Ardakh Nurgaz. Орталық Азияға тән поэзияның шешілмейтін шиесі

7020f3ec268a0f75c0e6a199c4f8b49f.jpg (900×578)

I

Сөздің тәртібі, танымның тәртібі және болмыстың тәртібі бар. Жақсы өлең деген осы үш тәртіптің құрсауынан шығып, өз тәртібін орнату. Кеңес әдебиетінің мұрасы сөздегі жатталықтың, тәртіптің тамаша мысалына жатады. Одан танымдағы жаттандылықтың, тәртіптің де шет жағасы көрінеді. Бірақ, қазақ поэзиясы үшін бұлар үлкен кедергі емес. Үлкен кедергі болмыстың тәртібіне көз жүгіртуде.

Біздің әдеби мұрамыздың дені материалистік танымның екшеуінен шыққан, әуелгі болмысынан үлкен деңгейде ауытқыған мәтіндер. Асанқайғының шығармасын айталық, бізге 20 ғасырдың адамы жазған дүние сияқты оқылады. Бұл XV ғасырда туған мәтінді XX ғасырда біреулер қайта жазды, деген сөз. Ол түпнұсқаның табиғатын сақтаған болса, біз оны оқығанда біраз дүниеден тосылып барып, өтуге тиіс едік.

Бұл жерде екі нәрсе анық. Бірі, әлгі жасанды мәтін бізді арғы әдеби дәстүрімізбен, дәстүрлік ойлау ерекшелігімізбен арадағы байланысты үзіп тастап тұр. Екіншісі, бізге жалаң материалистік ойлау дағдысын дәстүрдің атымен тықпалап, сіңіруге бар. Және бұған біз шын сеніп келдік.

Одан қалды бүгінге дейін қазақ поэзиясының дәстүрі ретінде қабылданып келген Орталық Азияның орта ғасырлық түркі-парысы-исламдық (V-XV ғасыр) поэзияға қатысты мәселе бар. Аударманың әлсіздігі (орыс тілі мен кеңестік әдебиеттің өлшем-бірлігіне қатысты түсінік бойынша әзірленген мәтіндер ғой) өз алдына, бұл шығармаларда исламдық ағартушылық-ақылмандық таным басым. Басқаша айтқанда себеп емес, салдар көбірек сөз болады. Болмыстың тәртібін емес, қайта соған иек артуды, түпкі мән туралы ой қортуды емес, содан туындаған құндылықты шартсыз қабылдау жағына басымдық береді. Бұл поэзияның парасат сәулесінен гөрі ақылдық жағын насиқаттау деген сөз. Мұны да теориялық тұрғыда идеологиялық әдебиетке жатқызуға болады. 20-шы ғасырдың басында қазақ ақындарының бірден кеңестік идеологиялық әдебиеттің кемесіне оңай ғана қарғып шыға салғанының да бір себебі осында. Оларда мәндік жақындастық бар. Тек тұрғысын өзгертсе ғана мәселе шешіліп жатыр. Қасаң қағида осылай орнықты. 

Қазақ поэзиясында бұл дәстүр тәуелсіздіктен кейін де жалғасты. Тәуелсіздік келген тұста, кеңестік әдебиеттің құрсауы қақыраған кезеңде қазақ поэзиясында өткенмен өмір сүруге болмайтынын, кеңестік жаттандылықтан кетіп, басқа жол іздеу керек екенін ақындар сезінді. Арада отыз жыл өткенде көріп отырғанымыз, бұл салада ауыз толтырып айтылатын Темірхан Медетбектің «Көктүріктер сарыны» поэмасы екен. Кеңестік қалыптан шыққан Т.Медетбек жоғарыда атап өткеніміздей көп нәрсесін өзгерген жоқ. Айталық, сөз қолданудағы талғамы тұрғысынан реализмдік стил сол күйінде қалды. Бары тек тұрғысын ғана өзгерткен. Кешегі кеңестік идеологияны ұлттық сипаттағы жаңа идеологияға ауыстырды. Орхон-Енесей ескерткішіндегі Білге қаған, Тонихок мәңгі тастарындағы жыр жолдарының сарынын осы заманғы тілмен қайталады. Бұл шығарманы жаңа туынды дегеннен гөрі ескіні жаңғырту, деген дұрысырақ болар еді. Жырауға емес жыршылық, еліктеушілік сипатындағы бұл үрдіс кейінгі буын ақындарда да жиі байқалады. Негізі саясатқа, идеологияға құрылған (діни насиқаттық, ұлттық негізді саяси сипатта нәсиқатайтын мәтіндер) ақылгөй шығармалардың әдебиеттік құндылығы көбінде жоғары болмайлы. Міне, кеңестік қалыптан шыққан Орталық Азияға тән поэзияның алдында тұрған шешуге тиісті үлкен мәселе осы арада басталады. Бұл орыс әдебиеті арқылы бізге сіңген логосизмнің айықпас сырқаты. Бұл қақпаннан шығу оңай емес. Поэзия туралы танымды толық жаңартпай, биік поэзияны былай қозғағанда, жөні түзу өлең жазудың өзі тіпті күмәнді нәрсе.

II

XX ғасырда батыстың белгілі философтарының біразы поэзиялық мәтінге ерекше назар аударды. Сонау Грекия дәуірінен басталған батыс философиясының негізі ақылға табан тірегенін білеміз. Ақылдың шегі барын білсе де, адам санасының шегінен тыс та дүние барын аңғарса да батыс философтары тылсымдіктен бас тарта отырып дүниенің болмысына көз жеткізуге талпынды. Осы талпыныстың соңғы ізденісі бүгінгі философтардың еңбегі. Олар ақылдан жоғары тұратын рухтың барын, оны басқа емес, поэзиялық мәтін негізінде сезінуге болатынын ескертеді.  

Поэзия сынында тылсымдыктен сақ болуы тиіс. Бірақ, поэзяияның тылсымдікпен қатысы барын анық. Бір адым артқа шегініп барып ойлансаң, ой елегінен өткізсең, поэзияның тарихы рухани болмыстан матриалдық болмысқа қарай құлдырау тарихы екенін байқайсың. Алайда, поэзия болады екен, ол материяға қаншалық жақындағанымен бәрібір өзінің түпкі болмысына тән дүниелерді сақтап қалмай тұрмайды. Сөздің тәртібі ақындық аңмен, аурамен тікелей қатысы бар. Ақындар ішкі рухани әлемді, тәртіпті көре алатын жандар. Таланытты ақындар сөз қолданғанда ақылдан жоғары, поэзияның өзіне ғана тән аурасы кеңістігінде қолданады. Ерекше ақындық таланыттың бір көрінісі осындайда байқалатыны бар. Философтарды қызықтыратын да поэзиядағы осындай сөздердің астарында жатқан ақындық болмыс пен тілдің қатынасы, одан ары сөзге жасырынған рухтың болмысы.     

Айталық М.Жұмабаевтың «Мені де, өлім әлдие» өлеңінде, «әлдиле» сөзін ұқсас мағынасы бар «тербет» сөзімен ауыстыра алмайсың. М.Мақатаевтың «Моцарт. «Жан азасындағы»» «бір жақынын жоғалтқан» деген тармақтағы «жоғалтқан» деген сөзді мәтіндегі нақты мағынасы «өлген» деген сөзге ауыстыруға болмайды. Екі ақын да өлеңде осы сөзддерді тылсымдік деңгейінде қолданған.

Дегенмен, екі ақында сөз қолдануда айқын ерекшелік бар. Байқап отырсаң, екеуі де өлім туралы айтады. М.Жұмабаев өлімді тіке ауызға алған. Оны жатырқамайды, жатсынбайды. Мұнда ақынның дүниетанымы тұр. Ол бойынша өлім сырлы, жұмбақ, адам баласы түсініп болмайтын, басқаша айтқанда санадан, таным аясынан тысқары қасиеті бар дүние. Ақын сол үшін оған қызығады, соның шеңберіне, кеңістігіне кіргісі келеді. Бұл түсініктің бір бұтағы «өлімді аяқталу емес», дейтін ұғыммен де байланысады. Мұндағы «өлімді» ақын рухтың бір белгісі ретінде, тылсым күш ретінде қарастырған. Оны өзінен тыс немесе өзіне қарсы (айталық біржола жоғалу-өлу) ұғым ретінде қарамайды. Бұл қазақтың арғы дәстүрлік дүниетанымымен байланысты. Осы арада біз М.Жұмабаевтың өзіне дейінгі ақындардан бір белес биік тұрғысына да көз жеткіземіз. Бұрынғы кітаби ақындар сөз осы араға келгенде қалай да исламдық түсінікті алып шығар еді. Бірақ, М.Жұмабаев оның орнына адамзаттың XX ғасырға тән модернистік танымына сай ортаға шығады. Өлім тақырыбын ол исламдық-теорияланған түсінікпен емес, таза ақындық рухани болмыспен – түйсігі негізінде түйіндейді. Өлеңнің әрбір шумағы аяқтағанда ақын «Мені де, өлім әлдие» деп қайталаған. Бұл қайталаудан біз әлгіндегі «әлдиле» сөзінің бойына жасырынған құдіреттің бүкіл өлеңнің бойына тарап, біртұтас мәтін деңгейіне көтерілген болмысқа куә боламыз. М.Жұмабаев аталған шығармасында поэзияның рухани болмыспен үндестігін қайталанбас бік деңгейде берген.      

 М.Мақатаев болса, өлімді тіке атамайды. Оны басқа бір сөзбен меңзейді. Бұл ақынның өлімді өзінен алыс қойып, бөлек, басқа дүние ретінде қарайтынын білдіреді. Онда және өлімді аяқталу, біржола жоғалу, дегенге саятын түсінік те қылаңдайды. М.Мақатаевтың санасында өлімді қорқынышты дүние ретінде қарау бар. Оны (өлімді) рухани (өлмейтін-өшпейтін) күйден гөрі заттық дүние (материяның уақыт шегі бар, бірте-бірте тозып, өзін жоғалтуы оның қасиеті) ретінде қарастыру басым. Бұл таза адамның өзін (негізі тәнді, материяны) негіз ететін материалистік дүниетанымның тікелей көрінісі. Адамның, оның сөзінің рухтан заттық болмысқа ауысуының белгісі.   

Жоғарыда «Поэзияның тарихы рухани болмыстан материалдық болмысқа қарай құлдырау тарихы екенін байқайсың» деген едім. Екі ақын шығармашылығынан соған көз жеткізесің. М.Жұмабаев пен М.Мақатаевтың аталған өлеңдері өткен ғасырдағы қазақ поэзиясының жалпы барысын айғақтайды. Негізі ақын сөзді қалай сезінсе солай оған жан, әр береді. Бұл күйді біз «сөздің рухтануы» деп атасақ та болады. М.Жұмабаев дәуірінде арғы дәстүрмен жалғасқан сырлы рухпен суарылған сөз М.Мақатаев дәуірінде одан айрылған. Қазақ сөзінің түпкі рухани болмысы жоғалып, біртіндеп заттық (қоғамдық-саяси, тарихи негізде ғана қолданылатын) негізге ауысқаны байқалады. Қазақ поэзиясының  тәуелсіздіктен кейін тарихи-әлеуметтік, саяси дидактикалық-насиқаттық деңгейден көтеріле алмауының себебі де осында жатыр.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты