Theodor W. Adorno. Лирикалық поэзия және қоғам

857cf541614bd24eee4508c7ebdeb22b.jpg (1024×576)

Тек жеке тұлғаның сезімі мен түсінігінің көрініс беруі, өлең болып есептелмейді. Қайта ол жалпылық сипат алса ғана өнерге тән болады. Мұныда біз эстетикаға байланысты айтып отырмыз. Лирикалық поэзия жалпы жұрттың түсінігіндегі дүниелерді жеткізбеуі мүмкін, бірақ ол жұрттың санасында бар түсінікке құрылады. Оны былайғы жұр оңай-оспақ айта салатын немесе екінің бірінің қолы жетіп жасай алтын дүние, деп қарауға да келмейді. Лирикалық поэзия негізі жеке тұлғаның сана түбіндегі өзіне ғана тән болмысымен астарлас, басқаша айтқанда ол өзгеріске ұшыраған, соған қарамастан басқалар қабылдай алатын сезім дүниесіне жатады. Онда тереңге бойлайтын ұрымталдық бар, адам баласының бойындағы өзімшілдік пен қоғамның қараңғы жағына, сұрапыл тартысқа өз тұрғысынан қарай алатын мүмкіндікке ие. Лирикалық поэзияның табиғатының өзі жалпылықтың қалауынан шығуға мүдделі. Бірақ, оның басты осал тұсы шындықты, нақтылықты, қолмен ұстап, көзбен көруге болатын дүниелерге арқа сүйемейді. Сондықтан оны басқа дүниелер сияқты мықтап ұстап тұрып сынайтындай материалдық негіз жоқ. Лирикалық поэзия материалдық дүниенің өлшем-бірлігімен сараптауға көнбейді.

Негізі лирикалық поэзияның мазмұны жалпы қоғамдық сипатты дүниелерден өріс табады. Адамзатқа тән сол бір жалғыздықтың үнін ести алған жан ғана ақын жанын үғына алады. Ұсақталған, даралығын жоғалтқан қоғам соңында лирикалық поэзия тіліндегі жалғыздықпен тіл табысады. Басқа тұрғыдан айтқанда тілдің байланыс мүмкіндігі жеке тұлғаның мүмкіндігіне жақындағанда ғана күшейеді. Сондықтан өнер туындысының бойында билік пен оның атқаруға тиісті міндетіне қарата қоғамдық сын айтатын тетік болады. Оның жалпылық ақиқат пен ортақ түсігіктерді ғана ширырлап, нысанадан алшақтап кетуіне болмайды. Бұл жердегі ойлаудың сипаты таза сыртқы ортаны ғана бейнелеу немесе өнердің  ауанынан шықпай қою, дегенді білдірмейді. Қайта тілдің өз табиғатына сай болуды алға тартады. Тілдің ең ұсақ бөлшегі – ұғым, оны тіке-бірден түсініп-білу мүмкін емес нәрсе. Эстетикалық болмысы бар дүниені түсіну үшін алдымен ол (ұғым) туралы ойлану, ой қорту керек. Ойлану ой тудырады.  Осы барыс поэзия тіліне сіңгенде өлең болмысы өзін табады. 

Жұрт лирикалық поэзия мен қоғамның болмысы қарама-қарсы, деп қарайды. Поэзияның бұл түрі таза жеке тұлғаға, деп біледі. Лирикалық поэзия қоғамдық қайнаған қайшықтардан ат басын ала қашады, қарғап-ісілеумен, аһ ұрумен, қала берді өзіне ғана тән тар шеңберінің ішінде бұлқынумен ғана шектеледі, деп түсінеді. Шындығында лирикалық поэзияның тілі қоғамдық сипаты бар тіл. Бірақ, қоғамның біз білетін ашық тұстары – адамдар ара қайшылықтар, қайырымсыздықтар, қатгездік, өшпенділік, содан туындаған түрлі қараңғылық сипатындағы керенау факторлар лирикалық поэзияда жасырынып қалады. Жоғарыдағыдай жағдай қоғамда қаншалықты ашық, анық көрініс берсе, лирикалық поэзия оны сол күйінде бейнелеуден соншалықты қашқалақай түседі. Ол қоғамның емеурінімен еркімен емес, қайта өз болмысымен жауап қайтаруға мүдделі. Лирикалық поэзия мен қоғамдық шындықтың арасының алыс-жақындығын өлшейтін өлшем көркемдікте. Қоғамдық қарсылық тұрғысынан айтқанда лирикалық поэзия үйреншікті түсініктен басқаша қиял ұсына алу ерекелішімен көзге түседі. Лирикалық поэзияның мұндай сипатты қарсылығын адам баласының рухсыздануға қарсы жасаған қарымтасы, деп түсіну керек.              

...

Дайындаған А.Н.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты