Жеңісхан Мұқатай. Өлеңге айналған тарих

4a5033f0d5377ce2592677124b9feb9a.jpg (700×466) 

Əлемдік қаламгер, характрлі ақынымыз Омарғазы Айтанұлының 1961 жылы жазған «Қолғапсыз қол» дейтін тамаша лирикасы бар.

Өлеңдегі «пластмасса» деген орыс сөзі «пласмасса» деп қате жазылғаны болмаса өлең өт сəтті шыққан. Өлеңде əйтеуір бір нəрсеге өкпелеу бар. Өкпелеу болғанда да жанұяға, ағайын-туысқа, көрші-қолаңға ренжіген əншейін өкпелеу емес. Лирикалық кейіпкер «мен»: «маған енді қолғабыңның керегі жоқ, тігіп бергеніңмен де кимеймін», — деп безеп болады. Өлеңдегі бізді қызықтыратын жұмбақ та дəл сол «өкпелеу». Тарихта Ақсақ темір хан хақында мынадай бір хикметті аңыз бар: ол Орталық Азияға үстемдік жүргізген кезінде, бір күні, дүйім жұртқа — кім менің суретімді келістіріп сала алса, соған мол сый көрсетемін, - деп жарлық шашқан екен. Бағын сынамаққа бір суретші келіп: —тақсыр, шекті күнге мұрсат берсеңіз, суретіңізді келістіріп салар едім, - депті. Ақсақ Темір хан мақұл көріп ықыласын білдіріпті. Суретші уəделі күні суретін алып ордаға келеді. Ақсақ Темір суретті көре салып от алып қопаға түсіп, нөкерлеріне табанда суретшінің тілін кесіп алуды бұйырады. Əсілі суретші шындықты бұрмалап, оны қыр мұрын, қызыл шырай, қиылған қас, жазық маңдай, еңсегей бойлы етіп көрсетіп, жағымпаздыққа салынған екен. Осыдан кейін Ақсақ Темір өзіне уəде беріп, суретін салған тағы бір суретшінің үстінде басын кестіріп тасаған. Себебі, ол шындықты сызған, ханның бір аяғының кемтар, бір көзінің соқыр екенін суретте ашық бейнелеген. Ақсақ Темірді қаһарына мінгізген осы екі мəрте қанды оқиғадан соң, жəне бір суретші өзінің тəлейін сынауға шындап кірісіп, көп сыйлық алып марапатқа бөленген. Неге десеңіз, ол Ақсақ Темірдің қашып бара жатқан қалың аңға қарап, соқыр көзін қысып, ақсақ аяғын бүгіп, бір тізерлеп садақ тартып отырған суретін түсірген. Байқайсыздар ма, мына суретші «төстік те күймейтін, істік те күймейтін» тəсілді қолданып, айласын асырып кеткен. Бұл ғой əрине аңыз, десе де осы аңызда керемет үлкен шындық, таңғажайып сыр жатыр. Білген жанға «Қолғапсыз қол» лирикасында да осындай кесек шындық, шытырман сыр бар. Өлең жазылған 1961 жылдар, солақай саясат əдебиетке, өнер атаулыға дес бермей тұрған кездер еді. Сондықтан да ақын лирикалық кейіпкерін əдейі қолғапқа өкпелету арқылы басқа бір нəрсеге өкпелеткен тəрізді. Ол не сонда? Л.Х.Морган өзінің «Ерте заман қоғамы» атты еңбегінде адамзат тарихын тағылық дəуір, надандық дəуір жəне мəдениетті дəуір деп үшке бөлген. Өлеңдегі лирикалық кейіпкер қолғапқа адамзаттың сол мəдениетті дəуірінде, дəлірек айтқанда ғасырымыздың социялизм дəуірінде, адамзат ғарышқа тұңғыш ұшқан жылы өкпелетіп отыр ғой. Өкпелесе өкпелейтін де жөні бар. Басқа елдерден ғарішкер (Гагарин) шығып жатқанда, өзі ғұмыр кешіп отырған «дүниедегі ең мəдениетті елдің» (қытайдың) халқы ашаршылық азабын тартып, «қолғап» кие алмай жүрсе өкпелемей қайтсін?! Қолғап демекші, Жау Шулидің (қытай жазушысы) «Қолғап тұрмайтын қол» дейтін бір əңгімесі болушы еді. Автор шығармада қарапайым Қытай диқанының образын жаратып, харектерін ашып беруге ұмтылған, қолғапта пəлендей бір керекке жарата алмаған: балалары Шин Бижиң қарияға бір қолғап сатып əпереді. Қолғап кюуге дағдыланбаған қария оны барған жерінде ылғи ұмытып тастап кетіп, артынан тауып алып жүреді. Ақыры «менің қолыма қолғап тоқтайтын емес», — деп келініне қайтарып беріп құтылады. Əңгіменің бар болған – біткені осы. Демек, екі қаламгердің екі шығармасында да қолғап бар. Біреуі — Омарғазының «қолғабы», біреуі — Жау Шулидің «қолғабы». Жау Шулидің кейіпкері қолғап кимейін деп жүрген жоқ, киейін – ақ деп жүр, бірақ сонысына жарай «аурудан əдет жаман» дегендей ұмытшақ, көмпіс. Осылайша, Жау Шули қолғаптан адамға өткенмен адамнан дəуірге өте алмай, сыртқы шындықты ғана шыжымдап, қолғапты қолғап күйінде қалтырады. Былайша айтқанда, қолғап автордың ырқына емес, автор қолғаптың ырқына бағынған. Ал Омарғазыда қолғап мүлде басқаша мəн алған. Ақын оны бүкілдей өз ырқына бойсұндырып, құдды Сүн Укұңның алтын таяғынша қолында ойнатады. Қолғапты ақындық дітті ойды жеткізудің символдық тəсілі ретінде алып, қолғаптан адамға, адамнан дəуірге, дəуірден қоғамға, қоғамнан тарихқа, тарихтан адамзатқа өтіп, Қытайдың ғана емес, күллі дүниенің ұланғайыр тарихындағы мəдениетсіздікті бір тарының қауызына — қолғапқа сидырған. «Менге», «мысықтың», «иттің» терісінен тігілген қолғабың да, «жібектен», «кендірден» тоқылған қолғабыңның да; тіпті «өзі білетін барлық заттан» тігілген, тоқылған қолғабының да мүлде қажеті жоқ, өйткені, оның көп нəрседен көңілі əбден суынып болған. Қолғап ол үшін кие алмай жүрген, қол жеткізе алмай жүрген киелі нəрсе. Сол қолғапты тек ол ғана емес, оның ата-бабалары да кие алмай кеткен... Адамзат«мысық» пен «иттің» терісінен пайдалана бастаған дəуірден тартып, «жібек» пен «кендірден» кездеме тоқуды білгенге дейін; кездеме тоқуды білгеннен тартып, «мен» өкпелегенге дейін солай болған. Иə, қаншалаған ғасыр өткен! өкпелесе өкпелейтін де, шамырқанса шамырқанып ұрттық көрсететін де жөні бар. Ең маңыздысы, ата-бабалары адамзат «мысық» пен «иттің» терісінен пайдалана бастағаннан бері қарай қолғап кие алмай келе жатқан «меннің» санасы оянып отыр ғой. Оны өкпелеуге, шамырқанып ұрттық көрсетуге итермелеп отырған да сол — ояну. Бейне заттың массасының оның басқа қасиеттерін түгелдей өзіне тəуелдеп алатыны сықылды, ояну — бұл өлеңнің массасы.

 Ояну — адамда болуға тиісті ең науан қасиеттердің бірі. Энгельстің сөзімен айтқанда «оянудың өзі өзгеше бір төңкеріс». Күні бүгінге дейін «идеяны азат етудің» дəріптеліп келе жатқаны да содан болса керек. «Мен» ата-бабаларына да, өзіне де бұйырмаған қолғапты тарк ете отырып, тарих атынан, халық атынан мынадай бір шырылдап жатқан шындықтың шетін шығарып, бізді селк еткізеді: қара сөзбен айтсақ «қолғапсыз – ақ осы жалаңаш қолыммен — өзімнің қос қолыммен талай-талай жұмысыңды тындырып, талайталай өнерді үйренгенмін. Қолғап бұйырмаған жалаңаш қолымның алақан табы — бедері талай-талай құрылыс пен тасқа шындықтың, табиғилықтың тірі куəсындай мөр болып, таңба болып басылған» – дейді. Өтірік деп айта аласыздар ма?! Жоқ, айта алмайсыздар. Байырғы Бабилонның, Римнің, Египеттің, Қытайдың мыңдаған құрлыстары мен сансыздаған əсемөнер бұйымдары мұның жанды айғағындай. Египеттің пирамидалары мен қытайдың ұзын қорғанын қарапайым, жанкешті еңбекші халықтың арын салып, қантерін төгіп жүріп, есепсіз бодаулар беріп жүріп, жалаңаш қолдарымен салып шыққанытарихтан мəлім. Иə, қолғапсыз қол — жалаңаш қол. Жалаңаш қол кең ұғым. Тарихтағы қылышынан қан тамған кейбір жауыз, сұрқия патшалардың, хандардың, уəзірлердің қайсысы бейуаз халықты аш-жалаңаш ауыр жұмыстарға салып, қан қақсатпады? Ашжалаңаш соғысқа айдап, өзгелердің қолымен от көсемеді дейсіздер?! Ендеше «қыстыңқақаған суығында шатынап тұрған темірді қолғапсыз-ақ жалаңаш қолмен ұстауды ұнату» олардың борышы. Бұдан бас тартуға, басқалай тəсіл қолдануға шаралары да жоқ. «Мен» міне осындай адамзатты ғарыптық басқан алмағайып ғасырларды шарпып жатқан шарасыздық ішінде тұрып, ақыры қолғаптан бір жолата безіп, «өзімнің жалаңаш қолым бəрінен мықты екен, социялизмнің бірде балшық, бірде тас денесін осы жалаңаш қолыммен-ақ ұстап жүремін» – деп кесетеді. Қандай сұсты, қандай мағыналы кесету бұл! «Менді» өстіп ұрттық көрсетіп, шамырқануға мəжбүрлеп отырған əлеуметтік болмыстың қайнар көзі өте арыдан басталған. Ұзын қорған (қытай қорғаны) салына бастаған дəуірден тартып, 1848 жылғы Қытай-Англия апиын соғысына дейінгі; одан «мəдениет зор төңкерісі» ақырласқан 1976 жылға дейінгі құрсаулы ғасырлар мен əрқилы əлеуметтік əбестіктерді алайықшы! Тіпті басқасын айтпағанның өзінде 1957 жылы «оңшылдарға қарсы күрес», 1958 жылғы «халық коммунасын» құру мен «зор секіріп ілгерлеу»сынды қоғамдық, саяси қимылдардың өзі-ақ «меннің» өкпелеуі емес-ау, ағыл-тегіл жылауына да жетіп асады. Игі жақсыларды, ел арыстарын жазықсыз жəбірлеген «оңшылдарға қарсы күрес» зорлықты күшпен жүргізілмеді ме?! «Халық коммунасы» қытай тəмсілі «майсаны созып өсіру» секілді мезгілінен бұрын құрылмады ма? «Зор секіріп ілгерлеуде» бүкіл халық өндіргіш күштердің даму заңдылығына қайшы«болат қортуға» жұмылдырылып, «үш те, бес жылда социялистік əдебиеттен мол өнім алуды іске асыру», «бір қаладан бірден Ли Бай (7 ғасырда жасаған əйгілі қытай ақыны), бір қыстақтан бірден Гоморо шығару» (кезінде осындай сорақылықтар болған!), «əдебиет-көркемөнерден жасанды серік ұшыру» сынды есі бар адам айтудан да ұялатын күлкілі ұрандар шықпады ма?! Қараңдаршы! «Мен» қолғапқа емес, жалаңаш қолмен осынау қате қоғамдық қимылдар мен «төңкерістер» жүргізілген қоғамға, дəуірлерге, тарихқа өкпелеп, ашуланып отырмай ма?! Ендеше өлеңдегі «қолғапсыздық» мешеуліктің, кедейліктің, надандықтың, жасандылықтың, рухани мүгедектіктің т.т. символы. Осы«қолғапсыздықта» өзіміз қазір де, болашақта да қайта елестетуден де қорқатын, адамзат тарихында жекеге табынумен күлкіге қалудың ең шырқау шегіне жеткен, жалпақ елді əулекілік пен қитұрқылықтың қара тұманы қаптаған «мəдениет зор төңкерісінің» орны толмас ойранды жылдарын қосып толғанып көріңіздерші! Шынында өте үрейлі! Философиялық тұрғыдан алғанда, қозғалыстағы материяның өмір сүріп тұруының негізгі пішіні — уақыт пен кеңістіктің, уақыт пен уақыт (өткен заман, қазіргі заман, келешек) бір-бірінен бөліп тастауға мүлде келмейтін сəйкесті тұтастық бар. Өлең де міне осындай сəйкесті тұтастыққа құрылған. «Менде» қайсы дəуірге, қайсы ғасырға, қайсы елге апарсаң да ұлттық характірі өзгешелігімен, мүбəда санасы ояна алса ата-бабаларына да, өзіне де əсілінде берілуге тиісті, бірақ шын мəнінде толық берілмей келген, сол беті кете берсе ендігі жерде де берілу мүмкіндігінен пəлендей бір үміт күтуге болмайтын, яғни берілу мүмкіндігі барған сайын азайып кететін нəрсеге — «қолғапқа» өкпелі, өкпелеп отырып от алып қопағатүсіп, өз тірлігінің тірегіне айналған қоғамның «денесін жалаңаш қолмен ұстауға»ұмтылары тағы бар. Бұған бола оны қайдағы қаймана біреудің қылып жүрген қылығы-ай деп шажылы ете алмаймыз. Өйткені, ол сол қоғамның бір заңды мүшесі болғандықтан, азаматтық, адамдық тұрғыдан болса да өзін-өзі ақтап кетуге əбден қақылы.

 Адамзат «мысық» пен «иттің» терісінен пайдалана бастаған есте жоқ ескі заманнан бері жеке тартып келе жатқан «қолғапсыздық», «мəдениет зор төңкерісі дəуіріне»келгенде қызыл-жалаңаштыққа соғып, мешеулік, кедейлік, надандық, жасандылық, рухани мүгедектік т.т. еселеп-еселеп туылды. Ал қазірші? Қазір ол жалаңаш қолмен ақшаға табынушылыққа, күрт байып кетуді қиялдайтын AQ шілдікке, жалдаптыққа, парақорлыққа, алдамкөстікке, моралдық азғындыққа шарпыды. Бəрінен де қатерлісі, бір ойлампаздың сөзімен айтқанда қазір жершарында «жан саны көбейіп келеді, бірақ адам азайып барады». Əйтпесе неге ақиқат, шындық, жақсылық, сұлулық сағат сайын солғындап; дүниені соғыс өрті қаптап, жауыздық пен ірге кеңейтушілік айықпас науқастай қабындап келеді?! Міне бұл жан шошырлық «қолғапсыздықтың»қолғапсыздығы. Сезінген жүрекке «қолғапсыз қол» лирикасында ұлттық, қазіргі замандық, тарихтық идея ғана емес, адамзаттық, келешектің идеясы да жатпай ма? Қозғалыстағы жер — анасынан аумайтын, жан-əлемінің қысы да, жазы да, көктемі де, күзі де бар, əйтсе де қысы дес бермей қойған қозғалыстағы «меннің»«қолғапқа» маталған рухани жəне заттық өмірін басқаша жазуы мүмкін бе?! Міне қазір біздің санамызда «мен»шексіз үлкейтуге де, кішірейтуге де болатын тұлғаға айналды: оны үлкейтіп жіберсең ұланғайыр ғасырлар мен келешекте келетін дүниеге өзгереді, кішірейтіп жіберсең көз алдыңда пайда бола кетіп, қалбаңдап ұстатпайтын сол «қолғапқа» əлі өкпелеп жүргендей.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты