Alya Bopezhanova. Madina Omarova, Жаңа театрдың өкілі

3ce902e5e33197569ab17b9eedbcfb8e.jpg (1800×1013)

Мадина Омарова - әдебиетке тәуелсіздік кезеңінде аяқ басқан жазушы. Рухани  кеңістікке шыққанына шамамен жиырма шақты жылдың жүзі болған ол негізінен әңгіме жанрында жазады. Оның повесть, романдарының өзінің алдында мини деген анықтама тұрады. Жазу мәнері өз қатарластарынан едәуір ерекшеленетін жазушының екі кітабы жарық көрді, бірнеше шығармасы орыс тіліне аударылған. Әдебиеттанушы ғалымдар мен сыншылар тәуелсіз қазақ әдебиетінің талантты өкілдерінің бірі деп танитын М. Омарова шығармалары оқырмандарға интернет кеңістігі арқылы жақсы таныс болуы керек. 

Бұдан бұрынырақта бір жазғанымыздай, Мадинаның әңгімелері қысқа, кейде мүлдем қып-қысқа – миниатюра, этюд, суреттеме сияқты. Солай бола тұра көтерілетін мәселесінің тереңдігі мен өмірлік материалының ауқымдылығы жағынан алғанда өте салмақты болып келеді. Кең жайылып жатқан сюжет жоқтың қасы. Сюжеттің кең қанат жаймауынан ішкі бір үлкен қуат сезіледі. Жалпы М. Омарованың прозалық шығармаларының қай-қайсысында да анық та, көзге бірден ұрмайтын да драматизм бар. Оның бір ерекшелігі де осында – шығармаларының, тіпті шағын әңгімелерінің өзінде де  іштей бір, жасырын конфликт, яғни тартыс тұрады. Ал, драма жанрының басты бір шарты – онда конфликт, яғни тартыс болуы керектігі. Ол кейпкерлер арасындағы тартыс бола ма әлде дүниетанымдық іштей тартыстар бола ма – драманың тақырыбы мен сипатына байланысты. 

Драма жанрындағы келесі бір ерекшелік – кейіпкерлердің көпсөзділікке ұрынбауы, көтерер жүгі жоқ сөзге үйір болмауы, демек, айтпақ ойының анық та шымыр болып келуі. Қимыл-қарекеттің нақты болуы. Өмірде адамдар әлдебір оқиғаны баяндағанда ғана болмаса, құлаш-құлаш сөйлеп отырмайды ғой. Мадина шығармашылығы бұған да толығымен жауап береді Осы бір орайлардан алғанда, лапидарлық деуге болатын прозасымен жақсы танылған жазушының драматургияға мойын бұруын заңдылық деп те қабылдауға болады.

М. Омарованың драма жанрына жиі қалам тартып жүргеніне бес-алты жылдың жүзі болып қалды. Оның  осы жанрдағы алғашқы тәжірибелері – «Коньяк қосылған кофе» атты екі актылы және «Қадір түні» атты  бір актылы пьесалары. Бұл екеуі де әлеуметтік-психологиялық пьеса. Отбасылық құндылықтар аяқ асты болған жерде бақыт-берекенің ауылы алыс екені, адамдардың бір-біріне сенімі жоғалатыны; сондай-ақ адам жанының құпия қалтарыстары туралы, адам баласының қашанда жылуға, махаббатқа зәрулігі туралы сондай нәзік те шымыр пьесалар.

Жалпы драма – қиын жанр. Оның қыр-сырын, сахна құпияларын білу үшін драматургтың театрмен тығыз байланыста болуы, сахна заңдылықтарын зерттегені артық болмайды. Мадинаның жолы болып, ол алты-жеті жылдан бері қазақ өнерінің қара шаңырағы Қазақ Мемлекеттік М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында драматург болып еңбек етеді. Театрмен, режиссер, актерлермен қоян-қолтық жұмыс жасау – драматургтық тәжірибесінің шыңдалуына көп әсер еткені анық. Олай дейтініміз – М. Омарованың драматург ретінде құлашы кеңге жайылып, ол қоғамдық-әлеуметтік тұрғыдан өте маңызды деген тақырыптарға драмалар жазды. Оның алты-жеті пьесасы театрларда қойылып үлгерді.

Солардың бірі – «Ақтастағы Ахико» драмасы. Бұл сонау саяси астаң-кестең шақта, Жапонияның Курил аралдарын кеңестік билік алған тұста кеңес әскерлеріне ұсталып, Қарлагқа түскен жапон бозбаласының тағдыры  туралы ғана емес, жалпы халықтың басынан өткен нәубет туралы, тектілік туралы, адамгершілік, мейірім, имандылық туралы драма. Шығарманың ұтатын бағалы тұсы – Қарлагта отырған Ахикомен параллельде қазақтың атпал азаматтарының, Алаш ардақтыларының қайғылы тағдырының көрсетілуі; С. Сейфуллинің әкесі Сейфолла Оспанов, Жанайдар Сәдуақасовтың әкесі Сәдуақас Жалмақынов, бұлармен қатар абыз қария Ақайдың Қасені, сондай-ақ жинақтық көркем бейне Ахмет бейнелері арқылы жалпы халықтың басынан өткен нәубет туралы ой қозғалатыны. Бұл тұста автор Алаштықтардың Алаш автономиясының құрылымына Жапон мемлекетінің үлгісін алуды ойлағаны, ал, кеңестік репрессия машинасының Алаш ардақтыларына жапонның тыңшысы деген жала жапқанына байланысты тарихи деректерді жақсы үйлестірген. Тағы бір маңызды қыры – «Ақтастағы Ахико» сонау қиын кездерде қазақ халқы бауырына басқан ұлттардың Қазақстанды өз Отаны деп тануы мен оның объективті себептерін зерделететін драма. «Ақтастағы Ахико» пьесасын М. Әуезов театрында белгілі режиссер А. Маемиров қойды. Спектакль үлкен резонанс алды, бұл қойылым Жапонияда да үлкен табысқа ие болды. 

  Мадинаның әлеуметтік-қоғамдық салмағы үлкен тағы бір драмасы - «Көмбе нанның дәмі». М.Әуезов театры сахнасында белгілі режиссер А. Кәкішева сахналаған бұл драма халық басынан өткен қиын кезең, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстанға неміс, кәріс, шешен, қарашай, т.б. халықтардың депортациясы тақырыбын көтереді.  Соғыс жағдайында өздері азар күн көріп отырған қазақ ауылының қиын өмірі, онда депортацияланып келген халықтар өкілдерімен дос-туысқа айналған тағдыры бейнеленеді. Жер аударылып келген адамдарды бауырына тартқан ауыл, әйелдер мен балалардың ауыр жұмысы, қиындықтар – осының бәрінің аясында адамдардың тағдыры ашылады. Драматург жалпы халық тағдырын жеке-жеке адамдар тағдыры, жан-дүниесі арқылы бейнелеуге ұмтылады. Драмада адамдар арасындағы қарым-қатынастардағы қайшылықтар жақсы ашылған. Мұндағы кейіпкерлердің көпшілігі трагедиялы тағдыр иесі.  Ең бастысы – адам рухының мықтылығы, махаббат пен мейірімнің қандай да қиындықты жеңетіні көрінеді. Драманың позитивтік сипаты басым. 

«Қызыл мия» романтикалық трагедиясы нарық жағдайында өмір кешіп отырған қазақ қоғамының кей қырлары арқылы бүгінгі өмір шындықтарын алға тарта отырып, текті жоғалтпауға үндейді. Мадинаны әлеуметшіл жазушы дей алмайсыз, соған қарамастан ол әлеумет үшін, қоғам үшін маңызды деген тақырыптарды көтереді. Мысалы, қызыл мия – дәрілік қымбат өсімдік. Оның бағасын білетін шетелдіктер қазақтардың өз қолымен отатып, мардымсыз ақшаға сатып алып жатыр. Болмас тиын-тебенге бола нені де, тіпті кімді де  сатып жіберуге даяр қазақ азаматтарының қимыл-әрекеті қорынышты. Драмада кейуананың «Ереуіл атқа ер салмайлатып» жырлауы бекер емес. 

 «Тор» мистикалық драмасы, «Жүздесу» мистикалық драмасы  адам бойында үнемі тайталасып отыратын періште мен әзәзіл пиғыл-ниеттер туралы.  Айдаладағы Белгісіз жанның адамның иманы, ар-ождан символы болуы мүмкін. «Квартиранттар» - адам өмірінің мәні махаббаттың қадірі, адам өмірінде, жан дүниесінде алатын орнын бағамдатады. «Менің қаһарман шөберем» - гендік, қан-қазыналық бастауларға тартады. 

Жалпы Мадинаның драмаларында ізгілік пен зұлымдықтың  ашық айқасын көрмейсіз, олардың тайталасында ақ – ақ, қара – қара деген ұғым белең алмайды, бұл категориялар күрделілігімен, сыни бір сәттерде айқындалады. Оның кейіпкерлері кейде қоғамға бейтаныстау. Бұл - олар өмірде жоқ дегендік емес, олар - бар. Сондықтан да драматург қоғам онша айтуды қаламайтын әлеуметтік кодтарды ашуға ұмтылады. Бұл драмалардағы әдеттегі глянц кейіпкерлер емес (бұл жерде глянц дегенде сән журналдарының кейіпкерлерін айтып отырған жоқпыз), әдетте арамызда өз мұң-қайғысымен, проблемасымен жүрген кейіпкерлер. Алайда, көбі «футляр кейіпкерлер». Біз бұл тұста чеховтық  «құндақтағы адам» ұғымнан мүлдем басқа контексті айтып отырмыз.  Меніңше, біз меңзеп отырған «футляр-кейіпкерлер» бүгінгі қоғамның үлкен бір сегментін танытады. Олар сәті келгенде өз-өздерінен  ашылып, өз-өздерін «презентациялап» береді...  

Драматург шығармаларында көңілі орнықты, жүзі қуанышты әйелдерді де аз көресіз, мысалы, Шәмен, Гүлсара, Ажар, Кемпір, т.б.  Кез келген мемлекеттің бақыт деңгей-дәрежесі әйелдің қоғамдағы орны мен ахуалына байланыстылығы туралы қағидадан келгенде, оның драмалары, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын бұл ахуал қоғамды ойлантуы тиіс деген тұжырымға бастайды. Мадинаның шағын драмалары, монодрамалары жаңа стиль іздеген талантты жас буын режиссерлерге жаңа кеңістік аша алар еді. Мысалы, «Қадыр түні» бір актылы драмасы мен «Менің қаһарман шөберем» монодрамасын әйел тағдыры, ұрпақ тағдыры тұрғысынан біріктіріп, екі бөлімді қойылым жасауға  әбден болады

Жалпы алғанда бүгінгі күн, бүгінгі замандастар үшін көкейкесті деген мәселелерді таза әлеуметтік тұрғыдан емес, жалпылық-жекелік сипаттардың диссонансы арқылы ашатын және бірден көзге ұрмайтын психологиялық-интеллектауалдық талдауларда беретін М. Омарованың бұл шығармаларын жаңа драмаға жатқызуға болады. Жаңа драманың Еуропадағы көшбастары Ибсен туралы мақаласында Б. Шоу, Ибсеннің Шекспирден артықшылығы ретінде – оның өз заманына тікелей бет бұруын, көрермендерге не маңызды соны талқыға салатынын атап көрсеткен. Мысалы, кейіпкерлерінің басынан не өтсе – ол көрермендердің де басынан өтуі мүмкін. 

Мадина, сөз жоқ, жаңа драма өкілі. Дей тұрғанда Мадина қолтаңбасы, яғни жаңа драмасы ресейлік жаңа буынның 20 және 21 ғасырлар тоғысындағы факторгафиялық, өмірдің тура көшірмесіндей жалаң, жеке пікірімізде, көп ретте кері пафосты сәнді ағым болған жаңа драмасынан бөлектеу. М.Омарованың жаңа драмасы 19 және 20 ғасырлар тоғысындағы еуропалық жаңа драмамен рухтас. Ибсен, Метерлинк, Стринберг, Чеховтардағыдай шым тереңдікке сүңгу  үшін әлі де тәжірибе жинақтаңқырауы керек және бұған әлеуеті әбден жетеді.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты