Kenzaburo Oe. Мен де Оскарға ұқсайтын едім

05e2eb4b4a68ee4329306902c0f787d7.jpeg (2000×1394)

(1994 жылғы Нобель әдебиет сыйлығының иегері жапон жазушысы О.Кензабуроның неміс жазушысы Г.Грасқа (1999 жылғы Нобель сыйлығының иегері) жазған жауап хаты)

 

Құрметті Г.Грас мырза:

 

Біздің ел соғыстан жеңілген кезде, мен он жаста едім, сіз сияқты бала әскер болып алдыңғы шепке бара алған жоқпын, қайта, Жапон аралдарының бірінде, орманмен бүркелген таулы қыстақта радиодан соғыста жеңілгеніміз туралы хабар естідім. Радиода сөйлеп тұрған “Көктәңірі” — шексіз билігі бар патшамыз еді. Сонда, біз әлгі “Көктәңірінің” бірінші рет пенде болып сөйлегеніне куә болдық.

Сол күннен басталған, Жаңа конституцияға арқау болған демократиялық түзімнің негіздерінің салтанат құруы сондай-ақ балалық шағымның сол бір ақырғы мезгілі мен үшін өзгеше дәурен болып қалды.

Мен, біз сол демократиялану дәуірінен — біреулер сол тұсты өздерінше бұрмалап көрсету үшін оны “соғыстан кейінгі демократия” деп әдейлеп басқаша өң беріп атасып жүр; ал, мен бұл атаудың алдыңғысын өз еркіммен қабыл алам — көп нәрсе алуға тиіспіз, соны өзіміздің күнделікті өміріміздің маңызды бір бөлегіне айналдырып, сол түсінікті жеке мен қоғамның ісін парықтауға, дүниенің, өткені мен бүгінінің болмысын парақтауға сондайақ келешекті бетке ұстауда пайдалануымыз керек деп ойлаймын.

Енді бір тұрғыдан айтқанда, сіздің хатыңыз менің тасадағы әлдебір қыстыққан естемелерімді көмескіден көрнеуге шығарды. Ол естеліктер бір-біріне мүлде қайшы сезімдерден тұрады — оның бірін “Көктәңірінің” адал жауынгері ретінде алғы шепке аттанып, ерлікпен құрбан беру және содан туындайтын қорқыныш еді; енді бірі көп өтпей азамат боламын, жаңа өмірге құлаш ұрамын деген өзгеше бір үміт дүниесі еді. “Қасиетті соғысқа” аттануға асығып, жан беруге орай таппай аласұртқан алдыңғы сезім мені сонда пара-пара етіп жыртып тастағандай болған. Содан да одақтас армияның жеңіл көліктері орман арасындағы жолдан көрінгенде, мен: көп өтпей жаңа соғыс бұрық ете түседі, біздің қосын орманның қай түкпірінде осындай сәтті күтіп жатыр екен дегендей үмітті қиялдың алданышына бір кісідей сенгенмін.

Бірақ, біздің ел басып алушыларға әлгіндей қарсылық танытқан жоқ. Бүгінде біреулер жас ұрпақты: сонда біз жауға амалсыздан бас игенбіз, олар көрсеткен демократия жолын да амалсыздан қабыл алғанбыз – дегенмен сендіргісі келеді. Бұған менің айтарым ол кезде қаруланып қарсылық көрсетуді былай қойғанда, тіпті наразылық деген де атымен болған емес. Бұған қосып айтарымыз, соғыс қылмысының жазасын тартудан қорқып, жағдайға бейімделіп, өздерінше жаңа жобалар ұсынып ақ тері көктері болған біздің жоғары жақтағылардың қай-қайсысының тірлігі де басып алушылардың ойынан алыс кетпейтін. Десе де, олар көтерген демократиялану жолы өзгелердің таяузамандағы белсенді демократиясының негіздерінен қалыс қалған жарамсыз дүниелер еді.

Біздің аға ұрпақ қан кешкен соғысты бастан өткеріп, ядролық соққыдан күйреген Хиросима мен Нагасакиді көзімен көріп, Токио сияқты қалалардың жермен жексем болуына куә болғанымен, осы қырғыншылықтың туылу себебін — таяу заман тарихымызда жіберген үлкен қателіктерімізді сарапқа салып, одан лайықты сабақ алған жоқ, есесіне зорлық пен амалсыздық астында ғана қабыл алғандай — Бірлескен Ұлттар Ұйымы дайындаған заң жобасын қабыл алып тынды. Бұндай “зорлық пен амалсыздық” кейін өз атбасымызды өзіміз алып жүрген күндерде де жалғасын тапты, соғыстан кейінгі елу жыл бойында біздің сыртқы саясатымыз міне осы үлгімен жасақталып келді. Бұны масқаралық демей болмас.

Өспірім кезімде, үлкендердің есімнен шығып кеткен кейбір басқаша түсіндіруі болмаса, жаңа заң негізінде келген демократияланудың ауыл-қыстақтың бетбейнесін өзгерте бастағанын, ондағы оқу-ағарту ісінің де жаңалыққа бет бұрғанын сезуші едім. Сонда демократиялану деген осы бір көзге көрінбейтін жіп біздің ауылды алыстағы Токиомен сол сияқты елдің барлық тыныс-тіршілігімен жалғап тұрғандай сезілетін.

Біздің отбасы замандар бойында таулы өңірге тамыр тартқан, отбасылық тәрбиені негіз еткен шаңырақ болды. Мен сияқты ауылдан кетіп Токиоға бару дегенің ол кезде ересен үлкен оқиға болып есептелетін. Токиода мен Француз әдебиетін оқыдым, кейін шығармашылықпен айналыса бастадым. Балалық шағымдағы “көктәңірінің” алғаш адамша сөйлегенін естіген сол күннен, алғашқы әңгімем жарыққа шыққанға дейін арада аттай жылжып он екі көктем өте шықты.

Осы жылдарда, мен Жапон армиясының Қытайды қамтыған Азия елдерінің басына орнатқан қара түнек тарихын бірте-бірте түсініп жеттім. Бұған Корея әйелдерін зорлықпен жыныстық құл етіп ұстау мәселесі мен нәсілдік кемсіту жағдайларын қосыңыз. Бұл сұмдықтың тасасында осы елді жұтып қою тарихы тұр. Бүгін де Жапонияның Азия елдеріне жасаған бұл істері оның таяу заманда бойұрған мәдениеттік бағытымен тығыз қатысы бар екені анық болып отыр.

Сонымен қатар ол менің Хиросима мен Нагасакидегі қырғыншылық туралы танымымның да тереңдей түскен кезі болды. Жапонияның кешегі өткізген қылмыстарын ұмыта алмайтынымыз сияқты, бұны да естен шығармауға тиіспіз. Ядролық жарылыстан мүгедек болып қалғандар мен сәуленің кері әсері себебінен ұл-қыздарымыздың генінен зақымдалуы бұл мәселенің біз үшін мәңгілік өзекті болып қала беретінін көрсетеді. Оның үстіне, біздің осы тартқан азабымыз бүгінде ядролық қарудың қажет екенінің дәлелі ретінде де тартылатын болып отыр.

Егер сіздің сөзіңізбен айтсақ “өмір сүрудің талабын қанағаттандырамыз” десек, әу баста алдымыздан шыққан осы демократиялану берген “өмір сүру мүмкіндігін” қолдан әсте шығарып алмауымыз керек екен. Ол кезде “төбемнің суы кеппеген” жас болсам да — толқынына алып кеткен жазушылық ізденіс, сондай-ақ тағдырмен, дәуірмен арпалыс — мені көп нәрсені именбей көтеруге итермелеген тәрізді.

Жастық шағым туралы ойласам болды, сондағы өз бейнемнен сіз жазған «Темір барабан» романындағы Оскарды көргендей боламын. Оскар — мәңгілік балалық шақта қалғысы келген еді ғой; жаны да тәні де жараланған, одан сауықпайтынын да жақсы білетін; қасіретті елімен бірге сезінген ол көп сұрағына жауап таба алмай дағдаратын еді ғой, содан айғайына басатын .

Хиросимадағы қырғыншылықта жапа шеккен адамдардың аянышты тағдыры мен аяққа тапталған болмысын танып жеткен шағым, менің де әдебиетке келген шағым болды. Сол тұста мен өмірге тума кемтар болып келген тұңғыш нәрестемді де қарсы алған едім. Сәби туа салғанда тек құстың сайраған үніне ғана назар аударатын, арада отыз жыл өткен бүгін де, балам бізбен тек музыка арқылы ғана тілдеседі. Ұлыммен өткізген осы бір өмірімді ойласам болды жандүниемде жасаған Оскардың мәңгілік менде қалып қойғанын сеземін.

Г.Грас мырза, егер біздің елдің қазіргі саяси жағдайын түсіндіруге бір символ қажет болса, мен оны мемлекеттік кеңес соғыстың елу жылдығы қарсаңында “соғыстан бас тарту” қарарын өткізе алатын, өткізе алмайтынынан байқауымызға болады деген ойдамын. Бұл қадам біздің өткендегі шапқыншылық соғыстан қаншалық сабақ алып, ендігі дүниенің бейбітшілігін қалай қорғайтынымызға берген жауабымыз болмақ.

Бүгін де, біздің елдің үкіметін социялистер басқарып отырғандай көрінеді, олар сондай бір тепе-теңдік сақтауға тырысуда, шындығына келсек, бәрін социялистердің тасасында отырған өзгелер меңгеріп отыр. Сондықтан да жоғарыдағы қарарды қазіргі үкімет жасап ұсынғанымен, оның біреулерге жақпауы өзінен өзі түсінікті жағдай.

Газеттердің жазуына қарағанда, қарсы тұрушылардың пікірінше, егер қарар бекітіліп кетсе, ол біз енді бет келгелі отырған “әйелдерді жыныстық құлдықта ұстау” сынды ұрымтал мәселелерді халықаралық деңгейде талқылағанымызда айналып өзімізге сойыл болып тиеді екен-мыс. Сонда бұл дегенің жекенің тұрғысынан да, мемлекеттің тұрғысынан да ақиқатты айтудың қажеті жоқ, оның орнына бұрынғысындай қателесіп жүре берейік дегендік қой.

Енді біреулердің айтысынша, егер әлгі соғысты шапқыншылық соғыс деп мойындайтын болсақ, онымыз өлген сарбаздардың рухына жасаған қиянатымыз болады екен. Мәселенің тетігі міне осында. Түбін қуып келсек, соғыстың нағыз кесапатын тартқан майданда қалған сол сарбаздар. Соғыстың ол құрбандарын естен шығармауға тиіспіз, десе де, соған бола соғысты тудырған мемлекеттік жүйенің ақ-қарасын айырмай қоя салуымызға бола ма?

Біздің елде мынадай бір оқиға болды: христан дініне сенетін бір әйел өзінің оқыс жағдайда көз жұмған күйеуін Ел үшін еңірегендер жатқан зиратқа апарып қойғанына өз қарсылығын білдіріп, үкіметті сотқа берді. Әйелдің талабы жоғарғы сотта жеңіліс тапты. Бірақ, осы оқиға талайымызды сілкіп кетті, себебі осы кісінің талабы құлағымыздың түбінде жаңғырып тұр — ол мемлекеттен мемлекеттің ғана пайдасын көздеген өлілердің тізімдігінен өз күйеуін қайтаруды батыл талап етіп отыр!

Осы тілек мүмкін діни наным-сенімнің көлемінен аттап шығып қырғын соғыста өлген сол адамдардың ортақ тілегіне айналар. Ол кезде соғысты майпаздағысы келетін әлгі топтың тірлігі табан тіреп тұра алмас. Себебі, олар мемлекеттің жүзін ағартқанның орнына баттастырып күйе жағып жатпай ма.

О.Кензабуро

1995 жылы, 2 мамыр

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты