%D1%80%D1%96

  7. https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%93%D0%B5%D1%80%D0%B0%D0%BA%D0%BB%D0%B8%D1%82

  8. https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%A1%D0%BE%D0%BA%D1%80%D0%B0%D1%82

  9. https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%9F%D0%BB%D0%B0%D1%82%D0%BE%D0%BD

  10. https://kk.wikipedia.org/wiki/Сократ


Гулнар Акан, магистр, 

Қазақ ұлттық қыздар педагогика университеті

Тарих және шетел тілдері институты

Шетел тілін оқыту әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы


Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университеті Қазақ филологиясы және Әлем тілдері факультеті Қазақ әдебиеті кафедрасының Қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай өткізген «Абай мұрасы – Рухани жаңғырудың қайнар көзі» атты On-Line негізіндегі Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары жинағы» кітабынан алынды.  


Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты