Иаң Зы (扬子). Тауқыметті байқағыштығымен дараланатын жазушы

7dcfad20866331d9dbf2b513a7d9e35b.jpg (2880×2880)

Екі жылдың алдында Жұмабай Білəлұлының «Үш қиығын» оқыған соң көңілімде оған деген бір қызығу сезімі бұрқ ете түсті, бұл өзі бір топ қысқа, бірақ, баурағыш, цикл сілемдегі əңгімелерден тұратын, табиғат пен адам туралы тебірентерлік ой айтатын, құрлымы кереметтей берік шығармалар еді.

Жазушы өзі араласып жүрген дүниенің қыры мен сырына бір кісідей қанық. Тегі, табиғат дүнесінің құпия сырлары мен ұзақ тарихтың қиықтары жазушының уысында секілді. Тағы бір жағынан қаламгердің өткір көз нұры адамдық қасиеттің иіріміне терең сүңгіп, тіршілік қиясындағы жауыздық пен көлеңке атаулыны жіңішкелікпен күзете білгендігін көргенде, мен өзім осынау ұлан ғайыр ұлы мекеннің осындай қаламгерлерінің болуынан да рухани жұтаңдықтан аулақ сияқтанатынына əбден көз жеткіздім. Өйткені, қашанда біреудің орнынан атып тұрып, өз ата-мекені мен халқының жыртысын жыртатыны ежелден даусыз еді ғой.

Жұмабай қазақ тілінде жазады, қаламынан екшелген алтындай сап дүниелерді ғана тудырады. Оның шығармалары біздің тілге аз аударылған. Дегенмен оның мемлекеттік сыйлық алған «Сұры қар» атты шығармасын оқыдым. Соңынан «Қоңыр таудың күңгірімен» таныстым. Бұл шығармалар барлық жағынан мені қайран қалдырды. Мен оны тəмсіл жазатын жазушы деп ойлаймын. Əрине, мен мұнда ауыз əдебиеті өресіндегі халықтық тəмсілді ауызға алып отырғам жоқ, қайта, тылсымділік пен символдығы қиысып біткен, ақаусыз, мөлдіреген, осы заманның прозалық биік өресі ғана жете алған тəмсілді ауызға алып отырмын. Жазушының шұқшиғаны адамзаттың көрсоқырлығынан туындаған ашкөздік, нысаптан безу т.т қазбалау. Жұмабайдың кейбір пайымдаулары тіпті мірдің оғындай. Оның жанды жерге даритыны да сондықтан болар. Дегенмен Жұмабай бұл дүниемен өзінің қаламгер ретінде ғана берік байланысы бар екенін тереңнен сезінетін жазушы. Ол сонысын жеріне жете пайдаланғысы келеді.

Жақында жазушылардың бір бас қосуында мен Жүкеңмен тіл қатысудың орайын таптым. Жүкең 57 жаста, касіптік жазушы, шымыр денелі, маңдайдағы əжім атаулы бір тұстағы аянышты кешірмелерінің белгісі секілді. Қашан да көзіне көзілдірік салып жүреді. Кім-кімге де оңайшылықта ой шүңгетіне бойлата бермейді. Уақыт шіркін қысқа болса да біз бірден оның туындылары мен əдебиет жайлы сөз етіп кеттік. Жүкең бүкпесіз төте айтатын əдетімен еркін əңгіме шертті. Ол кісі:

 

“Бүкіл ғалам қозғалысының даму барысы бір жақтан адамзатты алдыға жетелесе, тағы бір жақтан өзінің өткенінің шалымына да жетпестей қыңырға сүйреп отыр. Адамзат дүниесі күрделі дәуірге аяқ басып барады, осы күрделілікті қажетінше бейнелейтін оңтайлы өнер формасы қажет, бүгінгі заманның жазушысы содан да күдір жолға үйір. Мен өзім, табаным әлі тап баспай келеді, әлі де жанталас, іздену үстіндемін. Тіл, сөйлем құрау қаншалық күрделі болса, бейнелеу форымының өзі соншалық сырлы келеді де өзіңнің ауыр-ауыр толғаныстарыңды соншалық икемдеуге мүмкіндік аласың . . .” –деді.

 

Бұл лебіздерден мен жазушының Тарбағатайдың төсінен оза шауып, дара шыққанына қарамастан, қиял дүниесінің кеңістігіне əлі де мəн беретіндігін аңғардым...

 

Ол: “Тұтас жер шары ойран үстінде, мезгіл туғанда табиғат әлемі бөзгеше бір тосын форма мен біздегі кегін қайтарады, қарсылығын білдіреді, ата жау қылып ауру-сырқауын қаптатады” -деп келген жазушы пəк сезіммен: “жер-әлем өзінің әуелгі ақаусыз таза бейнесін қалпына келтіре алады” –деп жазған болатын бір кезде.

 

Жұмабай осындағы идеяны өз туындыларына сіңірген. Ол тауқыметті байқағыштығымен дараланатын жазушының қатарына жатады. Оның шанағы аядай тар кеңістіктің құрсауында емес, жазғандары да жадағай тəмсілден тұратын ақылгөйлік емес.

«Зеңгінің ұрқы» деген əңгімеде, оңай-оспақ түсінуге болмайтын, тасадағы қаныпезерліктен сыр шертіледі. Бір тайыншаны өзінің табыны сүзіп өлтіреді. Ал, əлдекім əлгі тайыншаны іреп терісін сыпырып алғанда, қан-жынды көрген табын өкіріп-бақырып азан-қазан болады. Көп өтпей-ақ табынның өзі де тəңірдің жазасынан қырылады. Шығарма шымыр жазылған, бойына бүккен өз айтары бар, сезімге жасар əсері күшті, бойыңды көпке дейін бей-жай қалдырмайды. Шығарманың соңы елес реализмдік түс алған. Адамзаттың қисынсыз қыңырлығы мен өзін өзі құрту жолындағы есерсоқтығы түптің түбінде өзін зауал майданына айдайтынын жазушы төкпей-шашпай алдыңа тартады.

Ал, «Қоңыр таудың күңгірінде» əсілі момақан, жуас, қол асыраған тазы адамның нысапсыздығынан аласұрған хайуанға айналады. Жануар қалыптан тыс ашкөздік деңгейіне өтеді де, барлық аң-құс, мал екеш малға дейін, тіпті адамның өзіне де жау болып қырғидай тиеді. Əңгіменің соңында құтырған тазының салдарынан сол өңірдегі тіршілік атаулының бəріне өзгеше дерт — апат келеді, тұтастай қырылады.

Жұмабай шығармашылыққа өте байыпты, əрі сақ қарайтын қаламгер. Көздегенін көңіліндегідей түсірмей тынбайды. Онда ойдан қиыстырып, сырттай тон піше салу дегенің атымен жоқ.

 

“Мен шығарманы өте баяу жазамын, ойлану, бақылау жүргізу барысым тым ұзақ, әрбір образымның қимыл-қисынына егжей-тегжейлі мән беремін. Бірталай шығармаларымды он неше бет жазған соң еріксізден бір мезгіл тоқтатып қойған кездерім болған. Мықты жазушыға қатаңдық, байсалдылық қажет, қазақ халқы менен зор үміт күтіп отыр, тартымсыз дүниелермен оқырмандардың көңіліне қаяу салғым келмейді” –дейді Жұмабай.

 

Өткен жылы оның «Құстар қайғысы» деген повесті қытай тілінде жарық көрді. Шығарма құстар туралы көп нəрсе айтады...

Жұмабай құр сөзден қуырдақ қуыратын жазушы емес, ол ұсақ-түйек істерден қомақты нəрселердің баранын көрсететін жазушы. Жұмабай көркемдікті басты орынға қоятын, бүкіл зейін-зердесін шығармашылыққа сарқып қарап отыратын талғампаз қаламгер, қашан көрсең күліп тұрған секілді көрінгенімен, ішкі дүниесі ылғи да астаң-кестең күйде деуге болады.

Жұмабай 1950 жылдардың соңында-ақ университеттегі кезінде айтулы əңгімелер, өлеңдер жариялаған қаламгер. Саясаттың ойпыл-тойпыл заманында 14 жыл бойында қуғын-сүргін көріп, саяси бақылауда, қалам ұстауға тиым салынған жағдайда өмір сүрді. Бұл бір жазушы үшін айтқанда есіл кеткен уақыт деуге болады. Ол нағыз жазатын кезінде жаза алмаған қаламгер. Бұл деректер адамды қатты қынжылтады...

Жұмабай 1980 жылдардан кейін ғана шығарма жазуға қайта бастан еркіндік алды, əр жылы тартымды дүниелерді өмірге əкелді. Оның «Жондағы жорықтар» романы кезінде проза бəйгесінде дара шығып бас бəйгені жеңіл алған. Оның жоғарыдағы кітаптан тыс тағы да үш романы бар.

Жұмабай Шинжаң қазақ əдебиеті туралы сөз еткенде:

 

“Шинжаң қазақ әдебиетінің тарихы онша ұзақ емес... Сіздерге ұқсас, бізде де әдебиеттің дәстүрі мен осы заман арасында жаңа таластар туылып жатыр. Бұл қазақ әдебиетінің дамуына түрткі болатыны анық. Бізде тартымды туынды жазуға құлшынған бір топ жазушылар бар. Десе де, қазақ прозасы әлі де артта, алға басу қарқыны өте баяу. Редакторларымыздың көбі жаңа шығармаға өткендегінің көзімен қарайды, сонымен өлшеп-пішеді. Әңгіме жанрындағы жаңа ауқымға назар салуы жеткіліксіз, менің шығармаларыма да осылай қарайды” –дейді.

 

Ол шетел жазушыларынан Хемингуэй, Марк Твен қатарлыларды ұнатады. Ол Шолохов сияқты жазушылар дүниеде қайтып тумайды деп есептейді.

 

Ол: “қалыппаздықтан қашанда қашып жүремін, ойымда титтей де шеңбер болмайды, шеңбер бола қалғанда ешнәрсе жаза алмаймын, жазушы қай күні сол шеңбердің ішінде қалса, сол күні керіне кеткені” –дейді.

 

Өмір тауқыметін тартқызса да, құрғақ кейістен аулақ жүре алатын жазушы ғана жақсы шығарма жаза алады. Жұмабай Білəлұлы əне сондай жазушы. Оқырмандары сияқты, менде одан сүбелі шығармалардың туатынына сенемін.

 

Қытай тілінен аударған Рашида МҰРАТҚЫЗЫ

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты