H.Pinter. Кейде шынайы дүние жалғандықта болуы мүмкін…

4d9743c726c6379cb07a127d58f878fc.jpg (930×558)

Аристотель университетінің құрмет өрденіне ие болу мен үшін мақтаныш, менің Грецияға деген махаббатым терең, Гретция халқына деген құрметім шексіз.

 ...

Бірнеше күннің алдында мен өзімнің 1958 жылы мəлім бір театр журналына жазған хатымды тауып алдым. Онда мынадай бірнеше ауыз сөз бар екен: «шынайы дүние мен шынайы емес дүниенің арасында айқын айырмашылық болмайды, өтірік пен шындықтың арасы да сондай. Кейде шынайы дүние жалған дүниеде болуы мүмкін» деппін.

 Меніңше, осында айтылған сөздің жаны бар, бұны өнер арқылы өмірге үңілудегі тəсіл етіп пайдалануға да болады. Сондықтан да мен шығармашылықта оны бағыт етіп ұстанып келемін; дегенмен азамат ретінде өмірде олай етуге болмайды. Қайта азамат ретінде ненің шындық, ненің жалған екенінің басын ашып алуымыз керек.

 ...

Əскери қуат пен «нарық күшінің» арасында қандай байланыс болады? Бұған АҚШ анық жауап беріп отыр — олар бұл жағынан ауыз жапқан емес — оларша болғанда экономикалық, стратегиялық мүдде қашанда қару арқылы қорғалуға тиіс, бұған бола обал-сауап дегенді де ойлап жатпасақ та болады екен. Ал Англия үкіметі болса, бұған қол шапалақтап, АҚШ–тың шашбауын көтергеніне мəз болуда. Біздің үкіметтің ардан безген бұл қылығы менің жүрегімді айнытады...

 АҚШ –тықтар қашанда ауыздарын «біз мəдениеттің құнын түсінеміз» деп ашып, «біз адамдық құқықты дəріптейміз» деп жабады.  Президент Б.Клинтон былтыр күзде: «біз АҚШ –тықтар дүниеге бостандық сыйладық» деп соқты. Олар бұндай сөздерді қалпын құрғатпай пайдаланып жатыр. «Этикалық тұрғыдан қарап тұра алмаймыз», «адамдық құқықты қорғау үшін араласамыз» деп жар салады. Ол дегендері баяғы мəселені қаруға сүйеніп шешеміз; өтірікті үйіп төге береміз; бомбаларды ойымызға келгенше тастаймыз; адамды қыра береміз; миллиондаған бейкүнə халықты оққа байлап, қаңғыртып жібереміз деген сөз. Олардың түсінігіндегі бостандықтың мəні міне осы екен...

 Мен жəне мен сияқты көптеген адамдар бүгінгі адамзат ядролық қатердің үстінде отыр деп біледі. Бұл қатерді АҚШ –тықтар атапалған əлгі «содыр» ел туындатып отырған жоқ, қайта сол АҚШ –тың өзі туындатып отыр.

 Біз — адамзат — тісінен тырнағына дейін қаруланған қанқұйлы қатігез жүйенің уысына түсіп барамыз. Біз осы тажал жүйенің бет-пердесін ерте сыпырып, оған тосқауыл қоюға бір кісідей жұмылуға тиіспіз.

 

Аударған А.Н.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты