Біз ақыл-естен жұрдай болған елде өмір сүрдік

0ad171190f7780904b72833fb1b9bc18.jpg (700×785)

(Надежда Мандельштамның ақын О.Мандельштам туралы эссесінен үзінді)

 

Біз жасап жатқан дүниеде, көптеген нəрсенің басы ашылған емес, соның ішінде поэзия да бар. Сен поэзияға анықтама беремін, деп қалай жанталассаң да, бəрібір оған анықтама бере алмайсың, тіпті келешекте де оған жарытымды анықтама бола қоймас. Соған ұқсас ненің жақсы өлең, ненің татымсыз айғай өлең екеніне де бір кесім жоқ. Бұл жағынан поэзияны қастер тұтатындардың қылығы ат бəйгесіне ақша тіккен құмарпаздарға ұқсайды: олар кейде мына атқа үміт артса, кейде ана атқа көңіл аударады. Бірақ поэзияны жақсы көретіндердің құмарпаздарға бір ұқсамайтын жері — олар өз аттарының қайсысының алдымен келгенін бəрі бір көре алмай кетеді. Кейде, бұның бəріне уақыт төреші болады деп жататынымыз бар. Дегенмен уақыттың да қателесетін, көпірген өтіріктің шаңы астында ұзақ қалып қоятын кезі болады... Дегенмен бүгінде уақыт толқыны екшеп, төрт адамды көмескіден көрнеуге шығарды. Ол төрт ақын: Ахматова, Пастернак, Цветаева жəне Мандельштам. Бұлар мəңгілік болып қала ма?... Білмеймін. Бүгінде жұрт Пушкинді де оқмайды ғой...

Ахматова туралы, оның бойындағы қасиеттер туралы айтқанда, оның ғасырдың алғашқы он-жиырма жылдығында өзінің поэзия майданында қол жеткізген жетістігін бағалай бермейтінін айта кеткеніміз жөн сияқты. Оның: “ондай істер болып тұрады, ол еш нəрсені түсіндірмейді” -дейтіні бар. Мандельштам келер күнге бас қатырып жатпайтын, ол көз алдындағы істермен ғана айналысуды ұнататын. Солай істеуге тиіс те еді. Меніңше, Цветаевада да сондай қасиет болған... Пастернак өзіне бір өлшем жаратуға ұмтылатын. Бір жолы, ол маған өзіне салыстырғанда, “Ахматова мен Мандельштам өздерін жақсы жағынан көрсете алды” –деген еді. Ол Мендельштамның көзі тірі кезі болатын, мен Пастернактың сөзін оған айттым. Мандельштам оған күліп қойды да: “ол Пастернактың жəй айта салған сөзі ғой, шындығында ол басқаша ойламайды — мүмкін, жұрт райын баққаны шығар” –деді... Ахматованың да өзіне ыңғайлаған сөз алысы бар еді, айталық ол “ұқсастай көз сүріндіреді екен...” дегендей сөздерді көп қолданатын. Тіпті ұлы ақындардың өзі де поэзия туралы анық бір қортынды жасай алған емес. Гете “көп айтқанымен” бəрібір поэзияны “мынау” деп айта алған жоқ. Поэзия туралы тек жекелеген ақындарға соққанда ғана бірдемеге ие бола аласың. Бұл менің өмірден түйген жеке қортындым. Мүмкін əйел ретінде, ақынның жары ретінде мен басқаларға қарағанда көбірек қателесетін де шығармын. Дегенмен, əдебиетті өз меншігіне айналдырып алған сот сияқты қолында билігі бар адамдар əйелдер мен мен сияқты ақынның жарына қарағанда көбірек қетелеседі, олар жіберген қателіктер тіпті кеселді болады. Мен əлгіндей адамдардың, өтіріктің қолымен тұрғызылған сансыздаған жалған “ұлы тұлғаларды” білемін, бірақ бүгінде олардың бір де бірі орнында қалған жоқ. Соған қарағанда əлгіндей əдебиеттің тізгін-шылбырын ұстаған адамдарға салыстырғанда, біздер — жарының, досының, сүйген жанының талантына сенген бейшара əйелдер дұрыс сөз айтатын сияқтымыз...

Дегенмен, Мандельштамды символистер толықтай мойындап кеткен емес, бұны Ахматова естеліктерінде жазды, мен ол жайді де өз көзіммен көрдім. Олар Мандельштамға үйірімен қарсы бағытта жұмыс істейтін (тек Блоктың сипай қамшылап, естеліктерінде “еврей сайтан”, “актер” деп жазғаны бар). Алда шабарларда Мандельштамды ұната бермейтін. Акселевтың демі үзілер шақта да Мандельштамды аузынан тастамай боқтап жатқанын білеміз. 1932 жылы «Əдебиет газетінің» редакциясы Мандельштам шығармашылығы туралы поэзия кешін ұйымдастырды, соңынан ондағы материалдар газеттерде басылды — сол кездің өзінде жасырын басылымдар шыға бастаған еді, бірақ, шағын көлемде таралатын — осы материалдар ұзақ жылдар бойында жұрт назарында қалды. Сол кеште символистердің Мендельштам туралы түрлі-түсті сөз сөйлегені бар . . . Бүгінде солардың көбі əуелгі ойларынан қайта бастаған сыңайлы, бірақ, мен олардың айтқандарында тұрып, Мандельштамды баяғысындай жек көре беруін тілеймін.

Өмірінің соңғы мезгілінде Мандельштам айналасындағылардың сұмдығына төзе алмай, қарсы шабатын болды, ол Треневке жазған хатында: “шерік ғасырдай уақыт өтіп кетіпті, мен болсам жоқтан өзге ұсақ-түйек іспен айналысып жүріп орыс поэзиясының ортасынан бір-ақ шығыппын. Дегенмен, көп өтпей мен осы поэзияның айрылмас бір бөлегіне айналамын жəне оған өзімше өзгеріс те əкелемін” –деп жазды. Мен бұл хаттың Треневтың мұрасының ішінде бар-жоғын білмеймін. Оның өзі немесе əйелі мен қызы бұл “хауіпті хатты” қорқыныштан өртеп жіберсе, мен оған еш таң қалмаймын. Кезінде Мандельштам осы хатты жолдардан бұрын Наташа Стенфел бір көшіремсін өзіне сақтап қалған екен. Бұл хат осылайша менің қолыма түсті. Тренев қайтарып хат жазған жоқ. Оны хат жазбадың деп кіналаудың да орыны жоқ — ол сондай заман еді ғой. Бүгінде Мандельштамның баспагерлері оған жазылған хаттардың бəрі менің атыма келгеніне таң қалады. Бұл да еркімізден тыс еді. Бүгінгі жұрт ойлап жетпеуі мүмкін, бірақ, біз сондай ортада өмір сүрдік... Біз шексіз-шетсіз үлкен, онымен қоймай ақыл-естен жұрдай болған елде өмір кештік. Треневке жазған хатынан біз Мандельштамның поэзияның бойындағы əділеттілік дегенге жасаған түсінігіне куə боламыз. Мандельштам жас кезінде осы қасиеттің баулуында өмір сүрді. Бойында мұндай қасиеті бар ақындар мақтау мен даттауға онша көп мəн бере бермейді, қайта олар үшін поэзия өмірге өтейтін борыш сияқты. Мандельштам “өзі” үшін өмір сүретін, өзінікін өзгеге зорлап таңбайтын, ол: “қажет болса, өздері тауып алады!” –деуші еді.

Ақынға “мойындадым, сен ақынсың!” деген сөздің қежеті жоқ, себебі оған қажеті “өзіндей оқырман”. Ал, мұндай оқырман көп кездесе бермейді. Нағыз ақындар ақындық мəртебеге — орындыққа таласпайды, таласатындар ақын емес, оқырман.

Аударған Гулнар Ақан

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты